Қатысты емес.
Арнайы ескертулер
Лактоацидоз – көбінесе бүйрек функциясының жедел нашарлауы, жүрек-өкпе аурулары немесе сепсис аясында туындайтын өте сирек, бірақ күрделі метаболизмдік асқыну. Метформиннің жинақталуы бүйрек жеткіліксіздігінің жедел өршуі аясында туындайды, бұл лактоацидоз қаупін арттырады.
Дегидратация жағдайында (ауыр диарея, құсу, қызба, сұйықтықты аз қабылдау) метформин қабылдауды уақытша тоқтату және емдеуші дәрігермен байланысу ұсынылады.
Метформин қабылдайтын пациенттерге, гипертензияға қарсы диуретиктер, ҚҚСД сияқты бүйрек функциясына ықпал ететін препараттарды сақтықпен тағайындау қажет. Лактоацидоз дамуының басқа да қауіп факторлары: бақыланбайтын алкоголь қабылдау, бауыр жеткіліксіздігі, дұрыс бақыланбайтын қант диабеті, кетоз, ұзақ ашығу, гипоксиямен байланысты кез келген жағдай, лактоацидоз дамуына ықпал ететін дәрілік заттармен бірге тағайындау.
Пациенттер және/немесе пациенттерді қарайтын адамдар лактоацидоздың туындау қаупі туралы хабардар болуы тиіс. Лактоацидоз ацидоздық ентігумен, іштің ауыруымен, бұлшықет құрысуымен, астениямен және команың алдында болатын гипотермиямен сипатталады. Күдікті симптомдар анықталған жағдайда пациентке метформин қабылдауды тоқтату және медициналық көмекке жүгіну керек. Диагностикалық тексеру кезінде қанның PH (< 7.35) төмендеуі, қандағы лактат деңгейінің (> 5 ммоль/л) және аниондар деңгейінің жоғарылауы, сондай-ақ лактат/пируват арақатынасының жоғарылауы анықталады.
Гипогликемия
Глюкованстың® құрамында глибенкламид болғандықтан, препаратты қабылдау пациентте гипогликемияның туындау қаупімен қатар жүреді. Емдеу басталғаннан кейін дозасын біртіндеп титрлеу гипогликемия туындауының алдын алуы мүмкін. Бұндай емді тек жүйелі түрде тамақтану режимін (таңғы асты қоса) ұстанатын пациентке ғана тағайындауға болады. Көмірсулардың пайдаланылуы жүйелі болғаны маңызды, өйткені гипогликемияның даму қаупі кешірек, жеткіліксіз немесе көмірсулардың тұтынылуы теңдестірілмеген тамақтану кезінде арта түседі. Калориясы төмен диета кезінде, қарқынды немесе ұзаққа созылған дене жүктемесі кезінде, алкоголь пайдаланған немесе гипергликемияға қарсы дәрілерді біріктіріп қабылдаған кезде гипогликемияның даму ықтималдығының мүмкіндігі жоғары.
Гипогликемия симптомдары: бас ауыруы, ашығу, жүрек айнуы, құсу, қатты шаршау, ұйқының бұзылуы, қозу жағдайы, озбырлық, зейін қою және реакциялардың бұзылуы, депрессия, сананың шатасуы, сөйлеудің бұзылуы, көрудің бұзылуы, дірілдеу, салдану және парестезия, бас айналуы, делирий, құрысулар, сомноленция, естен тану жағдайы, үстірт тыныс алу және брадикардия. Гипогликемиядан туындайтын контррегуляция салдарынан тершеңдік, қорқу, тахикардия, гипертензия, жүректің қағуы, стенокардия және аритмия туындауы мүмкін. Егер гипогликемия шеткері невропатия жағдайында немесе бета-адреноблокаторларды, клонидинді, резерпинді, гуанетидинді немесе симпатомиметиктерді бір мезгілде қабылдау кезінде баяу дамыса, соңғы симптомдар болмауы мүмкін.
Гипогликемияның естен танумен жүрмейтін немесе неврологиялық көріністерсіз орташа симптомдары кезінде бірден қант қабылдау қажет. Сонымен қатар препараттың дозасын және/немесе тамақтану рационын түзету керек.
Комамен, құрысулармен немесе басқа неврологиялық белгілермен жүретін, глюкозаны вена ішіне енгізу арқылы шұғыл емдеуді және пациентті ауруханаға жатқызуды қажет ететін ауыр гипогликемиялық реакциялар болуы мүмкін.
Препаратты абайлап тағайындау, дозасын арнайы таңдау және пациентке арналған тиісінше нұсқаулықтар гипогликемияның даму қаупін төмендету үшін маңызды болып табылады. Егер пациентте ауыр немесе симптомдарын білмеуге байланысты гипогликемия ұстамалары қайталанса, гипергликемияға қарсы басқа дәрілермен емдеу мүмкіндігін қарастыру керек.
Гипогликемияның дамуына ықпал ететін факторлар:
• алкогольді әсіресе ашығу кезінде бір мезгілде пайдалану
• пациенттің дәрігермен бірігіп әрекет етуден және қолданылуы жөніндегі нұсқаулықта келтірілген ұсынымдарды сақтаудан бас тартуы немесе оған қабілетсіз болуы (әсіресе егде жастағы пациенттерге қатысты)
• жеткіліксіз тамақтану, ас ішудің жүйесіздігі немесе өткізіліп алуы, ашығу немесе диетадағы өзгерістер
• дене жүктемесі мен көмірсуларды қабылдау арасындағы теңгерімсіздік
• бүйрек жеткіліксіздігі
• бауырдың ауыр жеткіліксіздігі,
• Глюкованс® препаратының артық дозалануы
• белгілі бір эндокриндік бұзылулар: қалқанша без, гипофиз және бүйрекүсті бездері функциясының жеткіліксіздігі
• белгілі бір дәрілік препараттарды бір мезгілде қабылдау.
Егде жастағы пациенттер
Сульфонилмочевина туындыларын қабылдаған 65 жастағы және одан үлкен пациенттерде гипогликемияның даму қаупі факторы анықталған. Гипогликемияны егде жаста диагностикалау қиын. Глибенкламидтің бастапқы және демеуші дозаларын гипогликемия қаупін төмендету үшін мұқият түзету қажет
Бүйрек және бауыр жеткіліксіздігі
Фармакокинетикасы және/немесе фармакодинамикасы бауыр жеткіліксіздігі немесе бүйректің ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде өзгеріп отыруы мүмкін. Мұндай пациенттерде туындайтын гипогликемия ұзаққа созылуы мүмкін, ондай жағдайда сәйкесінше ем басталуы тиіс.
Пациентке арналған ақпарат
Пациентке және оның отбасы мүшелеріне гипогликемия қаупінің факторларын, оның симптомдарын, оларды емдеуді түсіндіру және гипогликемияның дамуына ықпал ететін жағдайлар туралы ақпарат беру қажет. Бұлшықет құрысулары, асқорытудың бұзылулары, іштің ауыруы және ауыр астения, ентігу, гипотермия және кома сияқты спецификалық емес белгілер пайда болса, лактоацидоздың даму қаупін ескеру керек.
Сондай-ақ, пациентке тамақтану жөніндегі ұсынымдарды сақтаудың маңыздылығын, жүйелі түрдегі дене жүктемелерінің және қандағы глюкоза деңгейін жүйелі түрде бақылап отыру қажет екендігін түсіндіру қажет.
Қандағы глюкоза деңгейінің теңгерімсіздігі
Хирургиялық араласу жағдайында немесе диабет декомпенсациясына басқа себептер болған жағдайда, уақытша инсулинмен емдеуге көшуді қарастыру ұсынылады. Гипергликемия симптомдары жиі несеп шығару, қатты шөлдеу, терінің құрғауы болып табылады.
Жүрек функциясы
Жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттер гипоксия және бүйрек жеткіліксіздігінің үлкен қаупіне бейім. Жүрек қызметін және бүйрек функциясын тұрақты бақылаған жағдайда Глюкованс® жүрек жеткіліксіздігі тұрақты пациенттерде қолданылуы мүмкін.
Глюкованс® жүрек жеткіліксіздігі жедел және тұрақсыз пациенттерге қарсы көрсетілген
Бүйрек функциясы
Препаратпен емдеуді бастар алдында және тұрақты емдеу уақытында ШСЖ тексеру қажет. Метформинді ШСЖ < 30 мл/мин пациенттерге қолдануға болмайды және бүйрек функциясын нашарлататын жағдайлар туындағанда оны қабылдауды уақытша тоқтату керек.
Йод негізіндегі контрастылы заттарды енгізу
Йод негізіндегі контрастылы заттарды вена ішіне енгізу метформиннің жинақталуын және лактоацидоздың жоғары қаупін туындататын контраст-индукцияланған нефропатияға әкелуі мүмкін. Глюкованс® препаратын қабылдауды визуализация емшарасына дейін немесе сол уақытта тоқтату және бүйрек функциясын қайталап тексеру оның тұрақтылығын анықтауы шартымен 48 сағаттан ерте жаңартпау керек.
Глибенкламидті басқа медициналық препараттармен бірге қолдану
Глибенкламидті алкогольмен, фенилбутазонмен немесе даназолмен бірге қолдану ұсынылмаған («Дәрілермен өзара әрекеттесуі» бөл.қар.)
Хирургиялық араласулар
Глюкованс® препаратының құрамында метформин гидрохлориді болғандықтан, емдеуді жоспарлы, жалпы, жұлын немесе эпидуральді анестезиямен жүргізілетін хирургиялық араласулардан 48 сағат бұрын тоқтату керек. Әдетте Глюкованс® препаратымен емдеуді хирургиялық араласулардан кейін немесе тамақ ішу басталғаннан кейін 48 сағаттан ерте бастамау, сондай-ақ бүйрек функциясына қайта баға бергеннен кейін, оның тұрақтылығы анықталса ғана бастау керек.
Басқа сақтық шаралары
Пациенттерге диета ұстану, көмірсулардың күні бойғы тұтынылуын дұрыс бөлу қажет. Артық дене салмағы бар адамдарға калориясы төмен диета ұстану керек.
Глюкованс® препаратын қабылдау кезінде жүйелі түрде дене жаттығуларын орындап жүру керек.
Зертханалық көрсеткіштерді (гликемия, HbA1c) жүйелі түрде бақылап отыру қажет.
Глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа жеткіліксіздігі бар пациенттерді сульфонилмочевина туындыларымен емдеу гемолиздік анемияның дамуына алып келуі мүмкін. Глибенкламид осы кластың өкілі болып табылатындықтан, глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа жеткіліксіздігі бар пациенттерде Глюкованс® препаратын ерекше сақтықпен қолдану және сульфонилмочевина туындыларын қолданбай-ақ, баламалы емдеу мүмкіндігін қарастыру қажет.
Балалар
Глюкованс® балаларда қолдануға ұсынылмайды.
В12 дәрумені
Метформин қан сарысуындағы В12 дәрумені деңгейін төмендетуі мүмкін. В12 дәрумені деңгейінің төмен болу қаупі метформин дозасының жоғарылауымен, B12 дәрумені тапшылығын тудыратын белгілі қауіп факторлары бар пациенттерде емдеудің ұзақтығымен арта түседі. В12 дәрумені тапшылығына күдік туындаған жағдайда (мысалы, анемия немесе нейропатия кезінде) қан сарысуындағы В12 дәрумені деңгейін бақылау керек. В12 дәрумені жетіспеушілігінің қауіп факторлары бар пациенттерде В12 дәруменінің мерзімді мониторингі қажет болуы мүмкін.
Метформинмен емдеуді көтерімділігі жақсы және қарсы көрсетілімдері жоқ болғанша жалғастыру керек, ал В12 витаминінің тапшылығын тиісті түзетуші емдеу қолданыстағы клиникалық ұсынымдарға сәйкес жүргізіледі.
Дәрілік препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Пациенттер гипогликемияның туындау қаупі туралы хабардар болуы тиіс және автокөлік жүргізгенде және жоғары зейін қою мен психомоторлық реакциялардың жылдамдығын қажет ететін механизмдермен жұмыс жасағанда сақтық шараларын қолдануы тиіс.