Амлодипин дигидропиридин тобының кальций иондарының ток тежегіші болып табылады (баяу кальций өзекшелерінің блокаторы немесе кальций иондарының антагонисті); ол кальций иондарының кардиомиоциттерге және тамырлы бұлшықет жасушаларына трансжарғақшалық ағуына жол бермейді.
Амлодипин-Тева препаратының гипотензивті әсер ету механизмі тамырлардың тегіс бұлшықеттеріне тікелей босаңсыту әсеріне байланысты. Амлодипиннің стенокардия көріністерін жеңілдететін нақты механизмі толық анықталмаған, бірақ амлодипин келесі екі факторға байланысты жалпы ишемиялық жүктемені төмендететіні белгілі:
1) амлодипин шеткері артериолаларды кеңейтеді және осылайша жүректің жұмысына қарсы бағытталған жалпы шеткері қарсылықты (жүктемеден кейінгі) төмендетеді. Жүрек соғу жиілігі тұрақты болып қалатындықтан, бұл миокардтың энергияны тұтынуы мен оның оттегіне деген қажеттілігінің төмендеуіне әкеледі.
2) амлодипиннің әсер ету механизмі миокардтың қалыпты және ишемиялық аймақтарында негізгі коронарлық артериялар мен коронарлық артериолалардың кеңеюімен байланысты болуы мүмкін, бұл вазоспазмдық стенокардиясы бар пациенттерде миокардқа оттегінің түсуін арттырады (Принцметал стенокардиясы немесе нұсқалық стенокардия).
Артериялық гипертензиясы бар пациенттерде препаратты тәулігіне бір рет қолдану 24 сағат бойы шалқадан жатқан және тұрған күйінде артериялық қысымның клиникалық маңызды төмендеуін қамтамасыз етеді. Амлодипиннің әсері баяу дамитындықтан, препаратты қабылдау жедел артериялық гипотензия қаупін тудырмайды.
Стенокардиямен ауыратын пациенттерде амлодипинді тәулігіне бір рет қолдану жүктеменің жалпы уақытын, стенокардия ұстамасының басталу уақытын және ST сегментінің 1 мм төмендеуіне дейінгі уақытты ұзартады, сонымен қатар стенокардия ұстамалары мен нитроглицерин таблеткаларын қабылдау жиілігін төмендетеді.
Амлодипин препаратын қабылдау қандай да бір жағымсыз метаболизмдік әсерлермен немесе қан плазмасының липидті параметрлерінің өзгеруімен қатар жүрмеді және бронх демікпесі, қант диабеті және подагра бар пациенттерде қолданылуы мүмкін.
Жүректің ишемиялық ауруы (ЖИА) бар пациенттерде қолдану
Жүректің ишемиялық ауруы (ЖИА) бар пациенттерде клиникалық құбылыстардың алдын алу үшін амлодипиннің тиімділігі 1997 пациентте тәуелсіз көп орталықты рандомизацияланған салыстырмалы жасырын плацебо бақыланатын: «Тромбоздың туындау жиілігін төмендетуде амлодипинді эналаприлмен салыстыру» (Comparison of Amlodipine vs. Enalapril to Limit Occurrences of Thrombosis — CAMELOT) зерттеуде бағаланды. 2 жыл ішінде осы пациенттердің 663-і амлодипинді 5-10 мг дозада қабылдады, 673 пациент эналаприлді 10-20 мг дозада және 655 пациент статиндер, бета-блокаторлар, диуретиктер және аспиринді қамтитын стандартты емге қосымша плацебо қабылдаған. Тиімділіктің негізгі көрсеткіштері 1-кестеде келтірілген. Нәтижелер амлодипинмен емдеудің ЖИА бар пациенттерде стенокардия және реваскуляризация процедураларына байланысты ауруханаға жатқызу жағдайларының аз болуымен астасатынын көрсетеді.
1-кесте.CAMELOT зерттеуіндегі маңызды клиникалық нәтижелердің жиілігі
Жүрек-қантамырлар құбылыстарының жиілігі, саны (%) — Амлодипин плацебомен салыстырғанда
Нәтижелер — Амлодипин — Плацебо — Эналаприл — Қауіп коэффициенті (СА 95%) — p-мәні
Бастапқы соңғы нүкте
Жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан жағымсыз құбылыстар — 110 (16,6) — 151 (23,1) — 136 (20,2) — 0,69 (0,54–0,88) — 0,003
Жеке компоненттер
Коронарлық реваскуляризация — 78 (11,8) — 103 (15,7) — 95 (14,1) — 0,73 (0,54–0,98) — 0,03
Стенокардияға байланысты ауруханаға жатқызу — 51 (7,7) — 84 (12,8) — 86 (12,8) — 0,58 (0,41–0,82) — 0,002
Өлімге әкелмейтін МИ — 14 (2,1) — 19 (2,9) — 11 (1,6) — 0,73 (0,37–1,46) — 0,37
Инсульт немесе ТИА — 6 (0,9) — 12 (1,8) — 8 (1,2) — 0,50 (0,19–1,32) — 0,15
Жүрек-қантамырлары ауруларына байланысты өлім — 5 (0,8) — 2 (0,3) — 5 (0,7) — 2,46 (0,48–12,7) — 0,27
ІЖЖ байланысты ауруханаға жатқызу — 3 (0,5) — 5 (0,8) — 4 (0,6) — 0,59 (0,14–2,47) — 0,46
Реанимацияланған жүрек тоқтауы — 0 — 4 (0,6) — 1 (0,1) — ҚЖ — 0,04
Алғаш рет анықталған шеткері қантамырлар ауруы — 5 (0,8) — 2 (0,3) — 8 (1,2) — 2,6 (0,50–13,4) — 0,24
Қысқартулар: ІЖЖ — іркілісті жүрек жеткіліксіздігі; СА — сенімділік аралығы; МИ — миокард инфарктісі; ӨИА — өтпелі ишемиялық шабуыл.
Жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде қолдану
NYHA жіктеуі бойынша II–IV функционалдық класс жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде гемодинамикасы мен дене жүктемесімен бақыланатын клиникалық зерттеулер Амлодипин-Тева препаратының клиникалық нашарлауға әкелмейтінін көрсетті, бұл дене жүктемесіне төзімділікті, сол жақ қарыншаның лықсыту фракциясын және клиникалық симптоматикасын бағалау арқылы көрсетілген.
NYHA жіктеуі бойынша III-IV функционалдық класы жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде дигоксинді, диуретиктерді және ангиотензин өзгертуші тежегіштер қолдануды бағалау үшін жоспарланған плацебо бақыланатын зерттеу (PRAISE) Амлодипин-Тева препаратының жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде өлім немесе біріктірілген өлім және сырқаттанушылық қаупі жоғарылауына әкелмейтінін көрсетті.
Кейіннен қадағаланып отыратын плацебо бақыланатын (PRAISE-2) Амлодипин-Тева препаратын III және IV класс жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде (NYHA жіктемесі бойынша) қолдануды зерттеу бойынша ұзақ мерзімді зерттеуде клиникалық симптомдарсыз немесе қатар жүретін жүректің ишемиялық ауруының объективті көрсеткіштерінсіз, АӨФ тежегіштерінің, жүрек гликозидтерінің және диуретиктердің тұрақты дозаларын алған пациенттерде Амлодипин-Тева препараты жүрек-қантамырлар ауруларынан болатын жалпы өлімге әсер етпеген. Пациенттердің сол популяциясында Амлодипин-Тева препаратын қолдану өкпе ісінуі жағдайлары жиілігінің жоғарылауымен қатар жүрді.
Миокард инфарктісі профилактикасын зерттеу (ALLHAT)
«Миокард инфарктісі профилактикасы үшін гипертензияға қарсы және гиполипидемиялық препараттар қолдануды зерттеу» (Antihypertensive and Lipid-Lowering Treatment to Prevent Heart Attack Trial — ALLHAT) деп аталатын ауру мен өлімді зерттейтін рандомизацияланған салыстырмалы жасырын зерттеу тәулігіне 2,5—10 мг дозада амлодипин (кальций өзекшелері блокаторы) немесе тәулігіне 10-40 мг дозада лизиноприл (АӨФ тежегіші) — инновациялық препараттарын салыстыру үшін бірінші қатардағы ем ретінде – жеңіл немесе орташа артериялық гипертензия кезінде тәулігіне 12,5-25 мг дозада хлорталидонмен (тиазидті диуретик) жүргізілді.
Барлығы 55 жас және одан асқан артериялық гипертензиямен ауыратын 33 357 пациент рандомизацияланған; пациенттер орта есеппен 4,9 жыл бақылауда болды. Пациенттерде ЖИА қаупінің кем дегенде тағы бір қосымша факторы болды, соның ішінде: анамнездегі миокард инфарктісі немесе инсульт (зерттеуге қосқанға дейін > 6 ай бұрын) немесе анамнезде басқа атеросклероздық жүрек-қантамырлары ауруларының болуы (жалпы алғанда 51,5 %), 2 типті қант диабеті (36,1 %), Х-ТЖЛП деңгейі < 35 мг/дл (11,6 %), электрокардиография немесе эхокардиография арқылы диагноз қойылған сол жақ қарынша гипертрофиясы (20,9%) және қазіргі уақытта темекі шегу (21,9 %).
Бастапқы соңғы нүкте өлімге әкелетін ЖИА немесе өлімге әкелмейтін миокард инфарктісін қамтитын біріктірілген соңғы нүкте болды. Амлодипин негізіндегі емде және хлорталидон негізіндегі ем кезінде бастапқы соңғы нүктелер арасында айтарлықтай айырмашылық байқалмады: ОР 0,98; СА 95 % [0,90–1,07]; p = 0,65. Салдарлы соңғы нүктелер арасында жүрек жеткіліксіздігінің пайда болу жиілігі (жүрек-қантамырлар құбылыстарын қамтитын композициялық біріктірілген соңғы нүктенің құрамдас бөлігі) амлодипин тобында хлорталидон тобымен салыстырғанда статистикалық тұрғыдан айтарлықтай жоғары болды (7,7% салыстырғанда 10,2%, ОР 1,38, CА 95% [1,25–1,52]; p < 0,001). Алайда амлодипин емінде хлорталидон емімен салыстырғанда барлық себептер бойынша өлім-жітім көрсеткіштерінде статистикалық маңызды айырмашылық байқалмады, ОР 0,96; СА 95% [0,89 1,02]; p = 0,20.
Балаларда қолдану (6 жас және одан асқан)
6 мен 17 жас аралығындағы 268 бала негізінен қайталама артериялық гипертензиямен ауыратын зерттеуге қатысты амлодипинді 2,5 мг және 5,0 мг дозада плацебомен салыстыру барысында екі доза да плацебоға қарағанда систолалық қан қысымын төмендететіні көрсетілген, сонымен қатар қысымды төмендетудегі бұл айырмашылық статистикалық маңызды болған. Амлодипиннің осы екі дозасының арасындағы айырмашылық статистикалық тұрғыдан маңызды болмады.
Амлодипинмен емнің балалар мен жасөспірімдердің өсуіне, жыныстық жетілуіне және жалпы дамуына кейіннен білінетін әсері зерттелмеген. Балалар жасында амлодипинмен емнің ұзақ мерзімді тиімділігі жүрек-қантамырлар ауруларының және ересектер жасында өлім-жітімнің төмендеуі тұрғысынан да анықталмаған.