Парентеральді кортикостероидтармен емделген пациенттерде анафилактоидты реакциялар сирек байқалды. Сондықтан, препаратты қолданар алдында тиісті сақтық шараларын қолдану керек, әсіресе егер пациенттің анамнезінде препараттың компоненттерінің біріне аллергиясы болса.
Кортикостероидтардың орташа және жоғары дозаларын қолдану артериялық қысымның жоғарылауына, организмдегі сұйықтық пен натрийдің іркілуіне және калий шығарылуының жоғарылауына әкелуі мүмкін. Мұндай әсерлер синтетикалық туындыларды қолданғанда, олар жоғары дозада қолданылған жағдайларды қоспағанда, ықтималдығы аз. Ас тұзын шектейтін диетаны ұстану және құрамында калий бар препараттарды қосымша қабылдау туралы мәселе қарастырылуы мүмкін. Барлық кортикостероидтар кальцийдің шығарылуын күшейтеді.
Арнайы сақтандырулар
Бетаспан® Депо суспензиясы вена ішіне немесе тері астына енгізуге арналмаған.
Кортикостероидтарды эпидуральді инъекциялық енгізу кезінде ауыр неврологиялық реакциялардың (кейде өлімге әкелетін) пайда болуы туралы хабарланды. Сондай-ақ, спецификалық реакциялар туралы хабарланды, олар мыналарды қамтиды (бірақ аталғандармен шектелмейді): жұлын инфарктісі, параплегия, тетраплегия, қыртыстық соқырлық және инсульт. Бұл ауыр неврологиялық реакциялар рентгендік зерттеу жүргізілгеніне қарамастан хабарланды. Кортикостероидтарды эпидуральді енгізудің қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған, сондықтан кортикостероидтарды мұндай қолдану ұсынылмайды.
Препаратты қолданған кезде асептика ережелерін қатаң сақтау қажет.
Бетаспан® Депо құрамында екі белсенді зат бар – бетаметазон туындылары, олардың бірі – бетаметазон натрий фосфаты – жүйелік қан ағымына тез енеді. Бетаспан® Депо препаратын тағайындау кезінде препараттың жылдам фракциясының ықтимал жүйелік әсерін ескеру қажет.
Ұзақ уақыт қолданғаннан кейін (өте жоғары дозалар жағдайында – қысқа қолдану кезеңінен кейін), сондай-ақ кортикостероидтарға қажеттіліктің жоғарылауынан кейін (стресс нәтижесінде: инфекциялар, жарақаттар, хирургиялық араласым) препараттың дозасын тоқтату немесе күрт төмендету кезінде бүйрекүсті безі қыртысының жеткіліксіздігі дамуы мүмкін. Сондықтан дозаны біртіндеп азайту керек. Стресстік жағдайда кейде кортикостероидтарды қолдануды қалпына келтіру немесе олардың дозасын арттыру қажет.
Дозаны төмендету дәрігердің мұқият бақылауымен жүргізілуі керек. Сонымен қатар, кейде пациенттің жағдайын ұзақ емдеу аяқталғаннан кейін немесе препараттың жоғары дозаларын қолданған соң 1 жылға дейін бақылау қажет.
Бүйрекүсті безі қыртысы жеткіліксіздігінің симптомдары: дімкәстану, бұлшықет әлсіздігі, психикалық бұзылулар, сылбырлық, бұлшықет пен сүйектің ауыруы, терінің қабыршақтануы, ентігу, анорексия, жүрек айнуы, құсу, қызба, гипогликемия, артериялық гипотензия, дегидратация, емдеуді кенеттен тоқтату нәтижесінде болатын өлім. Бүйрекүсті безі қыртысының жеткіліксіздігін емдеу глюкокортикоидтарды, минералокортикоидтарды, суды, натрий хлоридін және глюкозаны қолдануды қамтиды. Кортикостероидты вена ішіне жоғары дозада тез енгізу жүрек-қантамыр коллапсын туындатуы мүмкін; осы себепті инъекция 10 минут бойы жасалуы керек.
Кортикостероидтармен ұзақ мерзімді ем кезінде барлық артықшылықтар мен ықтимал қауіптерді өлшей отырып, парентеральдан препаратты пероральді қолдануға ауысу туралы мәселені қарастыру қажет.
Буын ішіне инъекцияны жасау кезінде мыналарды білу маңызды:
• препаратты қолданудың осындай әдісі жергілікті және жалпы әсер етуі мүмкін;
• буындағы септикалық процесті болдырмау үшін буынішілік сұйықтықты талдау қажет;
• буынішілік инфекция бар болғанда препаратты енгізуге болмайды;
• ауырсынудың күшеюі, ісіну, буын қозғалғыштығының төмендеуі, температураның жоғарылауы немесе әлсіздік сепсистік артриттің белгілері болуы мүмкін. Егер инфекциялық процесс диагнозы қойылса, тиісті бактерияларға қарсы емдеу жүргізілуі керек;
• кортикостероидтарды тұрақсыз буынға, инфекция жұқтырған жерлерге немесе омыртқааралық кеңістіктерге енгізуге болмайды;
• остеоартритке арналған буынға қайталанатын инъекциялар буынның бұзылу қаупін арттыруы мүмкін;
• кортикостероидтарды тікелей сіңірге инъекция жасаудан аулақ болу керек, себебі бұл жағдайда сіңірлердің кейінгі үзілу қаупі туындайды. Тіндердің жергілікті атрофиясын болдырмау үшін кортикостероидтарды бұлшықет ішіне терең енгізу керек.
Кортикостероидтарды жұмсақ тіндерге немесе тікелей зақымдану ошағына енгізу, сондай-ақ буын ішіне енгізу жалпы және жергілікті әсер етуі мүмкін.
Арнайы топтар
Глюкокортикоидтардың қасиеттерін (ақуыздардың глюкозаға айналуы) ескере отырып, қант диабетімен ауыратын пациенттерде бетаметазонды қысқа уақыт ішінде және тек тұрақты медициналық бақылауда қолдануға болады. Гипотиреоз немесе циррозы бар пациенттерде глюкокортикоидтардың әсерінің жоғарылауы байқалады.
Мүйізгек қабығының тесілу қаупін ескере отырып, көздің герпесі кезінде Бетаспан® Депо препаратын қолданудан аулақ болу керек. Кортикостероидтарға негізделген препараттарды қолданғанда психоздық бұзылыстар болуы мүмкін. Кортикостероидтар негізіндегі препараттармен емдеу барысында эмоционалды немесе психикалық тұрақсыздыққа бейімділік нашарлауы мүмкін.
Кортикостероидтарды сақтықпен тағайындау керек:
• спецификалық емес ойық жаралы колит, тесілу қаупі, абсцесс немесе басқа ірің бөртпелі инфекциялар;
• дивертикулит;
• ішек анастомоздары;
• асқазан мен он екі елі ішектің ойық жарасы;
• бүйрек жеткіліксіздігі;
• артериялық гипертензия;
• остеопороз;
• ауыр миастения;
• глаукома;
• жедел психоз;
• вирустық және бактериялық инфекциялар;
• бой өсудің артта қалуы;
• туберкулез;
• Иценко-Кушинг синдромы;
• қант диабеті;
• жүрек жеткіліксіздігі;
• емделуі қиын эпилепсия;
• тромбоэмболияға немесе тромбофлебиттерге бейімділік;
• жүктілік кезінде.
Кортикостероидты ем кезіндегі асқынулар дозаға және емдеу ұзақтығына байланысты екенін ескере отырып, дозаны және емдеу ұзақтығын жеке сәйкестендіре отырып, әрбір жеке пациент үшін пайда / қауіп арақатынасын ескеру қажет.
Кортикостероидтар инфекциялық аурудың кейбір белгілерін бүркемелеуі немесе оны анықтауды қиындатуы мүмкін. Препаратты қолдану барысында резистенттіліктің төмендеуіне байланысты жаңа инфекциялар пайда болуы мүмкін.
Препаратты ұзақ уақыт қолдану артқы субкапсулалық катарактаның (әсіресе балаларда) немесе көру жүйкесінің зақымдануы ықтимал глаукоманың дамуына әкелуі, сонымен қатар көздің салдарлы инфекцияларының (зеңді немесе вирустық) дамуына ықпал етуі мүмкін. Офтальмологиялық тексеруді үнемі жүргізу керек, әсіресе ұзақ емдеу кезінде (6 аптадан астам).
Кортикостероидты ем алатын пациенттерге келесі емдеу түрлері қарсы көрсетілімді:
• шешекке қарсы вакцинация,
• неврологиялық асқынулардың және әлсіз иммундық жауаптың (антиденелер түзілуінің болмауы) даму қаупіне байланысты басқа иммундау әдістері (әсіресе жоғары дозаларда).
Алайда, кортикостероидтарды орын басу емі ретінде қолданатын пациенттерде иммундау жүргізілуі мүмкін (мысалы, Аддисон ауруы кезінде). Пациенттер, әсіресе иммунитетті басатын дозада кортикостероидтарды қабылдайтын балалар, желшешек немесе қызылша ауруымен ауыратындармен қарым-қатынаста болудан аулақ болу керек.
Белсенді туберкулез кезінде кортикостероидты ем тек фульминантты немесе диссеминацияланған туберкулез жағдайларымен шектелуі керек. Бұл жағдайда кортикостероидтер тиісті туберкулезге қарсы еммен біріктірілімде қолданылады.
Егер кортикостероидты ем туберкулездің латентті түрі немесе туберкулинге реакциясы оң пациенттерге тағайындалса, жағдайды үнемі бақылау қажет, себебі ауру қайта белсенділенуі мүмкін. Ұзақ мерзімді кортикостероидты ем кезінде пациенттер химиопрофилактика алуы керек.
Егер химиопрофилактика бағдарламасында рифампицин қолданылса, бұл препарат кортикостероидтардың метаболизмдік бауыр клиренсін күшейтетінін есте ұстаған жөн; кортикостероидтардың дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Кортикостероидтар жаңа туған нәрестелер мен балаларда бой өсуін бәсеңдетуге және кортикостероидтардың эндогендік өндірісін тежеуге қабілетті болғандықтан, егер емдеу кешіктірілсе, бой өсу мен даму қарқынын мұқият бақылауды қамтамасыз ету қажет.
Глюкокортикостероидтарды қолдану аясында сперматозоидтардың қозғалғыштығы мен санының өзгеруі мүмкін.
Көрудің бұзылуы
Жүйелік және жергілікті кортикостероидтарды қолданғанда (мұрын ішіне, ингаляциялық және көз ішіне енгізуді қоса алғанда) көру бұзылыстары пайда болуы мүмкін. Егер көрудің бұлыңғырлануы немесе басқа көру бұзылыстары сияқты симптомдар пайда болса, пациент катаракта, глаукома немесе орталық серозды хориоретинопатия сияқты сирек кездесетін ауруды қамтуы мүмкін, көру қабілеті бұзылуының ықтимал себептерін бағалау үшін офтальмологтың бағалауынан өтуі керек, бұл туралы жүйелік және жергілікті кортикостероидтарды қолданғаннан кейін хабарланды.
Қосымша заттар
Бетаспан® Депо құрамында бензил спирті бар, ол сәбилер мен 3 жастан кіші балаларда уытты реакциялар мен анафилаксиялық реакциялар туындатуы мүмкін. Шала туылған нәрестелерге, жаңа туған нәрестелерге және 3 жасқа дейінгі балаларға тағайындауға болмайды.
Бетаспан® Депо құрамында метилпарагидроксибензоат (E218) және пропилпарагидроксибензоат (E216) бар, олар аллергиялық реакцияларды (мүмкін баяу байқалатын түрі) және айрықша жағдайларда бронх түйілуді туындатуы мүмкін.
Натрий мөлшері
Бұл дәрілік заттың құрамында дозаға шаққанда 1 ммольден (23 мг) аз натрий бар, яғни құрамында іс жүзінде натрий жоқ.
Дәрілік препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Препараттың үлкен дозаларын қабылдаған кезде ерекше сақ болу керек, бұл орталық жүйке жүйесінің (эйфория, ұйқысыздық) әсерінің дамуына ықпал етуі мүмкін. Препаратты ұзақ уақыт қолданған кезде көру қабілетінің бұзылуы мүмкін.