Арнайы ескертулер
Агранулоцитоз
Метамизол-индуцияланған агранулоцитоз, кемінде бір аптаға созылатын иммуноаллергиялық ауру болып табылады. Бұл реакциялар өте сирек кездеседі, бірақ күрделі болуы немесе тіпті өліммен аяқталған жағдайға әкелуі мүмкін. Олар дозаға байланысты емес және емнің кез келген уақытында болуы мүмкін.
Нейтропениядан туындауы мүмкін мынадай белгілер немесе симптомдар: қызба, салқын тию, тамақтың ауыруы, ауыз қуысындағы ойық жаралар пайда болған жағдайда пациентті емді тоқтату және дәрігерге дереу жүгіну керектігі туралы хабардар ету қажет.
Нейтропения жағдайында (<1500 нейтрофилдер/мм3) емдеуді дереу тоқтату және оның көрсеткіштері қалпына келгенге дейін қанның жалпы талдау нәтижелерін қадағалау қажет.
Панцитопения
Панцитопения дамыған кезде емді дереу тоқтату керек және оның көрсеткіштері қалпына келгенге дейін қанның жалпы талдау нәтижелерін қадағалау қажет.
Барлық пациенттер қан тарапының патологиялық өзгерістері жалпы дімкәстік, инфекциялар, тұрақты қызба, гематомалардың пайда болуы, қан кету, метамизолды қабылдау аясында бозару сияқты симпомдардың пайда болуымен қатар жүруі мүмкін екенін білуі керек, бұл дереу дәрігерге жүгінуді қажет етеді.
Анафилаксиялық шок
Бейім пациенттерде анафилаксиялық шок туындауы мүмкін. Осыған байланысты демікпесі немесе атопиясы бар пациенттерге метамизолды сақтықпен тағайындау қажет («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз).
Метамизолды қолдануға жауап ретінде анафилактоидты реакциялар туындаған пациенттерде, сондай-ақ басқа есірткіге жатпайтын ауыруды басатын дәрілерді қолдануға жауап ретінде олардың даму қаупі расталуы мүмкін.
Метамизолды қолдануға жауап ретінде анафилаксиялық немесе аллергиялық реакциялар (мысалы, агранулоцитоз) пайда болған пациенттер басқа пиразолондар мен пиразолидиндерді қолданған кезде ұқсас реакциялардың даму қаупіне ұшырайды.
Анафилаксиялық/анафилактоидты реакциялар
Метамизол қолданғаннан кейін олар ауыр анафилактоидты реакциялар дамуының айрықша қаупіне ұшырайтындықтан мына пациенттер ерекше сақ болуы керек («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз):
• Ауыруды басатын дәрілерді (мысалы, салицилаттар, парацетамол, диклофенак, ибупрофен, индометацин, напроксен) қолданғаннан кейін туындайтын бронх түйілуі немесе анафилактоидты реакциялардың басқа түрлері (мысалы, есекжем, ринит, ангионевроздық ісіну) бар пациенттер.
• Анальгетикалық бронх демікпесі, әсіресе қатар жүретін полипозды риносинуситі бар пациенттер.
• Созылмалы есекжемі бар пациенттер.
• Алкоголь жақпаушылығы бар пациенттер, яғни кейбір алкогольді сусындардың болар-болмас мөлшерін қабылдаған кезде алкогольге жоғары сезімталдығы бар болуы. Алкоголь жақпаушылығының симптомдары беттің аса қызаруы, түшкіру және көзден жас ағу болып табылады. Алкоголь жақпаушылығы бұрын анықталмаған аспириндік демікпе синдромын көрсетуі мүмкін.
• Бояғыштар (мысалы, тартразин) және консерванттар (мысалы, бензоаттар) жақпаушылығы бар пациенттер.
Натрий метамизолын қолданар алдында пациентке мұқият сауалнама жүргізу қажет. Анафилаксиялық реакциялардың даму қаупі анықталған кезде метамизолды қабылдаудың пайдасы мен қауіпінің арақатынасын мұқият бағалағаннан кейін ғана қабылдау мүмкін болады. Мұндай пациенттерде метамизол қолданылған жағдайда олардың жай-күйін қатаң медициналық бақылау қажет, анафилаксиялық/анафилактоидты реакциялар дамыған жағдайда оларға жедел көмек көрсету үшін қажет дәрілер қолда болуы қажет.
Оқшауланған гипотензиялық реакциялар
Метамизолды қолдану оқшауланған гипотензиялық реакцияларды тудыруы мүмкін («ДП стандартты қолдану кезінде пайда болатын жағымсыз реакциялардың сипаттамасы және бұл жағдайда қабылдануы тиіс шаралар» бөлімін қараңыз). Бұл реакциялар дозаға тәуелді сипатқа ие болуы мүмкін.
Мұндай сипаттағы күрделі гипотензиялық реакцияларды болдырмау үшін:
• көлемінің тапшылығымен алдыңғы гипотониясы, сусыздануы немесе дегидратациясы, артериялық қысымның тұрақсыздығы немесе басталып келе жатқан қан айналымының жеткіліксіздігі бар пациенттерде гемодинамиканы қалпына келтіру.
• температурасы жоғары пациенттерге ерекше көңіл бөлу керек.
Мұндай пациенттерде метамизолды қолданғанда мұқият бақылау талап етіледі, оны қолдану қатаң медициналық қадағалаумен жүзеге асырылуы тиіс.
Гипотензиялық реакциялар қаупін азайту үшін қан айналымын тұрақтандыру сияқты превентивті шаралары қажет болуы мүмкін. Гипотониясы немесе қан айналымы жеткіліксіздігі бар пациенттерге арналған нұсқаулар («Қолдануға болмайтын жағдай» бөлімін қараңыз).
Терінің ауыр реакциялары
Метамизолмен емдеу кезінде Стивенс-Джонсон синдромын (СДС), уытты эпидермалық некролизді және DRESS-синдромды (дәрілік затқа бөртпе, эозинофилия және жүйелік симптомдары бар реакция) қоса алғанда, терінің күрделі реакцияларының дамуы туралы хабарламалар алынды. Метамизолды қолдануды тоқтатыңыз және егер Сіз «ДП стандартты қолдану кезінде пайда болатын жағымсыз реакциялардың сипаттамасы және бұл жағдайда қабылдануы тиіс шаралар» бөлімінде сипатталған терінің күрделі реакцияларына байланысты кез келген симптомдардың пайда болуын байқасаңыз, дереу дәрігерге жүгініңіз.
Егер Сізде бір кезде терінің кез келген ауыр реакциялары дамыған болса, Сізге метамизолмен емді жаңғыртуға болмайды («ДП стандартты қолдану кезінде пайда болатын жағымсыз реакциялардың сипаттамасы және бұл жағдайда қабылдануы тиіс шаралар» бөлімін қараңыз).
Пациенттер осы аурулардың симптомдары туралы хабардар болуы тиіс. Оларда, әсіресе емнің алғашқы апталары ішінде тері реакцияларын мұқият бақылау керек.
Кез келген жағдайларда артериялық қысымның төмендеуінен аулақ болу қажет пациенттерде, мысалы, ауыр ишемиялық жүрек ауруында немесе тиісінше ми артерияларының стеноздарында натрий метамизолын гемодинамикалық параметрлерді мұқият бақылаумен ғана қолдануға рұқсат етілуі мүмкін.
Бүйрек немесе бауыр функциясы бұзылған пациенттерде оның шығарылу жылдамдығының төмендеуіне байланысты метамизолды жоғары дозаларда қабылдаудан аулақ болу ұсынылады.
Егер Анальгин сияқты пиразол туындыларын қолданғаннан кейін қызба пайда болса немесе басылмаса, сондай-ақ емдеу кезінде теріде немесе ауыздың немесе тамақтың шырышты қабықтарында ауырсынатын ойық жаралар пайда болса, онда Анальгин дәрілік затын қабылдауды дереу тоқтату және ешқандай басқа ауыруды басатын немесе ыстықты түсіретін дәрілерді қабылдамау қажет. Бұл әдетте 2-ден 3 аптаға дейін созылады, осы уақыт ішінде әсер ету ауқымы кең антибиотиктер мен антимикотиктерді қолдану ұсынылады.
Несеп қызыл түске боялуы мүмкін. Ол қауіпті емес және зиянды емес метаболит – рубазон қышқылының бөлінуінен туындайды.
Бауыр функциясының бұзылуы
Метамизол қабылдаған пациенттерде бауырдың қабынуы туралы хабарланды, симптомдары препаратты қабылдау бастағаннан кейін бірнеше күннен бірнеше айға дейін дамыды.
Метамизол қабылдауды тоқтату және жүрек айну, құсу, қызба, шаршау сезімі, тәбеттің жоғалуы, несептің күңгірттенуі, ашық түсті нәжіс, терінің немесе көз ағының сарғаюы, іштің жоғарғы бөлігінде қышыну, бөртпе немесе ауырсыну сияқты бауыр функциясының бұзылу белгілері пайда болған жағдайда дәрігерге көріну керек. Дәрігер бауыр функциясын тексереді.
Егер бұрын құрамында метамизол бар дәрілік препаратты қолданғанда бауыр функциясының бұзылуы дамыған болса, метамизолды қабылдауға болмайды.
Басқа препараттар және метамизол
Емдеуші дәрігерге немесе дәріхана қызметкеріне мына дәрілік препараттарды қабылдайтыныңыз туралы хабарлаңыз:
• бупропион - депрессияны емдеуге арналған дәрілік препарат немесе темекі шегуді тоқтату үшін қосымша дәрі ретінде
• эфавиренз - АИТВ/ЖИТС-ны емдеуге арналған дәрілік препарат
• метадон - тыйым салынған препараттарға (апиындарға) тәуелділікті емдеуге арналған дәрілік препарат
• вальпроат - эпилепсияны, биполярлық бұзылыстарды емдеуге арналған дәрілік препараттар
• такролимус - трансплантациядан кейін пациенттерде ағзалардың қабылданбай ажырауын болдырмауға арналған дәрілік препарат
• сертралин - депрессияны емдеуге арналған дәрілік препарат.
Жүктілік кезінде және лактация кезеңінде
Жүктілік
Жүктілік кезінде метамизолды қолдану туралы жеткілікті деректер жоқ.
Жүктіліктің бірінші триместрінде метамизол қабылдаған жүкті әйелдер туралы жарияланған мәліметтерге сәйкес ешқандай тератогенді немесе эмбриоуытты белгілері анықталған жоқ. Кейбір жағдайларда бірінші және екінші триместрде метамизолдың бір реттік дозаларын қабылдау, емнің басқа нұсқалары болмаған кезде қолайлы болуы мүмкін. Алайда метамизолды әдетте бірінші және екінші триместрде қолдану ұсынылмайды. Үшінші триместрде қолдану фетоуыттылықпен байланысты болғандықтан (бүйрек жеткіліксіздігі және артериялық түтіктің тарылуы), жүктіліктің үшінші триместрінде метамизолды пайдалануға болмайды. Үшінші триместр ішінде метамизолды байқаусызда қолданған жағдайда ультрадыбыстық зерттеу және эхокардиография көмегімен амниондық сұйықтықты және артериялық түтікті тексеру керек.
Метамизол плаценталық бөгет арқылы өтеді.
Лактация кезеңі
Метамизолдың ыдырау өнімдері көп мөлшерде емшек сүтімен шығарылады, сондықтан емшек сүтімен қоректенетін бала үшін қауіпті жоққа шығаруға болмайды. Атап айтқанда, бала емізу кезінде метамизолды бірнеше рет қолданудан аулақ болу керек. Метамизолды бір рет қолданған жағдайда аналарға емшек сүтін жинау және оны қолданғаннан кейін 48 сағат ішінде утилизациялау ұсынылады.
Дәрілік препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Ұсынылған дозаларды қолданғаннан кейін зейін қою және жауап беру қабілетіне жағымсыз әсері туралы хабарланған жоқ. Керісінше, жоғары дозаларда препарат зейін қою және жауап беру қабілетіне қолайсыз әсер көрсетуі мүмкін екенін және бұл қабілеттер маңызды болған жағдайларда, мысалы, көлік құралдарын басқару немесе механизмдермен жұмыс істеу кезінде қауіп төндіретінін ескеру қажет. Алкогольді тұтыну бұл қауіпті одан әрі арттыруы мүмкін.