Жүйелі ҚҚСП қолдану бойынша жалпы ескертулер
Даму қаупінің жоғарылауын ескеру керек:
• асқазан-ішектен қан кету, ойық жаралар немесе тесілу, ескертуші симптомдар немесе анамнезде күрделі асқазан-ішек бұзылулары бар болғанда да, болмаған кезде де, олар ҚҚСП-мен, циклооксигеназа-2 (ЦОГ-2) селективті немесе селективті емес тежегіштерімен емдеу кезінде кез келген кезеңде дамуы мүмкін. Бұл қауіпті азайту үшін ең қысқа уақыт ішінде ең төмен тиімді дозаны қолдану керек.
• тромбоздық жүрек-қантамырлық және цереброваскулярлық асқынулар (плацебо-бақыланатын зерттеулердің деректері бойынша кейбір ЦОГ-2 селективті тежегіштерін қолдану кезінде). Бұл қауіп жекелеген ҚҚСП ЦОГ-1/ЦОГ-2-селективтілігімен тікелей байланысты ма, жоқ па, белгісіз. Диклофенактың ең жоғары дозасымен ұзақ емдеу кезіндегі салыстырмалы клиникалық зерттеулердің деректері болмағандықтан, осыған ұқсас қауіптің жоғарылауын жоққа шығаруға болмайды. Мұндай деректер қолжетімді болғанға дейін, диклофенакты жүректің клиникалық тұрғыда расталған ишемиялық ауруы, цереброваскулярлық аурулары, шеткері артериялардың окклюзиялық аурулары немесе елеулі қауіп факторлары бар (мысалы, артериялық гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті, шылым шегу) пациенттерде пайда/қауіп арақатынасын мұқият бағалағаннан кейін ғана қолдану керек. Аталған қауіпті ескеріп, емдеудің ықтимал ең аз курсы ішінде ең төмен тиімді дозаны қолдану керек.
• ісінулердің және/немесе артериялық гипертензияның дамуымен сұйықтық іркілісі (ҚҚСП бүйрекке ықпал ету әсерлері). Сондықтан диклофенакты жүрек функциясының бұзылуы және сұйықтық іркілісіне бейімдейтін басқа да жай-күйлері бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек. Диуретиктерді немесе АӨФ тежегіштерін бір мезгілде қабылдайтын пациенттерде, сондай-ақ гиповолемияның қаупі жоғарылаған пациенттерде қолданған кезде сақтық танытқан жөн.
• егде жастағы пациенттердегі жағымсыз реакциялар. Асқазан-ішектен қан кету немесе ойық жаралар пайда болған жағдайда препаратты қолдануды тоқтату керек.
Тері реакциялары
Диклофенакты қолдану кезінде эксфолиативті дерматит, Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермальді некролиз (Лайелл синдромы), сондай-ақ жайылған буллезді бөртпе және эозинофилиямен және жүйелі симптомдармен дәрілік бөртпе (DRESS-синдром) сияқты ауыр, тіпті өлімге әкелетін тері реакциялары туралы өте сирек хабарланды. Пациенттер, шамасы, бұл реакциялардың дамуының ең жоғары қаупіне емдеудің басында ұшырайды, олар көп жағдайда емдеудің бірінші айында байқалады. Тері бөртпесі, шырышты қабықтың зақымдануы немесе аса жоғары сезімталдықтың кез келген басқа белгілері алғашқы пайда болған кезде Диклофенак препаратын қолдануды тоқтату керек.
Басқа да ҚҚСП қолданған кездегідей, диклофенак аллергиялық реакцияларды, оның ішінде анафилаксиялық/анафилактоидты реакцияларды, тіпті мұның алдында препарат қолданылмаса да, сирек туындатуы мүмкін.
Инфекция белгілерін бүркемелеу
Өзінің фармакодинамикалық қасиеттерінің салдарынан диклофенак, басқа да ҚҚСП сияқты, инфекцияның белгілері мен симптомдарын бүркемелеуі мүмкін.
Жалпы
Жағымсыз әсерлердің жинақталу мүмкіндігіне байланысты, Диклофенакты және ЦОГ-2 селективті тежегіштері сияқты жүйелі ҚҚСП бір мезгілде қолданудан аулақ болу керек.
Сонымен қатар Егде жастағы пациенттер (65 жас және одан үлкен) бөлімін де қараңыз
Респираторлық әсерлері (анамнездегі бронх демікпесі)
Бронх демікпесі, маусымдық аллергиялық ринит, мұрынның шырышты қабығының ісінуі (мұрын полиптері), өкпенің созылмалы обструктивті аурулары немесе тыныс алу жолдарының созылмалы инфекциялары (әсіресе аллергиялық ринитпен байланысты) бар пациенттерде бронх демікпесінің ұстамасы (анальгетиктердің жақпаушылығы/аллергиялық демікпе деп аталатын), Квинке ісінуі немесе есекжем сияқты ҚҚСП-ға реакциялар жиі туындайды. Пациенттердің бұл тобында, сондай-ақ басқа препараттарға аллергиясы бар пациенттерде (мысалы, тері реакциялары, қышыну немесе есекжем) препаратты қолдану кезінде ерекше сақтық таныту ұсынылады (шұғыл көмекке дайын болу).
Асқазан-ішекке әсерлері
Диклофенакты қоса, басқа да ҚҚСП қолданған кездегідей, мұқият медициналық бақылау қажет, және Диклофенак препаратын асқазан-ішек бұзылыстарын білдіретін симптомдары бар немесе асқазанның және ішектің ойық жарасының белгілері, анамнездегі қан кету немесе АІЖ тесілуі бар пациенттерге тағайындаған кезде ерекше сақтық таныту керек. АІЖ-ден қан кету, ойық жара немесе тесілу қаупі ҚҚСП жоғары дозаларын қолданған кезде, сондай-ақ анамнезінде ойық жара ауруы бар пациенттерде, әсіресе қан кетумен немесе тесілумен асқынған кезде, сонымен қатар егде жастағы пациенттерде жоғарылайды.
АІЖ ойық жаралы зақымдануы бар, әсіресе анамнезде асқынған қан кетуі немесе тесілуі бар пациенттерде, сондай-ақ егде жастағы пациенттерде АІЖ-ге уытты әсер ету қаупін төмендету үшін препаратты ең төменгі тиімді дозада қабылдау керек.
Осындай пациенттер үшін, сондай-ақ асқазан-ішектік асқынулар қаупін арттыратын ацетилсалицил қышқылының немесе басқа препараттардың төмен дозаларын бір мезгілде қолдануды қажет ететіндер үшін гастропротекторларды (мысалы, протондық помпа тежегіштерді немесе мизопростолды) қолдану қажеттілігін қарастыру керек.
Анамнезінде асқазан-ішектің жағымсыз әсерлері бар пациенттер, әсіресе егде жастағылар, кез келген әдеттен тыс абдоминальді симптомдар туралы (әсіресе АІЖ-ден қан кету туралы) хабарлауға тиіс. Кортикостероидтар, антикоагулянттар (варфарин), тромбозға қарсы препараттар немесе серотонинді кері қармаудың селективті тежегіштері сияқты ойық жараның немесе қан кетудің қаупін арттыруы мүмкін дәрілік препараттарды бір мезгілде қабылдап жүрген науқастарда сақ болу керек.
Диклофенакты қоса, ҚҚСП қолдану асқазан-ішек анастомозы дәрменсіздігінің даму қаупі жоғарылауымен байланысты болуы мүмкін. Диклофенак препаратын АІЖ операциясынан кейін қолданған кезде сақ болу керек және операциядан кейінгі кезеңде мұқият медициналық бақылау ұсынылады.
Гепатобилиарлық әсерлері
Бауыр функциясы бұзылған пациенттерге диклофенакты тағайындау кезінде мұқият медициналық бақылау қажет, өйткені олардың жағдайы нашарлауы мүмкін.
Препаратты қолдану кезінде, басқа да ҚҚСП-мен емдеу кезіндегі сияқты, бір немесе бірнеше бауыр ферменттерінің деңгейі жоғарылауы мүмкін. Сондықтан Диклофенак препаратымен ұзақ емдеу кезінде бауыр функциясын жүйелі түрде бақылау керек.
Егер бауырдың функционалдық көрсеткіштері тарапынан қалыпты шамалардан ауытқулар сақталса немесе нашарласа, немесе егер бауыр ауруының дамуын көрсететін клиникалық белгілер немесе симптомдар дамыса немесе басқа жағымсыз әсерлер пайда болса (мысалы, эозинофилия, бөртпе), Диклофенак қабылдауды тоқтату керек.
Бауыр ферменттері деңгейінің жоғарылауынан басқа, кейбір жағдайларда өліммен аяқталатын сарғаюды және фульминантты гепатитті, бауыр некрозы мен бауыр жеткіліксіздігін қоса, бауырдың ауыр реакцияларының сирек жағдайлары туралы хабарланды. Гепатит продромальды симптомдарсыз дамуы мүмкін. Диклофенакты бауыр порфириясы бар пациенттерге сақтықпен қолдану керек, өйткені препарат ұстама тудыруы мүмкін.
Бүйрек әсерлері
Бүйрек қан ағымын сақтаудағы простагландиндер функциясының маңыздылығына байланысты, диклофенакты қоса, ҚҚСП жоғары дозаларымен ұзақ емдеу көбінесе (1-10 %) ісінудің және артериялық гипертензияның дамуына әкеледі.
Препаратты жүрек және бүйрек функциясы бұзылған, анамнезінде артериялық гипертензиясы бар пациенттерге, егде жастағы адамдарға, диуретиктерді немесе бүйрек функциясына елеулі әсер етуі мүмкін препараттарды қабылдайтын, сондай-ақ жасушадан тыс сұйықтықтың этиологиясы әртүрлі айтарлықтай төмендеуі бар пациенттерге, мысалы, ауқымды хирургиялық араласу кезеңінде және одан кейін тағайындағанда ерекше сақтық қажет. Препаратты қолдану кезінде сақтық шарасы ретінде бүйрек функциясына мониторинг жүргізу ұсынылады. Емді тоқтату әдетте бүйрек функциясының бастапқы деңгейіне дейін қалпына келуіне әкеледі.
Жүрек-қантамырлық әсерлері
ҚҚСП, соның ішінде диклофенакпен емдеу, әсіресе ұзақ мерзімді емдеу және жоғары дозаларды қолданып емдеу күрделі жүрек-қантамырлық тромбоздық асқынулар (миокард инфарктісі мен инсультті қоса) қаупінің шамалы жоғарылауымен астасуы мүмкін.
Препаратпен емдеу, әдетте, жүрек-қан тамырлық аурулары (жүрек жеткіліксіздігі, жүректің расталған ишемиялық ауруы, шеткері артериялардың аурулары) немесе бақыланбайтын артериялық гипертензиясы бар пациенттерге ұсынылмайды. Жүрек-қантамыр аурулары, бақыланбайтын артериялық гипертензиясы немесе жүрек-қантамыр ауруларының елеулі қауіп факторлары (мысалы, артериялық гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті және темекі шегу) бар пациенттерге Диклофенакты тек пайда/қауіп арақатынасын мұқият қарастырғаннан кейін ғана және әсіресе емдеу ұзақтығы 4 аптадан астамға созылатын кезде тәулігіне 100 мг-ден аспайтын дозаларда ғана тағайындау керек.
Диклофенактың жүрек-қантамырлық қауіптері дозаның және әсер ету ұзақтығының ұлғаюымен артуы мүмкін болғандықтан, ең аз тиімді тәуліктік дозаны ең қысқа уақыт кезеңі ішінде қолдану керек. Емнің тиімділігін және пациенттің симптоматикалық емге қажеттілігін, әсіресе емдеу 4 аптадан астамға созылатын болса, мезгіл-мезгіл бағалап отыру керек.
Пациенттер ескертуші симптомдарсыз дамуы мүмкін күрделі артериялық тромбоэмболиялық құбылыстардың (мысалы, кеуденің ауыруы, ентігу, әлсіздік,
сөйлеудің бұзылуы) белгілері мен симптомдарының пайда болу ықтималдығы және мұндай оқиғалар пайда болған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажеттілігі туралы хабардар болуы тиіс.
Гематологиялық әсерлері
Басқа ҚҚСП қолданған кездегі сияқты, Диклофенак препаратын ұзақ уақыт қолданғанда қан көрсеткіштерін жүйелі түрде бақылау ұсынылады.
Басқа ҚҚСП сияқты, диклофенак тромбоциттер агрегациясын уақытша тежей алады. Сондықтан, қан ұюының бұзылыстары бар пациенттерді мұқият бақылау керек.
Арнайы сақтандырулар
Анамнезінде жүрек-қантамыр аурулары бар немесе жүрек-қантамыр ауруларының елеулі қауіп факторлары бар пациенттер
Диклофенак анықталған жүрек-қантамыр ауруы немесе бақыланбайтын артериялық гипертензиясы бар пациенттерге ұсынылмайды. Бұрын жүрек-қантамыр аурулары, бақыланбайтын артериялық гипертензиясы болған немесе жүрек-қантамыр ауруларының елеулі қауіп факторлары бар пациенттерге тағайындау қажет болған кезде, емдеуді мұқият баға беруден кейін ғана және 4 аптадан астам уақыт бойы қолданған кезде 100 мг дейінгі дозаларда ғана жүргізу керек.
Бауыр функциясының бұзылулары бар пациенттер
Диклофенакты бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерге қолдануға болмайды.
Өйткені бауыр функциясы бұзылған пациенттерде арнайы зерттеулер жүргізілмеген, сондықтан дозаны түзету бойынша нақты ұсыныстар беру мүмкін емес.
Препаратты бауыр функциясының жеңіл және орташа дәрежедегі бұзылулары бар пациенттерге қолданған кезде сақ болу ұсынылады.
Диклофенакты бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерге қолдануға болмайды.
Бауыр функциясы бұзылған пациенттерде арнайы зерттеулер жүргізілмеген, сондықтан дозаны түзету бойынша нақты ұсыныстар беру мүмкін емес
Диклофенакты бауыр функциясы жеңіл және орташа ауырлық дәрежесінде бұзылған пациенттерде сақтықпен тағайындау керек .
Бүйрек функциясының бұзылулары бар пациенттер
Диклофенакты бүйрек жеткіліксіздігі бар (шумақтық сүзілу жылдамдығы (ШСЖ) <15 мл/мин/1,73 м2) пациенттерде қолдануға болмайды.
Бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде арнайы зерттеулер жүргізілмеген, сондықтан дозаны түзету бойынша нақты ұсыныстар беру мүмкін емес. Диклофенакты бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде сақтықпен қолдану керек.
Егде жастағы пациенттер (65 жас және одан үлкен)
Егде жастағы пациенттерде бастапқы дозаны түзету қажет емес. Препаратты тағайындаған кезде сақтық танытып, ең төмен тиімді дозасын қолданған жөн, әсіресе әлсіреген егде жастағы пациенттерде және дене салмағы төмен пациенттерде.
Қосымша заттар
Диклофенак ректальді суппозиторийлерінің құрамында қосымша зат ретінде цетил спирті бар, ол жергілікті тері реакцияларын туғызуы мүмкін (мысалы, жанаспалы дерматит).
Педиатрияда қолдану
50 мг дозадағы суппозиторийлер 14 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды
100 мг дозадағы суппозиторийлер 18 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Препаратты қолдану аясында көру қабілетінің бұзылуы, ұйқышылдық, бас айналуы немесе орталық жүйке жүйесі тарапынан басқа да бұзылыстар туындайтын пациенттер автокөлікті басқарудан және механизмдермен жұмыс істеуден бас тарта тұруы керек.