5%, 10% глюкоза ерітіндісі
Парентеральді енгізуге арналған дәрілік препараттарды ерітінді мен контейнер мүмкіндік берген кезде, енгізу алдында қатты бөлшектердің бар-жоғын және түсінің өзгеруін визуалды тексеру керек. Ерітінді мөлдір, көрінетін бөлшектерсіз және контейнер зақымдалмаған жағдайда ғана қолданылады. Инфузиялық жүйені енгізгеннен кейін дереу енгізеді.
Ерітіндіні асептика ережелерін сақтай отырып, стерильді инфузиялық жүйемен енгізу керек. Ауаның кіруіне жол бермеу үшін инфузиялық жүйені ерітіндімен толтыру керек.
Электролиттерді қосу пациенттің клиникалық қажеттіліктеріне сәйкес көрсетілуі мүмкін. Қосымша заттар инъекция орны арқылы инфузияға дейін немесе инфузия кезінде енгізілуі мүмкін.
Қосымша заттарды енгізу кезінде ерітінділердің соңғы осмолярлығын тексеру қажет. Гиперосмолярлы ерітінділерді енгізу тамырлардың тітіркенуі мен флебитті тудыруы мүмкін. Кез-келген қосымша заттарды мұқият және сақтықпен асептикалық араластыру міндетті болып табылады. Құрамында қосымша заттар бар ерітінділерді дереу пайдалану керек және сақтамаған жөн.
10% глюкоза ерітіндісі
Алынған қоспаны оның соңғы осмолярлығына байланысты орталық немесе шеткері веналық желі арқылы енгізу керек.
Арнайы сақтандырулар
Глюкозаның вена ішілік инфузиясы әдетте изотониялық ерітінділер болып табылады. Дегенмен, организмдегі глюкоза бар сұйықтықтар глюкозаның жылдам метаболизміне байланысты физиологиялық тұрғыдан өте гипотониялық болуы мүмкін.
Сарысу электролиттерін сұйылту және басқа әсерлері
Ерітіндінің тонусына, инфузияның көлемі мен жылдамдығына, сондай-ақ пациенттің негізгі клиникалық жағдайына және глюкозаның метаболизмдік қабілетіне байланысты вена ішіне глюкозаны енгізу келесі жағдайларды тудыруы мүмкін:
• гиперосмолярлық, осмостық диурез және дегидратация
• гипоосмолярлық
• электролиттік бұзылулар, мысалы:
- гипо- немесе гиперосмостық гипонатриемия,
- гипокалиемия,
- гипофосфатемия,
- гипомагниемия,
- гипергидратация/гиперволемия, мысалы, іркіліс құбылыстары, өкпедегі іркіліс пен ісінуді қоса.
Жоғарыда көрсетілген әсерлер құрамында электролиттер жоқ сұйықтықты енгізу нәтижесінде ғана емес, глюкозаны енгізу нәтижесінде де пайда болады.
Гипонатриемия:
Вазопрессиннің осмостық емес босап шығуы бар пациенттер (мысалы, жедел ауру, ауырсыну, операциядан кейінгі стресс, инфекциялар, күйіктерде және ОЖЖ ауруы), жүрек, бауыр, бүйрек аурулары бар пациенттер және вазопрессин агонистерінің әсеріне ұшыраған пациенттер гипотониялық сұйықтық инфузиясы кезінде жедел гипонатриемияның ерекше қаупіне ұшырайды.
Жедел гипонатриемия бас ауыруы, жүрек айну, құрысулар, сылбырлық және құсумен сипатталатын жедел гипонатриемиялық энцефалопатияға (мидың ісінуі) әкелуі мүмкін. Мидың ісінуі бар пациенттер мидың ауыр, қайтымсыз және өмірге қауіпті зақымдануының ерекше қаупіне ұшырайды.
Балалар, ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер және церебральді берілгіштігі төмен пациенттер (мысалы, менингит, бассүйекішілік қан кету және бас миының соғылуы) жедел гипонатриемиядан туындаған мидың ауыр және өмірге қауіпті ісінуінің ерекше қаупіне ұшырайды.
Ұзақ мерзімді парентеральді ем кезінде немесе пациенттің жағдайы немесе енгізу жылдамдығы бағалауды қажет ететін кез келген жағдайда су теңгерімінің, электролит концентрациясының және қышқыл-негіз теңгерімінің өзгеруін бақылау үшін клиникалық бағалау және мезгіл-мезгіл зертханалық зерттеулер қажет болуы мүмкін.
Бос судың ұлғаюымен, гипергликемиямен немесе, мүмкін, инсулинді енгізу қажеттілігімен күрделене түсетін су-электролиттік бұзылу қаупі жоғары пациенттерге ерекше сақтық ұсынылады.
Гипергликемия
• глюкоза ерітінділерін жылдам енгізу айқын гипергликемияны және гиперосмолярлық синдромды туындатуы мүмкін
• гипергликемия пайда болған кезде инфузия жылдамдығын түзету және/немесе инсулин енгізу керек
• қажет болған жағдайда құрамында калий бар заттар парентеральді енгізіледі
• глюкоза ерітіндісін пациенттерге сақтықпен вена ішіне енгізу керек, мысалы:
- глюкозаға толеранттылықтың бұзылуы (мысалы, қант диабеті, бүйрек жеткіліксіздігі немесе сепсис, жарақат немесе шок болған кезде)
- қоректендірудің ауыр жеткіліксіздігі (қайта қоректендіру синдромының даму қаупі)
- тиамин тапшылығы, мысалы, созылмалы алкоголизммен ауыратын пациенттерде (пируваттың тотығу метаболизмінің бұзылуына байланысты ауыр лактоацидоз қаупі)
- ишемиялық инсульт немесе ауыр бассүйек-ми жарақаты бар пациенттер
Бас жарақатынан кейінгі алғашқы 24 сағат ішінде инфузиядан аулақ болу керек. Қандағы глюкоза деңгейін мұқият бақылау керек, өйткені ерте гипергликемия бассүйек-мидың ауыр жарақаты бар пациенттерде қолайсыз нәтижелермен байланысты.
- жаңа туған нәрестелер
Инсулин секрециясына әсері
Глюкозаны ұзақ уақыт вена ішіне енгізу және осыған байланысты гипергликемия глюкоза стимуляциялайтын инсулин секрециясы жылдамдығының төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Аса жоғары сезімталдық реакциялары
• глюкоза ерітінділерін қолдану кезінде анафилаксиялық/анафилактоидты реакцияларды қоса, аса жоғары сезімталдық реакциялары/инфузиялық реакциялар туралы хабарланды. Сондықтан құрамында глюкоза бар ерітінділерді, жүгеріге немесе жүгері өнімдеріне белгілі аллергиясы бар пациенттерде, егер қолдану қажет жағдайда, сақтықпен қолдану керек.
- аса жоғары сезімталдық реакциясына күдіктенудің кез келген белгілері немесе симптомдары пайда болған кезде инфузияны дереу тоқтату керек. Клиникалық көрсеткіштер бойынша тиісті терапиялық қарсы шаралар қабылдануы тиіс.
Қайта қоректену синдромы
• қайта қоректену тамақтанудың ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде қайта қоректену синдромына әкелуі мүмкін, бұл пациент анаболикке айналған кезде жасушаішілік калий, фосфор және магний деңгейінің ығысуымен сипатталады. Тиамин тапшылығы және сұйықтықтың іркілуі де дамуы мүмкін. Мұқият бақылау және қоректік заттарды тұтынудың біртіндеп артуы, сонымен бірге артық тамақтанудан аулақ болу бұл асқынулардың алдын алады.
Педиатриялық популяция
Инфузияның жылдамдығы мен көлемі пациенттің жасына, дене салмағына, клиникалық және метаболизмдік жағдайларына, қатарлас терапияға байланысты және оны балаларда вена ішілік инфузиялық терапияда тәжірибесі бар дәрігер-кеңесші анықтауы тиіс.
Жаңа туған нәрестеге вена ішіне енгізілетін сұйықтықтардың потенциалды өлімге әкелетін шамадан тыс инфузиясын болдырмау үшін енгізу тәсіліне ерекше назар аудару қажет. Жаңа туған нәрестелерге сұйықтықтарды немесе дәрілерді вена ішіне енгізу үшін инфузиялық жүйені пайдаланған кезде, сұйықтық құйылған құтыны шприцке бекітіп қалдыруға болмайды.
Инфузиялық жүйені пайдалану кезінде жүйені алу немесе ажырату алдында барлық қысқыштар жабылуы тиіс. Бұл жүйеде еркін ағыннан қорғауға арналған құрылғы бар-жоғына қарамастан қажет.
Вена ішілік инфузия жүйесін және енгізуге арналған жабдығын жиі бақылап отыру керек.
Балалар гликемиясына байланысты проблемалар
Жаңа туған нәрестелерде, әсіресе шала туған және туғанда дене салмағы төмен нәрестелерде гипо - немесе гипергликемияның даму қаупінің бейімділігі жоғары, сондықтан потенциалды ұзақ мерзімді жағымсыз әсерлердің алдын алу үшін талапқа сай гликемиялық бақылауды қамтамасыз ету үшін венаішілік глюкоза ерітінділерімен емдеу кезінде мұқият бақылауды қажет етеді. Жаңа туған нәрестелердегі гипогликемия ұзаққа созылған құрысуды, команы және мидың зақымдалуын тудыруы мүмкін. Гипергликемия қарыншаішілік қан құйылумен, бактериялық және зең инфекциясының кеш басталуымен, шала туған нәрестелердің ретинопатиясымен, некроздаушы энтероколитпен, бронх-өкпелік дисплазиямен, ауруханада ұзақ жатумен және өліммен байланысты.
Нәресте гипонатриемиясына байланысты проблемалар
• балалар (жаңа туған нәрестелер мен үлкен жастағы балаларды қоса) гипоосмостық гипонатриемияның, сондай-ақ гипонатриемиялық энцефалопатияның даму қаупіне бейімділігі жоғары.
• электролиттердің плазмадағы концентрациясын балаларда мұқият бақылау керек.
• гипоосмостық гипонатриемияны жылдам түзету потенциалды қауіпті (ауыр неврологиялық асқынулардың қаупі).
• дозаны, енгізу жылдамдығы мен ұзақтығын балаларда вена ішілік инфузиялық терапияда тәжірибесі бар дәрігер анықтауы тиіс.
Гериатриялық қолдану
• егде жастағы пациенттер үшін инфузиялық ерітіндінің түрін және инфузия көлемін/жылдамдығын таңдағанда, егде жастағы пациенттерде әдетте жүрек, бүйрек, бауыр және басқа аурулар немесе қатар жүретін дәрі-дәрмектік терапияның болу ықтималдығы жоғары екенін ескеру қажет.
Қан
• глюкозаны (сулы, яғни электролиттері жоқ глюкоза ерітіндісін), қанды бір инфузиялық желі арқылы бір мезгілде, оның алдында немесе одан кейін енгізуге болмайды, өйткені бұл гемолизге және псевдоагглютинацияға әкелуі мүмкін.
Басқа препараттарды қосу немесе енгізудің дұрыс емес техникасын қолдану, пирогендердің ықтимал енгізілуіне байланысты қызбалық реакциялардың пайда болуын тудыруы мүмкін. Жағымсыз реакциялар туындаған жағдайда инфузияны дереу тоқтату керек.
Ауа эмболиясының қаупі
• бірізді қосылыс үшін пластикалық контейнерлерді пайдаланбаңыз. Мұндай пайдалану екінші контейнерден сұйықтықты енгізу аяқталғанға дейін негізгі контейнерден қалдық ауаны сорып алу салдарынан ауа эмболиясына әкелуі мүмкін.
• енгізу жылдамдығын арттыру үшін иілгіш пластикалық контейнерлердегі вена ішілік ерітінділердің қысымын жоғарылату, егер енгізу алдында контейнердегі қалдық ауа толығымен жойылмаса, ауа эмболиясына әкелуі мүмкін.
• ашық желдеткіші бар вена ішіне енгізуге арналған желдетілетін жинақты пайдалану ауа эмболиясына әкелуі мүмкін. Ашық клапанды вена ішіне енгізуге арналған желдетілетін жиынтықтарды иілгіш пластикалық контейнерлермен пайдалануға болмайды.