Препаратты ашқаннан кейін бірден пайдалану керек.
Препаратты қолданар алдында ерітіндіде қандай да болсын зат бөлшектерінің немесе түсінде өзгерістердің бар-жоқтығын тексеру керек. Препаратты міндетті түрде тиісті ерітіндіде сұйылту керек.
Ықтимал үйлесімсіздігін болдырмау үшін Интрафенді мына ерітінділерде: 0,9% натрий хлоридінің ерітіндісінде, 5% глюкоза ерітіндісінде немесе Рингер лактат ерітіндісінде сұйылту керек.
Сұйылтылған ерітіндінің соңғы концентрациясы 4 мг/мл немесе одан аз болуы тиіс. 4 мл ибупрофенді 100 мл ерітіндіде сұйылту қажет, 800 мг дозадағы 8 мл ибупрофенді 200 мл ерітіндіде сұйылту қажет.
Инфузияның ұзақтығы кем дегенде 30 минут болуы тиіс.
Арнайы ескертулер
Жүрек-қантамыр және цереброваскулярлық әсерлері
Ибупрофен қабылдаған кезде кеудедегі ауырсыну, бет пен мойын аймағының ісінуі (ангионевроздық ісіну), тыныс алу проблемаларын қоса алғанда, осы дәріге аллергиялық реакцияның белгілері туралы хабарланған. Егер Сіз осы белгілердің қайсы бірін байқасаңыз, ибупрофен қабылдауды дереу тоқтатыңыз немесе шұғыл түрде дәрігерге немесе жедел медициналық жәрдем қызметіне хабарласыңыз.
Миокард инфарктісін (МИ) басынан кешіргеннен кейінгі пациенттер
Қолданыстағы мәліметтерге сәйкес, МИ-ден кейінгі кезеңде ҚҚСП қабылдаған пациенттерде емдеудің алғашқы аптасынан бастап инфарктің қайталануының қаупі, жүрек-қантамыр ауруларынан өлім және барлық себептерден өлім-жітім болғанын қаупі жоғарылайды. Осы пациенттер тобында миокард инфарктісінен кейін алғашқы жылы өлім жиілігі, ҚҚСП қабылдамаған пациенттердегі жылына 100 адамға шаққандағы 12-мен салыстырғанда, ҚҚСП қабылдаған пациенттерде жылына 100 адамға шаққанда 20 құрады. Миокард инфарктісінен кейін алғашқы жылы өлім-жітімнің абсолюттік деңгейі біршама төмендесе де, ҚҚСП пайдаланушыларда өлімнің жоғары біршама қаупі, ең кемінде, бақылаудың келесі төрт аптасы ішінде сақталды. Жақын арада миокард инфарктісін басынан кешірген пациенттерде ибупрофенді қолдануға, оның пайдасы жүрек-қантамыр жүйесінің қайталанатын тромбоздық жайттары қаупінен асып кетеді деп күтілетін жағдайлардан басқасында, жол бермеңіз. Егер ибупрофенді жақын арада миокард инфарктісін басынан кешірген пациенттер қабылдаса, пациенттерді жүрек ишемиясының белгілері тұрғысында бақылау қажет.
Аорта-коронарлық шунттау (АКШ) операциясынан кейінгі жағдай
АКШ операциясынан кейін алғашқы 10-14 күнде ауыруды емдеу үшін ЦОГ-2-ге селективті ҚҚСП қабылдаған кезде миокард инфарктісінің және инсульттің жоғары жиілігі анықталды. АКШ кезінде ҚҚСП қолдануға болмайды.
Асқазан-ішек жолымен (АІЖ) байланысты қауіптер
- асқазан-ішек жолының ауруларында ҚҚСП қабылдау қан кетулерге, тыртықтардың түзілуіне, асқазан-ішектің тесілулеріне себепші болуы мүмкін. Осы жағымсыз әсерлер препаратты алдын ала ескертетін симптомдарсыз қолдану кезінде кез келген уақытта көрініс беруі мүмкін. АІЖ аурулары бар егде жастағы адамдарда жағымсыз әсерлердің даму қаупі өте жоғары.
Кардиоваскулярлық тромбоз жағдайлары
Әртүрлі селективті ЦОГ-2 және селективті емес ҚҚСП-ге қатысты мәліметтер бірқатар жағдайда өлім жағдайлары орын алатын күрделі кардиоваскулярлық тромбоздық құбылыстар, миокард инфарктісі және инсульт қаупінің артатындығын көрсетті. Селективті ЦОГ-2 және селективті емес ҚҚСП қабылдаудың қаупі бірдей болуы мүмкін. Ең үлкен қауіпке жүрек-қантамыр аурулары (ЖҚА) бар пациенттер немесе ЖҚА туындау қаупінің факторы бар адамдар ұшырайды. ҚҚСП қабылдап жүрген адамдарда жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан жағымсыз әсерлер қаупін төмендету үшін препаратты қабылдау ұзақтығы ең қысқа, ең төмен дозадағы препаратты тағайындау керек. Емдеуші дәрігер және пациенттер, тіпті, егер бұрын ЖҚА симптомдары байқалмаған жағдайдың өзінде, осындай жағымсыз әсерлердің көрініс беруіне дайын болуы тиіс. Пациенттер ЖҚА белгілерінің және/немесе күрделі симптомдарының ықтимал көріністері туралы хабардар болуы тиіс.
ҚҚСП-ні ацетилсалицил қышқылымен бірге қолданғанда жүрек-қантамыр тромбозы қаупінің төмендегені туралы жеткілікті дәлелдер анықталған жоқ. Ацетилсалицил қышқылын ҚҚСП-мен бір мезгілде қолдану асқазан-ішектік жайттардың даму қаупін арттырады.
Ибупрофенді, әсіресе жоғары дозаларда, (тәулігіне ≥ 2400 мг) қабылдау мен артериялық тромбоздық құбылыстардың (мысалы, миокард инфарктісінің және инсульттің) даму қаупінің аздап жоғарылауы арасында ықтимал өзара байланыс бар деп жорамалдайды. Эпидемиологиялық зерттеулер ибупрофеннің төмен дозаларын (тәулігіне ≤1200 мг) қабылдау мен артериялық тромбоздық құбылыстардың даму қаупінің жоғарылауы арасында өзара байланыс бар деп жорамалдамайды.
Ойық жара, қан кетулер және тесілулер сияқты жағымсыз реакциялардың даму қаупі бар асқазан-ішек жолына (АІЖ) әсері
ҚҚСП, соның ішінде ибупрофен, АІЖ тарапынан күрделі жағымсыз құбылыстарды туындатуы мүмкін: АІЖ қабыну аурулары, қан кету, асқазанның, жіңішке немесе жуан ішектің ойық жара ауруы және тесілуі. Осы күрделі жағымсыз әсерлер ҚҚСП қабылдап жүрген пациенттерде кез келген уақытта симптомдардың көрінісімен немесе көріністерінсіз дамуы мүмкін. ҚҚСП қабылдап жүрген пациенттің тек біреуінде ғана АІЖ-мен байланысты жағымсыз әсерлердің симптомдары көрініс береді. ҚҚСП қабылдаудың салдары болып табылатын асқазанның ойық жарасы, қан кету немесе тесілу ҚҚСП-ні 3-6 ай ұзақтықпен қабылдап жүрген пациенттердің 1%-да және ҚҚСП-ні жыл бойы қабылдап жүрген пациенттердің 2-4%-да көрініс береді. Осы көрсеткіш ҚҚСП қабылдау ұзақтығына байланысты артады, қабылдау ұзақтығы асқазан-ішектік асқынулардың даму қаупін арттырады. Дегенмен, осындай қауіп ҚҚСП-мен қысқа уақыт емдеу кезінде де болады.
ҚҚСП, соның ішінде ибупрофенді асқазанында ойық жарасы бар немесе асқазан-ішектен қан кетулері орын алған пациенттерге абайлап тағайындау керек. ҚҚСП қабылдап жүрген, анамнезінде ойық жара ауруы және/немесе асқазан-ішектен қан кетулері бар пациенттерде асқазан-ішектен қан кетулердің даму қаупі, мұндай аурулары жоқ пациенттерге қарағанда, 10 есе жоғары. ҚҚСП қабылдап жүрген пациенттерде асқазан-ішектен қан кетулердің даму қаупін арттыратын басқа факторлар: кортикостероидтарды немесе антикоагулянттарды бір мезгілде пероральді түрде қабылдау, ҚҚСП-мен ұзақ кезең емделу, темекі тарту, алкогольді тұтыну, егде жас, денсаулық жағдайының жалпы әлсізденуі. ҚҚСП-ні ерекше күтімді керек ететін егде жастағы пациенттерге, кенеттен өлімге әкелетін асқазан-ішектен қан кетулер көбіне пациенттердің осы санатында жиі көрініс беретіндіктен, абайлап тағайындау керек.
ҚҚСП қабылдайтын пациенттерде асқазан-ішектік қауіпті азайту стратегиялары
АІЖ-мен байланысты жағымсыз әсерлердің көрініс беру қаупін төмендету үшін ҚҚСП дозасын тиімді ең төмен дозаға дейін, мүмкіндігінше, ертерек төмендету және барынша қысқа уақыт кезеңі бойы қолдану керек. Бір мезгілде бірнеше ҚҚСП қолданудан аулақ болған жөн.
Қан кету қаупінің жоғарылауынан артық пайда күтілетін жағдайларды қоспағанда, қауіп жоғары пациенттерде препаратты қолданудан аулақ болу қажет. Мұндай пациенттер үшін, сондай-ақ асқазан-ішектен белсенді қан кетуі бар пациенттерде ҚҚСП басқа емдеудің баламалы әдістерін қарастырған жөн. ҚҚСП емі кезінде ойық жаралар мен асқазан-ішектен қан кетудің белгілері мен симптомдарына қырағы болу керек.
Пациенттердің ҚҚСП қабылдау кезеңінде дәрігерлер АІЖ тарапынан елеулі жағымсыз құбылысқа күдік туындаған кезде тексеру мен емдеуді шұғыл бастауға дайын болуы тиіс. АІЖ тарапынан ауыр жағымсыз құбылыстар жоққа шығарылғанға дейін, бір жолы ретінде ҚҚСП емдеуді тоқтатуды қарастыруға болады.
Ацетилсалицил қышқылын және ҚҚСП бір мезгілде қолдану АІЖ тарапынан жағымсыз әсерлердің даму қаупін арттырады. Асқазан-ішектік аурулары бар пациенттер, әсіресе егде жастағы пациенттер емдеуді бастағанда әдеттен тыс кез келген абдоминальді симптомдар, әсіресе асқазан-ішектен қан кетулер туралы мәлімдеуі тиіс. Жүрек-қантамырлар ауруларының профилактикасы үшін ацетилсалицил қышқылының төмен дозаларын бір мезгілде қолданғанда пациенттерді асқазан-ішектен қан кету белгілеріне мұқият бақылау қажет («Басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесулері» бөлімін қараңыз).
Интрафен қабылдап жүрген пациенттерде асқазан-ішектен қан кетулер дамыған және ойық жаралар түзілген жағдайда емдеуді тоқтату керек. Егде жастағы пациенттерде ҚҚСП қабылдаған кезде АІЖ-мен байланысты жағымсыз құбылыстар, әсіресе өліммен аяқталатын асқазан-ішектен қан кетулер және асқазанның тесілуі өте жиі кездеседі.
Бауырға ықпалы
Интрафен препаратымен емдеу кезеңінде пациентке гепатоуыттылық симптомдары (жүректің айнуы, шаршау, сылбырлық, диарея, қышыну, сарғаю және оң жақ қабырға астының ауыруы және «тұмау тәрізді» симптомдар) туралы алдын ала ескертілуі тиіс.
ҚҚСП, соның ішінде иубпрофенді қабылдап жүрген пациенттердің 15%-на бауыр тестілерін жүргізгенде трансаминазалардың артуы байқалады. Емдеуді жалғастырған кезде осы құбылыс өршуі мүмкін, өзгермеген күйінде қалуы, немесе уақытша сипатта болуы мүмкін. ҚҚСП клиникалық зерттеулердің шамамен 1%-ы АЛТ және АСТ деңгейлерінің жоғарылағанын (қалыптың жоғары шегінен 3 есе және одан көбірек) көрсетті.
Сондай-ақ сарғаюды, фульминантты гепатитті, бауыр некрозын, бауыр жеткіліксіздігін (сирек өліммен аяқталатын) қоса, бауырдың ауыр симптомдары дамуының сирек жағдайлары туралы да мәлімделді. Ибупрофенмен емдеу кезінде, бауырдың зақымдану белгілері және/немесе симптомдары көрініс берген жағдайда, сондай-ақ ферменттердің деңгейлері жоғарылағанда пациенттің жағдайына баға беру керек. Бауыр ауруларының дамуы туралы дабыл беретін клиникалық белгілер мен симптомдар немесе жүйелік белгілер (эозинофилия, бөртпе) көрініс берген жағдайда емдеу тоқтатылуы тиіс.
Гипертензия
ҚҚСП, соның ішінде ибупрофенді қабылдау гипертензияның дамуына және бұрыннан бар гипертензияның нашарлауына әкелуі ықтимал, ол жүрек-қантамырлық асқынулардың даму санының артуына мүмкіндік беруі мүмкін. Мұндай пациенттер препаратты қабылдағанда сақтық танытуы керек. Емдеудің бүкіл курсы ішінде артериялық қысымды үнемі бақылау қажет. АӨФ тежегіштерін, тиазидтік немесе ілмектік диуретиктерді қабылдап жүрген пациенттерде ҚҚСП қолданумен байланысты емдеуге жауап реакциясының жеткіліксіздігі дамуы мүмкін.
Бақыланбайтын артериялық гипертензиясы, жүректің іркілісті жеткіліксіздігі (NYHA жіктемесі бойынша ІІ-ІІІ класс), жүректің анықталған ишемиялық ауруы, шеткері артериялардың аурулары және/немесе цереброваскулярлық аурулар бар пациенттерге ибупрофенді пайда/қаупі арақатынасына мұқият баға берілгеннен кейін ғана тағайындау керек, мұндайда ибупрофеннің жоғары дозаларын (тәулігіне 2400 мг) тағайындауға жол бермеу керек.
Ибупрофенмен, әсіресе жоғары дозаларымен (тәулігіне ≥ 2400 мг) ұзақ емдеуді бастағанға дейін, жүрек-қантамыр асқынулары дамуының қауіп факторлары (мысалы, гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті, темекі тарту) бар пациенттерде пайда/қаупі арақатынасына мұқият баға беру қажет.
Жүректің іркілісті жеткіліксіздігі және ісінулер
Жүректің ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттер Интрафен препаратын, егер оның пайдасы жүрек жеткіліксіздігінің нашарлауынан асып түсетіні күтілмесе, қабылдауға жол бермеу керек. Жүректің ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерді Интрафен препаратын қабылдаған кезде жүрек жеткіліксіздігінің нашарлау белгілерін анықтау тұрғысында бақылау қажет.
Бүйрекке ықпалы
Сусыздануға ұшыраған пациенттерде ибупрофенмен емдеуді бастамаған жөн. ҚҚСП ұзақ қолдану папиллярлы некрозды және бүйректің басқа да ауруларын туындатуы мүмкін. ҚҚСП қабылдап жүрген пациенттерде нефроуытты реакциялар және бүйректе простагландин синтезінің басылуы себебінен болатын бүйрек перфузиясының нашарлауы байқалды. Мұндай пациенттерде ҚҚСП қолдану простагландин өндірудің төмендеуіне, бүйректегі қан ағынының төмендеуіне әкеледі, осылайша бүйректің салдарлық жеткіліксіздігіне әкеледі. Осы реакциялардың қаупі бүйрек функциясы бұзылған, жүрек жеткіліксіздігі, бауыр патологиясы бар пациенттерде, диуретиктерді және АӨФ тежегіштерін қабылдап жүрген пациенттерде және егде жастағы пациенттерде де жоғарылайды.
ҚҚСП-мен емдеуді тоқтату әдетте емдеу басым болатын жағдайға оралуына әкеледі.
Бүйректің үдемелі ауруы
Ибупрофенді бүйрек ауруы үдеген пациенттерге қолдануға қатысты деректер жоқ. Сондықтан Интрафенді осындай патологиясы бар пациенттерге тағайындау ұсынылмайды. Ибупрофенді пациенттердің осы санатына тағайындаған жағдайда бүйрек функциясына мұқият мониторинг жүргізу қажет.
Гиперкалиемия
ҚҚСП-ті бүйрек жеткіліксіздігі жоқ кейбір пациенттерге қолданғанның өзінде сарысуда калий концентрациясының жоғарылағаны туралы мәлімделді. Бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде бұл әсерлер гипоренинемия-гипоальдостеронизм жағдайымен байланысты болды.
Анафилактоидтық реакция
Барлық ҚҚСП сияқты, бұдан бұрын ибупрофен қабылдамаған пациенттерде анафилактоидтық реакция көрініс беруі мүмкін. Интрафенді «аспиринді триадасы» бар пациенттерге қолдануға болмайды. Ацетилсалицил қышқылын немесе басқа да ҚҚСП қолданудан кейін осы препараттарға аллергиясы бар пациенттерде әдетте ринит, мұрын полиптері, бронх түйілуі ауыр болатын демікпе ұстамалары көрініс береді.
Терінің ауыр жағымсыз реакциялары (тыртық)
Ибупрофенмен емдеумен байланысты болған эксфолиативті дерматит, көп пішінді эритема, Стивенс-Джонсон синдромы, уытты эпидермалық некролиз, эозинофилиямен және жүйелік симптомдармен дәрілік реакция (DRESS), жедел жайылған экзантематозды пустулезді (AGEP) қоса алғанда, терінің ауыр жағымсыз реакциялары туралы хабарланған. Егер Сіз терінің осы ауыр реакцияларын көрсететін қандай да бір симптомдарды байқасаңыз, ибупрофен қабылдауды тоқтатып және дереу медициналық көмекке жүгініңіз. Интрафенді мұның алдында ҚҚСП байланысты терінің ауыр реакциялары болған пациенттерге қолдануға болмайды.
Анамнездегі демікпе
Бронх демікпесімен ауыратын науқастар ацетилсалицил қышқылына жоғары сезімталдық танытуы мүмкін. Ацетилсалицил қышқылына сезімтал, демікпесі бар пациенттерде ацетилсалицил қышқылын қолдану өліммен аяқталу қаупі бар бронхтың түйілуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан Интрафенді ацетилсалицил қышқылына сезімталдығы жоғары пациенттерге қолдануға болмайды.
Шаранада артериялық түтіктің мезгілінен ерте жабылуы
Ибупрофен шаранада артериялық түтіктің мезгілінен ерте жабылуын туындатуы мүмкін. ҚҚСП, соның ішінде Интрафенді жүкті әйелдерге жүктіліктің 30 аптасынан бастап пайдаланбаған жөн.
Қағанақ суының аздығы/бүйрек функциясының неонатальды бұзылуы
Жүктіліктің шамамен 20 апта немесе одан кейінгі мерзімінде ҚҚСП қолдану қағанақ суының аздығына және кейбір жағдайларда бүйрек функциясының неонатальды бұзылуына әкелуі ықтимал шарана бүйрек функциясының бұзылуын туындатуы мүмкін. Бұл жағымсыз нәтижелер орташа есеппен бірнеше күн немесе апта емдеуден кейін байқалады, дегенмен қағанақ суының аздығы туралы ҚҚСП басталғаннан кейін 48 сағаттан соң хабарланған.
Қағанақ суының аздығы әрдайым емес, көбінесе емдеуді тоқтатқаннан кейін қайтымды болады. Қағанақ суының ұзақ мерзімді аздығының асқынулары, мысалы, аяқ-қол контрактураларын және өкпе жетілуінің кідіруін қамтуы мүмкін. Бүйрек функциясының неонатальды бұзылуының кейбір постмаркетингтік жағдайлары алмасу трансфузиясы немесе диализ сияқты инвазивті ем шараларды қажет еткен.
Егер ҚҚСП-мен емдеу гестацияның 20-дан 30 аптасы кезеңінде қажет болса, оны қолдануды ең төмен тиімді дозаға және барынша қысқа уақытқа дейін шектеу керек. Егер ҚҚСП-мен емдеу 48 сағаттан астам уақытқа созылса, қағанақ суына ультрадыбыстық мониторингін қарастыру қажет. Қағанақ суының аздығы пайда болған жағдайда препарат қабылдауды тоқтатып, клиникалық тәжірибеге сәйкес бақылауды жалғастырған жөн.
Гематологиялық көрсеткіштеріне ықпалы
Қолданар алдында Интрафенді сұйылту қажет, сұйылтылмаған препаратты енгізу гемолизді туындатуы мүмкін.
ҚҚСП, соның ішінде Интрафенді қолданып жүрген пациенттерде анемия дамуы мүмкін. Осы жағдай организмде сұйықтықтың іркілуінен, жасырын және айқын асқазан-ішектен қан кетулерден туындауы мүмкін немесе эритропоэзбен байланысты болуы мүмкін. ҚҚСП, соның ішінде Интрафенді ұзақ уақыт қабылдап жүрген пациенттерде анемия немесе қан кету белгілері мен симптомдары пайда болған жағдайда гемоглобин деңгейін немесе гематокрит көрсеткіштерін тексеру керек.
ҚҚСП кейбір пациенттерде тромбоциттердің агрегациясын тежейді және қанның ұю уақытын арттырады. Ацетилсалицил қышқылынан айырмашылығы, олардың тромбоциттер функциясына әсері сан жағынан және ұзақтығы бойынша азырақ білінеді, және олар қайтымды. Қан ұюдың бұзылулары бар, немесе антикоагулянттарды немесе СКҚСТ тежегіштерін қабылдап жүрген пациенттер, тромбоциттердің функциясы өзгерген пациенттер сияқты, бақылауда болуы тиіс.
Жасырын инфекциялар симптомдарының бүркемеленуі
Интрафен инфекциялық аурулардың симптомдарын бүркемелеуі мүмкін, олар тиісті емді бастаудың кідіруіне әкелуі және осынысымен ауру барысын күрделендіруі мүмкін. Бұл ауруханадан тыс бактериялық пневмонияларда және желшешектің бактериялық асқынуларында байқалды. Интрафенді дене температурасы жоғарылағанда немесе инфекция кезіндегі ауыруды жеңілдету үшін қолданған кезде инфекциялық ауруларға мониторинг жүргізу ұсынылады. Медициналық мекемеден тыс емдеу жағдайында, егер симптомдар сақталса немесе күшейсе, пациент дәрігерге қаралуы тиіс.
Бақылау
Дәрігерлер пациенттерді күрделі асқазан-ішектік ойық жаралардың және белгілер мен симптомдардың көрініс беруінсіз қан кетулердің дамуы қауіптілігімен байланысты мұқият бақылауы тиіс. ҚҚСП ұзақ кезең бойы қабылдап жүрген пациенттерде қанға мезгіл-мезгіл толық биохимиялық талдау жүргізу керек. Егер клиникалық белгілер мен симптомдар бауыр және бүйрек ауруларының дамуы туралы айғақтаған, жүйелік белгілер (эозинофилия, бөртпе) көрініс берген немесе тестілер бауыр функциясының бұзылуларын көрсеткен жағдайда, ибупрофен қабылдауды тоқтату керек.
Офтальмологиялық көріністер
Ибупрофенді қолданумен байланысты көру мүшелері тарапынан бұзылулар анықталған жоқ. Сирек жағдайларда ибупрофенді қоса, ҚҚСП қабылдаған пациенттерде көру мүшелері тарапынан папиллит, ретробульбарлы оптикалық неврит сияқты жағымсыз құбылыстар тіркелген жоқ. Себеп-салдарлық байланысы анықталмаса да, офтальмолог дәрігерде тиісінше анамнезі бар пациенттерге ибупрофенді тағайындағанда тұрақты мониторинг ұсынылады.
Асептикалық менингит
Ибупрофенді ішке қабылдаған пациенттерде қызбамен және комамен қоса жүретін асептикалық менингиттің туындау жағдайлары болды. Осы құбылыс жүйелік қызыл жегісі және дәнекер тінінің басқа да жүйелік аурулары бар пациенттерде жиі байқалды. Сонымен бірге созылмалы аурулары жоқ пациенттерде де даму жағдайлары сипатталды. Интрафен қабылдап жүрген пациенттерде менингиттің белгілері мен симптомдары дамыған жағдайда осы симптомдар мен Интрафен енгізу арасындағы өзара байланысқа баға беру керек.
Педиатрияда қолданылуы
Ибупрофенді 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерде қолданудың қауіпсіздігі және тиімділігі анықталған жоқ.
Егде жастағы пациенттер (65 жастан асқан)
Емдеуді 65 жастағы және одан үлкен пациенттер үшін емдеу ұзақтығы аз болатын аз дозадан бастау керек. Бауыр, бүйрек немесе жүрек функциясына бақылау жүргізу қажет. Пациенттердің анамнезінде қатар жүретін аурулары болмауы және басқа препараттармен ем қабылдамауы тиіс. Егде жастағы пациенттерде асқазан-ішек жолы (АІЖ) тарапынан күрделі жағымсыз әсерлердің туындау қаупі жоғары болады.
Бүйрек және бауыр функциясы бұзылған пациенттер
Бүйрек тарапынан қолайсыз жағымсыз әсерлердің туындау қаупін төмендету үшін Интрафенді қолданар алдында пациентті сұйықтықтың жеткілікті мөлшерімен қамтамасыз ету керек.