CYP2C8 тежегіштері
CYP2C8 ферменті энзалутамид элиминациясында және оның белсенді метаболитінің қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Еркек жынысты дені сау субъектілер CYP2C8 күшті тежегіші гемфиброзилді (күніне екі рет 600 мг) ішу арқылы қабылдағаннан кейін энзалутамидтің орташа АUС мәні 326% артып, ал энзалутамид Сmax 18% азайды. Байланыспаған энзалутамид және байланыспаған белсенді метаболит жиынтығына тән АUС 77% ұлғайып, сол уақытта Сmax 19% төмендеген. Энзалутамидпен емделу кезінде CYP2C8 ферментінің күшті тежегіштерін (мысалы, гемфиброзил) қабылдаудан аулақ болу немесе оларды сақтықпен пайдалану керек. Егер пациенттерге CYP2C8 күшті тежегішін бірге қолдану қажет болса, энзалутамид дозасын күніне бір рет 80 мг дейін азайту керек.
CYP3A4 тежегіштері
CYP3A4 ферменті энзалутамид метаболизмінде елеусіз рөл атқарады. Еркек жынысты дені сау субъектілер CYP3A4 ферментінің күшті тежегіші итраконазолды (күніне бір рет 200 мг) қабылдағаннан кейін энзалутамид AUC 41%-ға артты, бұл арада Cmax өзгермеген. Байланыспаған энзалутамид және байланыспаған белсенді метаболит жиынтығы үшін AUC - 27%-ға ұлғайған, бұл арада Cmax тағы да өзгеріссіз қалды. Биденза препаратын CYP3A4 тежегіштерімен немесе индукторларымен бірге қолданғанда дозаны түзету талап етілмейді.
CYP2C8 және CYP3A4 ферментінің индукторлары
Дені сау еркектер CYP2C8 ферментінің орташа индукторын және CYP3A4 күшті индукторын, рифампинді (күніне бір рет 600 мг) ішу арқылы қабылдағаннан кейін, энзалутамидтің AUC белсенді метаболитімен бірге 37%-ға төмендеген, бұл арада Cmax көрсеткіші өзгермеген. Биденза препаратын CYP2C8 және CYP3A4 ферментінің индукторларымен бір мезгілде тағайындағанда дозаны түзету қажет емес.
Энзалутамидтің басқа дәрілік препараттардың әсеріне әлеуетті ықпалы
Ферменттер индукциясы
Энзалутамид ферменттердің қуатты индукторы болып табылады және көп ферменттер мен тасымалдағыштардың синтезін арттырады, сондықтан ол ферменттердің субстраттары немесе тасымалдаушылары болып табылатын көптеген әдеттегі дәрілік заттармен өзара әрекеттеседі. Плазмадағы концентрациясының төмендеуі елеулі болып, клиникалық әсерін жоғалтуға немесе азайтуға әкелуі мүмкін. Белсенді метаболиттер түзілуінің арту қаупі де бар. Түзілу индукциясы болуы мүмкін ферменттерге бауырдағы CYP3A және ішектегі CYP2В6, CYP2C9, CYP2C19 және уридин-5'-дифосфат глюкуронозилтрансфераза жатады (глюкуронидтерді конъюгациялайтын UGTs - ферменттер). Сондай-ақ, мысалы, 2 (MRP2) көптеген дәрілік төзімділік ақуызының және 1B1 органикалық анион-тасымалдаушы полипептидтің (OATP1B1) индукциясы да болуы мүмкін.
In vivo зерттеулер энзалутамидтің CYP3A4 күшті индукторы және CYP2C9 және CYP2C19 орташа индукторы болып табылатынын көрсетеді. Қуықасты безінің обырымен науқастарда энзалутамидті (күніне бір рет 160 мг) CYP сезімтал субстраттарының бір реттік пероральді дозаларымен бірге қолдану мидазолам (CYP3A4 субстраты) AUC 86% төмендеуіне, S-варфарин (CYP2C9 субстраты) AUC 56% төмендеуіне және омепразол (CYP2C19 субстраты) AUC 70% төмендеуіне әкелді. UGT1A1 индукциясы да болуы мүмкін. Қуықасты безінің метастаздық кастрациялық-резистентті обыры бар пациенттерде энзалутамид (күніне бір рет 160 мг) вена ішіне енгізілген доцетакселдің (инфузия әдісімен 3 аптада бір рет 75 мг/м2) фармакокинетикасына клиникалық елеулі әсер етпегені туралы деректер бар. Доцетакселдің AUC - 12%-ға төмендеген [орташа геометриялық арақатынасы = 0,882 (90% СА: 0,767, 1,02], бұл арада Cmax көрсеткіші 4%-ға төмендеген [орташа геометриялық арақатынасы = 0,963 (90% СА: 0,834, 1,11].
Сонымен қатар, препарат метаболизм немесе белсенді тасымал үдерісінде элиминацияланатын белгілі бір дәрілік заттармен өзара әрекеттеседі. Егер олардың емдік әсерінің пациент үшін маңызы зор болса және тиімділік бақылауының немесе плазмадағы концентрациясының негізінде дозасын түзету оңай болмаса, осы дәрілік заттарды қабылдаудан аулақ болу немесе оларды сақтықпен пайдалану керек. Бір мезгілде ферменттер индукторларын қабылдаған пациенттерде парацетамол қабылдаудан кейін бауырдың зақымдану қаупінің жоғары екені жорамалданады.
Препаратпен өзара әрекеттесуі мүмкін дәрілік заттар тобына, осымен шектелместен, мыналар жатады:
- анальгетиктер (мысалы, фентанил, трамадол)
- антибиотиктер (мысалы, кларитромицин, доксициклин)
- ісікке қарсы агенттер (мысалы, кабазитаксел)
- антиэпилептиктер (мысалы, карбамазепин, клоназепам, фенитоин, примидон, вальпрой қышқылы)
- нейролептиктер (мысалы, галоперидол)
-антикоагулянттар (мысалы, аценокумарол, варфарин, клопидогрел)
- бета-блокаторлар (мысалы, бисопролол, пропранолол)
- кальций өзекшелерінің блокаторлары (мысалы, дилтиазем, фелодипин, никардипин, нифедипин, верапамил)
- жүрек гликозидтері (мысалы, дигоксин)
- кортикостероидтар (мысалы, дексаметазон, преднизолон)
- АИТВ инфекциясын емдеуге арналған вирусқа қарсы препараттар (мысалы, индинавир, ритонавир)
- ұйықтататын дәрілер (мысалы, диазепам, мидазолам, золпидем)
- иммунодепрессант (мысалы, такролимус)
- протон помпасы тежегіші (мысалы, омепразол)
- CYP3A4 ферментінің қатысуымен метаболизденетін статиндер (мысалы, аторвастатин, симвастатин)
- тиреоидты дәрілер (мысалы, левотироксин)
Емдеу аяқталғаннан кейін шамамен 1 айдан соң, кейбір индукциялау әсерлері ертерек байқалуы мүмкін болса да, энзалутамид тепе-тең плазмалық концентрациясына жеткеннен кейін энзалутамидтің барлық индукциялық мүмкіндіктері көрініс бере алады. CYP2В6, CYP3A4, CYP2C9, CYP2C19 немесе UGT1A1 ферменттерінің субстраттары болып табылатын дәрілік препараттар қабылдайтын пациенттерде энзалутамидпен емделген алғашқы ай ішінде фармакологиялық әсерінің болжамды төмендеуін (немесе белсенді метаболиттер түзілген жағдайда әсерінің артуын) бағалау және дозаны тиісінше түзету керек. Энзалутамидтің жартылай шығарылу кезеңінің ұзаққа созылуын (5,8 тәулік) ескерсек, энзалутамид қолдануды тоқтатқаннан кейін бір ай және одан көп уақыт бойы ферменттердің түзілуіне ықпалын сақтауға болады. Энзалутамидпен емдеуді тоқтату кезінде қатарлас дәрілік заттардың дозаларын біртіндеп азайту қажет болуы мүмкін.
CYP1А2 және CYP2C8 субстраттары
Энзалутамид (күніне бір рет 160 мг) кофеин (CYP1А2 субстраты) немесе пиоглитазон (CYP2C8 субстраты) AUC немесе Сmax мәндерінің клиникалық мәнді өзгерістерін туындатпайды. Пиоглитазон AUC 20% ұлғайып, ал Сmax 18% төмендеді. Кофеиннің AUC немесе Сmax тиісінше 11% және 4% азайды. Егер CYP1А2 немесе CYP2C8 субстраттары Бидензамен бірге қолданылса, дозаны түзету қажет емес.
P-гликопротеин субстраттары
Іn vitro зерттеулерінің деректері энзалутамидтің P-гликопротеин эффлюксті тасымалдағышының тежегіші болуы мүмкін екенін көрсетеді. Энзалутамидтің стационар жағдайларында Р-гликопротеинге орташа тежегіштік әсері энзалутамидке дейін және бір мезгілде Р-гликопротеин субстраты дигоксиннің бір реттік пероральді дозасын алған қуық асты безінің обыры бар пациенттердегі зерттеулерде байқалды (бір мезгілде енгізу 160 мг энзалутамидті күн сайын бір рет қабылдаумен кем дегенде 55 күн бойы қатар жүрді). Дигоксиннің AUC және Cmax сәйкесінше 33% және 17%-ға артты. Р-гликопротеин үшін субстраттар болатын емдік диапазоны тар дәрілік заттарды (мысалы, колхицин, дабигатран этексилаты, дигоксин) Бидензамен бір мезгілде қолданған кезде сақтықпен пайдалану керек, және қан плазмасындағы оңтайлы концентрациясын сақтап тұру үшін дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Сүт безі обырының төзімділік ақуыздарының (BCRP), көптеген дәрілерге төзімді ақуыздардың 2 (MRP2), адамның 3 типті органикалық аниондар тасымалдағышының (OAT3) және адамның органикалық катиондар тасымалдағышының 1 (OCT1) субстраттары
Стационарлық жағдайларда энзалутамидке дейін және бір мезгілде розувастатиннің бір реттік пероральді дозасын алған қуық асты безінің обыры бар пациенттерде энзалутамид сүт безінің обырына резистенттілік ақуызының (BCRP) субстраты розувастатиннің әсер етуінде клиникалық маңызды өзгерістерді туғызған жоқ (бір мезгілде қолдану 160 мг энзалутамидті күн сайын бір рет қабылдау жиілігімен кем дегенде 55 күн бойы қатар жүрді). Розувастатиннің AUC және 14%-ға төмендеді, ал Cmax 6%-ға артты. BCRP субстратын Бидензамен бір мезгілде қолданған кезде дозаны түзету қажет емес.
In vitro зерттеулердің негізінде, MRP2 (ішекте), сондай-ақ 3 органикалық аниондар тасымалдағышының (OAT3) және 1 органикалық катиондар тасымалдағышының 1 (OCT1) (жүйелі) тежелуін жоққа шығаруға болмайды. Теория жүзінде, осы тасымалдағыштардың индукциясы да болуы мүмкін, және ақырғы әсері қазіргі уақытта белгісіз.
QT аралығының ұзаруына әкелетін дәрілік препараттар
Андрогендепривациялық емнің QT аралығының ұзаруына әкелуі мүмкіндігінен, энзалутамидті келесі QT аралығын ұзартатын дәрілік заттармен, қарыншалық дірілдеу/жыпылықтауға әкелуі мүмкін, мысалы аритмияға қарсы Ia тобының препарттарымен (мысалы, хинидин, дизопирамид) немесе III тобының препарттарымен (мысалы, амиодарон, соталол, дофетилид, ибутилид), сондай-ақ метадон, моксифлоксацин, нейролептиктермен және т.с.с. бір мезгілде қабылдануына мұқият бағалау жүргізу керек.
Ас ішудің энзалутамид әсеріне ықпалы
Ас ішу энзалутамидтің әсер ету дәрежесіне клиникалық мәнді ықпалын тигізбейді. Биденза препаратын ас ішуге байланыссыз қолдануға болады.
Басқа дәрілік заттармен бір мезгілде қолдану
Энзалутамид ферменттердің қуатты индукторы болып табылады және жиі пайдаланылатын көп дәрілік заттар тиімділігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан, Биденза емінен бастап, қатарлас дәрілік заттарға талдау жүргізу қажет.
Егер олардың емдік әсерінің пациент үшін маңызы үлкен болса, сондай-ақ егер тиімділігі мен плазмадағы концентрациясын бақылау негізінде дозаны түзету мүмкін болмаса, энзалутамидті көп ферменттердің немесе тасымалдағыштардың сезімтал субстраттары болып табылатын дәрілік заттармен бір мезгілде қолданбау керек.
Варфаринмен немесе кумарин тәрізді антикоагулянттармен бір мезгілде қолданудан аулақ болу керек. Егер энзалутамид CYP2C9 ферментімен (мысалы, варфарин немесе аценокумарол) метаболизденетін антикоагулянтпен бірге пайдаланылса, халықаралық қалыптасқан қатынасты (ХҚҚ) қосымша бақылау талап етіледі.
Бүйрек жеткіліксіздігі
Пациенттердің осы тобында энзалутамид әсері зерттелмегендіктен, ауыр бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге абайлап тағайындау керек.
Бауырдың ауыр жеткіліксіздігі
Дәрілік заттардың жартылай шығарылу кезеңінің ұлғаюы бауырдың ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде бақыланады, бұл тіндерде таралуының артуымен байланысты болуы мүмкін. Бұл бақылаудың клиникалық мәні белгісіз болып қалып отыр. Дегенмен, тұрақты концентрацияға қол жету үшін ұзақ уақыт керек болуы мүмкін және ең жоғары фармакологиялық әсеріне қол жету уақыты, сондай-ақ ферменттер индукциясының басталуына және төмендеуіне дейінгі уақыт ұлғаюы мүмкін.
Таяуда бастан өткерген жүрек-қантамыр аурулары
ІІІ фазадағы зерттеулерге таяуда миокард инфарктісін өткерген (соңғы 6 ай ішінде) немесе тұрақсыз стенокардиядан (соңғы 3 ай бойы), Нью-Йорк кардиологиялық қауымдастығының (NYHA) шкаласы бойынша III немесе IV класс жүрек жеткіліксіздігінен зардап шегетін пациенттер қамтылмағаны белгілі, бұған сол жақ қарынша лықсыту фракциясы (СҚЛФ) 45%-дан артық, брадикардиясы немесе бақыланбайтын артериялық гипертензиясы бар пациенттер қосылмайды. Мұны осындай пациенттерге энзалутамид тағайындау кезінде ескеру қажет.
Андрогендепривациялық ем QT аралығының ұзаруына әкелуі мүмкін
Энзалутамидпен емді бастар алдында дәрігер анамнезінде QT аралығының ұзаруы немесе оның туындау қаупі факторы жағдайлары бар пациенттерде, сондай-ақ QT аралығының ұзаруына әкелуі мүмкін препараттар қосылатын кешенді ем алатын пациенттерде қарыншалық дірілдеу/жыпылықтау ықтималдығын ескере отырып пайдасы мен қаупінің арақатынасын бағалайды.
Химиотерапия курсы кезінде қолданылуы
Цитоуытты химиотерапия курсы кезінде энзалутамидті бір мезгілде қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған. Энзалутамидпен бір уақытта қабылдау доцетакселді вена ішіне енгізудің фармакокинетикасына клиникалық елеулі әсер етпейді; дегенмен доцетаксел қабылдаудан туындаған нейтропения дамуының жиілігі ұлғаюын жоққа шығаруға болмайды.
Терінің ауыр реакциялары
Энзалутамидпен емдеу кезінде өмірге қауіпті болуы және өлімге әкеліп соғуы мүмкін Стивенс-Джонсон синдромын қоса, терінің ауыр жағымсыз реакциялары (ТАЖР) туралы хабарланды.
Препаратты тағайындаған кезде пациенттер тері реакцияларының белгілері мен симптомдары туралы хабардар етілуі, сондай-ақ олардың дамуына қатысты мұқият мониторингтен өтуі тиіс.
Осы реакцияны білдіретін белгілер мен симптомдар пайда болған кезде энзалутамидті дереу тоқтату және баламалы емдеуді (қажет болса) қолдану мүмкіндігін қарастыру керек.
Аса жоғары сезімталдық реакциялары
Энзалутамидті қолданғанда бөртпе, беттің, тілдің, еріннің немесе жұтқыншақ ісінуін қамтитын, бірақ олармен шектелмеген симптомдар білінуімен аллергиялық реакциялар бақыланды.
Биденза биохимиялық қайталанатын (БКР) қаупі жоғары метастаздық емес гормонға сезімтал простата обыры (меГСПО) бар пациенттерде монотерапия ретінде
EMBARK зерттеуінің нәтижелері энзалутамидтің монотерапия ретінде және андрогендепривациялық еммен бірге биохимиялық қайталанатын метастаздық емес гормонға сезімтал қаупі жоғары простата обыры бар пациенттерде емдеудің баламалы нұсқасы болып табылмайтынын көрсетеді. Андрогендепривациялық емді қосу қолайсыз уыттылыққа немесе қауіпке әкелуі мүмкін жағдайларды қоспағанда, энзалутамид андрогендепривациялық еммен бірлескенде емдеудің қолайлы нұсқасы деп саналады.
Қосымша заттар
Биденза препаратының құрамында лактоза бар. Тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, Lapp-лактаза ферментінің тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар пациенттер бұл дәрілік препаратты қабылдамауға тиіс.
Бұл препараттың бір капсуланың құрамында натрий лаурилсульфаты бар, ал препараттың бір дозасындағы натрийдің жалпы мөлшері 1 ммольден (23 мг) аз, яғни «натрий іс жүзінде жоқ». Тұзсыз диетадағы адамдарға сақтықпен қолдану керек.
Бала туу әлеуеті бар әйелдер
Энзалутамидті жүктілік кезінде қолдану туралы ешқандай деректер жоқ, бұл дәрілік препарат бала туатын жастағы әйелдердің қолдануына арналмаған, өйткені іштегі балаға зақым келтіруі мүмкін немесе егер оны жүкті әйелдер қабылдаса, жүктіліктің үзілу ықтималдығына әкелуі мүмкін.
Ерлер мен әйелдерге арналған контрацепция
Шәуһетте энзалутамид немесе оның метаболиттерінің болу-болмауы жөнінде деректер жоқ. Егер пациент жүкті әйелмен сексуалдық қатынаста болса, энзалутамидпен емделу кезінде және одан кейін 3 ай бойы мүшеқап пайдалану қажет болады. Егер пациент бала туу жасындағы әйелмен сексуалдық қатынаста болса, емделу кезінде және одан кейін 3 ай бойы мүшеқап пен басқа да контрацепцияның тиімді тәсілін пайдалануы қажет. Жануарларға жүргізілген зерттеулер препараттың ұрпақ өрбітуге уыттылығын көрсетті.