P450 цитохромы жүйесі ферменттерінің тежегіштері
Тадалафил метаболизмі процесіне көбіне CYP3A4 қатысады. CYP3A4 селективті тежегішін кетоконазолды (тәулігіне 200 мг доза) тадалафилмен (10 мг доза) бірге қолданғанда соңғысының қан плазмасындағы ең жоғары концентрациясы (Cmax) 15% - ға жоғарылады, ал AUC мәні монотерапия кезінде тадалафил үшін ұқсас көрсеткіштермен салыстырғанда 2 есе артты. 400 мг тәуліктік дозадағы кетоконазолмен біріктіріп қолданғанда қан плазмасындағы тадалафил концентрациясы (20 мг доза) 4 есе (AUC бойынша бағалау) жоғарылады, ал Cmax мәні 22% - ға артты. CYP3A4, CYP2C9, CYP2C19 және CYP2D6 тежегішімен (протеаза тежегіші; дозасы тәулігіне 2 рет 200 мг) бір мезгілде қолданғанда қан плазмасында тадалафил концентрациясы (20 мг доза) 2 есе (AUC бойынша бағалау) жоғарылады, ал Cmax мәні өзгерген жоқ.
Тадалафилдің басқа протеаза тежегіштерімен (мысалы, саквинавир) және басқа CYP3A4 тежегіштерімен (мысалы, эритромицин, кларитромицин, итраконазол және грейпфрут шырыны) спецификалық өзара әрекеттесуіне зерттеулер жүргізілген жоқ. Осындай біріктірілімдерді сақтықпен пайдалану керек, өйткені бұл ретте қан плазмасында тадалафил концентрациясы жоғарылауы мүмкін, ал осының салдарынан жағымсыз реакциялардың туындау жиілігі артуы мүмкін.
Тасымалдаушы ақуыздар
Тадалафилдің организмге таралу процесіндегі тасымалдаушы ақуыздардың (мысалы, Р-гликопротеин) мәні белгісіз. Тасымалдаушы ақуыздарды тежеу арқылы дәрілік өзара әрекеттесу мүмкіндігі бар.
P450 цитохромы жүйесі ферменттерінің индукторлары
CYP3A4 индукторы рифампицинмен бірге пайдаланғанда тадалафил үшін AUC мәні (10 мг доза) тадалафилмен жүргізілетін монотерапиямен салыстырғанда 88%-ға азайды. Тадалафилдің тиімділігі төмендеуі мүмкін; тиімділігінің төмендеу дәрежесі белгісіз. CYP3A4 басқа индукторларымен (мысалы, фенобарбитал, фенитоин және карбамазепин) бір мезгілде қолданғанда қан плазмасындағы тадалафил концентрациясы да төмендеуі мүмкін.
Тадалафилдің басқа дәрілік заттарға әсері
Органикалық нитраттар
Клиникалық зерттеулерде 5 мг, 10 мг және 20 мг дозаларда тадалафил органикалық нитраттардың гипотензиялық әсерін күшейтетіні анықталды; тадалафилді органикалық нитраттармен бір мезгілде кез келген дәрілік түрінде қолдануға болмайды. 150 пациент 7 күн бойы 20 мг тәуліктік дозада тадалафил және әртүрлі уақытта 0,4 мг дозада нитроглицеринді сублингвальді қабылдаған клиникалық зерттеу нәтижелеріне сәйкес өзара әрекеттесу 24 сағаттан астам уақытқа созылды және тадалафилді соңғы қабылдағаннан кейін 48 сағаттан соң анықталмады. Осылайша, тадалафилмен емді кез келген дозада (2,5-тен 20 мг-ға дейін) қабылдайтын және өмірге қауіп төндіретін жағдайлар туындаған кезде органикалық нитраттарды пайдалану қажет болатын пациенттерге органикалық нитраттарды қолданар алдында тадалафилдің соңғы дозасын қабылдағаннан кейін кемінде 48 сағат өтуі тиіс екенін назарға алу керек; мұндай жағдайларда нитраттарды гемодинамиканы тиісті мониторингілеу арқылы мұқият медициналық бақылаумен ғана қолдану қажет.
Гипотензиялық дәрілер (кальций өзекшелерінің блокаторларын қоса алғанда)
Доксазозинді (тәулігіне 4 мг және 8 мг доза) және тадалафилді (бір реттік доза түрінде 5 мг және 20 мг тәуліктік доза) бір мезгілде қолданғанда α-адреноблокатордың гипотензиялық әсері едәуір артады; әсері кемінде 12 сағатқа созылады және талып қалуды қоса, клиникалық симптомдардың дамуымен қатар жүруі мүмкін. Осы себепті жоғарыда аталған дәрілік заттардың біріктірілімін пайдалану ұсынылмайды.
Тадалафилді альфузозинмен немесе тамсулозинмен біріктіріп қолданғанда дені сау еріктілердің шектеулі санының қатысуымен жүргізілген өзара әрекеттесуді зерттеулерде мұндай әсерлердің туындағаны туралы хабарланған жоқ. Дегенмен, тадалафилді кез келген α-адреноблокаторлармен ем алатын пациенттерге (әсіресе егде жастағы) пайдаланғанда сақ болу керек; емдеуді тадалафилдің ең аз дозасынан бастау және оны біртіндеп түзету қажет.
Клиникалық зерттеулерде кальций өзекшелерінің блокаторлары (амлодипин), ангиотензин өзгертуші фермент тежегіштері (эналаприл), β-адреноблокаторлар (метопролол), тиазидті диуретиктер (бендрофлуазид) және ангиотензин II рецепторларының блокаторлары (әртүрлі типтер мен дозалар, тиазидті диуретиктермен, кальций өзекшелерінің блокаторларымен, β-адреноблокаторлармен және/немесе α-адреноблокаторлармен моно - немесе біріктірілген ем) сияқты гипертензияға қарсы дәрілердің гипотензиялық әсерінің күшеюіне қатысты тадалафил потенциалы да бағаланды. Тадалафилдің дәрілік заттармен клиникалық елеулі өзара әрекеттесуі (дозасы 10 мг; ангиотензин II рецепторларының блокаторларымен және 20 мг доза қолданылған амлодипинмен өзара әрекеттесуін зерттеуді қоспағанда) жоғарыда көрсетілген кластардан анықталған жоқ. Басқа клиникалық зерттеулерде тадалафилді (дозасы 20 мг) гипертензияға қарсы дәрілермен (бір мезгілде 4-класқа дейін) біріктіріп қолданғанда, тадалафилді гипертензияға қарсы бірнеше дәрілермен емдеу аясында амбулаториялық жағдайлардағы пациенттердің АҚ оны бақылау дәрежесіне сәйкес өзгеретіні анықталды. Бұл тұрғыда АҚ тиісті түрде бақыланған пациенттерде дені сау еріктілердегі төмендеуге ұқсас АҚ-ның ең аз төмендеуі байқалды. Пациенттердің АҚ тиісінше бақылау болмаған жағдайда, оның төмендеуі айқын болды, дегенмен олардың көпшілігінде бұл ретте артериялық гипотензияның дамуымен байланысты симптомдар байқалған жоқ. Гипертензияға қарсы дәрілермен ем қабылдап жүрген пациенттерде 20 мг дозада тадалафил қабылдау аясында АҚ төмендеуі мүмкін; бұл ретте АҚ өзгеруі, әдетте, әлсіз айқын сипатта болады және клиникалық мәні болуы екіталай (α-адреноблокаторлармен емдеу жағдайларын қоспағанда - жоғарыда қараңыз). Клиникалық зерттеулер деректеріне (3-фаза) сәйкес тадалафилді гипертензияға қарсы дәрілермен біріктіріп немесе оларсыз пайдаланған пациенттерде жағымсыз реакциялар бейінінде айырмашылықтар анықталған жоқ. Гипертензияға қарсы дәрілерді қабылдайтын пациенттер тадалафил қабылдау аясында АҚ ықтимал төмендеуіне қатысты тиісті нұсқаулар алуы керек.
Риоцигуат
Клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулерде риоцигуаттың ФДЭ5 тежегіштерінің гипотензиялық әсерін күшейтетіні анықталды. Осы біріктірілімнің неғұрлым жоғары клиникалық тиімділігін куәландыратын деректер алынған жоқ. Риоцигуатты ФДЭ5 тежегіштерімен, оның ішінде тадалафилмен бір мезгілде қолдануға болмайды.
5-α-редуктаза тежегіштері
Қуықасты безінің аденомасын симптоматикалық емдегенде 5 мг тадалафилді және 5 мг финастеридті бір мезгілде қолдануды плацебо және 5 мг финастеридті қабылдаумен салыстыратын клиникалық сынақтарда қандай да болсын жағымсыз реакциялардың басталғаны білінген жоқ. Дегенмен, тадалафилді және 5-альфа-редуктаза тежегіштерін бірге қолданудың салдарына қатысты дәрілік заттардың өзара әрекеттесуіне формальді зерттеу жүргізілмесе де, тадалафилді және 5-альфа-редуктаза тежегіштерін қатар тағайындағанда сақтық танытқан жөн.
CYP1A2 субстраттары (мысалы, теофиллин)
Клиникалық зерттеулерде тадалафилді 10 мг дозада теофиллинмен (фосфодиэстеразаның селективті емес тежегіші) біріктіріп қолданғанда дәрілік заттар арасында фармакокинетикалық өзара әрекеттесулер анықталған жоқ; бұл ретте фармакодинамикалық өзара әрекеттесу байқалды, оның нәтижесінде жүрек жиырылу жиілігі болмашы (минутына 3,5 рет) артты. Бұл әсер әлсіз білінгеніне және клиникалық маңызы болмағанына қарамастан, осындай біріктірілімдерді пайдалану кезінде оның туындау ықтималдығын ескеру қажет.
Этинилэстрадиол және тербуталин
Тадалафилді қолданғанда пероральді қабылдағанда этинилэстрадиолдың биожетімділігі артатыны анықталды, сондай-ақ тербуталинді пероральді қабылдағанда биожетімділігінің осыған ұқсас артуын күтуге болады; бұл өзгерістердің клиникалық маңыздылығы белгісіз.
Алкоголь
Тадалафилді 10 мг немесе 20 мг дозаларда қолданғанда қан плазмасындағы алкоголь концентрациясы (Cmax орташа мәні 0,08% құрады) өзгерген жоқ. Сондай-ақ, алкоголь қабылдағаннан кейін 3 сағат ішінде қан плазмасында тадалафил концентрациясының өзгеруі байқалған жоқ. Алкогольді қабылдау процедурасы ең жоғары сіңу жылдамдығына қол жеткізгендей етіп (таңертең аш қарынға алкогольді ішкеннен кейін 2 сағат бойы тамақ ішуден бас тарта отырып) жүзеге асырылды. Тадалафил 20 мг дозада алкогольдің гипотензиялық әсерін күшейтпеді (дене салмағы 80 кг ер адам үшін 0,7 г/кг немесе 180 мл-ге жуық 40% алкоголь (арақ)), дегенмен, кейбір пациенттерде постуральды бас айналу және ортостатикалық гипотензия байқалды. Тадалафилді алкогольмен неғұрлым төмен дозаларда (0,6 г/кг) қабылдағанда АҚ-тың төмендейтіні хабарланбаған, ал бас айналу алкогольді бөлек қабылдау кезіндегі жиілікте тіркелген. Тадалафил 10 мг дозада алкогольдің когнитивті функцияларға әсерін күшейтпеді.
Метаболизміне P450 цитохромы жүйесінің изоферменттері қатысатын дәрілік заттар
Тадалафил метаболизміне P450 цитохромы жүйесінің изоферменттері қатысатын дәрілік заттардың клиренсіне клиникалық мәнді әсер ететіні күтілмейді. Тадалафил CYP3A4, CYP1A2, CYP2D6, CYP2E1, CYP2C9 және CYP2C19 қоса, P450 цитохромы жүйесі изоферменттерінің белсенділігін тежемейтіні және жоғарылатпайтыны анықталды.
CYP2C9 субстраттары (мысалы, R-варфарин)
Тадалафил 10 мг және 20 мг дозаларда S-варфарин немесе CYP2C9 R-варфарин субстратының (AUC бойынша бағалау) қан плазмасындағы концентрациясына клиникалық мәнді әсер етпеді, сондай-ақ варфаринді пайдаланумен байланысты протромбин уақыты мәндерінің өзгеруіне әсер етпеді.
Ацетилсалицил қышқылы
Тадалафил 10 мг және 20 мг дозаларда ацетилсалицил қышқылын пайдаланумен байланысты қан кету уақытының ұзаруына әсер етпеді.
Диабетке қарсы дәрілер
Диабетке қарсы дәрілермен спецификалық өзара әрекеттесулерге зерттеулер жүргізілген жоқ.