Гиперкалиемиямен байланысты қауіптер
Белгілі бір дәрілік препараттар немесе емдік топтар гиперкалиемияның дамуына ықпал етуі мүмкін: калий тұздары, калий жинақтаушы диуретиктер, ангиотензин-өзгертетін фермент (АӨФ) тежегіштері, ангиотензин II рецепторының антагонистері, қабынуға қарсы стероидты емес препараттар, (төмен молекулалық немесе фракцияланбаған) гепариндер, циклоспорин, такролимус және триметоприм.
Гиперкалиемияның басталуы астасқан факторлардың болуына байланысты болуы мүмкін.
Бұл қауіп жоғарыда аталған дәрілік препараттарды мелоксикаммен бірге қабылдағанда артады.
Фармакодинамикалық өзара әрекеттесуі
Қабынуға қарсы стероидты емес басқа препараттар (ҚҚСП) және ацетилсалицил қышқылы
Басқа стероидты емес қабынуға қарсы препараттармен, ацетилсалицил қышқылымен бір рет ≥500 мг дозада немесе жалпы тәуліктік дозада ≥3 г бірге қабылдау ұсынылмайды.
Кортикостероидтар (мысалы, глюкокортикоидтар)
Қан кету немесе асқазан-ішек жолының шырышты қабығында ойық жара қаупінің жоғарылауына байланысты глюкокортикоидтарды бірге қабылдағанда сақ болу қажет.
Антикоагулянттар немесе гепарин
Тромбоциттер функциясының тежелуіне және асқазан мен он екі елі ішектің шырышты қабығының зақымдануына байланысты қан кету қаупі айтарлықтай артады. ҚҚСП антикоагулянттардың, мысалы, варфариннің әсерін күшейтуі мүмкін. Егде жастағы пациенттерде немесе емдік дозаларда ҚҚСП және антикоагулянттарды немесе гепаринді бірге қолдану ұсынылмайды.
Басқа жағдайларда (мысалы, превентивті дозаларда тағайындағанда) гепаринді қабылдаған кезде қан кету қаупінің жоғарылауына байланысты сақ болу қажет.
Егер мұндай біріктірілімді болдырмау мүмкін болмаса, халықаралық қалыпты қатынастың (ХҚҚ) мұқият мониторингін жүргізу қажет.
Тромболитикалық және антитромбоциттік әсері бар препараттар
Тромбоциттер функциясының тежелуіне және асқазан мен он екі елі ішектің шырышты қабығының зақымдануына байланысты қан кету қаупі артады.
Серотонинді кері қармау селективті тежегіштері (СКҚСТ)
Асқазан-ішек қан кетуінің қаупі жоғары.
Диуретиктер, АӨФ тежегіштері және ангиотензин II антагонистері
ҚҚСП диуретиктер мен басқа да гипертензияға қарсы дәрілік препараттардың әсерінің тиімділігін төмендетуі мүмкін. Бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде (мысалы, сусызданған пациенттерде немесе бүйректің функциясы бұзылған егде жастағы пациенттерде ) АӨФ тежегішін немесе ангиотензин II антагонистерін және циклооксигеназа тежегіштерін бір мезгілде қабылдау бүйрек функциясының бұзылуын, әдетте қайтымды жедел бүйрек жеткіліксіздігі мүмкіндігін қоса алғанда, күшейтуі мүмкін. Осылайша, бұл біріктірілімді, әсіресе егде жастағы пациенттерде сақтықпен қолдану керек. Пациенттерде гидратацияның жеткілікті деңгейі болуы тиіс және қатарлас дәрілік ем басталғаннан кейін, сондай-ақ мезгіл-мезгіл анағұрлым кеш кезеңдерде бүйрек функциясының жай-күйін бақылауға назар аудару керек.
Басқа гипертензияға қарсы дәрілік препараттар (мысалы, бета-рецепторлардың блокаторлары)
Бета-рецепторлар блокаторларының гипертензияға қарсы әсерінің төмендеуі орын алуы мүмкін (тамырды кеңейтетін әсері бар простагландиндердің тежелуіне байланысты).
Кальциневриннің тежегіштері (мысалы, циклоспорин, такролимус)
Кальциневрин тежегіштерінің нефроуыттылығы простагландиндермен байланысты бүйрекке әсер етуінен ҚҚСП әсерімен ұлғаюы мүмкін. Біріктірілген терапия барысында бүйрек функциясының көрсеткіштерін бақылау қажет. Бүйрек функциясын, әсіресе егде жастағы пациенттерде мұқият бақылау ұсынылады.
Деферазирокс
Мелоксикам мен деферазироксты бірлесіп қабылдау асқазан-ішек жолы тарапынан жағымсыз реакциялардың пайда болу қаупін арттыруы мүмкін. Осы дәрілік препараттарды біріктіріп қолданғанда сақ болу керек.
Фармакокинетикалық өзара әрекеттесуі: мелоксикамның басқа дәрілік препараттардың фармакокинетикасына әсері
Литий
ҚҚСП қандағы литий концентрациясын арттырады (бүйрек арқылы литий шығарылуының төмендеуі есебінен), бұл уытты әсерге әкелуі мүмкін. Сондықтан, литий және ҚҚСП препараттарын бір мезгілде қолдану ұсынылмайды. Егер берілген біріктірілім қажет болса, емдеуді бастаған, дозаны түзеткен және мелоксикаммен емдеуді тоқтатқан кезде плазмадағы литий концентрациясын мұқият бақылау керек.
Метотрексат
ҚҚСП метотрексаттың өзекшелік секрециясын төмендетуге қабілетті, осылайша оның плазмадағы концентрациясын арттырады. Сондықтан метотрексатты жоғары дозада (аптасына 15 мг-нан астам) қабылдайтын пациенттерге ҚҚСП бірге қабылдау ұсынылмайды.
ҚҚСП мен метотрексат арасындағы өзара әрекеттесу қаупін метотрексат төмен дозада қабылдайтын пациенттерде, әсіресе бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде ескеру қажет. Егер біріктірілген ем жүргізу қажет болса, жалпы қан талдауының нәтижелерін бақылау және бүйректің функциясын қадағалау қажет. Егер ҚҚСП мен метотрексатты қабылдау арасында 3 күннен аспайтын уақыт өтсе, сақтық таныту қажет, өйткені плазмадағы метотрексат концентрациясы өсіп, уытты әсерге әкелуі мүмкін.
Метотрексат фармакокинетикасына (аптасына 15 мг) мелоксикамды бірлесіп қабылдау маңызды әсер етпесе де, метотрексаттың гематологиялық уыттылығы ҚҚСП емдеу нәтижесінде күшеюі мүмкін екенін ескеру керек.
Пеметрексед
Креатинин клиренсі 45-тен 79 мл/мин-ге дейінгі пациенттерге пеметрекседті енгізгенге дейін 5 күн бұрын мелоксикам қабылдауды тоқтату қажет, пеметрекседті енгізген күні және пеметрекседті енгізгеннен кейін 2 күн ішінде мелоксикам қабылдамауы қажет. Егер мелоксикам мен пеметрекседті бірге қолдану қажет болса, пациенттердің жай-күйін, әсіресе миелосупрессияның және асқазан-ішек жолы тарапынан жағымсыз реакциялардың дамуына мұқият қадағалау қажет. Ауыр дәрежедегі бүйрек жеткіліксіздігі бар (креатинин клиренсі 45 мл/мин төмен) пациенттерге мелоксикам мен пеметрекседті бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.
Бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде (креатинин клиренсі ≥80 мл/мин) 15 мг дозада мелоксикам қабылдау пеметрекседтің шығарылуын төмендетуі мүмкін, демек, пеметрексед тудырған жағымсыз құбылыстардың жиілігін ұлғайтуы мүмкін. Сондықтан бүйрек функциясы қалыпты пациенттерге (креатинин клиренсі ≥80 мл/мин) пеметрекседпен бір мезгілде 15 мг мелоксикамды енгізген кезде сақтық таныту керек.
Фармакокинетикалық өзара әрекеттесуі: басқа дәрілік препараттардың мелоксикам фармакокинетикасына әсері
Холестирамин
Холестирамин бауырішілік циркуляцияны тоқтату есебінен мелоксикамның шығарылуын тездетеді; осылайша, мелоксикам клиренсі 50% - ға артады, ал жартылай шығарылу кезеңі 13 + 3 сағатқа дейін төмендейді. Бұл өзара әрекеттесу клиникалық маңызды болып табылады.
Фармакокинетикалық өзара әрекеттесуі: мелоксикам және басқа да дәрілік препараттар біріктірілімінің фармакокинетикаға әсері
Пероральді қабылдауға арналған диабетке қарсы дәрілер (сульфонилмочевинаның туындылары, натеглинид)
Мелоксикам бауырдағы метаболизм есебінен толығымен дерлік шығарылады, бұл метаболизм шамамен үштен екісіне цитохром (CYP) P450 ферменттерімен (CYP 2C9 негізгі жолы және CYP 3A4 қосалқы жолы) және үштен біріне — басқа жолдармен, мысалы, пероксидазды тотығумен байланысты. Мелоксикам мен CYP 2C9 және/немесе CYP 3A4 алдын ала тежейтін немесе метаболизденетін препараттарды бір мезгілде енгізгенде фармакокинетикалық өзара әрекеттесу мүмкіндігін назарға алған жөн. Пероральді қолдануға арналған диабетке қарсы дәрілер (сульфонилмочевинаның туындылары, натеглинид) сияқты дәрілік заттармен біріктірілімдерді қолданған кезде осы препараттар мен плазмадағы мелоксикам деңгейінің артуына әкелуі мүмкін, CYP 2C9 есебінен өзара әрекеттесуді күтуге болады. Мелоксикам және сульфонилмочевинаның туындыларын немесе натеглинидті бірге қолданғанда пациенттерді гипогликемия белгісіне мұқият бақылау керек.
Антацидтерді, циметидинді және дигоксинді бір мезгілде қабылдағанда ешқандай клиникалық маңызы бар дәріаралық өзара әрекеттесулер байқалған жоқ.
Алкогольмен/азық-түлікпен/өсімдік өнімдерімен өзара әрекеттесу:
Алкоголь:
Алкогольмен бірге қабылдауға болмайды, себебі ол асқазанның шырышты қабығының тітіркенуін арттыруы мүмкін.
Азық-түлікпен/өсімдік өнімдерімен өзара әрекеттесуі:
Мелоксикаммен емдеу кезінде құрамында жоңышқа (беде), анис, мүкжидек, фукус (көпіршікті фукус), бромелайн, ункария, балдыркөк, дәрілік түймедақ, келерия (cholio), кордицепс саңырауқұлағы, донг кай (Қытай аралиясы/ Angelica sinensis), наурызгүл, бойдана, күміс гваюла (tanacetum parthenium), сарымсақ, зімбір, гинкго билоба (Ginkgo biloba), адамтамыр (американдық, панакс, сібірлік), жүзім сүйектері, жасыл шай, гугал (гуггул), атбас талшын (aesculus hippocastanum), ақжелкек, мия, опунция, шабындық трифолиум (қызыл жоңышқа), рейша саңырауқұлағы, SAMe (S-аденозилметионин), лимон бальзамы (жаужапырақ), куркума, күміс тал (salix alba) бар азық-түлікті қолданбаған жөн, себебі бұл өнімдер қосымша антитромбоциттік қасиеттерге ие.