Варфарин артық дозалануының негізгі әсері ХҚҚ және, тиісінше, қан кету қаупінің жоғарылауы болып табылады. ХҚҚ жоғарылауы уақыт өте келе VII фактордың жартылай ыдырау уақытымен өзара байланысты болады. Әдетте, осылай жоғарылау варфарин қабылдаудан кейін 24 сағат ішінде дамып, ең жоғары шегіне 36-72 сағаттан соң жетеді.
Симптомдары қабылдау басталған соң бірнеше күн немесе апта өткенде білінеді. Оларға: мұрыннан қан кетулер, қызылиектерден қан кету, бозару, буын маңайындағы және бөксе аумағындағы гематомалар, несепте және нәжісте қанның пайда болуы жатады. Болуы мүмкін басқа симптомдарға арқаның ауыруы, еріннен немесе шырышты қабықтардан қан кету, іштің ауыруы, құсу және петехиялар жатады. Кешірек миға қан құйылу салдарынан салдану және, соңында, геморрагиялық шок және өлім болуы мүмкін.
Артық дозалануды емдеу негізінен демеуші және симптоматикалық болып табылады
Белсендірілген көмірді пациенттерде қабылдаудан кейін 1 сағат ішінде қарастыруға болады. Фитоменадион антидотын (К1 дәрумені) және, қажет болса, концентрацияланған ұю факторларын, жаңа мұздатылған плазманы вена ішіне енгізу немесе қан құю талап етілуі мүмкін. Варфариннің жартылай шығарылу уақыты ұзақ (20-60 сағат) болғандықтан, пациенттер ұзақ уақыт қадағалануы тиіс.
ДП стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек болатын шаралар Жағымсыз асқынулардың мысалдары мұрыннан қан кетулер, гемоптизис (қан түкіру), гематурия (несептегі қан), қызылиектерден қан кету, терідегі қанталаулар, қынаптан қан кету, субконъюнктивалық қан кету, тік ішектен және басқа АІЖ бөлімдерінен қан кету, миға қан құйылу, жарақаттанудан немесе операциядан кейін ұзаққа созылатын немесе құйылып қан кету болып табылады. Қан кету, оның ішінде ауыр түрі кез келген ағзада дамуы мүмкін. Антикоагулянттармен ұзақ уақыт ем қабылдаған пациенттерде өлімге, ауруханаға жатуға немесе қан құю қажеттілігіне әкелген қан кетулер дамуы хабарланды.
Варфарин ШТАДА препаратын қолдану кезіндегі елеулі қан кету қаупіне тәуелсіз факторларға: егде жас, антикоагуляцияның жоғары деңгейі, анамнездегі инсульт, анамнездегі асқазан-ішектен қан кету, қатар жүретін аурулар және жүрекшелер фибрилляциясы жатады. CYP2C9 және VKORC1 полиморфизмі бар пациенттерде шамадан тыс антикоагулянттық әсер ету және қан кетулер көріністерінің жоғары қаупі болады. Осындай пациенттерде гемоглобин және ХҚҚ деңгейлерін мұқият бақылап отыру керек.
Өте жиі
• әртүрлі ағзалардан қан кету
Жиі
• ұзақ уақыт қолданудан кейін варфаринге сезімталдықтың жоғарылауы
• аса жоғары сезімталдық
Жиі емес
• құсу, жүрек айну, диарея
Сирек
• васкулит, некроз, алопеция, бөртпе, есекжем, терінің қышынуы
• күлгін саусақ синдромы
• бауыр ферменттерінің жоғарылауы, сарғаю
Өте сирек
• мелена, холестериндік эмболия
Жиілігі белгісіз
• іштің ауыруы (қан кетуге қатысты салдарлы) және гематемезис
• кальцификация, экхимозға әкелетін терінің эритематозды ісікке шалдыққан бөліктері
• пирексия
• антикоагулянттарды қолдануымен байланысты нефропатия
Дәрілік затпен емдеу басталған соң барлық күмәнді жағымсыз құбылыстар туралы хабарлау қажет. Бұл осы дәрілік заттың пайда/қауіп арақатынасының бейінін үздіксіз бақылап отыруға мүмкіндік береді. Кальцификация даму қаупі білінеді, теріде ауырсынулы бөртпе дамуында дереу дәрігерге қаралыңыз.
Жағымсыз дәрілік реакциялар туындағанда медициналық қызметкерге, фармацевтикалық қызметкерге немесе, дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға болатын жағымсыз реакциялар (әсерлер) жөніндегі ақпараттық деректер базасына тікелей хабарласу керек
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК
http://www.ndda.kz