Амлодипин мен лизиноприлді қолданумен байланысты төменде көрсетілген барлық ескертулер мен сақтық шаралары Амлипин препаратына жатады. Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі
Амлодипин
Арнайы ескертулер
Амлодипин
Гипертензивті кризі бар пациенттерде амлодипинді қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.
Жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттер
Амлодипинді жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде сақтықпен қолданған жөн. Ауыр жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде ұзақ мерзімді плацебо-бақыланатын зерттеуде (Нью-Йорк кардиологиялық қауымдастығының (NYHA) жіктеуі бойынша III және IV класс) амлодипинмен ем қабылдаған пациенттер тобында өкпе ісінуінің пайда болу жиілігі плацебо ем қабылдаған пациенттер тобындағы көрсеткіштен асып түсті. Іркілісті жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан пациенттерде кальций өзекшелерінің блокаторларын (КӨБ), оның ішінде амлодипинді сақтықпен пайдалану керек, себебі бұл ретте жүрек-қантамыр асқынуларының және өліммен аяқталған жағдайдың даму қаупі артуы мүмкін.
Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттер
Бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде амлодипин үшін «концентрация-уақыт» қисығының астындағы аудан (AUC) мен жартылай шығарылу кезеңі мәндерінің жоғарылауы байқалады, мұндай пациенттерде дәрілік затты дозалау жөніндегі ұсынымдар жоқ. Емді амлодипиннің ең аз тиімді дозасын пайдалана отырып бастаған жөн, емнің басында және дәрілік заттың дозасын арттырған кезде сақ болу керек. Бауырдың ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде амлодипин дозасын біртіндеп арттыру қажет, бұл ретте пациенттерді мұқият медициналық бақылауды қамтамасыз ету керек.
Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер
Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде амлодипин дозасын түзету талап етілмейді. Қан плазмасындағы амлодипин концентрациясының өзгеруі бүйрек функциясының бұзылу дәрежесіне байланысты емес. Амлодипин организмнен диализ арқылы шығарылмайды.
Егде жастағы пациенттер
Егде жастағы пациенттерде амлодипин дозасын арттырған кезде сақ болу керек.
Лизиноприл
Симптоматикалық артериялық гипотензия
Симптоматикалық артериялық гипотензия асқынбаған артериялық гипертензиясы бар пациенттерде сирек байқалады. Артериялық гипотензияның даму қаупі артериялық гипертензиясы бар пациенттерде айналымдағы қан көлемі (АҚК) төмендегенде, мысалы, диуретиктерді қабылдау, құрамында тұз мөлшері төмен диетаны ұстану, диализ, құсу, диарея жүргізу салдарынан немесе ауыр ренинге тәуелді артериялық гипертензиясы бар пациенттерде артады.
Симптоматикалық артериялық гипотензия жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде (бүйрек жеткіліксіздігімен бірге немесе онсыз) тіркелді. Артериялық гипотензияның даму қаупі жүрек жеткіліксіздігінің ауыр түрлеріне шалдыққан пациенттерде артады, бұл ілмекті диуретиктердің жоғары дозаларын пайдаланумен, гипонатриемияның пайда болуымен немесе бүйрек функциясының бұзылуымен байланысты. Артериялық гипотензияның даму қаупі жоғары пациенттерді емдеудің басында және лизиноприл дозасын түзету кезінде мұқият бақылауды қамтамасыз ету қажет. Жүректің ишемиялық ауруы (ЖИА) немесе цереброваскулярлық аурулары бар, АҚ елеулі төмендеуі миокард инфарктісінің дамуымен немесе ми қанайналымының жедел бұзылуымен қатар жүруі мүмкін пациенттер де мұқият қадағалауда болуы тиіс.
Артериялық гипотензия туындаған кезде пациентті жатқызу керек; қажет болған жағдайда физиологиялық ерітіндіні вена ішіне енгізу керек. Транзиторлы артериялық гипотензия лизиноприлді кейіннен қолдануға қарсы көрсетілім болып табылмайды; дәрілік затты, әдетте, АҚК ұлғаюы аясында АҚ артқаннан кейін де пайдалануға болады.
АҚ қалыпты немесе төмен жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан кейбір пациенттерде лизиноприлді қолданған кезде жүйелік АҚ-ның қосымша төмендеуі байқалуы мүмкін. Бұл әсер күтілетін болып табылады және әдетте емдеуді тоқтатуды қажет етпейді. Егер артериялық гипотензия клиникалық симптомдардың дамуымен қатар жүрсе, дозаны төмендету немесе дәрілік затты қолдануды тоқтату қажеттілігі туындауы мүмкін.
Жедел миокард инфарктісі кезіндегі артериялық гипотензия
Вазодилататорлармен емдеуден кейін елеулі гемодинамикалық бұзылулардың пайда болу қаупі бар жедел миокард инфарктісіне шалдыққан пациенттерде лизиноприлмен емдеуді бастамаған жөн (систолалық АҚ 100 мм сын.бағ. және одан кем пациенттер, кардиогенді шокқа шалдыққан пациенттер). Егер миокард инфарктісінен кейінгі алғашқы 3 күн ішінде систолалық АҚ 120 мм сын.бағ. құраса және одан аз болса, лизиноприл дозасын төмендету керек. Егер систолалық АҚ 100 мм сын.бағ. немесе одан кем болса, дәрілік заттың демеуші дозасын 5 мг-ға дейін немесе уақытша 2,5 мг-ға дейін төмендету керек. Артериялық гипотензия (систолалық АҚ 90 мм.сын. бағ.аз) 1 сағаттан астам уақыт бойы тіркелген жағдайда, лизиноприлмен емдеуді тоқтату керек.
Аортальді клапан стенозы, митральді клапан стенозы, гипертрофиялық кардиомиопатия
Басқа АӨФ тежегіштері сияқты лизиноприлді митральді клапан стенозы және сол жақ қарыншаның шығу жолының обструкциясы бар пациенттерде, мысалы, аортальді стеноз немесе гипертрофиялық кардиомиопатия кезінде сақтықпен қолдану керек.
Бүйрек жеткіліксіздігі
Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде (креатинин клиренсі (Crcl) 80 мл/мин кем) лизиноприлдің бастапқы дозасын Clcr ескере отырып (1-кестені қараңыз), ал кейіннен пациенттің емге жауабына қарай таңдаған жөн. Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде қандағы калий мен креатинин деңгейін ұдайы бақылап отыру керек.
1-кесте. Бүйрек жеткіліксіздігі кезіндегі лизиноприл дозасын түзету
Креатинин клиренсі (Cl cr) — Бастапқы доза
10 мл/мин кем (диализде жүрген пациенттерді қоса) — Тәулігіне 2,5 мг*
10-30 мл/мин — Тәулігіне 2,5-5 мг
31-80 мл/мин — Тәулігіне 5-10 мг
* Дозаны және / немесе қолдану жиілігін АҚ деңгейін ескере отырып түзету қажет.
АӨФ тежегіштерімен емдеудің бастапқы кезеңінде жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде артериялық гипотензия бүйрек функциясының одан әрі төмендеуіне себеп болуы мүмкін. Мұндай пациенттерде, әдетте, қайтымды сипатқа ие жедел бүйрек жеткіліксіздігінің дамуы туралы хабарланды.
Кейбір жағдайларда АӨФ тежегіштерімен ем қабылдаған бүйрек артерияларының екі жақты стенозы бар немесе жалғыз бүйректің бүйрек артериясының стенозы бар пациенттерде, әдетте, емдеуді тоқтатқан кезде қандағы мочевина деңгейінің және қан сарысуындағы креатинин концентрациясының қайтымды жоғарылауы тіркелді (бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге анағұрлым жоғары қауіп тән). Қатар жүретін реноваскулярлық артериялық гипертензиясы бар пациенттерде АӨФ тежегіштерімен емдеу аясында ауыр артериялық гипотензияның және бүйрек жеткіліксіздігінің даму қаупі едәуір артады. Мұндай пациенттерде емді төмен дозаларда лизиноприлді пайдалана отырып бастаған жөн, бұл ретте пациенттерді мұқият медициналық бақылауды қамтамасыз ету қажет; дәрілік заттың дозасын сақтықпен түзету керек. Лизиноприлмен емдеудің алғашқы апталарында диуретиктерді қабылдауды тоқтату керек, өйткені оларды қолдану жоғарыда аталған өзгерістердің дамуына ықпал етуі мүмкін, сондай-ақ бүйрек функциясын бақылау қажет.
Елеулі реноваскулярлық аурулар болмаған кезде артериялық гипертензиясы бар пациенттерде кейбір жағдайларда, әдетте, қандағы мочевина деңгейінің және қан сарысуындағы креатинин концентрациясының шамалы транзиторлы жоғарылауы, әсіресе лизиноприлді диуретиктермен аралас қолданғанда байқалды. Бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде жоғарыда аталған өзгерістердің пайда болу қаупі артады. Мұндай жағдайларда дозаны төмендету және/немесе диуретиктермен және/немесе лизиноприлмен емдеуді тоқтату қажеттілігі туындауы мүмкін.
Жедел миокард инфарктісі және бүйрек функциясының бұзылу белгілері (қан сарысуындағы креатинин концентрациясы 177 мкмоль/л артық және/немесе протеинурия тәулігіне 500 мг артық) бар пациенттерде лизиноприлмен емдеуді бастамаған жөн. Егер бүйрек функциясының бұзылуы лизиноприлмен емдеу кезінде дамыса (қан сарысуындағы креатинин концентрациясы 265 мкмоль/л асып кетсе немесе емдеу басталғанға дейін қан сарысуындағы креатинин концентрациясынан екі есе асып кетсе), дәрілік затты қабылдауды тоқтату туралы мәселені қарастыру керек.
Аса жоғары сезімталдық реакциялары / ангионевроздық ісіну
Лизиноприлді қоса, АӨФ тежегіштерімен ем қабылдаған пациенттерде сирек жағдайларда беттің, аяқ-қолдың, еріннің, тілдің, дауыс саңылауының және/немесе көмейдің ангионевроздық ісінуі байқалған; жоғарыда көрсетілген өзгерістер емдеудің кез келген кезеңінде туындауы мүмкін. Мұндай жағдайларда дәрілік затты қолдануды дереу тоқтатып, тиісті ем жүргізген жөн, сондай-ақ симптомдар толық жойылғанша пациенттерді мұқият медициналық бақылауды қамтамасыз ету қажет. Тіпті тілдің ісінуі ғана дамып, тыныс алу жеткіліксіздігі болмаған жағдайда да, пациентті ұзақ уақыт бойы бақылау қажет болуы мүмкін, себебі антигистаминдермен және кортикостероидтармен емдеу жеткілікті тиімді болмауы мүмкін.
Көмейдің немесе тілдің ісінуімен қатар жүретін ангионевроздық ісіну өте сирек жағдайларда өлімге әкеп соғады. Тілдің, дауыс саңылауының немесе көмейдің ісінуі бар, әсіресе анамнезінде тыныс алу жолдарында операция жасау туралы хабарламалар бар пациенттерде, тыныс алу жолдарының обструкциясы қаупі артады. Мұндай пациенттерде жедел шұғыл ем жүргізу қажет, ол адреналин енгізуді және/немесе жоғарғы тыныс алу жолдарының өткізгіштігін қамтамасыз етуді қамтуы мүмкін. Мұндай жағдайларда пациенттер симптомдар толығымен жойылғанша қатаң медициналық бақылауда болуы керек.
АӨФ тежегіштерін пайдалану кезінде ангионевроздық ісінудің пайда болу жиілігі басқа нәсілдердің пациенттеріне қарағанда негроидты нәсілдегі пациенттерде жоғары болады.
Анамнезінде АӨФ тежегіштерін пайдаланумен байланысты емес ангионевроздық ісінудің даму жағдайлары байқалған пациенттерде АӨФ тежегіштерін қолдану кезінде ангионевроздық ісінудің пайда болу қаупі артуы мүмкін.
АӨФ тежегіштерін сакубитрил және валсартан біріктірілімімен бір мезгілде қолдану ангионевроздық ісінудің даму қаупінің жоғарылауына байланысты қарсы көрсетілген. Сакубитрил және валсартан біріктірілімімен жүргізілетін емді лизиноприлдің соңғы дозасын қабылдағаннан кейін кемінде 36 сағаттан соң бастау қажет. Лизиноприлмен емдеуді сакубитрил мен валсартан біріктірілімінің соңғы дозасын қабылдағаннан кейін кемінде 36 сағаттан соң бастаған жөн.
АӨФ тежегіштерін рацекадотрилмен, рапамицин туындыларымен (mTORкиназа ферментінің тежегіштері (сүтқоректілердің жасушаларындағы рапамицин нысанасы), мысалы, сиролимус, эверолимус, темсиролимус), сондай-ақ вилдаглиптинмен бірге қолданғанда ангионевроздық ісінудің даму қаупі, мысалы, тыныс алу жолдарының немесе тілдің ісінуі (тыныс алу жеткіліксіздігі бар немесе онсыз) жоғарылауы мүмкін. АӨФ тежегіштерімен ем алатын пациенттерде рацекадотрилмен, рапамицин туындыларымен және вилдаглиптинмен емдеуді сақтықпен бастаған жөн.
Гемодиализде жүрген пациенттердегі анафилактоидты реакциялар
Жоғары ағынды диализді жарғақшаларды (мысалы, AN69) пайдалана отырып, диализдегі пациенттерде АӨФ тежегіштерін қолдану кезінде анафилактоидты реакциялардың даму жағдайлары туралы хабарланды. Мұндай пациенттерде не диализдік жарғақшалардың басқа түрін, не басқа фармакотерапиялық топтағы гипотензивті препаратты қолдану туралы мәселені қарау ұсынылады.
Тығыздығы төмен липопротеиндердің (ТТЛП) аферезі емшарасын жүргізу кезіндегі анафилактоидты реакциялар
Сирек жағдайларда декстран сульфатын пайдалана отырып, ТТЛП аферез емшарасын жүргізу кезінде АӨФ тежегіштерімен ем алған пациенттерде өмірге қауіп төндіретін анафилактоидты реакциялар байқалды. Жоғарыда көрсетілген реакциялардың дамуын болдырмау мақсатында аферез емшарасын жүргізу алдында АӨФ тежегіштерін қолдануды уақытша тоқтату керек.
Десенсибилизация
Анафилактоидты реакциялар десенсибилизациялайтын, мысалы, жарғаққанаттылар уымен емдеу кезінде АӨФ тежегіштерін қабылдаған пациенттерде байқалды. Жоғарыда көрсетілген реакциялардың дамуын болдырмау мақсатында десенсибилизация емшарасын жүргізу алдында АӨФ тежегіштерін пайдалануды уақытша тоқтату керек (АӨФ тежегіштерін кездейсоқ қолданған кезде анафилактоидты реакциялар қайтадан пайда болды).
Бауыр жеткіліксіздігі
Өте сирек жағдайларда пациенттерде АӨФ тежегіштерін пайдаланған кезде холестаздық сарғаюдан басталатын, бауырдың фульминантты некрозының дамуына дейін үдемелі және (кейде) өлімге әкелетін синдром байқалған; осы синдромның туындау механизмі белгісіз. Сарғаю дамыған немесе қандағы бауыр ферменттерінің деңгейі едәуір жоғарылаған кезде лизиноприлді қолдануды тоқтатып, пациентті мұқият медициналық бақылауды қамтамасыз ету қажет.
Нейтропения/агранулоцитоз
АӨФ тежегіштерін қолданған кезде нейтропения/агранулоцитоз, тромбоцитопения және анемия пайда болған жағдайлар тіркелген. Бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде және басқа да ілеспе факторлар болмаған кезде нейтропения сирек байқалады. Нейтропения және агранулоцитоз АӨФ тежегіштерін қолдануды тоқтатқаннан кейін қайтымды сипатта болады. Лизиноприлді дәнекер тіннің жүйелі аурулары бар пациенттерде, иммуносупрессивті ем жүргізу кезінде, аллопуринолмен немесе прокаинамидпен емдеу кезінде, сондай-ақ осы ілеспе факторлардың үйлесімі кезінде, әсіресе бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттерде ерекше сақтықпен пайдалану керек. Кейбір жағдайларда мұндай пациенттерде ауыр инфекциялық аурулар дамыған, мұндайда қарқынды антибиотикалық ем тиімсіз болды. Жоғарыда көрсетілген пациенттерде лизиноприлмен емдеу кезінде қандағы лейкоциттердің санын мезгіл-мезгіл бақылау ұсынылады, бұл ретте пациенттер дәрігерге инфекциялық аурудың кез келген белгілерінің туындағаны туралы хабарлау қажеттігі жайлы хабардар етілуге тиіс.
Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің (РААЖ) қосарлы блокадасы
АӨФ тежегіштерін, ангиотензин II рецепторларының блокаторларын (АРБ) немесе алискиренді бір мезгілде пайдалану кезінде артериялық гипотензияның, гиперкалиемияның пайда болу және бүйрек функциясының (жедел бүйрек жеткіліксіздігін қоса) төмендеу қаупі артатыны туралы деректер бар. Осы себепті АӨФ, АРБ немесе алискирен тежегіштерін біріктіріп қолданғанда РААЖ қосарлы блокадасы ұсынылмайды.
РААЖ қосарлы блокадасы өте қажет деп саналған жағдайларда пациенттерді тиісті медициналық бақылауды қамтамасыз ету және бүйрек функциясына, қандағы электролиттер мен АҚ деңгейіне үнемі мұқият мониторинг жүргізу керек.
Диабеттік нефропатиясы бар пациенттерде АӨФ және АРБ тежегіштерін бір мезгілде қолдануға болмайды.
Нәсілдік тиістілігі
Негроидты нәсілді пациенттерінде АӨФ тежегіштерін қолдану кезінде ангионевроздық ісінудің даму жағдайлары басқа нәсілді пациенттеріне қарағанда жиі байқалды.
Басқа АӨФ тежегіштері сияқты, лизиноприл басқа нәсілді пациенттермен салыстырғанда негроидты нәсілді пациенттерде АҚ-ны тиімді төмендетуі мүмкін, бұл, мүмкін, қандағы ренин деңгейі төмен өкілдердің артериялық гипертензиясы бар негроидты нәсілді пациенттер популяциясында басым болуымен байланысты болуы мүмкін.
Жөтел
АӨФ тежегіштерімен емдеу аясында әдетте қақырық бөлінбейтін, тұрақты болып табылатын жөтел байқалады және АӨФ тежегіштерімен ем тоқтатылғаннан кейін жоғалады. Жөтелді дифференциацияланған диагностикалау кезінде АӨФ тежегіштерін қолданумен байланысты жөтелді ескеру қажет.
Хирургиялық араласым/жалпы анестезия
Артериялық гипотензияны туындататын дәрілік заттарды пайдалана отырып, операциялық араласымдар немесе жалпы анестезия жүргізу кезінде лизиноприл рениннің компенсаторлық шығарылуымен байланысты ангиотензин II түзілуін бөгеуі мүмкін. Жоғарыда аталған механизммен байланысты артериялық гипотензия дамыған жағдайда оны АҚК-ны ұлғайту жолымен түзетуге болады.
Гиперкалиемия
АӨФ тежегіштерімен ем алатын пациенттерде гиперкалиемия білінуі мүмкін, өйткені АӨФ тежегіштері альдостеронның босап шығуын бұзады. Әдетте, жоғарыда аталған өзгерістер бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде клиникалық маңызды емес. Алайда, бүйрек функциясы бұзылған, қант диабеті бар және/немесе бір мезгілде құрамында калий бар препараттарды (құрамында калий бар тұзды алмастырғыштарды қоса алғанда), калий сақтайтын диуретиктерді (мысалы, спиронолактон, триамтерен немесе амилорид), қан сарысуындағы калий деңгейін жоғарылатуы мүмкін басқа да дәрілік заттарды (мысалы, гепарин, триметоприм немесе ко-тримоксазол (триметоприм және сульфаметоксазол біріктірілімі)) қабылдайтын пациенттерде АӨФ тежегіштерімен емдеу аясында, әсіресе альдостерон немесе АРБ, гиперкалиемия байқалуы мүмкін. АӨФ тежегіштерімен ем алатын пациенттерде калий сақтайтын диуретиктер мен АРБ сақтықпен пайдалану керек, бұл ретте қан сарысуындағы калий концентрациясын және бүйрек функциясын үнемі бақылау қажет.
Қант диабетіне шалдыққан пациенттер
Пероральді гипогликемиялық дәрілермен немесе инсулинмен ем алатын, қант диабетіне шалдыққан пациенттерде АӨФ тежегішімен емдеудің бірінші айы ішінде қан плазмасындағы глюкоза деңгейін мұқият бақылау қажет.
Литий препараттары
Әдетте, лизиноприл мен литий препараттарын бірге қолдану ұсынылмайды.
Жүктілік
Жүктілік кезінде АӨФ тежегіштерімен емдеуді бастауға болмайды. Жүктілікті жоспарлайтын пациенттер АӨФ тежегіштерімен емдеуді жалғастыру аса қажет деп саналатын жағдайларды қоспағанда, жүктілік кезеңінде қолдану қауіпсіздігінің бейіні белгілі баламалы гипотензивті дәрілермен емге ауыстырылуы тиіс. Жүктілік анықталған кезде АӨФ тежегіштерімен емдеуді дереу тоқтату керек, қажет болған жағдайда баламалы гипотензивті дәрілермен емдеуді бастау керек.
Қосымша заттар
Амлипиннің бір таблеткасының құрамында натрий мөлшері 1 ммольден аз (9.782 мг), сондықтан құрамында натрий жоқ деп санауға болады. Амлипин препаратының құрамында лактоза бар, сондықтан фруктоза, галактоза және т.б. көтере алмаушылығымен сипатталатын сирек тұқым қуалайтын ауруларына шалдыққан, мысалы, лактаза жеткіліксіздігі немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар пациенттерге бұл дәрілік препаратты қабылдауға болмайды.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Амлодипин
Амлодипин автокөлік жүргізу және механизмдерді басқару қабілетіне елеусіз немесе орташа айқын әсер етуі мүмкін, бас айналу, бас ауыру, қажу және жүрек айну дамуы кезінде дәрілік затты қолдану аясында реакция жылдамдығы төмендеуі мүмкін. Автокөлік жүргізу және механизмдерді басқару кезінде, әсіресе амлодипинмен емдеудің басында сақ болу ұсынылады.
Лизиноприл
Автокөлік жүргізу және механизмдерді басқару кезінде пациенттер лизиноприлді пайдалану аясында кейбір жағдайларда бас айналу немесе қажу дамуы мүмкін екенін ескеруі керек.
Амлипин
Жоғарыда көрсетілген ақпаратты ескере отырып, Амлипин препараты автокөлік жүргізу және механизмдерді басқару қабілетіне әсер етуі мүмкін (әсіресе емдеудің басында).