БИЦИЛЛИН-3 перфузиясы төмен тіндерде қолдануға болмайды.
БИЦИЛЛИН-3 емін бастамас бұрын пенициллиндерге, цефалоспориндерге немесе басқа бета-лактамды препараттарға бұрынғы аса жоғары сезімталдық реакцияларын мұқият зерттеу керек.
Емдеуді бастамас бұрын мүмкіндігінше аса жоғары сезімталдыққа тест жүргізу керек. Пациент аллергиялық симптомдардың пайда болуы және олар туралы хабарлау қажеттігі туралы хабардар болуы тиіс.
Пенициллинмен ем қабылдаған пациенттерде аса жоғары сезімталдықтың ауыр және кейде өлімге жеткізетін реакциялары туралы хабарланды. Бұл реакциялар анамнезінде пенициллинге аса жоғары сезімталдығы бар адамдарда және атопиялық аурулармен ауыратын адамдарда жиі кездеседі. Аллергиялық реакция туындаған кезде БИЦИЛЛИН-3 тоқтату керек және тиісті ем тағайындау қажет.
Сирек жағдайларда анафилаксиялық шоктың дамуы мүмкін. Анафилаксиялық шоктың алғашқы белгілері пайда болса, науқасты бұл жағдайдан алып шығу үшін шұғыл: норэпинефринді, глюкокортикостероидтарды енгізу, қажет болған жағдайда өкпені жасанды желдету жүргізу шаралары қабылдануы тиіс.
Келесі жағдайлары бар пациенттерде сақ болу керек:
- жүктілік, лактация кезеңі, бүйрек жеткіліксіздігі, бауыр функциясының бұзылуы кезіндегі аллергиялық аурулар, бронх демікпесін қоса алғанда, поллиноз (оның ішінде анамнезінде), жалған жарғақшалы колит.
Жалпы қағидатқа сүйене отырып, атап айтқанда, әсеріне ұшыраған кейбір пациенттерде медициналық бақылау, егер бұл мүмкін болса, осы антибиотикті енгізгеннен кейін кемінде жарты сағат ішінде қамтамасыз етілуі тиіс, өйткені ауыр дереу аллергиялық реакциялар тіпті бірінші енгізгеннен кейін де туындауы мүмкін.
Мерезді емдегенде Яриш-Герксгеймер реакциясы пенициллиннің патогенді микроорганизмдерге бактерицидтік әсері нәтижесінде пайда болуы мүмкін. Препаратты қабылдағаннан кейін 2-12 сағаттан кейін бас ауруы, дене температурасының көтерілуі, тершеңдік, қалтырау, миалгия, артралгия, жүрек айнуы, тахикардия, кейіннен болатын гипотензиямен артериялық қысымның жоғарылауы мүмкін. Бұл симптомдар 10-12 сағаттан кейін жоғалады. Пациенттер антибиотик емінің осындай әдеттегі, өтпелі салдары туралы хабардар етілуі тиіс. Яриш-Герксгеймер реакциясын басу немесе баялату үшін тиісті ем тағайындау керек.
Венерологиялық ауруларды емдеуде, егер мерезге күдіктенсе, емдеуді бастар алдында және одан кейін 4 ай бойы микроскопиялық және серологиялық зерттеулер жүргізу керек.
Ұзақ емдеу кезінде (5 күннен астам) қан талдауын бақылау және бүйрек функциясын талдау ұсынылады.
Тұрақты микробтардың шамадан тыс өсуін бақылау бойынша мұқият тексеру қажет. Қайталама инфекциялар пайда болған жағдайда тиісті шаралар қабылдау керек.
Ауыр және тұрақты диарея жағдайында өмірге қауіп төндіруі мүмкін антибиотикпен астасқан жалған жарғақшалы колитті (қан және шырыш аралас нәжіс, іштің су тәрізді өтуі, сыздап, шаншуға дейін болатын іштегі диффузды ауырсынулар, дене температурасының жоғарылауы, кейде тенезмдер) ескеру керек. Сондықтан бұл жағдайларда БИЦИЛЛИН-3 дереу тоқтатылып, патогенді анықтау нәтижелеріне негізделген емді бастау керек. Перистальтикаға қарсы дәрілер қолдануға болмайды.
Егер туа біткен мерезі бар пациенттерде неврологиялық зақымдануды жоққа шығару мүмкін болмаса, жұлын сұйықтығында жоғары деңгейге жететін пенициллин түрлерін пайдалану керек.
Қан сарысуындағы пенициллиннің тым жоғары деңгейін талап ететін ауыр пневмония, эмпиема, сепсис, менингит немесе перитонит сияқты аурулар кезінде суда еритін бензилпенициллиннің сілтілік тұзы сияқты баламалы емдеуді қарастыру керек.
Тері астына, вена ішіне, эндолюмбальді, сондай-ақ дене қуыстарына енгізуге болмайды. Кездейсоқ қантамыр ішіне енгізілсе, өткінші жабырқау сезімі, үрей мен көрудің бұзылуы (Уанье синдромы) білінуі мүмкін. Препараттың қантамыр ішіне кетіп қалуын болдырмау үшін, бұлшықетішілік инъекция жүргізер алдында, иненің тамырға түсу мүмкіндігін анықтау мақсатында, аспирация жүргізу ұсынылады.
Артерия немесе жүйке маңына енгізбеңіз.
Жүйкеге немесе жүйке маңына инъекция қайтымсыз неврологиялық зақымдануларға әкелуі мүмкін. Кездейсоқ қантамыр ішіне енгізу, оның ішінде кездейсоқ тікелей артерия ішіне инъекция немесе тура артерияға жақын инъекция ауыр жүйке-қантамырлық зақымдануларға, оның ішінде тұрақты салданумен көлденең миелитке, қол-аяқтың проксимальді бөліктерінің ампутациясын талап ететін гангренаға, некрозға және инъекция орнын қоршаған тіндердің ажырауына әкеледі.
Осындай ауыр салдарлар бөксеге, жамбас және дельта тәрізді аумаққа инъекция кезінде байқалды. Қантамыр ішіне енгізгенде тіркелген басқа күрделі асқынуларға бозару, дақтану немесе қол-аяқтың төменгі бөлігінде алдыңғы және/немесе артқы фасциотомияны қажет ететін кейіннен ауыр ісінулер, күлдіреуік түзілуімен, инъекция орнынан дистальді және проксимальді бөлімдердегі қол-аяқтың цианозы кіреді.
Вена ішіне енгізуге немесе басқа венаішілік ерітінділермен араластыруға болмайды. Жүректің және тыныс алудың тоқтауымен және өліммен байланысты болған бициллинді байқаусызда венаішілік енгізу туралы хабарламалар бар.
Жамбастың алдыңғы латеральді бөлігіне пенициллин препараттарының бірнеше рет бұлшықетішілік инъекциясынан кейін фиброз және жамбастың төрт басты бұлшықетінің атрофиясы тіркелген.
Зеңдік зақымданулардың дамуы мүмкін болғандықтан, В тобының дәрумендері мен аскорбин қышқылын тағайындаған дұрыс, ал қажет болғанда – нистатин мен леворинді, инфекцияның жайылу белгілерінде – флуконазолды тағайындайды.
Арнайы ескертулер
• Пациенттердің ерекше топтары
Егде жастағы пациенттер
Егде жастағы пациентке доза таңдау сақтықпен орындалуы тиіс, әдетте бауыр, бүйрек функциясының немесе жүрек функциясының төмендеуінің үлкен жиілігін, қатарлас ауруларды немесе басқа дәрілік емді ескере отырып ең төменгі тиімді дозадан бастау керек; препаратты бүйрек функциясын бақылаумен қолдану керек.
Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер
БИЦИЛЛИН-3 бүйрек арқылы шығарылады, препаратқа уытты реакциялар қаупі бүйрек функциясы бұзылған науқастарда байқалады. Бүйрек жеткіліксіздігінде дозалар креатинин клиренсіне (КК) сәйкес төмендейді: КК минутына 10-нан 50 мл дейін болғанда препараттың тәуліктік дозасының 75%, КК минутына 10 мл кем болғанда препараттың тәуліктік дозасының 25-50% енгізеді. Препаратты бүйрек жеткіліксіздігі кезінде сақтықпен тағайындау керек.
Педиатрияда қолдану
БИЦИЛЛИН-3 препаратын 18 жасқа дейінгі балаларда қолдануға болмайды.
Препараттың көлік құралдарын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Ықтимал күрделі жағымсыз реакциялардың туындауына байланысты (мысалы, коллапспен және анафилактоидты реакциялармен анафилаксиялық шок), БИЦИЛЛИН-3 көлік құралдарын басқару және қауіптілігі зор механизмдерді пайдалану қабілетіне елеулі әсер етуі мүмкін