Арнайы ескертулер
Дексибупрофенді қолдану кезінде туындайтын жағымсыз реакцияларды қысқа уақыт кезеңі ішінде симптомдарды емдеу үшін қажетті ең төмен тиімді дозаны қолдану арқылы азайтуға болады.
Дексибупрофенді ұзақ уақыт қолданған кезде пациенттер бүйрек, бауыр және гематологиялық функцияларға тұрақты мониторинг жүргізуі керек.
Дексибупрофенді циклооксигеназа-2 (ЦОГ-2) селективті тежегіштерін қоса, басқа ҚҚСП-мен бір мезгілде қолданудан аулақ болу керек.
Асқазан-ішек жолына әсері
ҚҚСП емдеудің кез келген кезеңінде пайда болған, алдын алу симптомдарының болуына немесе анамнезінде ас қорыту жолы тарапынан ауыр бұзылуларға қарамастан, асқазан-ішектен қан кету, тесілу, ойық жаралар, кейде өліммен аяқталған жағдайлар туралы хабарланды.
Егде жастағы пациенттерде ҚҚСП-ға жағымсыз реакциялардың, әсіресе асқазан-ішек қан кетулерінің және өлімге әкелуі мүмкін тесілулердің жоғары жиілігі байқалады.
Асқазан-ішектен қан кету, тесілу, ойық жара қаупі ҚҚСП дозалары ұлғайған кезде, анамнезінде ойық жарасы бар пациенттерде, әсіресе, егер ол қан кетумен немесе тесілумен асқынған болса, алкоголизммен ауыратын пациенттерде және егде жастағы пациенттерде артады. Бұл пациенттер емдеуді ең төменгі дозалардан бастауы тиіс.
ҚҚСП-ны ішектің созылмалы қабыну аурулары (ойық жаралы колит, Крон ауруы) бар пациенттерге сақтықпен қолдану керек, өйткені бұл жағдайлар өршуі мүмкін.
ҚҚСП-ны пероральді кортикостероидтар, антикоагулянттар (мысалы, варфарин), серотонинді кері қармаудың селективті тежегіштері немесе тромбозға қарсы дәрілер (мысалы, ацетилсалицил қышқылы) сияқты ойық жаралардың немесе қан кетулердің пайда болу қаупін арттыратын, қатар жүретін дәрілерді алатын пациенттерге сақтықпен қолдану керек. Осы пациенттер үшін, сондай-ақ анамнезінде ойық жарасы бар пациенттер үшін, әсіресе, егер ол қан кетумен немесе тесілумен асқынған болса, алкоголизммен ауыратын пациенттер және егде жастағы пациенттер үшін дәрігер мизопростолмен немесе протонды помпа тежегіштерімен біріктірілген емнің орындылығын қарауы тиіс.
Анамнезінде асқазан-ішек бұзылулары бар пациенттерге, ең алдымен егде жастағы пациенттерге асқазан-ішек жолы тарапынан кез келген әдеттен тыс симптомдар (негізінен қан кету) туралы, әсіресе емнің басында асқазан-ішектен қан кету туралы хабарлау керек.
Асқазан-ішектен қан кету немесе ойық жара дамыған жағдайда дексибупрофенді қолдануды дереу тоқтату керек.
Жүрек-қантамыр жүйесіне әсері
Анамнезінде артериялық гипертензиясы және/немесе жүрек жеткіліксіздігі (жеңіл және ауырлығы орташа дәрежедегі) бар пациенттерге емдеуді сақтықпен бастау керек (дәрігердің кеңесі қажет), өйткені ҚҚСП емдеу кезінде сұйықтықтың іркілу және ісіну жағдайлары туралы хабарланған.
Зерттеулердің деректері ибупрофенді қолдану (әсіресе тәулігіне 2400 мг жоғары дозаларда) және ұзақ мерзімді емдеу артериялық тромбоздық асқынулардың (мысалы, миокард инфарктісі немесе инсульт) бірнеше жоғары қаупімен байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді. Зерттеу деректері ибупрофеннің төмен дозасы (мысалы тәулігіне ≤ 1200 мг) миокард инфарктісі қаупінің жоғарылауына әкелуі мүмкін деп болжамайды. Дексибупрофенді қолдану кезінде бұл қауіпті болдырмау үшін деректер жеткіліксіз.
Бақыланбайтын артериялық гипертензиясы, жүректің ишемиялық ауруы, шеткері артериялар ауруы және/немесе цереброваскулярлық аурулары бар пациенттерге ұзақ мерзімді емдеуді дәрігер мұқият талдаудан кейін ғана тағайындай алады.
Жүрек-қантамыр асқынуларының қауіп факторлары айқын пациенттерге (мысалы, артериялық гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті, шылым шегу) ҚҚСП ұзақ емдеуді мұқият ойластырғаннан кейін ғана тағайындау керек.
Қан жүйесіне әсері
Басқа ҚҚСП сияқты, дексибупрофен тромбоциттер агрегациясын қайтымды тежеуі және қан кету уақытын ұзартуы мүмкін. Геморрагиялық диатезі, коагуляцияның басқа да бұзылулары бар пациенттерге және дексибупрофенді пероральді антикоагулянттармен бір мезгілде қолданғанда сақтықпен қолдану керек.
Зерттеулердің деректері бір мезгілде қолданған кезде ибупрофен ацетилсалицил қышқылының тромбоциттер агрегациясына төмен дозаларда әсерін бәсеңдетуі мүмкін екендігін көрсетеді. Алайда, бұл деректердің шектелуі және ex vivo деректерін клиникалық жағдайға экстраполяциялауға қатысты белгісіздік ибупрофенді тұрақты қолдануға қатысты түпкілікті қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді; ибупрофенді жүйелі қолданбаған кезде әсерлердің ықтималдылығы аз деп саналады.
Несеп шығару жүйесіне әсері
Простагландин синтезінің басқа ингибиторлары сияқты, дексибупрофен бүйрек функциясына теріс әсер етуі мүмкін, бұл шумақтық немесе интерстициальді нефритке, бүйрек папиллярлық некрозға, нефроздық синдромға және жедел бүйрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін.
Басқа NSAID сияқты, дексибупрофен қан плазмасындағы креатинин мен мочевина азотының концентрациясын жоғарылатуы мүмкін.
Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттерге дексибупрофенді ең төмен тиімді дозада сақтықпен қолданған жөн, сұйықтықтың іркілуі, ісіну және бүйрек функциясының нашарлау қаупін ескерген жөн және бүйрек функциясының тұрақты мониторингін жүзеге асырған жөн.
Анальгетиктерді үнемі қолдану, әсіресе әртүрлі ауырсынуды басатын дәрілердің біріктірілімі бүйрек жеткіліксіздігінің дамуымен бүйректің ауыр зақымдалуына әкелуі мүмкін (анальгетикалық нефропатия).
Гепатобилиарлық жүйеге әсері
Басқа ҚҚСП қолданғандағыдай, бауырдың кейбір функционалдық параметрлерінің шамалы ұлғаюы, сондай-ақ АСТ және АЛТ айтарлықтай ұлғаюы мүмкін. АЛТ және АСТ деңгейлері айтарлықтай жоғарылаған жағдайда дексибупрофенді қолдануды тоқтату керек.
Бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттерге дексибупрофенді ең төмен тиімді дозада сақтықпен қолдану және бауыр функциясының тұрақты мониторингін жүзеге асыру.
Теріге және тері асты шеліне әсері
Қабынуға қарсы стероидты емес дәрілерді пайдаланумен байланысты эксфолиативтік дерматитті, Стивенс–Джонсон синдромын және уытты эпидермальді некролизді қоса алғанда, өлімге әкелуі мүмкін сирек күрделі тері реакциялары туралы хабарланды.
Емнің басында осы реакциялардың қаупі жоғары. Реакцияның басталуы көп жағдайда, емдеудің бірінші айында пайда болады. Сондай-ақ препаратты қолданғаннан кейін пайда болған жедел жайылған экзантематозды пустулез жағдайы туралы хабарланды.
Дексибупрофенді терінің алғашқы зақымдану белгілері мен симптомдары пайда болған кезде, мысалы, тері бөртпесі, шырышты зақымдану немесе басқа да аса жоғары сезімталдық белгілері пайда болған кезде тоқтату керек.
Әйелдердің фертильділігіне әсері
Циклооксигеназа/простагландин синтезін тежейтін дәрілік заттар фертильділікке әсер етуі мүмкін және жүкті болуға тырысып жүрген әйелдерге ұсынылмайды деген шектеулі деректер бар. Жүктіліктің басталуына байланысты қиындықтарға тап болған немесе бедеулік себебінен тексеруден өтіп жүрген әйелдерге, дексибупрофен қабылдауды тоқтату керек.
Иммундық жүйеге әсері
Басқа ҚҚСП қолдану кезіндегідей аллергиялық реакциялар, оның ішінде анафилаксиялық /анафилактоидты реакциялар дамуы мүмкін. Бронх демікпесі, маусымдық аллергиялық ринит, полиптер, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, анамнезіндегі созылмалы распираторлық инфекциялары бар пациенттерде ҚҚСП бронх түйілуін туындатуы мүмкін.
Жүйке жүйесі мен бүйрек тарапынан жағымсыз реакциялардың, оның ішінде асептикалық менингиттің даму қаупінің жоғары болуына байланысты жүйелі қызыл жегі бар және дәнекер тіннің аралас ауруларына шалдыққан пациенттерге дексибупрофенді сақтықпен қолдану керек.
Жасырын инфекциялар симптомдарының бүркемеленуі
Басқа ҚҚСП сияқты, дексибупрофен инфекциялық аурулардың симптомдарын бүркемелеуі мүмкін, бұл тиісті емнің басталуын кешіктіріп, аурудың ағымын қиындатады. Бұл бактериялық ауруханадан тыс пневмонияда және желшешектің бактериялық асқынуы кезінде байқалды.
Препарат дене температурасының жоғарылауымен немесе инфекция кезінде ауырсынуды жеңілдету үшін қолданылған кезде, инфекциялық ауруды бақылау ұсынылады.
Желшешек тері мен жұмсақ тіндердің ауыр инфекциялық асқынуларының себебі ретінде сирек болуы мүмкін. Қазіргі уақытта ҚҚСП-ның осы инфекциялардың ауырлығын төмендетудегі рөлін жоққа шығаруға болмайды. Осының салдарынан желшешекпен ауыратын пациенттерге дексибупрофенді қолданудан аулақ болу ұсынылады.
Кез-келген ауырсынуды ұзақ уақыт қолданған кезде бас ауыруы пайда болуы мүмкін, оны дәрілік заттың дозасының жоғарылауымен емдеуге болмайды.
Қосымша заттар
Дәрілік препараттың құрамында лактоза бар, сондықтан галактоза көтере алмаушылығы, Лапп лактаза тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясының бұзылуы сияқты сирек тұқым қуалайтын ауруларға шалдыққан пациенттерге осы дәрілік препаратты қолдануға болмайды.
Педиатрияда қолдану
Препарат балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерде қарсы көрсетілімді.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Дозалауға және емдеу ұзақтығына қатысты ұсынымдар орындалған жағдайда дәрілік зат автокөлікті немесе басқа механизмдерді басқару кезіндегі реакция жылдамдығына әсер етпейді. Алайда, бас айналу, қатты қажу, ұйқышылдық, бағдардан адасу немесе көрудің бұзылуы жағдайында автокөлікті немесе басқа механизмдерді басқарудан бас тарту керек.