Менопаузадан кейінгі симптомдарды емдеу үшін гормональді орнын басатын емді (ГОЕ) олардың өмір сапасына жағымсыз ықпалы кезінде ғана бастаған жөн. Барлық жағдайларда қаупі/пайдасы арақатынасына, ең жоқ дегенде, жыл сайын баға беруді мұқият жүргізген жөн, және егер артықшылықтары қаупінен басым болса ғана, ГОЕ-ні жалғастырған жөн.
Мезгілінен ерте болған менопаузада ГОЕ-мен байланысты қауіптер жөнінде деректер шектеулі. Алайда, жасырақ әйелдерде абсолюттік қауіптің аздығын ескеріп, олар үшін пайдасы мен қаупінің арақатынасы, жас үлкенірек әйелдерге қарағанда, жағымдырақ болуы мүмкін.
Медициналық зерттеу және бақылау
ГОЕ бастар немесе қайта жаңғыртар алдында жекелей анамнезді және отбасылық медициналық анамнезді жинау қажет. Физикальді тексеру (жамбас ағзалары мен сүт бездерін қоса) осы деректерді, қарсы көрсетілімдерді және айрықша нұсқауларды есепке ала отырып жүргізілуі тиіс. Емдеу үдерісінде жиілігі мен мөлшері жекелей ретте анықталатын бақыланатын зерттеулерді мезгіл-мезгіл жүргізу ұсынылады.
Әйелге сүт бездеріндегі кез келген өзгерістерді дәрігерге немесе мейіргерге мәлімдеуге кеңес берген жөн. Сүт бездерін зертеуді, соның ішінде маммографияны қоса тиісті көріністеу әдістері бекітілген скрининг кестеге және жеке клиникалық қажеттілігіне сәйкес жүргізілуі керек.
Бақылауды қажет ететін жағдайлар
Егер келесі жағдайлардың қандай да болсын біреуі бұрын байқалса, қазіргі таңда бар болса және/немесе жүктілік кезінде немесе бұрын жүргізілген гормонотерапияда өршісе, пациент әйелді мұқият бақылаған жөн.
Төменде көрсетілген жағдайлар Анжелик препаратымен ем жүргізу кезінде қайта жаңғыруы және/немесе өршуі мүмкін екендігіне назар аударған жөн:
- лейомиома (фибромиома) немесе эндометриоз
- тромбоэмболиялық бұзылулардың даму қаупінің факторлары (төменнен қараңыз)
- эстроген-тәуелді ісіктердің даму қаупінің факторлары (мысалы, туыстығы 1 дәрежедегі туысқандарында сүт безі обырының болуы)
- артериялық гипертензия
- бауыр аурулары (мысалы, бауыр аденомасы)
- қантамырлық бұзылулармен немесе оларсыз қант диабеті
- өт-тас ауруы
- бас сақинасы немесе айқын бас ауырулар
- жүйелік қызыл жегі
- анамнезде эндометрий гиперплазиясының болуы (төменнен қараңыз)
- эпилепсия
- бронх демікпесі
- отосклероз
Анжелик® препаратымен емді дереу тоқтатудың себептері.
Қолдануға болмайтын жағдайлар және келесі жағдайлар пайда болған кезде емді дереу тоқтату керек:
- сарғаю немесе бауыр функциясының нашарлауы
- артериялық қысымның едәуір жоғарылауы
- бас сақинасынан алғаш пайда болған бас ауыру ұстамалары
- жүктілік
Гиперплазия және эндометрий обыры
Жатыры интактілі әйелдерде эстрогендермен ұзаққа созылған монотерапияда гиперплазияның немесе эндометрий обырының даму қаупі жоғарылайды.
Эстрогендерді ғана қабылдап жүрген әйелдерде емдеудің ұзақтығына және эстрогеннің дозасына байланысты эндометрий обырының даму қаупі эстроген қабылдап жүрмеген әйелдерде 2 - 12 есе жоғарылайды. Емдеуді тоқтатқаннан кейін қауіп 10 жылға жуық жоғары күйінде қалады. Прогестагенді циклдік режимге 28 күндік цикл бойы ең кемінде 12 күн қосу, немесе жатыры алынбаған әйелдерде біріктірілген эстроген-прогестагендік препаратпен үздіксіз емдеу таза эстрогендік ГОЕ-мен байланысты жоғары қауіптің алдын алады.
Жатырдан лақылдап қан кетулер және жағынды бөлінділер емдеудің алғашқы айларында білінуі мүмкін. Егер жатырдан лақылдап қан кетулер немесе жағынды бөлінділер емдеуді бастағаннан кейін біршама уақыттан кейін пайда болса немесе емдеуді тоқтатқаннан кейін жалғасса, эндометрийдегі қатерлі үдерістің бар-жоқтығын анықтау үшін, эндометрий биопсиясын қоса, себептерін зерттеу қажет.
Сүт безінің обыры
Біріктірілген эстроген-прогестаген ГОЕ немесе ГОЕ тек эстрогенмен қабылдайтын әйелдерде сүт безі обыры қаупінің жоғарылауы ГОЕ қабылдаудың ұзақтығына байланысты екендігі туралы деректер бар.
Біріктірілген эстроген-прогестагендік терапия
ГОЕ үшін біріктірілген эстроген-прогестаген препараттарын қабылдайтын әйелдерде сүт безі обырының даму қаупінің жоғарылауы 3 (1-4) жылдан кейін білінеді.
Эстрогенді монотерапия
ГОЕ мақсатында тек эстрогендер қабылдайтын гистерэктомиядан кейін әйелдерде сүт безі обыры қаупінің жоғарылауы жоқ немесе өте аз. Алайда бұл қауіп эстроген-прогестогенді біріктірілген ГОЕ қабылдайтын әйелдерге қарағанда төмен.
Қауіп емдеуді тоқтатқаннан кейін уақыт өте келе төмендейді және бастапқы деңгейге оралуына қажетті уақыты ГОЕ қолдану ұзақтығына байланысты. Егер ГОЕ 5 жылдан астам уақыт қабылданса, онда қауіп 10 жыл және одан да көп уақытқа сақталуы мүмкін.
ГОЕ, әсіресе біріктірілген эстроген-прогестагендік препараттармен, маммографиядағы сүт бездерінің тығыздығын арттырады, бұл сүт безі обырының рентгенологиялық анықталуына теріс ықпалын тигізуі мүмкін.
Веноздық тромбоэмболия
ГОЕ веноздық тромбоэмболияның (ВТЭ), яғни терең веналардың тромбозының немесе өкпе тромбоэмболияның даму қаупінің 1,3-3 есе жоғарылауымен байланысты болуы мүмкін. Осы түрдегі құбылыстардың пайда болуы, кешірекке қарағанда, ГОЕ алғашқы жылында көбірек ықтимал.
ВТЭ қаупінің жалпы мойындаған факторлары эстрогендерді пайдалану, жастың үлкендігі, ауқымды хирургиялық араласым, семіздік жөнінде ауырлық түсіретін жекелей және отбасылық анамнез (дене салмағының индексі >30 кг/м2), жүктілік/босанғаннан кейінгі кезең, жүйелік қызыл жегі (ЖҚЖ) және обыр болып табылады. ВТЭ-нің дамуында веналардың варикоздық кеңеюінің ықтимал рөлі жөніндегі мәселе талас тудыратын күйінде қалады.
Тромбофилия диагностикаланған пациенттерде ВТЭ даму қаупі жоғары болады, және ГОЕ бұл қауіпті ұлғайтуы мүмкін. Сондықтан мұндай әйел пациенттерде ГОЕ тағайындауға болмайды.
Операциядан кейінгі кезеңдегі барлық әйелдерде ВТЭ профилактикасы шараларын қарастыру қажет. Жоспарлы операциядан кейін ұзаққа созылған иммобилизация жағдайларында операциядан 4-6 апта бұрын ГОЕ уақытша тоқтату ұсынылады. Әйелдің қимыл-қозғалысы толық қалпына келгенше ГОЕ-ні қайта жаңғыртпаған жөн.
Жеке анамнезінде ВТЭ болмаған, бірақ жас кезінде тромбоздарға шалдыққан бірінші дәрежелі туыстары бар әйелдерде шектеулі әдістерге дәл баға берілгеннен кейін скрининг ұсынылуы мүмкін (скринингте тромбофилияның барлығы бірдей анықталмайды). Отбасы мүшелерінде тромбоздармен байланысты тромбофилиялар анықталған кезде, немесе ауыр бұзылуларда (мысалы, антитромбин, S протеин немесе С протеин тапшылығы, немесе ақаулардың бірігуі) ГОЕ қолдануға болмайды.
ГОЕ пайдасы мен қаупіне мұқият баға беру ұзаққа созылған антикоагулянтты емдеуде жүрген әйелдерде қажет болады.
ГОЕ бастағаннан кейін ВТЭ пайда болғанда препарат қабылдауды тоқтату керек. Әйел тромбоздың ықтимал симптомдары (мысалы, аяқтың ауыртатын ісінуі, кеуденің кенеттен қатты ауыруы, ентігу) дамыған кезде дереу дәрігерге қаралуы қажет.
Жүректің ишемиялық ауруы (ЖИА)
Рандомизацияланған бақыланатын зерттеулерде ЖИА бар немесе жоқ, ГОЕ-ні эстрогендермен немесе эстроген және прогестаген біріктірілімімен қабылдаған әйелдерде миокард инфарктісінен қорғайтынын көрсететін деректер алынған жоқ. Біріктірілген эстроген-прогестагендік ГОЕ пайдаланғанда ЖИА салыстырмалы қаупі аздап жоғарылайды. ЖИА-ның бастапқы абсолюттік қаупі жаспен тікелей байланысты болғандықтан, эстроген-прогестагендік препараттарды қабылдау аясында ЖИА қосымша жағдайларының саны менопаузаға жақын әйелдерде үлкен емес, бірақ одан үлкенірек жаста жоғарылайды.
Ишемиялық инсульт
Біріктірілген эстроген-прогестагендік препараттармен немесе эстрогендермен монотерапияда ГОЕ кезіндегі ишемиялық инсульттің қаупі 1,5 есе жоғарылайды. Салыстырмалы қаупі жаспен және менопауза ұзақтығымен өзгермейді. Алайда, инсульттің бастапқы қаупі жасқа тікелей байланысты, инсульттің жалпы қаупі әйелдерде ГОЕ аясында жастың өсуімен ұлғаяды.
Аналық бездің обыры
Аналық бездің обыры сүт безінің обырына қарағанда едәуір сирек байқалады.
Таза эстрогендік ГОЕ немесе біріктірілген эстроген-прогестагендік ГОЕ қабылдап жүрген әйелдерде аналық без обырының қаупі едәуір ұлғаяды деп болжам жасайды, бұл 5 жыл ГОЕ-ден кейін көрініс береді, және емдеуді тоқтатқаннан кейін уақыты келгенде азаяды.
Біріктірілген ГОЕ қолдану ұқсас немесе біршама төмен қауіппен байланысты болуы мүмкін деп болжанады.
С гепатиті
Вирусты С гепатитті (ВГС) емдеуге арналған омбитавир/паритапревир/ритонавирді дасабувирмен немесе онсыз біріктірілген режимін клиникалық зерттеулер кезінде АЛТ деңгейінің қалыптың жоғарғы шегінен (ҚЖШ) 5 есе асатын жоғарылауы құрамында этинилэстрадиол бар біріктірілген гормональді контрацептивтер (БГК) сияқты препараттарды пайдаланған әйелдерде едәуір жиірек байқалды. Бұдан басқа, глекапревир/пибрентасвирмен емдеу кезінде құрамында этинилэстрадиол бар препараттарды қабылдаған әйелдерде АЛТ белсенділігінің жоғарылауы байқалды. Құрамында этинилэстрадиолдан өзгеше эстрогендер бар препараттарды, мысалы, эстрадиолды қабылдайтын әйелдерде АЛТ мәндерінің жоғарылау жиілігі ешқандай эстроген қабылдамаған әйелдердегіге ұқсас болды; дегенмен, басқа эстрогендерді қабылдайтын әйелдердің шектеулі санына байланысты омбитасвир/паритапревир/ритонавирді дасабувирмен немесе онсыз біріктірілген режимімен, және глекапревир/пибрентасвир режимімен бір мезгілде қолданғанда сақтық таныту қажет.
Басқа да жағдайлар
Эстрогендер сұйықтықтың кідіруіне мүмкіндік жасауы мүмкін, сондықтан жүрек немесе бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттер мұқият бақылауда болуы тиіс.
Эстрогендермен орнын басу емінде немесе ГОЕ кезінде бастапқы гипертриглицеридемиясы бар әйелдерді мұқият бақылау қажет, өйткені сирек жағдайларда панкреатиттің дамуына әкелетін қан плазмасындағы триглицеридтер деңгейінің едәуір артқаны жөнінде мәлімделді.
Экзогендік эстрогендер тұқым қуалайтын немесе жүре пайда болған ангионевроздық ісіну симптомдарын тудыруы немесе күшейтуі мүмкін.
Эстрогендер тиреоид-байланысатын глобулин (ТБГ) деңгейін арттырады, бұл ақуызбен байланысты йод (АБИ), Т4 (колонка немесе радиоиммундық талдау жәрдемімен) немесе Т3 деңгейлері бойынша (радиоиммундық талдаумен) анықталатын, қалқанша бездің айналымдағы гормондарының жалпы деңгейінің жоғарылауына әкеледі. Сіңу индексінің Т3 шайырмен төмендеуі ТБГ деңгейінің жоғарылағанын көрсетеді. Бос Т4 немесе Т3 деңгейлері өзгермейді.
Басқа байланысатын ақуыздардың, мысалы, кортикоид-байланысатын глобулиннің (КБГ), жыныс гормондарымен байланысатын глобулинннің (ЖГБГ) сарысулық деңгейлерінің жоғарылауы байқалуы мүмкін, бұл айналымдағы кортикостероидтардың және жыныс гормондары деңгейлерінің, сәйкесінше, жоғарылауына әкеледі. Бос немесе биологиялық тұрғыдан белсенді гормондардың концентрациялары өзгермейді. Сондай-ақ плазманың басқа да ақуыздарының (ангиотензин/ренин, α-1-антитрипсин, церулоплазмин субстраты) деңгейлері жоғарылауы мүмкін. ГОЕ когнитивті функцияны жақсартпайды. Үздіксіз біріктірілген немесе таза эстрогендік ГОЕ, егер ол 65 жастағы немесе одан үлкен әйелдерге алғаш тағайындалса, деменция даму қаупін арттыруы мүмкін екендігін көрсететін шектеулі мәлімдемелер бар.
Прогестинді компонентінің антиальдостеронды белсенділік есебінен, Анжелик® препаратының әлсіз калий жинақтайтын әсері бар. Көптеген әйелдерде препаратты қабылдау аясында калийдің сарысулық деңгейлері жоғарыламайды. Алайда, бүйрек функциясының жеңіл немесе орташа жеткіліксіздігі бар кейбір пациенттерде және калий-жинақтайтын препараттарды (ангиотензин өзгертуші фермент (АӨФ) тежегіштері, ангиотензин II рецепторларының антагонистері немесе қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП) сияқты) бір мезгілде қабылдаумен калийдің сарысулық деңгейлері дроспиренонды қабылдау аясында аздап жоғарылауы мүмкін. Осыған байланысты бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар, емдеуге дейін және әсіресе калий жинақтайтын препараттарды қосымша қабылдағанда калийдің сарысулық деңгейі қалыптың жоғары шегінде болатын әйел пациенттерде Анжелик® препаратын қабылдаудың алғашқы айында сарысулық калий деңгейін бақылау ұсынылады.
Анжелик® препараты дроспиренонның антиальдостеронды белсенділігінің есебінен артериялық қысымы (АҚ) жоғарылаған әйелдерде АҚ төмендеуіне мүмкіндік беруі мүмкін. Анжелик® препаратын гипертонияны емдеу үшін қолданбаған жөн. Гипертониясы бар әйелдерді гипертонияны емдеу жөнінде жалпы қабылдаған нұсқауларға сәйкес емдеу қажет.
Кейбір жағдайларда, әсіресе анамнезінде жүктілер хлоазмасы бар әйелдерде хлоазма байқалуы мүмкін. Хлоазманың пайда болуына бейім әйелдер ГОЕ кезінде күн сәулесінің немесе ультракүлгін сәулеленулердің әсерлеріне жол бермегендері жөн.
Арнайы ескертулер
Лактоза
Анжелик препаратының әрбір таблеткасының құрамында 48,2 мг лактоза бар.
Галактозаны көтере алмаушылық, толық лактаза тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы сияқты сирек тұқым қуалайтын бұзылулары бар пациенттерге Анжелик® препаратын қабылдамаған дұрыс.
Педиатрияда қолдану
Анжелик® балалар мен жасөспірімдерде қолдануға көрсетілмеген.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетін әсер ету ерекшеліктері
Препаратты қолдану автокөлікті және механизмдерді пайдалану қабілетіне ықпалын тигізбейді.