Қабынуға қарсы жүйелі стероидты емес препараттарды қолдану жөнінде жалпы нұсқаулар
Қабынуға қарсы стероидты емес препараттармен (ҚҚСП) емдеу кезінде, олар ЦОГ-2-ге қатысты селективті ме, жоқ па, оған қарамастан, кез келген уақытта асқазан-ішек жолының ойықжаралары, қан кетулер немесе перфорациялардың дамуы мүмкін, тіпті ізашар симптомдар немесе анамнезінде тиісті аурулар болмаса да. Бұл қауіпті азайту үшін препаратты ең төменгі тиімді дозада мүмкіндігінше қысқа уақыт ішінде қолдану керек.
Плацебо бақыланатын зерттеулерде бірқатар ЦОГ-2-селективті тежегіштерін қолданғанда тромбоздық жүрек-қантамыр және цереброваскулярлық асқынулардың даму қаупінің жоғарылауы көрсетілді. Қазіргі уақытта бұл қауіп ЦОГ-1/ЦОГ-2-ге қатысты жеке ҚҚСП селективтілігімен тікелей байланысты ма, жоқ па белгісіз. Қазіргі уақытта диклофенак бойынша клиникалық зерттеулердің салыстырмалы деректері ұзақ мерзімді терапия кезінде максималды дозада болмағандықтан, ұқсас жоғары қауіптің болу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Клиникалық расталған жүректің ишемиялық ауруы, цереброваскулярлық аурулар, шеткері артериялардың облитерациялайтын аурулары кезінде немесе маңызды қауіп факторлары бар пациенттерде (мысалы, артериялық гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті, шылым шегу) тиісті деректер алынғанға дейін диклофенакты пайда мен қауіптің арақатынасын мұқият бағалағаннан кейін ғана қолдану керек. Осы қауіпке байланысты емдеудің ең төменгі курсы кезінде ең төменгі тиімді дозаны қолдану керек.
ҚҚСП-ның бүйрекке әсері ісінулердің және/немесе артериялық гипертензияның дамуымен сұйықтықтың кідіруін қамтиды. Сондықтан диклофенакты жүрек функциясы бұзылған және сұйықтықтың кідіруіне бейім басқа жағдайлары бар пациенттерде сақтықпен ғана қолдану керек. Диуретиктерді немесе АӨФ тежегіштерін бір мезгілде қабылдайтын пациенттерді, сондай-ақ гиповолемияның даму қаупі жоғары пациенттерді емдеуде де сақ болу ұсынылады.
Егде жастағы адамдарда оның салдары неғұрлым ауыр болады. Диклоберл N 75 препаратымен ем алатын пациенттерде асқазан-ішектен қан кету немесе ойықжара туындаған жағдайда осы дәрілік затты қолдануды тоқтату керек.
Арнайы сақтандырулар
Тері реакциялары
Кейде өлімге әкелетін терінің ауыр реакцияларының сирек жағдайлары, соның ішінде эксфолиативті дерматит, Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермалық некролиз (Лайелл синдромы), эозинофилиямен және жүйелі симптомдармен дәрілік реакция (DRESS-синдром) және диклофенакты қабылдаудан туындаған жайылған буллезді бөртпе туралы хабарланды (Жағымсыз реакциялардың сипаттамасы қараңыз). Ондай реакциялардың қаупі емдеудің басында анағұрлым жоғары; сипатталған құбылыстардың көпшілігі емдеудің алғашқы айларында байқалған. Тері бөртпесінің, шырышты қабықтың зақымдануының алғашқы белгілері немесе аса жоғары сезімталдықтың басқа симптомдары пайда болған кезде Диклоберл® N75 препаратын қабылдауды тоқтату керек.
Аллергиялық реакциялар
Басқа ҚҚСП сияқты, диклофенакты қолданған кезде, тіпті бұл препараттың алдыңғы әсері болмаса да сирек жағдайларда аллергиялық реакциялар, соның ішінде анафилаксиялық/анафилактоидты реакциялардың туындауы мүмкін.
ҚҚСП қабылдаған пациенттерде Коунис синдромы жағдайлары туралы хабарланды. Коунис синдромы аллергиялық реакцияға немесе аса жоғары сезімталдық реакциясына қатысты салдарлық болып табылатын жүрек-қантамыр симптомдарының жиынтығы ретінде анықталады; симптомдар миокард инфарктісіне әкелуі мүмкін коронарлық артериялардың тарылуымен байланыста болады.
Инфекция белгілерін жасыру
Басқа ҚҚСП сияқты, диклофенак, оның фармакодинамикалық қасиеттеріне байланысты инфекциялардың белгілері мен симптомдарын «жасыра» алады. Емдеу кезінде ауырсыну немесе жалпы жағдайдың нашарлауы немесе температураның жоғарылауы сияқты қабынудың басқа белгілері сақталса немесе күшейсе, пациенттерге дереу дәрігерге қаралуға кеңес беру керек.
Сақтандыру шаралары
Жалпы
Диклоберл N75 препаратын және циклооксигеназа-2 селективті тежегіштері сияқты жүйелі ҚҚСП-ларды бір мезгілде қолданудан аулақ болу керек, өйткені жанама әсерлердің күшею қаупі бар (Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі бөлімін қараңыз).
Жалпы медициналық себептерге байланысты егде жастағы пациенттерді емдеу кезінде сақ болу керек. Атап айтқанда, әлсіреген егде жастағы немесе дене салмағы төмен пациенттерге препаратты ең аз тиімді дозада тағайындау ұсынылады.
Тыныс алу жүйесі тарапынан жанама әсерлер (бұрын болған бронх демікпесі)
Демікпенің өршуі басқа пациенттерге қарағанда (анальгетиктердің жақпауы/анальгезиялық демікпе деп аталады), ангионевроздық ісіну немесе есекжем сияқты ҚҚСП реакциялары демікпе, маусымдық аллергиялық ринит, мұрынның шырышты қабығының ісінуі (мысалы, мұрын полиптері), өкпенің созылмалы обструктивті ауруы немесе тыныс алу жолдарының созылмалы инфекциясы бар пациенттерде жиі кездеседі (әсіресе егер ол аллергиялық ринитке ұқсас симптомдармен бірге жүрсе). Сондықтан мұндай пациенттерді емдеу кезінде ерекше сақ болу керек (күтпеген жағдайларға дайын болу керек). Бұл басқа заттарға аллергиялық реакциясы бар пациенттерге де қатысты, мысалы, тері бөртпесі, қышыну немесе есекжем.
Бронх демікпесімен ауыратын пациенттерге Диклоберл® N75 препаратын парентеральді енгізу кезінде ерекше сақ болу керек, себебі бұл симптомдардың өршуіне әкелуі мүмкін.
Асқазан-ішек жолына әсері
Диклофенакты қоса алғанда, барлық ҚҚСП жағдайындағы сияқты, Диклоберл® N75 препаратын тағайындау кезінде асқазан-ішек жолы (АІЖ) тарапынан бұзылуларды көрсететін симптомдары бар пациенттерге, сондай-ақ анамнезінде асқазан немесе ішек ойықжарасы, қан кетуі немесе перфорациясы бар пациенттерге мұқият медициналық бақылауды қамтамасыз ету және аса сақ болу қажет (Жағымсыз реакциялардың сипаттамасы бөлімін қараңыз). Асқазан-ішектен қан кету қаупі ҚҚСП-ны жоғары дозада қолданғанда, сондай-ақ анамнезінде асқазанның ойықжара ауруы бар пациенттерге, әсіресе қан кету немесе перфорация сияқты асқынулармен бірге жүрсе және егде жастағы адамдарда артады.
Асқазан-ішек жолына қатысты уыттылық қаупін азайту үшін, анамнезінде ойықжара ауруы бар пациенттерде, әсіресе қан кету немесе перфорациямен асқынған жағдайда, сондай-ақ егде жастағы адамдарда емдеуді препаратты минималды тиімді дозада бастау және қолдану керек.
Мұндай пациенттер үшін, сондай-ақ ацетилсалицил қышқылын (АСҚ) төмен дозада немесе асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулардың қаупін арттыруы мүмкін басқа да дәрілік заттарды қатар қабылдауды қажет ететін пациенттер үшін протектор-препараттарды (мысалы, протонды сорғы тежегіштері немесе мизопростол) қолдана отырып, біріктірілген терапия мүмкіндігін қарастыру қажет.
Анамнезінде асқазан-ішек жолына уытты әсері болған пациенттер, әсіресе егер олар егде жастағы пациенттер болса, құрсақ қуысы ағзалары тарапынан кез келген ерекше симптомдар (ең алдымен асқазан-ішектен қан кету туралы) туралы хабарлауы керек. Жүйелі кортикостероидтар, антикоагулянттар, антиагреганттар немесе серотонинді кері қармайтын селективті тежегіштер сияқты ойықжаралардың немесе қан кетудің қаупін арттыруы мүмкін препараттарды бір уақытта қабылдайтын пациенттерде сақ болу керек (Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі бөлімін қараңыз).
ҚҚСП, соның ішінде диклофенак, асқазан-ішек анастомозының тұрақсыздық қаупінің жоғарылауымен байланысты болуы мүмкін. Диклоберл N75 препаратын асқазан-ішек жолына операция жасағаннан кейін қолданған кезде мұқият дәрігерлік бақылау және сақтық ұсынылады.
Бауырға әсері
Бауыр функциясы бұзылған пациенттерге Диклоберл N75 препаратын тағайындаған кезде мұқият медициналық бақылау қажет, себебі олардың жағдайы нашарлауы мүмкін (Жағымсыз реакциялардың сипаттамасы бөлімін қараңыз).
Басқа ҚҚСП-ны, соның ішінде Диклоберл N75 препаратын қабылдау кезіндегі сияқты, бауырдың бір немесе бірнеше ферменттерінің деңгейінің жоғарылауы мүмкін. Бұл туралы диклофенакты клиникалық сынаулардың барысында жиі хабарланған (пациенттердің шамамен 15%-ында), бірақ бұл құбылыс сирек клиникалық симптомдармен бірге жүреді. Бұл жағдайлардың көпшілігінде жоғарылау шамалы болды. Орташа өсу (қалыптың жоғары шегінен ≥3 – < 8 есе жоғары) жиі байқалды (2,5%-ында), ал айқын жоғарылау жиілігі (қалыптың жоғары шегінен ≥8 есе жоғары) шамамен 1% деңгейінде қалды. Жоғарыда аталған клиникалық сынақтар барысында пациенттердің 0,5%-ында бауыр ферменттері деңгейінің жоғарылауынан басқа бауырдың клиникалық айқын зақымдануы байқалды. Препаратты қабылдауды тоқтатқаннан кейін ферменттер деңгейінің жоғарылауы әдетте қайтымды болды.
Диклофенакпен емдеу кезінде ізашар-симптомдарсыз гепатиттің дамуы мүмкін. Диклоберл N75 препаратын гепатиттік порфириямен ауыратын пациенттерге сақтықпен тағайындау керек, себебі ол ұстаманы тудыруы мүмкін.
Бүйректерге әсері
Простагландиндер бүйрек перфузиясын сақтауда маңызды рөл атқаратынын ескере отырып, ҚҚСП-мен, соның ішінде диклофенакпен жоғары дозада ұзақ уақыт емдеу көбінесе ісінулер мен артериялық гипертензияның дамуына әкеледі (1-10% жағдайда).
Жүрек немесе бүйрек функциясы бұзылған пациенттерді, анамнезінде гипертониясы бар пациенттерді, егде жастағы пациенттерді, диуретиктерді немесе бүйрек функциясына айтарлықтай әсер ететін препараттарды бір мезгілде қабылдайтын пациенттерді, сондай-ақ кез келген себептен туындаған, мысалы, хирургиялық ауыр араласымға дейін немесе одан кейін жасушадан тыс кеңістіктегі сұйықтықтың айқын тапшылығы бар пациенттерді емдеуде ерекше сақтық таныту керек (Қолдануға болмайтын жағдайлар бөлімін қараңыз). Ондай жағдайларда, сақтандыру шарасы ретінде Диклоберл N75 препаратын қолданған кезде бүйрек функциясын бақылау ұсынылады. Емдеуді тоқтатқаннан кейін пациенттің жағдайы, әдетте, емдеу басталғанға дейінгіге қайта оралады.
Жүрек-қантамыр жүйесіне әсері
Қабынуға қарсы стероидты емес препараттармен (ҚҚСП) емдеу, соның ішінде диклофенакпен, жүрек-қантамырдың ауыр тромбоздық оқиғаларының (миокард инфарктісі мен инсультті қоса) даму қаупінің шамалы жоғарылауымен байланысты болуы мүмкін, әсіресе жоғары дозаларда және ұзақ уақыт қолданғанда.
Диклоберл N75 препаратымен емдеу әдетте жүрек-қантамыр аурулары (жүрек функциясының жеткіліксіздігі, жүректің ишемиялық ауруы, шеткері артериялардың окклюзиялық ауруы) немесе бақыланбайтын артериялық гипертензиясы бар пациенттерге ұсынылмайды. Қажет болған жағдайда жүрек-қантамыр аурулары, бақыланбайтын артериялық гипертензияcы немесе жүрек-қантамыр ауруларының маңызды қауіп факторлары бар пациенттерге (мысалы, артериялық гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті және шылым шегу) мұқият бағалау жүргізілгенге дейін Диклоберл N75 препаратын тағайындауға болмайды; емдеуді 4 аптадан артық жалғастырған кезде препараттың дозасы тәулігіне 100 мг аспауы керек.
Диклофенакты қабылдаумен байланысты жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан бұзылыстардың қауіп факторлары дозаға және емдеу ұзақтығына байланысты күшеюі мүмкін болғандықтан, препаратты мүмкіндігінше қысқа уақыт ішінде ең аз тиімді тәуліктік дозада тағайындау керек. Пациентте симптомдардың қарқындылығын төмендету қажеттілігі және оның емдеуге реакциясы мезгіл-мезгіл бағалануы керек, әсіресе емдеу 4 аптадан астам уақытқа созылса.
Пациент кенеттен пайда болуы мүмкін ауыр артериялық тромбоэмболиялық құбылыстардың белгілері мен симптомдарына (мысалы, кеуденің ауыруы, ентігу, әлсіздік, түсініксіз сөйлеу) мұқият қарауы керек. Пациенттерге мұндай құбылыстар туындаған жағдайда дереу дәрігерге қаралу қажеттілігі туралы нұсқау беру керек.
Инъекция орнындағы реакциялар
Диклоберл N75 препаратын бұлшықет ішіне енгізгеннен кейін инъекция орнындағы реакциялар, оған қоса инъекция орнындағы некроз және Николау синдромы деп аталатын тері тамырларының дәрі-дәрмектік эмболиясы (әсіресе байқаусызда тері астына енгізгеннен кейін) туралы хабарланды. Диклоберл N75 препаратын бұлшықет ішіне енгізген кезде инені тиісті таңдау мен енгізу техникасын ұстану керек (Дозалау режиімі бөлімін қараңыз).
Қан жүйесіне әсері
Диклоберл N75 препаратымен ұзақ уақыт емдегенде, басқа ҚҚСП сияқты, жалпы қан талдауының көрсеткіштерін бақылау ұсынылады.
Басқа ҚҚСП сияқты, диклофенак тромбоциттердің агрегациясын уақытша тежей алады. Қан ұюының бұзылыстары бар пациенттер мұқият бақылауды қажет етеді.
Қосымша заттар
Осы дәрілік препарттың құрамында бір инъекцияға 105 мг бензил спирті бар. Бензил спирті аллергиялық реакцияларды тудыруы мүмкін.
Егер сіз жүкті болсаңыз, бала емізсеңіз немесе бауыр не бүйрек аурулары болса, дәрігермен немесе фармацевтпен кеңесіңіз. Себебі бензил спиртінің көп мөлшері организмде жиналып, жанама әсерлерді тудыруы мүмкін («метаболизмдік ацидоз» деп аталады).
Бұл дәрілік препараттың құрамында 1 мл-ге 200 мг пропиленгиколь бар, бұл бір инъекцияға 600 мг сәйкес келеді.
Бұл дәрілік препарттың құрамында бір инъекцияға 1 ммольден аз натрий (23 мг) бар, яғни онда «іс жүзінде натрий жоқ» деп есептеуге болады.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Диклоберл® N75 препаратын қабылдау кезінде шаршауды, көру қабілетінің бұзылуын,мәңгіру жағдайын, бас айналуды, ұйқышылдықты, орталық жүйке жүйесі тарапынан бұзылуларды сезінетін пациенттер автокөлік жүргізуден немесе механизмдермен жұмыс істеуден бас тартуы керек. Аталған құбылыстар препаратты алкогольмен бірге қабылдаған кезде күшейе түседі.
Ескертпе:
Диклоберл® N 75 препаратының құрамына кіретін пропиленгликоль алкоголь тұтынудан кейін пайда болатын белгілерге ұқсас симптомдар тудыруы мүмкін.