Келесі дәрілік препараттарды бір мезгілде қолдануға болмайды
Цизаприд: флуконазол мен цизапридті бір мезгілде қабылдаған пациенттерде жүрек тарапынан жағымсыз құбылыстар жағдайлары, соның ішінде полиморфты қарыншалық тахикардия (torsades de pointes) жағдайлары тіркелді. Тәулігіне бір рет 200 мг флуконазол мен күніне төрт рет 20 мг цизапридті бір мезгілде қолдану цизапридтің қан плазмасындағы деңгейлерінің елеулі артуына және QTс аралығының ұзаруына алып келеді. Флуконазол мен цизапридті бір мезгілде қолдануға болмайды
Терфенадин: зеңге қарсы азолдық препараттарды терфенадинмен бірге қабылдаған пациенттерде QTс аралығының ұзаруы салдарынан пайда болған жүректің ауыр аритмиясы анықталғаннан кейін осы препараттардың өзара әрекеттесуін зерделеу бойынша зерттеулер жүргізілді. Бір зерттеуде флуконазолды тәулігіне 200 мг дозада қолданғанда QTс аралығының ұзарғаны байқалған жоқ. Басқа зерттеуде, флуконазолды тәулігіне 400 мг және одан көп (800 мг) дозаларда қабылдағанда, флуконазолды тәулігіне 400 мг және одан көп дозаларда қабылдау онымен қатар қабылданған терфенадиннің плазмалық деңгейлерінің елеулі артуына алып келетінін көрсетті. 400 мг және одан артық дозалардағы флуконазол мен терфенадинді бір мезгілде қолдануға болмайды. Тәулігіне 400 мг-ден аз дозалардағы флуконазол мен терфенадинді бір мезгілде қолдануды дәрігердің мұқият қадағалауымен жүргізу керек.
Астемизол: флуконазол мен астемизолды бір мезгілде қолдану астемизол клиренсінің төмендеуіне алып келуі мүмкін. Астемизолдың плазмалық концентрациясының жоғарылауы QT аралығының ұзаруына және сирек жағдайларда полиморфты қарыншалық тахикардияның (torsades de pointes) туындауына әкелуі мүмкін. Флуконазол мен астемизолды бір мезгілде қолдануға болмайды.
Пимозид: in vitro немесе in vivo зерттеулер жүргізілмегеніне қарамастан, флуконазол мен пимозидті бір мезгілде қолдану пимозид метаболизмінің тежелуіне әкелуі мүмкін. Пимозидтің жоғары плазмалық концентрациялары QT аралығының ұзаруына, ал сирек жағдайларда полиморфты қарыншалық тахикардияның туындауына әкелуі мүмкін. Флуконазол мен пимозидті бір мезгілде қолдануға болмайды
Хинидин: in vitro немесе in vivo зерттеулер жүргізілмегеніне қарамастан, флуконазол мен хинидинді бір мезгілде қолдану хинидин метаболизмінің тежелуіне әкелуі мүмкін. Хинидин қолданғанда QT аралығының ұзару жағдайлары және полиморфты қарыншалық тахикардияның (torsades de pointes) сирек жағдайлары байқалған. Флуконазол мен хинидинді бір мезгілде қолдануға болмайды
Эритромицин: флуконазол мен эритромицинді бір мезгілде қолдану кардиоуыттылықтың (QT аралығының ұзаруы, полиморфты қарыншалық тахикардия (torsades de pointes)) және осының салдарынан кенеттен жүректен болатын өлімнің әлеуетті қаупін арттырады. Флуконазол мен эритромицинді бір мезгілде қолдануға болмайды
Келесі дәрілік препараттарды бір мезгілде қолдану ұсынылмайды
Галофантрин: флуконазол СҮР3А4 ферментіне тежегіш әсері салдарынан галофантриннің плазмалық концентрациясын арттыруы мүмкін. Флуконазол мен галофантринді бір мезгілде қолдану кардиоуыттылығының әлеуетті қаупін (QT аралығының ұзаруы, полиморфты қарыншалық тахикардия (torsades de pointes)) және соның салдары ретінде, кенеттен жүректен болатын өлім қаупін арттырады. Препараттардың мұндай біріктірілімін болдырмау керек
Келесі дәрілік препараттарды бір мезгілде қолдану сақтықты қажет етеді
Амиодарон: флуконазол мен амиодаронды бір мезгілде қолдану QT аралығының ұзаруына алып келуі мүмкін. Флуконазол мен амиодаронды бір мезгілде қолдану қажет болған жағдайда, әсіресе, флуконазолды жоғары дозаларында (800 мг) қолданған кезде сақтық таныту керек.
Келесі дәрілік препараттарды бір мезгілде қолдану сақтықты және олардың дозасын түзетуді қажет етеді
Басқа дәрілік препараттардың флуконазолға әсері
Рифампицин: флуконазол мен рифампицинді бір мезгілде қолдану флуконазолдың AUC мәндерінің 25 %-ға төмендеуіне және жартылай шығарылу кезеңінің 20 %-ға қысқаруына алып келеді. Рифампицинді бірге қабылдап жүрген пациенттерге флуконазолдың дозасын арттыру керек.
Өзара әрекеттесу зерттеулері көрсеткендей, флуконазолды тамақпен, циметидинмен, антацидтермен немесе сүйек кемігін ауыстырып салғаннан кейінгі организмнің жаппай сәулеленуімен бірге ішу арқылы қабылдау флуконазолдың сіңірілуінің клиникалық тұрғыдан елеулі нашарлауына алып келмейді.
Гидрохлоротиазид: фармакокинетикалық өзара әрекеттесулер зерттеуі барысында флуконазол қабылдаған дені сау еріктілерде гидрохлоротиазидтің көп реттік дозаларын бір мезгілде қабылдау флуконазолдың плазмадағы концентрациясының 40 % жоғарылауын туындатты. Сонымен қатар, диуретиктерді бір мезгілде қолданған кезде флуконазолды қабылдау режимін өзгерту қажет емес.
Флуконазолдың басқа дәрілік препараттарға әсері
Флуконазол Р - 450 цитохромының CYP2C9 және CYP3A4 изоферменттерінің орташа тежегіші болып табылады. Флуконазол сондай-ақ CYP2C19 изоферментінің күшті тежегіші болып табылады. Төменде көрсетілген анықталған/құжатталған өзара әрекеттесумен қатар, CYP2C9, CYP2C19 және CYP3A4 ферменттерімен метаболизденетін және флуконазолмен бір мезгілде қолданылатын басқа құрамдастарының плазмалық концентрациясының арту қаупі бар. Сондықтан бұл препараттарды сақтықпен үйлестіру керек, және пациенттер дәрігердің мұқият қадағалауында болуы тиіс. Флуконазолдың ферменттерге тежегіштік әсері, оның жартылай шығарылу кезеңінің ұзақтығына байланысты, аталған препаратпен емдеуді тоқтатқаннан кейін 4 - 5 күн бойы жалғасады
Аброцитиниб: флуконазол ( CYP2C19, 2C9, 3A4 тежегіші) аброцитинибтің әсер ететін затының әсер ету деңгейін 155 %-ға арттырды. Аброцитинибті флуконазолмен бірге қолданған кезде аброцитинибтің дозасын оның медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулығында көрсетілгендей түзету керек.
Алфентанил: флуконазол (400 мг) мен венаішілік алфентанилді (20 мкг/кг) бір мезгілде қолдану барысында дені сау адамдарда алфентанилдің AUC10 мәні 2 есе артады, бұл CYP3A4 изоферментінің тежелуінен болуы мүмкін. Алфентанилдің дозасын түзету қажеттілігі туындауы мүмкін.
Амитриптилин, нортриптилин: флуконазол амитриптилиннің және нортриптилиннің әсерін күшейтеді. 5-нортриптилиннің және (немесе) S-амитриптилиннің концентрациясын қатарлас емдеуді бастар алдында және одан кейін бір аптадан соң өлшеуге болады. Қажет болған жағдайда, амитриптилиннің немесе нортриптилиннің дозасына түзету керек.
Амфотерицин В: флуконазол мен амфотерицин B бір мезгілде қолдану инфекция жұқтырған қалыпты тышқандарда және иммунитеті әлсіреген инфекция жұқтырған тышқандарда келесі нәтижелерді көрсетеді: C. albicans туындатқан жүйелі инфекциялар кезіндегі зеңге қарсы әлсіз аддитивтік әсері, Cryptococcus neoformans туындатқан бассүйекішілік инфекция кезінде өзара әрекеттестігі жоқ, Aspergillus fumigatus туындатқан жүйелі инфекция кезіндегі екі препараттың антагонизмі. Бұл зерттеулер нәтижелерінің клиникалық маңыздылығы белгісіз.
Антикоагулянттар: тіркеуден кейінгі қолдану барысында, зеңге қарсы басқа да азолды препараттар жағдайындағы сияқты, флуконазолды варфаринмен бірге қабылдап жүрген пациенттерде протромбиндік уақыттың ұзаруымен қатар жүретін қан кетулер (қанталаулар, мұрыннан қан кету, асқазан-ішектен қан кету, гематурия және мелена) анықталды. Флуконазолмен және варфаринмен қатарлас емдеу кезінде протромбиндік уақыт 2 есе артады, бұл варфарин метаболизмінің CYP2C9 изоферменті арқылы тежелуіне байланысты болуы мүмкін. Кумариндік немесе индандиондық антикоагулянттарды флуконазолмен бірге қабылдап жүрген пациенттерде протромбиндік уақытты бақылау керек. Антикоагулянттың дозасын түзету қажеттілігі туындауы мүмкін.
Бензодиазепиндер (әсері қысқа) (мысалы, мидазолам, триазолам): мидазоламды пероральді қабылдағаннан кейін флуконазол мидазолам концентрацияларының елеулі жоғарылауына және психомоторлық әсерлерге алып келеді. 200 мг флуконазолмен 7,5 мг мидазоламды бір мезгілде пероральді қабылдау мидазоламның AUC мәнінің артуына және жартылай шығарылу кезеңінің 3,7 және 2,2 есе ұзаруына алып келеді. 200 мг флуконазолды күн сайын 0,25 мг триазоламмен біріктіріп пероральді қабылдау мидазоламның AUC мәні мен жартылай шығарылу кезеңінің 4,4 және 2,3 есе артуына алып келеді. Флуконазол мен триазоламды бір мезгілде қолданғанда триазоламның әсерінің күшейгені мен ұзарғаны байқалады. Флуконазол қабылдап жүрген пациенттерді бензодиазепинмен қатарлас емдеу қажет болған жағдайда бензодиазепиннің дозасын азайту және пациенттерге тиісінше қадағалау жүргізу керек.
Карбамазепин: флуконазол карбамазепиннің метаболизмін тежейді және соңғысының қан сарысуындағы концентрациясын 30 %-ға арттырады. Карбамазепиндік уыттылықтың даму қаупі бар. Карбамазепиннің дозасын концентрациясы көрсеткіштеріне немесе әсеріне байланысты түзету қажет болуы мүмкін.
Кальций өзекшелерінің блокаторлары: кальций өзекшелерінің кейбір антагонистері (нифедипин, исрадипин, амлодипин, верапамил және фелодипин) CYP3A4 ферменті арқылы метаболизденеді. Флуконазол кальций өзекшелері антагонистерінің жүйелі әсерін айтарлықтай арттыруы мүмкін. Жағымсыз реакцияларына жиі мониторинг жүргізу ұсынылады.
Целекоксиб: флуконазолмен (тәулігіне 200 мг) және целекоксибпен (200 мг) қатарлас емдеу кезінде, целекоксибтің Cmax және AUC сәйкесінше 68 % және 134 %-ға артады. Флуконазолмен үйлесімде целекоксиб дозасының жартысы қажет болуы мүмкін.
Циклофосфамид: циклофосфамид пен флуконазолды біріктіріп емдеу қан сарысуындағы билирубин мен креатинин деңгейлерінің артуына алып келеді. Біріктірілімін билирубин мен қан сарысуындағы креатинин мөлшерінің арту қаупі жоғарылайтынын ескере отырып пайдалануға болады.
Фентанил: өлімге соқтырған, фентанил мен флуконазолдың өзара әрекеттесуінен туындауы мүмкін бір жағдай тіркелді. Бұдан өзге, дені сау еріктілердегі зерттеуде флуконазол фентанилдің элиминациясын едәуір кідіртетіні көрсетілді. Фентанилдің жоғары концентрациялары тыныс алу жеткіліксіздігіне алып келуі мүмкін. Пациенттерге тыныстың тежелу қаупінің болуы мүмкіндігіне байланысты мұқият қадағалау жүргізу керек. Фентанил дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Гидроксиметилглутарил-кофермент A-редуктаза (ГМГ-КоA-редуктаза) тежегіштері: флуконазол аторвастатин және симвастатин сияқты CYP3A4 арқылы, немесе флувастатин сияқты (бауырда статин метаболизмінің төмендеуі) CYP2C9 арқылы метаболизденетін ГМГ - КоA - редуктаза тежегіштерімен бір мезгілде тағайындалғанда, миопатия мен қаңқа бұлшықеттерінің жедел некрозының (рабдомиолиз) (дозасына байланысты) даму қаупі артады. Қатарлас емдеу қажет болған жағдайда, пациент миопатия мен рабдомиолиз симптомдарының пайда болуына қатысты дәрігердің қадағалауында болуға тиіс, сондай-ақ организмдегі креатинкиназа деңгейіне бақылау жүргізілуге тиіс. Егер креатинкиназа деңгейінің елеулі артуы немесе миопатия немесе рабдомиолиз диагнозы қойылса немесе дамуына күдік болса, ГМГ-КоA-редуктаза тежегіштерін қабылдауды тоқтату керек. Статиндерді қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерінің неғұрлым төмен дозалары қажет болуы мүмкін.
Ибрутиниб: флуконазол сияқты CYP3A4 орташа тежегіштері ибрутинибтің плазмадағы концентрациясын арттырады және уыттылық қаупін жоғарылатуы мүмкін. Егер препараттарды біріктіріп қолдануға тура келсе, тежегішті қолдану кезеңінде ибрутинибтің дозасын тәулігіне бір рет 280 мг (2 капсулаға) дейін азайту және мұқият клиникалық мониторингті қамтамасыз ету қажет.
Ивакафтор (монотерапия ретінде немесе сол емдік кластағы препараттармен біріктірілімде): муковисцидоз кезінде трансжарғақшалық өткізгіштік реттегіші генінің стимуляторы (CFTR) ивакафтормен бір мезгілде қолдану, ивакафтордың әсер ету деңгейін 3 есе, ал гидроксиметил - ивакафтордың (M1) әсер ету деңгейін - 1,9 есе арттырды. Ивакафтор дозасын төмендету (монотерапия ретінде немесе басқа препараттармен біріктірілімде) ивакафторға арналған препаратты қолдану жөніндегі нұсқаулықта көрсетілген ақпаратқа сәйкес (монотерапия ретінде немесе басқа препараттармен біріктірілімде) қажет.
Олапариб: CYP3A4 орташа тежегіштері, флуконазол сияқты, олапарибтің қан плазмасындағы концентрациясын жоғарылатады; бір мезгілде қолдану ұсынылмайды. Егер аталған препараттарды біріктіру өте қажет болса, олапарибтің дозасын тәулігіне екі рет 200 мг дейін шектеу керек.
Иммунодепрессанттар (циклоспорин, еверолимус, сиролимус және такролимус)
Циклоспорин: флуконазол циклоспориннің концентрациясы мен AUC мәнін едәуір арттырады. Флуконазол (тәулігіне 200 мг дозада) мен циклоспоринді (тәулігіне 2,7 мг/кг дозада) бір мезгілде қолданғанда циклоспориннің AUC мәнінің 1,8 есе жоғарылағаны байқалды. Препараттардың бұл біріктірілімін циклоспориннің дозасын концентрациясына байланысты төмендете отырып пайдалануға болады.
Эверолимус: in vitro немесе in vivo зерттеулер жүргізілмегеніне қарамастан, CYP3A4 ферментінің тежеуіне байланысты, флуконазол эверолимустың қан сарысуындағы концентрациясын арттыруы мүмкін.
Сиролимус: флуконазол сиролимустың плазмалық концентрациясын, шамасы, сиролимус метаболизмін CYP3A4 арқылы және Р – гликопротеинді тежеу арқылы арттырады. Бұл біріктірілімін сиролимустың дозасын әсері мен концентрациясының көрсеткіштеріне байланысты түзеткен кезде пайдалануға болады.
Такролимус: флуконазол пероральді қолданғанда такролимустың қан сарысуындағы концентрациясын CYP3A4 ферментінің ішекте тежелуі салдарынан такролимус метаболизмінің тежелуі себепті 5 есеге дейін арттыруы мүмкін. Такролимусты вена ішіне қолданғанда елеулі фармакокинетикалық өзгерістері байқалған жоқ. Такролимус деңгейлерінің жоғарылауы нефроуыттылықтың дамуына алып келді. Пероральді қолданған кезде такролимустың дозасын оның концентрациясына байланысты азайту керек.
Лозартан: флуконазол лозартанның өзінің, лозартанмен емдеу кезінде орын алатын ангиотензин II рецепторлары антагонизмінің көп бөлігіне жауап беретін белсенді метаболитіне (Е 3174) метаболизмін тежейді. Пациенттерде артериялық қысымды үнемі бақылап отыру керек.
Луразидон: флуконазол сияқты CYP3A4 орташа тежегіштері қан плазмасындағы луразидон концентрациясын жоғарылатуы мүмкін. Егер бір мезгілде қолдануды болдырмау мүмкін болмаса, луразидонға арналған препаратты қолдану жөніндегі нұсқаулықта көрсетілгендей луразидон дозасын азайту керек.
Метадон: флуконазол қан сарысуындағы метадон концентрациясын арттыруы мүмкін. Метадонның дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП): флурбипрофенмен монотерапиямен салыстырғанда, флурбипрофеннің Cmax және AUC флуконазолмен бір мезгілде тағайындағанда тиісінше 23 % және 81 %-ға артады. Осы сияқты, флуконазол ибупрофеннің рацемиялық қоспасымен (400 мг) бір мезгілде тағайындалғанда, соңғысының монотерапиясымен салыстырғанда, фармакологиялық тұрғыдан белсенді изомерінің (S - (+) - ибупрофен) Cmax және AUC 15 % және 82 %-ға артады.
Арнайы зерттеулер жүргізілмесе де, флуконазол CYP2C9 арқылы метаболизденетін басқа ҚҚСП (мысалы, напроксен, лорноксикам, мелоксикам, диклофенак) жүйелі әсерін арттыруы мүмкін. ҚҚСП-мен байланысты жағымсыз әсері мен уыттылығына жиі мониторинг жүргізу ұсынылады. ҚҚСП дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Фенитоин: флуконазол фенитоиннің бауырлық метаболизмін тежейді. Флуконазолды 200 мг дозада ішке және фенитоинді 250 мг дозада вена ішіне бір мезгілде бірнеше рет қолдану фенитоиннің AUC24 мәнінің 75 %-ға және Cmin мәнінің 128 %-ға жоғарылауына алып келді. Бір мезгілде қолданғанда фенитоиннің уыттылық көріністерін болдырмау үшін, фенитоин концентрациясының қан сарысуындағы деңгейлері тексерілуі тиіс.
Преднизон: бауыр трансплантациясынан кейін преднизонмен ем қабылдаған пациентте, флуконазолмен үш айлық емді тоқтатқаннан кейін бүйрекүсті безі қыртысының жедел жеткіліксіздігі дамыған жағдай анықталды. Флуконазолды тоқтату CYP3A4 ферменті белсенділігінің жоғарылауына алып келді, бұл өз кезегінде преднизон метаболизмінің күшеюін туындатты деп шамаланады. Флуконазолмен және преднизонмен ұзақ уақыт ем қабылдаған пациенттерді флуконазолды тоқтатқаннан кейін бүйрекүсті безі қыртысы жеткіліксіздігінің дамуына қатысты қадағалау керек.
Рифабутин: флуконазолмен бір мезгілде қолдану қан сарысуындағы рифабутиннің AUC шамасының 80 %-ға дейін артуына алып келеді. Флуконазол мен рифабутин бір мезгілде тағайындалған пациенттерде увеит дамыған жағдайлар туралы хабарланды. Рифабутин мен флуконазолды бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттердің жағдайын, рифабутин уыттылығының біліну симптомдарына қатысты мұқият қадағалау қажет.
Саквинавир: CYP3A4 ферментінің қатысуымен саквинавирдің бауырлық метаболизмін тежеуіне, сондай-ақ P-гликопротеинді тежеуіне байланысты, флуконазол саквинавирдің AUC және Cmax мәндерін сәйкесінше шамамен 50 % және 55 %-ға арттырады. Саквинавирмен/ритонавирмен өзара әрекеттесуі зерттелген жоқ және анағұрлым айқын болуы мүмкін. Саквинавирдің дозасын түзету қажеттілігі туындауы мүмкін.
Сульфонилмочевина препараттары: дені сау еріктілерде флуконазол сульфонилмочевинаның препараттарын (мысалы, хлорпропамид, глибенкламид, глипизид, толбутамид) бір мезгілде пероральді қабылдағанда қан сарысуынан жартылай шығарылу кезеңін ұзартады. Қандағы глюкозаны жиі бақылау және сульфонилмочевина дозасын тиісінше азайту ұсынылады.
Теофиллин: өзара әрекеттесулердің плацебо-бақыланантын зерттеуінде 14 күн бойы 200 мг-ден флуконазол қабылдау теофиллин клиренсінің орташа жылдамдығының 18%-ға төмендеуіне әкеледі. Флуконазол мен теофиллинді жоғары дозаларда қабылдайтын пациенттерді немесе теофиллинмен артық дозалану симптомдарын уақытында анықтау мақсатында теофиллиннің уыттылық әсерінің қаупі жоғары пациенттерді мұқият бақылап отыру қажет; олар пайда болғанда емдеуді тиісінше өзгерту керек.
Тофацитиниб: тофацитинибтің экспозициясы CYP3A4 орташа тежелуіне және CYP2C19 күшті тежелуіне әкелетін дәрілік препараттармен (мысалы, флуконазол) бір мезгілде тағайындаған кезде артады. Осылайша, аталған препараттармен бірге тағайындаған кезде тофацитинибтің дозасын күніне бір рет 5 мг дейін азайту ұсынылады.
Толваптан: CYP3A4 тежегіші толваптанның экспозициясы оны CYP3A4 орташа тежегіші болып табылатын флуконазолмен бірге қолданған кезде айтарлықтай артады (AUC 200%-ға, C max 80%-ға), бұл ретте жағымсыз реакциялардың, атап айтқанда айқын диурездің, сусызданудың және бүйректің жедел жеткіліксіздігінің туындау қаупі едәуір артады. Толваптанды флуконазолмен бір мезгілде қолданған жағдайда толваптан дозасын оның қолдану жөніндегі нұсқаулығына сәйкес төмендету керек және пациентті толваптанмен байланысты кез келген жағымсыз реакциялардың туындауына жиі бақылау керек.
Қабыршөп алкалоиды: тиісті зерттеулер жүргізілмесе де, флуконазол қабыршөп алкалоидының плазмалық деңгейлерін арттыруы (мысалы, винкристин және винбластин) және CYP3A4-ке тежегіштік әсеріне байланысты болуы әбден ықтимал нейроуыттылыққа алып келуі мүмкін.
А дәрумені: толықтай транс - ретиной қышқылымен (A дәруменінің қышқыл түрі) және флуконазолмен біріктіріп емдеуден өткен пациенттің бір клиникалық жағдайының сипаттамасында ОЖЖ тарапынан флуконазол қабылдауды тоқтатқаннан кейін басылған идиопатиялық бассүйекішілік гипертензия түріндегі жағымсыз әсерлердің дамығаны анықталды. Бұл біріктірілімін пайдалануға болады, бірақ ОЖЖ-мен байланысты жағымсыз әсерлерін анықтау мақсатында пациенттерді қадағалау керек.
Вориконазол (CYP2C9, CYP2C19 және CYP3A4 тежегіші): пероральді вориконазол (1-күні әр 12 сағат сайын 400 мг, содан соң 2,5 күн бойы әр 12 сағат сайын 200 мг) мен пероральді флуконазолды (1-күні 400 мг, содан соң 4 күн бойы әр 24 сағат сайын 200 мг) бір мезгілде қолдану ер жынысты сегіз дені сау еріктіде вориконазолдың Cmax және AUCτ орташа алғанда сәйкесінше 57 % (90 %-дық СА: 20 %, 107 %) және 79 %-ға (90 %-дық СА: 40 %, 128 %) артуына алып келді. Бұл әсерді жоятын вориконазол мен флуконазолдың азайтылған дозасы және/немесе қабылдау жиілігі анықталмаған. Вориконазолды флуконазолдан кейін бірден қолданған жағдайда, вориконазолды қолданумен байланысты жағымсыз құбылыстарға мониторинг жүргізу ұсынылады.
Зидовудин: Флуконазол зидовудиннің Cmax және AUC деңгейін сәйкесінше 84% және 74% арттырады, бұл зидовудин клиренсінің шамамен 45% төмендеуіне байланысты. Зидовудиннің жартылай шығарылу кезеңі флуконазолмен біріктіріп емдеу кезінде шамамен 128 %-ға ұзарады. Бұл біріктірілімді қабылдап жүрген пациенттер зидовудинді қабылдаумен байланысты жағымсыз реакцияларды анықтау мақсатында қадағалауда болуы тиіс. Зидовудиннің дозасын азайту қажет болуы мүмкін.
Азитромицин: 1200 мг азитромициннің бір реттік пероральді дозасының флуконазолдың 800 мг бір реттік пероральді дозасының фармакокинетикасына әсерін, сондай-ақ флуконазолдың азитромицин фармакокинетикасына әсерін анықтау мақсатымен дені сау 18 пациентке ашық, рандомизацияланған, үшжақты айқаспалы зерттеу жүргізілді. Флуконазол мен азитромициннің арасында елеулі фармакокинетикалық өзара әрекеттесу анықталған жоқ.
Пероральді контрацептивтер: флуконазолдың көп реттік дозаларымен бірге біріктірілген пероральді контрацептивті қабылдаудың екі фармакокинетикалық зерттеуі жүргізілді. Флуконазол 50 мг дозасының гормондар деңгейіне ешқандай елеулі әсері байқалған жоқ, ал тәуліктік 200 мг дозасы кезінде, этинилэстрадиол мен левоноргестрелдің AUC (концентрация - уақыт қисығы астындағы ауданы) 40 % және 24 %-ға артты. Осылайша, флуконазолды жоғарыда көрсетілген дозаларда бірнеше рет қолдану ұрықтануға қарсы пероральді біріктірілген препараттардың тиімділігіне әсер етпейді.
Лемборексант: Бір мезгілде қолдану лемборексанттың AUC мен Cmax арттырады, яғни, оның қандағы концентрациясын жоғарылатады, ол орталық жүйке жүйесінің бәсеңдеуі, ұйқының бұзылуы, депрессияның немесе суицидтік ойлардың өршуі, аритмия немесе бас ауыруы сияқты лемборексанттың жағымсыз реакцияларының даму қаупін арттыруы мүмкін, сондықтан флуконазаол мен лемборексантты бір мезгілде қолданудан аулақ болу керек