Препараттан бас тартқанда дозаны біртіндеп төмендету ұсынылады және қабылдауды күрт тоқтатпау керек.
Егер пациенттер емдеудің тиімді еместігін, немесе Буфомикс Изихейлер препаратының ұсынылған ең жоғары дозасы артық кеткенін байқаса, олар дәрігерге қаралуы керек. Бронх демікпесін бақылаудың кенеттен және үдемелі нашарлауы өмір үшін қауіпті, сондықтан пациент шұғыл түрде медициналық тексерілуден өтуі тиіс. Мұндай жағдайда кортикостероидтармен емдеуді, мысалы, оральді кортикостероидтар курсын күшейту немесе, инфекция бар болса, антибиотиктермен емдеу қажеттілігін қарастыру керек.
Пациенттерге өзін құтқарушы ингаляторды – немесе Буфомикс Изихейлер препаратын (демеуші және жеңілдететін ем ретінде Буфомикс Изихейлер препаратын пайдаланатын, бронх демікпесі бар науқастар үшін), немесе тез әсер ететін жекелей бронходилататорларды (тек демеуші доза ретінде Буфомикс Изихейлер препаратын пайдаланатын барлық пациенттер үшін) өзімен бірге үнемі алып жүру қажеттілігін алдын ала ескерту керек.
Пациенттерге Буфомикс Изихейлер препаратының демеуші дозасын, тіпті симптомдар жоқ болғанның өзінде, рецептіге сәйкес қабылдауы қажет екендігін есіне салған жөн. Буфомикс Изихейлер препаратын, мысалы, дене жүктемесі алдында, профилактикалық пайдалану зерттелген жоқ. Буфомикс Изихейлер препаратымен жеңілдететін ингаляцияларды бронх демікпесінің симптомдарына жауап ретінде жасау керек, мұндай кезде ол мысалы, дене жүктемесі алдында ұдайы профилактикалық қолдануға арналмаған. Әрбір ретте пайдалану үшін тез әсер ететін жекелей бронходилататорды қарастыру керек.
Бронх демікпесінің симптомдары бақылауға алынғаннан кейін Буфомикс Изихейлер препаратының дозасын біртіндеп төмендету мәселесін қарастыру керек. Дозаны төмендету шамасын ұдайы қарап байқау маңызды. Буфомикс Изихейлер препаратының тиімді ең төмен дозасын пайдаланыңыз.
Буфомикс Изихейлер препаратымен емдеу кезінде бронх демікпесімен байланысты күрделі жағымсыз құбылыстар және өршулер туындауы мүмкін. Пациенттерге, егер бронх демікпесінің симптомдары бақыланбаса немесе, ол Буфомикс Изихейлер препаратын қабылдауды бастағаннан кейін нашарласа, емдеуді жалғастыру және дәрігерге бір мезгілде қаралу қажеттілігі туралы мәлімдеу керек.
Ингаляциялық емдеудің басқа түрлеріндегі сияқты, парадоксальді бронх түйілуінің даму қаупі бар. Осындай жағдайда дозаны қабылдап болысымен пациентте бірден сырыл және ентігу ұлғаяды. Егер пациентте парадоксальді бронх түйілуі пайда болса, Буфомикс Изихейлер препаратын қабылдауды дереу тоқтату, пациентті тексеру және қажет болған жағдайда баламалы ем тағайындау керек. Парадоксальді бронх түйілуі тез әсер етуші ингаляциялық бронходилататорларға жауап береді және оны кідіртпей емдеу керек.
Ингаляциялық кортикостероидтарды қабылдаудың жүйелік зардаптары, атап айтқанда, жоғары дозаларды ұзақ уақытқа тағайындағанда байқалуы мүмкін. Бұл зардаптар, оральді кортикостероидтарды қабылдау зардаптарына қарағанда, айтарлықтай азырақ болуы ықтимал. Болуы мүмкін жүйелік әсерлерге Кушинг синдромы, кушингоидтық сыртқы түр, адренальді супрессия, балалар мен жасөспірімдерде бойдың өсуінің кідіруі, сүйектердің минералды тығыздығының төмендеуі, катаракта, глаукома және, едәуір сирек, психомоторлы аса жоғары белсенділікті, ұйқының бұзылуын, үрейленуді, депрессияны немесе озбырлықты қоса, (әсіресе балаларда) әртүрлі психологиялық және мінез-құлықтық ауытқулар жатады.
Көрудің бұзылулары кортикостероидтарды жүйелік және жергілікті қолданған кезде мәлімделуі мүмкін. Егер пациентте көрудің көмескіленуі немесе көрудің басқа да бұзылулары сияқты симптомдар пайда болса, катарактаны, глаукоманы немесе орталық сероздық хориоретинопатия (CSCR) сияқты жүйелік және, жергілікті кортикостероидтарды пайдаланудан кейін мәлімделген сирек ауруларды қамтуы мүмкін себептерге баға беру үшін пациент офтальмологқа жіберілуі тиіс.
Сүйектердің тығыздығына, әсіресе ұзақ уақыт бойы жоғары дозаларды қабылдап жүрген және остеопороздың даму қаупінің қатар жүретін факторлары бар пациенттерде, потенциалды ықпалын қарау керек. Ингаляциялық будесонидке жүргізілген ұзақ зерттеулер тәуліктік орташа 400 мкг дозада (өлшенген доза) немесе ересектерде тәуліктік 800 мкг дозада (өлшенген доза) сүйектердің минералды тығыздығына елеулі ықпал ететіндігін көрсеткен жоқ. Жоғары дозалардың ықпалы туралы ақпарат жоқ.
Егер алдын ала жүйелік стероидтық ем арқылы бүйрекүсті бездері қыртысының функциясы нашарлаған деп болжам жасауға негіздер бар болса, пациенттерді Буфомикс Изихейлер препаратымен емдеуге ауыстырған кезде сақ болған жөн.
Ингаляциялық будесонидпен емдеудің артықшылықтары әдетте оральді стероидтарға қажеттілікті барынша ең төменге азайтады, алайда оральді стероидтардан ауысатын пациенттердің ұзақ уақыт бойы бүйрекүсті бездері қыртысы қорының төмендеу қаупіне ұшырауы жалғасуы мүмкін. Қалпына келуі оральді стероидтармен емдеуді тоқтатқаннан кейін көп уақыт алуы мүмкін, сондықтан оральді стероидтармен емдеуге тәуелді және ингаляциялық будесонидке ауысатын пациенттер бүйрекүсті бездері қыртысы қорының төмендеу қаупіне ұзақ уақыт ұшырауы мүмкін. Мұндай жағдайда «гипоталамус - гипофиз – бүйрекүсті бездері қыртысының» функцияларын ұдайы бақылау керек.
Ингаляциялық кортикостероидтардың жоғары дозаларымен ұзақ уақыт емдеу бүйрекүсті бездері қыртысы функциясының клиникалық тұрғыдан едәуір бәсеңдеуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан ауыр инфекциялар және жоспарлы операциялар сияқты стресстік кезеңдерінде кортикостероидтармен қосымша жүйелік ем жүргізуді қарастыру керек. Стероидтардың дозасын тез төмендету бүйрекүсті бездері қыртысы функциясының жедел жеткіліксіздігін өршітуі мүмкін. Бүйрекүсті бездері қыртысы функциясының жедел жеткіліксіздігі бар болғанда байқауға болатын симптомдар және белгілер біршама анық болмауы мүмкін, алайда оларға анорексия, іштің ауыруы, салмақтың жоғалуы, шаршау, бас ауыру, жүректің айнуы, құсу, сана деңгейінің төмендеуі, ұстамалар, гипотония және гипогликемия жатуы мүмкін.
Қосымша жүйелік стероидтармен немесе ингаляциялық будесонидпен емдеуді күрт тоқтатуға болмайды.
Оральді препараттардан Буфомикс Изихейлер препаратына ауысқан кезде стероидтардың жалпы төмен жүйелік әсері байқалады, бұл ринит, экземалар, бұлшықеттердің және буындардың ауыруы сияқты аллергиялық немесе артриттік симптомдардың пайда болуына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда спецификалық ем жүргізуді бастау керек. Егер жекелеген жағдайларда шаршау, бас ауыру, жүректің айнуы және құсу сияқты симптомдар пайда болса, глюкокортикостероидтардың жалпы әсері жеткіліксіз деп күдіктену керек. Мұндай жағдайларда кейде оральді глюкокортикостероидтардың дозасын уақытша арттыру қажет болады.
Оральді кандидоздың даму қаупін азайту мақсатында пациенттер демеуші дозамен ингаляциядан кейін ауыз қуысын мұқият шаюы керек. Оральді кандидоз пайда болған жағдайда пациенттер ингаляциядан кейін де талапқа сай ауыз қуысын шаюы тиіс.
Итраконазолмен, ритонавирмен немесе CYP3A4 басқа күшті тежегіштерімен бір мезгілде емдеуге жол бермеу керек. Егер бұған мүмкіндік болмаса, өзара әрекеттесетін препараттарды қабылдау арасына барынша ең жоғары аралықтарды белгілеу керек.
CYP3A4 күшті тежегіштерін қолданатын пациенттер үшін демеуші және жеңілдететін ем ұсынылмайды.
β2-адренорецепторлар агонистерінің жоғары дозаларымен емдеген кезде өмір үшін потенциалды қауіпті гипокалиемия дамуы мүмкін. β2-адренорецепторлар агонистерінің ықтимал гипокалиемиялық әсері β2-адренорецепторлар агонистерін гипокалиемияны туындатуы немесе гипокалиемиялық әсерді күшейтуі мүмкін дәрілік заттармен, мысалы, ксантин туындыларымен, стероидтармен және диуретиктермен бір мезгілде емдегенде күшеюі мүмкін. Қорғайтын бронходилататорларды тұрақты пайдаланбағандықтан бронх демікпесі тұрақсыз болғанда, ауыр жедел бронх демікпесінде аса сақ болу керек, өйткені осымен байланысты қауіп гипоксиямен, сондай-ақ гипокалиемия қаупі жоғарылайтын басқа жағдайларда күшеюі мүмкін. Мұндай жағдайларда қан сарысуындағы калий деңгейін бақылау ұсынылады.
Арнайы ескертулер
Буфомикс Изихейлер препаратын тиреотоксикозы, феохромацитомасы, қант диабеті, емделмеген гипокалиемиясы, гипертрофиялық обструкциялық кардиомиопатиясы, қолқаның идиопатиялық клапан асты стенозы, ауыр гипертензиясы, аневризмасы немесе жүрек-қантамырлық басқа да жүректің ишемиялық ауруы, тахиаритмия және жүрек функциясының ауыр жеткіліксіздігі сияқты ауыр бұзылыстары бар пациенттерге сақтықпен тағайындау керек.
QTc аралығы ұзарған пациенттерді емдеген кезде сақтық таныту керек. Формотерол QTc аралығының ұзаруын туындатуы мүмкін.
Өкпе туберкулезінің белсенді немесе белсенді емес түрлері, тыныс алу жолдарында зеңдік және вирустық инфекциялары бар пациенттерде ингаляциялық кортикостероидтардың қажеттілігіне және дозасына қайталап баға беру керек.
β2-адренорецепторлардың барлық агонистері сияқты, қант диабеті бар науқастарда қандағы глюкоза концентрациясына қосымша бақылау жүргізу ұсынылады.
Педиатрияда қолданылуы
Ингаляциялық кортикостероидтармен ұзақ ем қабылдап жүрген балалардың бойының өсуін ұдайы өлшеу ұсынылады. Егер бойдың өсуі баяуласа, ингаляциялық кортикостероидтың дозасын, мүмкіндігінше, бронх демікпесінің барысын тиімді бақылануын қамтамасыз ету үшін ең төменге азайту мақсатында, емдеу сызбасын қайта қарау керек. Кортикостероидтармен емдеудің артықшылықтарын және бойдың өсуін бәсеңдететін ықтимал қауіпті мұқият екшеу керек. Бұдан басқа, пациентті педиатр-пульмонологқа жіберу қажет.
Ұзақ емдеудің шектеулі деректері ингаляциялық будесонидпен емделуден өткен көптеген балалар мен жасөспірімдер ақырында ересек жастағы бойдың мақсаттық өсуіне қол жеткізгенін айғақтайды. Мұндайда бастапқыда бойдың өсуі (шамамен 1 см-ге) уақытша төмендегені байқалды. Көпшілігінде ол емдеудің алғашқы жылы ішінде болады.
Жүктілік
Буфомикс Изихейлер препараты үшін немесе формотеролмен және будесонидпен бір мезгілде емдеудің жүктілікке ықпал етуі туралы клиникалық деректер жоқ. Егеуқұйрықтарда эмбрион-шарананың дамуын зерттеу деректері біріктірілімнің ешқандай қосымша әсерін көрсеткен жоқ.
Жүкті әйелдерде формотеролды пайдалану туралы жеткілікті деректер жоқ. Жануарларға жүргізілген зерттеулерде формотерол жүйелік әсер етудің өте жоғары деңгейлерінде ұрпақ өрбіту жүйесіне ықпалына жүргізілген зерттеулерде жағымсыз әсерлерді туындатты.
Жүктіліктің шамамен 2000 зерттелген жағдайларының деректері ингаляциялық будесонидті пайдаланумен байланысты тератогендік қауіптің жоғарылауын көрсеткен жоқ. Жануарларға жүргізілген зерттеулерде ГКС-тің даму қаупін туындатқаны көрсетілді. Бұл ұсынылған дозаларды қабылдап жүрген адамдарға қатысты болмауы ықтимал.
Жануарларға жүргізілген зерттеулерде тератогендік дозалар ауқымынан төмен концентрацияларда перинатальді глюкокортикоидтардың шамадан тыс мөлшерінің бойдың өсуінің жатырішілік кідіруіне, ересектерде жүрек-қантамырлық ауруларға, глюкокортикоидтар рецепторлары тығыздығының қайтымсыз өзгеруіне, нейромедиаторлардың айналымына және мінез-құлыққа ықпалы байқалды.
Жүктілік кезінде Буфомикс Изихейлер препаратын, егер күтілетін пайдасы потенциалды қаупінен басым болса ғана, қолдану керек. Бронх демікпесін талапқа сай бақылауды демеу үшін будесонидтің тиімді ең төмен дозасын пайдалану керек.
Лактация кезеңі
Будесонид емшек сүтіне өтеді. Алайда емдік дозаларда емшек еміп жүрген нәрестеге ешқандай да ықпалы күтілмейді. Формотеролдың емшек сүтіне өтетіні-өтпейтіні белгісіз. Егеуқұйрықтардың аналық сүтінде формотеролдың аздаған мөлшері табылды. Буфомикс Изихейлер препаратын емшек емізетін әйелдердің қабылдауын, егер ана үшін күтілетін пайдасы шарана үшін ықтимал қаупінен басым болғанда ғана, қарастыру керек.
Фертильділік
Будесонидтің фертильділікке потенциалды ықпалына қолжетімді деректер жоқ. Жануарларға формотеролмен жүргізілген репродукциялық зерттеулер жоғары жүйелік экспозицияда егеуқұйрықтардың еркектерінде фертильділіктің біршама төмендегенін көрсетті.
Көлік құралын немесе потенциалды қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне дәрілік заттың ықпал ету ерекшеліктері
Көлік құралдарын басқару немесе машинаны пайдалану қабілетіне Буфомикс Изихейлер препаратының ешқандай да ықпалы жоқ немесе осы ықпалына мән бермеуге болады
Қосымша заттарға қатысты айрықша нұсқаулар
Буфомикс Изихейлер препаратының бір ингаляциясында шамамен 4 мг лактоза бар. Әдетте мұндай мөлшер лактоза жақпаушылығынан зардап шегіп жүрген адамдарда қиындық туындатпайды. Қосымша зат лактоза құрамында сүт ақуыздарының аздаған мөлшері бар, олар аллергиялық реакцияларды туындатуы мүмкін.