Біз Қазақстан дәріханаларын қосып жатырмыз. Тексерілген бағалар мен қолжетімділік пайда болғанда, олар осы бетте болады.
Нұсқаулық
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат – гидазепам, 20 мг немесе 50 мг,
қосымша заттар: лактоза моногидраты, картоп крахмалы, кальций стеараты, повидон.
Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы
Ақ немесе крем реңді түсті жалпақ цилиндр пішінді, бір жағында логотипі, ойығы бар таблеткалар.
Күндізгі транквилизатор ретінде:
• невроздық, психоздық астенияда
• үреймен, қорқынышпен қатар жүретін жағдайларда (соның ішінде хирургиялық араласулар және ауыртатын диагностикалық тексерістердің алдында)
• қатты ашушаңдықта
• ұйқының бұзылуында
• эмоциялық құбылмалылықта
• сондай-ақ алкоголизм кезінде абстинентті синдромды басу үшін және созылмалы алкоголизмнің ремиссия уақытында, логоневроз, бас сақинасы кезінде қолданылады
Әсер ету механизмі
Гидазепам бензодиазепин туындыларының тобына жатады. Жағымсыз әсерлері елеусіз байқалуымен және төмен уыттылығымен анксиолитикалық және белсендендіретін әсерін антидепрессанттық компоненттермен біріктіре отырып, фармакологиялық белсенділігінің бірегей спектріне иеленген.
Фармакодинамикалық әсері
«Күндізгі» транквилизатор және селективті анксиолитик ретінде әсер етеді. Басқа бензодиазепиндерден айқын белсендендіретін әсерінің, әлсіз айқын миорелаксантты әсерінің бар болуымен ерекшеленеді. Орташа емдік дозада ұйықтататын әсер етпейді және шұғыл қызмет үдерісінде жылдам шаршамауға ықпал етеді.
Алкоголизммен ауыратын науқастарда емдік ремиссия кезеңінде препаратты тағайындаудың алғашқы күндерінде жұмсақ транквилизациялайтын және анксиолитикалық әсер байқалады, елеулі деңгейде психомоторлық қозу, үрей және ашушаңдық төмендейді. Препарат абстиненттік синдромның көріністелуіне және алкоголизммен ауыратын науқастарда ремиссия аясында әсер етеді.
Дозалау режимі
Тәулігіне 3 рет 20-50 мг, қажет болса емдік әсерге қол жеткізгенге дейін тәулігіне 50-ден 200 мг дейінгі диапазонда дозаны біртіндеп арттыра отырып ішке, шайнамай қабылдайды.
Тәулігіне 100 мг курстық дозасы оңтайлы болып табылады.
Ең жоғарғы тәуліктік дозаны пайдалану (150-200 мг) күндізгі ұйқышылдықтың артуымен, бұлшықет әлсіздігі сезімімен бірге жүруі мүмкін.
Күндізгі транквилизатор ретінде Гидазепам VIC тәулігіне 60-120 мг дозада астениялық, депрессиялық, фобиялық және ипохондриялық бұзылыстары бар жағдайларды емдеу үшін ұсынылады.
Невроздық, неврозға ұқсас, психоздық, психоз тәрізді жағдайларды емдеу кезінде препараттың орташа тәуліктік дозасы 60-200 мг; бас сақинасында – 40-60 мг құрайды.
Алкогольдік абстиненцияны басу үшін бастапқы доза 50 мг, орташа тәуліктік доза – 150 мг құрайды. Мұндай жағдайлардағы ең жоғарғы тәулікті доза 500 мг құрайды.
Енгізу жолы және әдісі
Ішке қабылдауға арналған! Шайнамау керек!
Ем ұзақтығы
Емдеу курсының ұзақтығы – бірнеше күннен бастап 1-4 айға дейін және пациенттің жағдайы мен аурудың ағымына байланысты дәрігер жеке белгілейді.
Препаратты амбулаториялық тәжірибеде пайдалануға болады.
• әсер етуші затқа (заттарға) немесе заттардың кез келгеніне аса жоғары сезімталдық
• айқындығы ауыр миастения
• бауыр функциясының бұзылуы (цирроз, Боткин ауруы)
• бүйрек функциясының бұзылуы
• галактозаға тұқым қуалайтын жақпаушылық, Lapp (ЛАПП)-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар тұлғалар
• 18 жасқа дейінгі балалар
• жүктілік және лактация кезеңі
Гидазепамды үлкен дозада қолданған кезде немесе кейбір науқастарда жоғары жеке сезімталдықта басқа транквилизаторларға – бензодиазепиннің туындыларына тән белгілер байқалуы мүмкін.
Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар
• бас ауыруы, ұйқышылдық, әлсіздік, реакция жылдамдығының төмендеуі, зейіннің және жұмысқа қабілеттілігінің төмендеуі, жалпы әлсіздік, бас айналуы
Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар
• жүрек айнуы
Жүрек-тамыр жүйесі тарапынан бұзылулар
• артериялық гипертензия
Тірек-қимыл жүйесі мен дәнекер тіндері тарапынан бұзылулар
• бұлшықет әлсіздігі
Тері және тері асты шелі тарапынан бұзылулар
• бөртпе, қышыну, тері гиперемиясы, есекжем
Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар
• аллергиялық реакциялар, соның ішінде ангионевроздық ісіну
Басқалары: атаксия (пациент гидазепамды қолдану уақытында байқалған атаксия жағдайы туралы хабарланған)
Жағымсыз реакциялар пайда болған кезде дозаны азайту немесе препаратты тоқтату керек.
Жағымсыз дәрілік реакциялар туындаса медицина қызметкеріне, фармацевтика қызметкеріне немесе дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға жағымсыз реакциялар (әсерлер) бойынша ақпараттық деректер базасына тікелей хабарласыңыз:
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК
http://www.ndda.kz
Симптомдары: бензодиазепин қатарының басқа транквилизаторларына тән жағымсыз әсерлердің – ұйқышылдық, әлсіздік, бас айналуы, жүрек айнуы, жеңіл атаксия, аллергиялық реакциялар пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайда препараттың дозасын төмендету немесе оны қабылдауды тоқтату керек.
Емі: симптоматикалық.
Дәрілік препаратты қолдану тәсілі бойынша медициналық қызметкерден кеңес алуға ұсыныстар
Бұл препаратты қолдану бойынша сұрақтар бар болса, емдеуші дәрігерге немесе медициналық қызметкерге жүгініңіз.
Гидазепам VIC препаратын қолданар алдында дәрігермен кеңесіңіз.
Арнайы ескертулер
Ашық бұрышты глаукомасы, созылмалы бүйрек немесе бауыр жеткіліксіздігі, бауырдың алкогольдік зақымдануы бар тұлғаларға гидазепамды қабылдауды шектеу керек.
Бензодиазепиндерді апиындармен және ОЖЖ функциясын бәсеңдететін басқа дәрілік препараттармен бір мезгілде қолданғанда, тыныстың қатты тарылуын және өлімді қоса, ауыр жағымсыз реакциялардың даму қаупіне байланысты, аса сақтық таныту керек. Пациенттер, егер тыныс алудың қиындау симптомдары туындаса, дереу медициналық жәрдем алуға әрекет жасауы керек.
Бензодиазепиндерді тағайындағанға дейін әрбір пациентте маман шамадан тыс пайдалану, дұрыс қолданбау және тәуелділік қаупіне баға беруі қажет.
Бензодиазепиндерді апиынға тәуелділіктің дәрілік препараттарымен біріктіріп пайдаланғанда сақтық шараларын сақтау қажет. Мұқият таңдап алынған дәрілік ем күрделі жағымсыз реакциялардың даму қаупінің жоғарылауын төмендетуі мүмкін.
Пациенттерге бензодиазепиндерді қолданған кезде шамадан тыс пайдаланудың, дұрыс қолданбаудың, аддикциялардың, физикалық тәуелділіктің, тоқтату реакцияларының қаупі туралы, олардың дамуының белгілері мен симптомдары туралы, сондай-ақ бензодиазепиндерді алкогольмен немесе апиындарды қоса басқа да заттармен бірге қолданғанда күрделі қауіптері туралы алдын ала ескерту керек.
Препаратты қолдануды біртіндеп тоқтатуды және дозасын төмендетуді пайдалану керек. Бензодиазепиндердің дозасын біртіндеп төмендетудің барлық пациенттер үшін қолайлы стандартты сызбасы жоқ. Препараттың дозасын, әрбір пациент үшін жекелей жоспарды пайдалана отырып, біртіндеп төмендету керек.
Бензодиазепиндердің көбісін бірнеше апта немесе ай бойы қолдану ұсынылады. Алайда дозасы, жиілігі, шығарылу түрі, емдеу ұзақтығы пациенттің жағдайына және тағайындалған дәрілік препараттың жағдайына байланысты.
Егер бензодиазепиндер қысқа мерзімдік қолдану (мысалы, 1 - 2 доза) үшін көрсетілген болса, оларды өте ұзақ кезең бойы тағайындау мақсатқа сай келмейді, өйткені күрт тоқтату немесе дозаны тезірек төмендету өмір үшін қауіпті болуы мүмкін тоқтату реакциясын өршітуі мүмкін.
Егер пациентте тоқтату симптомдары дамыса, біршама уақытқа дозаны төмендетуді немесе бензодиазепиннің дозасын мұның алдындағы дозаға дейін арттыруды тоқтата тұру қажет етілуі мүмкін. Пациенттің жағдайы тұрақтанғаннан кейін дозаны біртіндеп көбірек төмендетуге көшу керек.
Бензодиазепин препараттарын қабылдап жүрген пациенттерді жиі бақылау өте маңызды болып табылады. Пациенттерді ұдайы тексеру, олардың жағдайын бақылау, тоқтату симптомдарын анықтау қажет.
Өмір үшін ауыр немесе қауіпті реакциялар:
• кататония
• құрысулар
• алкогольдік сандырақтар
• депрессия
• елестеулер
• өлтіру туралы ойлар
• мания
• психоз
• суицидтік ойлар және мінез-құлық.
Тоқтату синдромының созылуы бензодиазепиндерді тоқтатуды бастағаннан кейін 4-6 аптадан астамға сақталады. Симптомдары бірнеше аптадан 12 аптаға дейін созылуы мүмкін және мыналарды қамтиды:
• үрей тудыратын бұзылыстар
• когнитивтік бұзылулар
• депрессия
• ұйқысыздық
• формикация (тұла бойдың шымырлауын сезіну)
• қимыл-қозғалыс симптомдары (әлсіздік, тремор, бұлшықеттің құрысуы)
• парестезия
• құлақтың шуылдауы.
Пациенттің жағдайына сәйкес емдеудің барлық ықтимал нұсқаларын, сондай-ақ күйзелісті, үрейленуді, ұйқысыздықты жеңуге көмектесетін дәрі-дәрмектік емес баламалы емдеу әдісін қарастыру қажет.
Бензодиазепиндерді шамадан тыс пайдалану – бұл препарат эйфория немесе дәрілік препараттың бекітілген жалпы сипаттамасына сәйкес емес басқа қолайлы әсер алу мақсатында қолданылған кезде әдейі, тиісінше қолданбау.
Препарат дәрілік препараттың жалпы сипаттамасында жазылған нұсқауларға сәйкес қабылданбаған кезде (мысалы, ұсынылған дозасы, ұзақтығының арттырылуы немесе препараттың басқа пациентке тағайындалуы) дұрыс қолданылмау орын алады.
Физикалық тәуелділік – бұл дәрілік препараттың көп реттік әсеріне организмнің физиологиялық бейімделуі, ол препаратты қабылдауды күрт тоқтатқанда немесе дозаны едәуір төмендеткенде тоқтату реакциясының дамуына әкеледі. Тәуелділік тоқтату симптомдарының дамуына жол бермеу үшін кейбір пациенттің препаратты қолдануды жалғастыруына түрткі болады.
Препараттың құрамында лактоза бар, сондықтан сирек кездесетін галактоза жақпаушылығы, Lapp (ЛАПП)-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы синдромы бар пациенттерге тағайындамаған жөн.
Препаратты жүктілік немесе бала емізу кезеңінде пайдалануға болмайды.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Гидазепаммен емдеу кезеңінде жоғары зейінділікті және реакция жылдамдығын талап ететін қызметтен аулақ болған жөн.
Дәрі басқа психотропты, ұйықтататын және құрысуға қарсы препараттармен үйлесімді. Гидазепам фенаминнің, 5-окситриптофанның әсерін белсендендіреді, алкогольдің, ұйықтататын препараттардың, нейролептиктердің, есірткілік анальгетиктердің әсерін күшейтеді.
Сақтау мерзімі
3 жыл.
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Сақтау шарттары
25°С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Қаптама макеті
Препаратты Қазақстанда тіркеу кезінде бекітілген қаптама жазбасы. Дереккөз — Дәрілік заттардың мемлекеттік тізілімі.
Әсер етуші заты бірдей препараттар
Іріктеме әсер етуші зат бойынша автоматты түрде жасалады
Дәріхана ассортиментіндегі тауарлардың және олардың қасиеттерінің сипаттамасы танысу үшін берілген және дәрігер кеңесін алмастырмайды. Қаптама ішіндегі парақ-қосымшада өндіруші көрсеткен ақпарат басым болып табылады.
Тауардың сыртқы түрі суреттегіден өзгеше болуы мүмкін. Қарсы көрсетілімдері бар, маманмен кеңесу қажет. Тауарлардың сипаттамалары мен бағасы жария оферта болып табылмайды.