Амлодипин дигидропиридиндік топтың кальций иондары ағымының тежегіші болып табылады («баяу» кальций өзекшелерінің блокаторы немесе кальций иондарының антагонисі); ол кальций иондарының кардиомиоциттерге және тамырлардың тегіс бұлшықетті жасушаларына жарғақша арқылы ағып келуіне кедергі келтіреді.
Амлодипиннің гипотензиялық әсерінің механизміне тамырлардың тегіс бұлшықеттеріне тікелей босаңсытқыш әсері түрткі болады. Амлодипиннің стенокардия көріністерін жеңілдетуіне ықпал ететін нақты механизмі толықтай анықталған жоқ, алайда, амлодипиннің жалпы ишемиялық жүктемені келесі 2 фактордың есебінен төмендететіні белгілі:
• шеткері артериолаларды кеңейтеді, жүректен басым түсетін жалпы шеткері кедергіні (кейінгі жүктемені) азайтады. Жүректің жиырылу жиілігі тұрақты болып қалатындықтан, жүрек жүктемесінің бұлай жеңілдеуі миокардтың энергия тұтынуын және оттекті қажет етуін төмендетеді.
• амлодипиннің әсер ету механизмі миокардтың өзгермеген және ишемияланған аймақтарындағы негізгі коронарлық артериялар мен коронарлық артериолалардың кеңеюімен де байланысты болуы мүмкін. Бұлай кеңею коронарлық артериялардың түйілуі (Принцметал стенокардиясы немесе варианттық стенокардия) бар пациенттерде миокардқа оттегінің жеткізілуін арттырады.
Артериялық гипертензиясы бар пациенттерде препаратты тәулігіне 1 рет қолдану шалқадан жатқан және тұрған қалыптағы артериялық қысымның бүкіл 24 сағаттық кезең бойына клиникалық тұрғыдан елеулі төмендеуін қамтамасыз етеді. Амлодипиннің әсерлері баяу дамитындықтан, препаратты қабылдау жедел гипотензияның даму қаупімен астаспайды.
Тұрақты стенокардиясы бар пациенттерде бір реттік тәуліктік доза дене жүктемесіне толеранттылықты арттырады, стенокардия ұстамаларының дамуын және ST сегментінің 1 мм-ге «ишемиялық» депрессиясын баяулатады, сондай-ақ стенокардия ұстамаларының жиілігін және нитроглицерин мен басқа да нитраттарды тұтынуды азайтады.
Амлодипин қандай да бір метаболизмдік жағымсыз құбылыстармен немесе қан плазмасындағы липидтер деңгейінің өзгеруімен байланысты болмады және оны бронх демікпесі, қант диабеті және подаграмен зардап шеккен пациенттерді емдеуде қолдануға болады. Қан қысымының айтарлықтай төмендеуі 6-10 сағаттан кейін байқалады, әсер ету ұзақтығы - 24 сағат.
Жүректің ишемиялық ауруы (ЖИА) бар пациенттерде қолдану
Амлодипиннің жүректің ишемиялық ауруы (ЖИА) бар пациенттерде клиникалық құбылыстардың алдын алу үшін тиімділігі 1997 пациенттегі тәуелсіз көп орталықты рандомизацияланған салыстырмалы жасырын, плацебо-бақыланатын: «Тромбоздың туындау жиілігін төмендетуде амлодипинді эналаприлмен салыстыру» (Comparison of Amlodipine vs. Enalapril to Limit Occurrences of Thrombosis — CAMELOT) зерттеуінде бағаланды. 2 жыл ішінде осы пациенттердің 663-і 5–10 мг дозадағы амлодипинді қабылдады, 673 пациент 10–20 мг дозадағы эналаприлді қабылдады, және 655 пациент статиндерді, бета-блокаторларды, диуретиктер мен аспиринді қамтитын стандартты емге қосымша плацебо қабылдады. Тиімділігінің шешуші көрсеткіштері 1-кестеде келтірілген. Нәтижелері амлодипинмен емдеудің ЖИА бар пациенттерде стенокардияға және реваскуляризация емшараларына байланысты ауруханаға түсу жағдайлары санының аздығымен қатар жүретінін көрсетіп отыр.
1-кесте. CAMELOT зерттеуінде елеулі клиникалық нәтижелердің туындау жиілігі
Жүрек-қантамыр құбылыстарының жиілігі, саны (%) — Плацебомен салыстырғандағы амлодипин
Нәтижелері — Амлодипин — Плацебо — Эналаприл — Қауіптер қатынасы (95 % СА) — P-мәні
Бастапқы ақырғы нүкте
Жағымсыз жүрек-қантамырлық құбылыстар — 110 (16,6) — 151 (23,1) — 136 (20,2) — 0,69 (0,54-0,88) — 0,003
Жекелеген компоненттері
Коронарлық тамырлардың реваскуляризациясы — 78 (11,8) — 103 (15,7) — 95 (14,1) — 0.73 (0,54-0,98) — 0,03
Стенокардияға байланысты ауруханаға жатқызу — 51 (7,7) — 84 (12,8) — 86 (12,8) — 0,58 (0.41-0,82) — 0,002
Өліммен аяқталмаған миокард инфарктісі — 14 (2,1) — 19 (2,9) — 11 (1,6) — 0,73 (0,37-1,46) — 0,37
Инсульт немесе транзиторлық ишемиялық шабуыл — 6 (0,9) — 12 (1,8) — 8 (1,2) — 0,50 (0,19-1,32) — 0,15
Жүрек-қантамырлық аурулардан болған өлім — 5 (0,8) — 2 (0,3) — 5 (0,7) — 2,46 (0,48-12,7) — 0,27
Жүректің іркілісті жеткіліксіздігіне байланысты ауруханаға жатқызу — 3 (0,5) — 5 (0,8) — 4 (0,6) — 0,59 (0,14-2,47) — 0,46
Реанимацияланған жүрек тоқтауы — 0 — 4 (0,6) — 1 (0,1) — ҚЕ — 0,04
Шеткері тамырлардың алғаш анықталған ауруы — 5 (0,8) — 2 (0,3) — 8 (1,2) — 2,6 (0,50-13,4) — 0,24
Жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде қолдану
Нью-Йорк кардиологиялық қауымдастығының (NYHA) жіктемесі бойынша II–IV функционалдық кластағы жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде гемодинамиканы зерттеулер және дене жүктемесімен бақыланатын клиникалық зерттеулер амлодипиннің клиникалық нашарлауға алып келмейтінін көрсетті, ол дене жүктемесіне төзімділікті, сол жақ қарыншаның лықсыту фракциясын және клиникалық симптоматикасын бағалаудың көмегімен көрсетілді.
NYHA жіктемесі бойынша жүректің III–IV функционалдық кластағы жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде дигоксиннің, диуретиктердің және ангиотензин өзгертетін фермент (АӨФ) тежегіштерінің қолданылуын бағалау мақсатында жоспарланған плацебо-бақыланатын зерттеу (PRAISE) амлодипиннің жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде өлім немесе біріккен өлім мен аурушаңдық қаупінің артуына алып келмейтінін көрсетті. Жүректің клиникалық симптомдарсыз немесе жүректің қатарлас ишемиялық ауруының объективті белгілерінсіз NYHA жіктемесі бойынша III және IV класты жеткіліксіздігі бар, АӨФ тежегіштерінің, жүрек гликозидтері мен диуретиктердің тұрақты дозаларын қабылдаған пациенттердегі кейіннен қадағалау жүргізілетін, амлодипин қолданылуы зерттелген ұзақ мерзімді плацебо-бақыланатын зерттеуде (PRAISE-2) амлодипин жүрек-қантамыр ауруларынан болатын жалпы өлім көрсеткішіне әсер етпеген. Пациенттердің дәл сол популяциясында амлодипинді қолдану өкпенің ісіну жағдайларының жоғарырақ жиілігімен қатар жүрген.
Миокард инфарктісінің алдын алу үшін емдеу әдістерін зерттеу (ALLHAT)
Ауруға шалдығу мен өлім көрсеткіші зерттелген «Гипертензияға қарсы және гиполипидемиялық препараттардың миокард инфарктісінің профилактикасы үшін қолданылуын зерттеу» (Antihypertensive and Lipid-Lowering Treatment to Prevent Heart Attack Trial — ALLHAT) деп аталатын рандомизацияланған салыстырмалы жасырын зерттеу жеңіл немесе орташа артериялық гипертензия кезінде инновациялық препараттар — тәулігіне 2,5–10 мг дозалардағы амлодипинді (кальций өзекшелерінің блокаторы) немесе тәулігіне 10–40 мг дозалардағы лизиноприлді (АӨФ тежегіші) бірінші желідегі ем ретінде — тәулігіне 12,5–25 мг дозалардағы хлорталидонмен (тиазидтік диуретик) салыстыру үшін жүргізілді.
Артериялық гипертензиясы бар, 55 жас шамасындағы және одан үлкен, барлығы 33 357 пациент рандомизацияланды; пациенттер орташа алғанда 4,9 жыл қадағалауда болды. Пациенттерде: анамнездегі (зерттеуге кірістірілгенге дейін > 6 ай бұрынғы) миокард инфарктісін немесе инсультті немесе анамнезде басқа атеросклероздық жүрек-қантамыр ауруларының болуын (жалпы алғанда 51,5 %), 2-нші типті қант диабетін (36,1 %), Х-ТЖЛП < 35 мг/дл деңгейін (11,6 %), электрокардиографияның немесе эхокардиографияның көмегімен диагностикаланған, сол жақ қарыншаның гипертрофиясын (20,9 %), және темекі шегуді (21,9 %) қоса, ЖИА кемінде тағы 1 қосымша қауіп факторы болды.
Бастапқы ақырғы нүкте өліммен аяқталатын ЖИА немесе өлімге соқтырмаған миокард инфарктісін қамтитын біріккен ақырғы нүкте болды. Амлодипин негізіндегі ем мен хлорталидон негізіндегі ем жағдайында бастапқы ақырғы нүктелер арасында елеулі айырмашылық байқалмады (ҚҚ 0,98, 95 % сенімді аралық (СА) 0,90–1,07, p = 0,65). Екінші ақырғы нүктелер арасында жүрек жеткіліксіздігінің (жүрек-қантамыр құбылыстарын қамтыған біріккен ақырғы нүктенің компоненті) туындау жиілігі хлорталидон салыстырғанда, амлодипин тобында статистикалық тұрғыдан маңызды түрде жоғары болды (7,7 %-бен салыстырғанда 10,2 %, ҚҚ 1,38, 95 % СА 1,25–1,52; p < 0,001). Алайда, бұл ретте амлодипинге енгізделген ем кезінде және хлорталидонға негізделген ем кезінде барлық себептер бойынша өлім көрсеткіштерінде елеулі айырмашылық байқалған жоқ (ҚҚ 0,96, 95 % СА 0,89–1,02, p = 0,20.
Балаларда қолдану (6 жастағы және одан үлкен)
Негізінен салдарлы артериялық гипертензиясы бар 6-дан 17 жасқа дейінгі 268 бала қатысқан зерттеуде 2,5 мг және 5,0 мг дозадағы амлодипинді плацебомен салыстыру кезінде екі доза да систолалық артериялық қысымды плацебоға қарағанда көбірек дәрежеде төмендететінін көрсеткен, бұл ретте қысымды төмендетудегі айырмашылық статистикалық маңызды болды. Амлодипиннің осы екі дозасының арасындағы айырмашылық статистикалық тұрғыдан маңызды болмады.
Амлодипинмен емдеудің балалар мен жасөспірімдердің өсуіне, жыныстық жетілуіне және жалпы дамуына ұзақ мерзімді әсері зерттелмеген. Бала жасында амлодипинмен емдеудің жүрек-қантамыр ауруларының азаюы және ересектердегі өлім тұрғысынан ұзақ мерзімді тиімділігі де анықталған жоқ.