Жалпы ақпарат
Ауырсынуды тиімді бақылау үшін ең аз уақыт ішінде ең аз тиімді дозаны тағайындау арқылы жағымсыз құбылыстардың көрінісін барынша азайтуға болады.
Синергиялық әсерінің пайдасын растайтын қандай-да бір дәлелдердің жоқтығына, сондай-ақ, қосымша жағымсыз әсерлердің туындау ықтималдығына байланысты, Диклоберл® ретард препаратын циклооксигеназа-2 селективті тежегіштерін қоса, басқа да ҚҚСП бір мезгілде қолданудан аулақ болу керек.
Егде жастағы пациенттер
Қауіпсіздік мақсатында егде жастағы пациенттерді емдеу кезінде сақ болу керек. Атап айтқанда, әлсіреген жағдайдағы немесе дене салмағы төмен егде жастағы пациенттерде ең төменгі тиімді дозаны қолдану ұсынылады.
Егде жастағы пациенттерде ҚҚСП жағымсыз реакциялардың әсіресе, асқазан-ішектен қан кетудің, ойықжаралану мен тесілудің жиілігі жоғары. Асқазан-ішек жолы тарапынан осы реакциялар егде жастағы пациенттерде, тұтастай алғанда, аса күрделі салдарлар тудырады және өліммен аяқталуы мүмкін.
Арнайы сақтандырулар
Асқазан-ішек әсерлері
ҚҚСП, соның ішінде диклофенакты қабылдау асқазан-ішек анастомозы жеткіліксіздігінің даму қаупінің жоғарылауымен байланысты болуы мүмкін. Диклофенакты асқазан-ішек жолына хирургиялық араласымнан кейін қолданғанда сақтық таныту және мұқият медициналық бақылау ұсынылады.
Асқазан-ішектен қан кету, ойықжара ауруы және ойықжараның перфорациясы
Кей жағдайларда өлімге де әкелетін асқазан-ішектен қан кету, ойықжараның түзілуі немесе тесілуі, барлық ҚҚСП қатысты емдеудің кез келген сатыларында ізашар симптомдармен немесе оларсыз және анамнезде АІЖ күрделі патологиясының болуына немесе болмауына байланыссыз байқалған.
Асқазан-ішектен қан кету, ойықжараның даму немесе тесілу қаупі анамнезінде ойықжарасы, әсіресе, қан кетумен немесе тесілумен асқынған ойықжарасы бар пациенттерде, сондай-ақ, егде жастағы пациенттерде қабынуға қарсы стероидты емес препараттың дозасын арттырған сайын жоғарылай түседі.
Ондай жағдайларда емдеуді мүмкіндігінше ең аз дозаны қолданып бастау және демеп отыру керек.
Бұл пациенттер үшін, сондай-ақ, аспириннің немесе АІЖ тарапынан жағымсыз құбылыстар қаупін жоғарылататын басқа препараттардың төмен дозаларын қабылдап жүрген пациенттер үшін, АІЖ қатысты қорғағыш әсері бар дәрілік заттарды (мысалы, мизопростолды немесе протонды сорғы тежегіштерін) қолданып біріктіріп емдеуді қолдану мүмкіндігін қарастыру керек.
Анамнезінде АІЖ тарапынан уытты құбылыстар орын алған пациенттер, атап айтқанда, егде жастағы пациенттер құрсақ қуысы ағзалары тарапынан кез келген әдеттен тыс симптомдар туралы (әсіресе, асқазан-ішектен қан кетулер туралы) хабарлап отыруы тиіс; мұның емдеудің бастапқы сатылары үшін маңызы зор. Пациентке, іштің жоғарғы бөлігінде қатты ауырсыну, мелена немесе құсу пайда болса, дәрілік препаратты қабылдауды дереу тоқтату және дәрігерге қаралу керектігі туралы нұсқау беру керек.
Диклофенакты ойықжара немесе қан кетудің туындау қаупін арттыруы мүмкін препараттарды бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерге сақтықпен тағайындау керек; ондай препараттарға жүйелі кортикостероидтар, антикоагулянттар, мысалы, варфарин, серотонинді кері қармаудың селективті тежегіштері немесе тромбоциттер агрегациясын бәсеңдететін дәрілер (антиагреганттар), мысалы аспирин жатады.
Диклоберл® ретард препаратымен емдеу аясында асқазан-ішектен қан кету дамыған немесе ойықжара пайда болған кезде препаратты тоқтату керек.
Асқазан-ішек жолының (АІЖ) ауруларына тән симптомдары, асқазан немесе ішек ойықжарасының болуына күдігі, анамнезінде қан кету немесе тесілуі бар немесе анамнезінде асқазан-ішек жолының аурулары бар (спецификалық емес ойықжаралы колит, Крон ауруы) пациенттерге қабынуға қарсы стероидты емес препараттарды сақтықпен және осы аурулардың өршу қаупіне байланысты мұқият дәрігерлік бақылау аясында тағайындаған жөн.
Жүрек-қантамыр және цереброваскулярлық жүйе тарапынан әсерлер
Анамнезінде артериялық гипертензиясы және/немесе жүрек функциясының орташа жеткіліксіздігі (NYHA I) бар пациенттерге тиісті мониторинг жүргізу және кеңес беру қажет, өйткені ҚҚСП ем кезінде, диклофенакты қоса, сұйықтықтың кідіруі және ісінулердің дамуы туралы хабарланды.
Клиникалық зерттеулердің нәтижелері мен эпидемиологиялық мәліметтерге сәйкес, диклофенакты әсіресе, жоғары дозаларда (тәулігіне 150 мг) және ұзақ уақыт бойы қолдану, артериялық тромбоздар (мысалы, миокард инфарктісі немесе инсульт) қаупінің шамалы жоғарылауымен қатар жүреді.
Жүрек-қантамыр ауруларының (мысалы, артериялық гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті, шылым шегу) дамуының маңызды қауіп факторлары бар пациенттерді мұқият тексеруден кейін ғана диклофенакпен емдеуге болады.
Диклофенакты қабылдаған кезде жүрек-қантамыр патологиясының даму қаупі дозаның жоғарылауымен және қолдану ұзақтығымен жоғарылауы мүмкін болғандықтан, препаратты ең аз тиімді тәуліктік дозада ең аз уақыт ішінде қолдану қажет. Пациенттің симптоматикалық ем жүргізуге қажеттіліктеріне және оның емдеуге реакциясына жүйелі түрде бағалау жүргізу қажет.
Пациенттер кенеттен пайда болуы мүмкін ауыр артериотромбоздық асқынулардың белгілері мен симптомдарына (мысалы, кеуденің ауыруы, ентігу, әлсіздік, түсініксіз сөйлеу) мұқият болуы керек. Пациенттерге мұндай асқынулар туындаған жағдайда дереу дәрігерге қаралуға кеңес беру керек.
Тері реакциялары
Кейде өлімге әкелетін ауыр тері реакцияларының сирек жағдайлары, соның ішінде эксфолиативті дерматит, Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермалық некролиз (Лайелл синдромы) және диклофенакты қабылдаумен байланысты жайылған буллезді бөртпе туралы хабарланды.
Ондай реакциялардың қаупі емдеудің басында анағұрлым жоғары; сипатталған құбылыстардың көпшілігі емдеудің алғашқы айларында байқалған. Тері бөртпесі, шырышты қабықтардың зақымдануы немесе аса жоғары сезімталдықтың басқа белгілері алғаш пайда болғанда-ақ, Диклоберл® ретард препараты тоқтатылуы тиіс.
Бауыр тарапынан бұзылулар
Диклофенакты бауыр функциясы бұзылған пациенттерге сақтықпен тағайындау керек, өйткені емдеу аясында олардың жағдайы нашарлауы мүмкін. Басқа ҚҚСП қабылдағандағы сияқты, диклофенакты қабылдағанда бауырдың бір немесе бірнеше ферменттерінің көрсеткіштері жоғарылауы мүмкін. Диклофенакпен ұзақ уақыт емдегенде немесе оны енгізу қайталанғанда сақтандыру шарасы ретінде, бауыр функциясына жүйелі түрде бақылау жүргізу керек. Бауыр патологиясының клиникалық белгілері пайда болса, препаратты тоқтату қажет.
Бауыр функциясының бұзылуы сақталса немесе нашарласа, бауыр ауруының клиникалық белгілері немесе басқа көріністер (мысалы, эозинофилия, тері бөртпесі) пайда болса, Диклоберл® ретард препаратын қабылдауды дереу тоқтату керек.
Диклофенакты қабылдағанда ізашар симптомдарсыз гепатиттің дамуы мүмкін.
Диклофенакты бауыр порфириясы бар пациенттерге қолданғанда сақ болу қажет, өйткені ол аурудың өршуіне түрткі болуы мүмкін.
Бүйрек тарапынан болатын бұзылулар
ҚҚСП, соның ішінде диклофенакты қабылдағанда, сұйықтықтың кідіруі мен ісіктердің туындағаны туралы хабарламалар болғандықтан, оны жүрек немесе бүйрек функциясы бұзылған пациенттерге, анамнезінде артериялық гипертензиясы бар, егде жастағы пациенттерге, диуретиктерді немесе бүйрек функциясын едәуір төмендететін дәрілік препараттарды бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерге, сондай-ақ, жасушадан тыс сұйықтық көлемінің шығу тегі кез келген, айқын азаюы бар пациенттерге, мысалы, ауқымды хирургиялық араласымдар алдында немесе олардан кейін тағайындағанда, айрықша сақтық таныту керек.
Ондай жағдайларда, сақтандыру шарасы ретінде диклофенакты қабылдағанда бүйрек функциясын бақылау ұсынылады. Емдеуді тоқтату, әдетте, емдеуге дейін орын алған жағдайға қайтып келуге әкеледі.
Гематологиялық әсерлер
Диклоберл® ретард препаратын қоса алғанда, ҚҚСП ұзақ уақыт қолданғанда қан көрсеткіштерін бақылау ұсынылады. Басқа ҚҚСП сияқты, диклофенак терапиясы тромбоциттер агрегациясының уақытша тежелуін тудыруы мүмкін. Сондықтан гемостаздың бұзылуы бар пациенттерге мұқият бақылау жүргізу керек.
Басқа да нұсқаулар
Келесі жағдайларда Диклоберл® ретард препаратын тек «пайда-қауіп» арақатынасын мұқият бағалағаннан кейін ғана тағайындау керек:
-порфирин алмасуының туа біткен бұзылулары кезінде (мысалы, жедел ұстамалы порфирия кезінде);
-жүйелі қызыл жегі (ЖҚЖ) және аралас коллагеноздар сияқты аутоиммундық аурулардан зардап шегетін пациенттерде кейбір жағымсыз әсерлердің – мысалы, асептикалық менингиттің даму қаупі жоғарылайды («Жағымсыз реакциялар» бөлімін қараңыз).
Келесі жағдайларда емдеуші дәрігердің тарапынан ерекше мұқият бақылау қажет:
• бүйрек функциясы бұзылған кезде;
• бауыр функциясы бұзылған кезде;
• көлемді хирургиялық араласымнан кейін (сақ болыңыз: қан кетуге жоғары бейімділік немесе бүйрек функциясының нашарлауы);
• басқа заттарға аллергиясы бар пациенттерде оларға да, Диклоберл® ретард препаратына да аса жоғары сезімталдық реакцияларының даму қаупінің жоғарылауына байланысты.
Тыныс алу ағзаларының аурулары
Демікпемен, пішен қызбасымен, мұрын полиптерімен, өкпенің созылмалы обструктивті ауруларымен немесе тыныс алу жолдарының созылмалы инфекцияларымен ауыратын пациенттерде (әсіресе аллергиялық ринитке ұқсас симптомдармен бірге) аллергиялық реакциялардың даму қаупі жоғары. Олар демікпе ұстамаларымен (анальгезиялық демікпе деп аталады), Квинке ісінуімен немесе есекжеммен көрінуі мүмкін.
Сондықтан мұндай пациенттерге қатысты ерекше сақтық шараларын қолдану ұсынылады (төтенше жағдайларға дайындық). Мұны басқа заттарға аллергиялық реакциясы, мысалы, тері реакциялары, қышыну немесе есекжем бар пациенттерде де ескеру керек.
Аса жоғары сезімталдық реакциялары
Жедел ауыр аса жоғары сезімталдық реакциялары (мысалы, анафилаксиялық шок) диклофенакты қолданған кезде сирек байқалады. Олар препараттың алдын ала әсерінсіз де туындауы мүмкін.
Аса жоғары сезімталдық реакциялары сондай-ақ, миокард инфарктісіне әкелуі мүмкін ауыр аллергиялық реакция Коунис синдромының дамуына дейін өршуі мүмкін. Мұндай реакциялардың симптомдары диклофенакқа аллергиялық реакцияға байланысты пайда болатын кеудедегі ауырсыну түрінде болуы мүмкін.
Диклоберл® ретард препаратын қабылдағаннан кейін аса жоғары сезімталдықтың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда оны қабылдауды тоқтату керек. Қажетті емдеу шараларын байқалған симптомдарға сәйкес білікті мамандар қабылдауы керек.
Басқа ҚҚСП сияқты, өзінің фармакодинамикалық қасиеттеріне байланысты, диклофенак инфекция көріністері мен симптоматикасын бүркемелеуге қабілетті.
Егер Диклоберл® ретард препаратын қолдану кезінде инфекция симптомдары қайтадан пайда болса немесе нашарласа, пациентке инфекцияға қарсы терапияны немесе антибиотиктермен терапияны тағайындау үшін көрсетімдердің бар-жоғын анықтау үшін дереу дәрігерге қаралу ұсынылады.
Диклофенакпен ұзақ уақыт емдегенде бауыр, бүйрек функциясын жүйелі түрде тексеріп отыру және жалпы қан талдауын жүргізу керек.
Ауыруды басатын препараттарды ұзақ уақыт қолданғанда бас ауыруы туындауы мүмкін. Бас ауыруын препараттың дозасын арттыру жолымен басуға тырыспаған дұрыс.
Жалпы, әдетке айналған ауырсынуды басатын дәрілерді қабылдау, әсіресе ауырсынуды басатын бірнеше препаратты біріктіргенде, бүйрек функциясы жеткіліксіздігі қаупімен (анальгезиялық нефропатия) бүйректің қайтымсыз зақымдануына әкелуі мүмкін.
Алкогольді қатар қолдану ҚҚСП класындағы препараттардың әсер етуші заттарымен, әсіресе асқазан-ішек жолы мен орталық жүйке жүйесі тарапынан жанама әсерлерімен байланысты жанама әсерлерді күшейтуі мүмкін.
Қосымша заттар
Бұл медициналық өнімнің құрамында сахароза бар. Сирек тұқым қуалайтын фруктоза жақпаушылығы, глюкоза мен галактозаның мальабсорбция синдромы, сондай-ақ сахараза-изомальтаза ферменттерінің жеткіліксіздігі бар пациенттерге бұл препаратты қабылдауға болмайды.
Бұл дәрілік препарттың құрамында бір капсулаға 1 ммольден аз натрий (23 мг) бар, яғни онда «іс жүзінде натрий жоқ» деп есептеуге болады.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Диклоберл® ретард препаратын жоғары дозада қолданған кезде орталық жүйке жүйесі тарапынан жағымсыз әсерлер орын алуы мүмкін, мысалы, қатты қажу, көру қабілетінің бұзылуы және бас айналу. Осыған байланысты кейбір жағдайларда препаратты қабылдау реакция жылдамдығының төмендеуіне және көше қозғалысына белсенді қатысу немесе машиналарға қызмет көрсету қабілетінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Бұл бұзылулар әсіресе Диклоберл® ретард препаратын алкогольмен бір мезгілде қабылдаған кезде айқын болады.