Артериялық гипотензия
Артериялық гипертензиясы бар пациенттерде каптоприлді қолданған кезде айқын артериялық гипотензия сирек жағдайларда ғана байқалады. Бұл жағдайдың даму ықтималдығы сұйықтықтың көп азаюы және гипонатриемия кезінде жоғарылайды (мысалы, диуретиктермен қарқынды емдеуден, ас тұзын тұтынуды шектеуден кейін, диализдегі пациенттерде, сондай-ақ диареясы бар немесе құсатын пациенттерде).
Тұзды аз қолданатын немесе тұзсыз диетадағы пациенттерде каптоприл сақтықпен тағайындалады. Айналымдағы қан көлемі мен қандағы натрий мөлшері каптоприл тағайындалғанға дейін реттелуі керек. Артериялық қысымның күрт төмендеу мүмкіндігін диуретикті алдын-ала тоқтату (4-7 күн бұрын) немесе натрий хлоридін қабылдауды көбейту (қабылдау басталғанға дейін шамамен бір апта бұрын) немесе емдеудің басында каптоприлдің төмен дозаларын (тәулігіне 6,25-12,5 мг) тағайындау арқылы азайтуға болады. Бүйрек функциясын каптоприлмен емді бастамас бұрын, сондай-ақ онымен емдеу кезінде үнемі бақылау керек. Гипотензивті препараттарды қабылдау нәтижесінде артериялық қысымның шамадан тыс төмендеуі жүректің ишемиялық ауруы немесе ми қан тамырлары аурулары бар пациенттерде миокард инфарктісінің немесе инсульттің даму қаупін арттыруы мүмкін. Артериялық гипотензия дамыған кезде пациент аяқтарын көтеріп көлденең күйде жатуы керек. 0,9% натрий хлориді ерітіндісін вена ішіне енгізу қажет болуы мүмкін.
СЖЖ бар пациенттерде АҚ өтпелі төмендеуі жағдайлардың жартысына жуығында бастапқыдан АҚ 20% - дан жоғары байқалады. АҚ төмендеу дәрежесі емдеудің алғашқы кезеңдерінде (каптоприлдің алғашқы бірнеше дозасын қабылдағаннан кейін) ең жоғары болады және емдеу басталғаннан кейін бір - екі апта ішінде тұрақтанады. АҚ әдетте екі ай ішінде емдік тиімділікті төмендетпестен бастапқы деңгейге оралады. СЖЖ бар пациенттерде емдеуді дәрігердің бақылауымен каптоприлдің төмен дозаларынан (тәулігіне 6,25-12,5 мг) бастау керек. Каптоприл дозасын ұлғайтуды үлкен сақтықпен жүргізу керек. Өтпелі артериялық гипотензияның өзі емдеуді тоқтатуға негіз бола алмайды. Артериялық гипотензия тұрақты болған жағдайларда дозаны азайту және/немесе диуретикті және/немесе каптоприлді қолдануды тоқтату керек.
Аорта немесе митральды стеноз/гипертрофиялық обструктивті кардиомиопатия
Вазодилатациялайтын әсері бар барлық дәрілік препараттар сияқты, АӨФ тежегіштері сол жақ қарыншадан қан ағымы жолдарының обструкциясы бар пациенттерде аса сақтықпен қолданылуы тиіс. Гемодинамикалық маңызды обструкция болған жағдайда каптоприлді қолдану ұсынылмайды.
Бүйрек функциясының бұзылуы
Бүйрек ауруы бар кейбір пациенттерде, әсіресе бүйрек артериясының ауыр стенозы бар пациенттерде артериялық қысым төмендегеннен кейін қан сарысуындағы мочевина азоты мен креатинин концентрациясының жоғарылауы байқалады. Бұл жоғарылау әдетте каптоприлмен емдеуді тоқтатқан кезде қайтымды болады. Бұл жағдайларда каптоприл дозасын азайту және/немесе диуретикті тоқтату қажет болуы мүмкін.
Каптоприлді ұзақ уақыт қолдану аясында пациенттердің шамамен 20 % -да мочевина мен қан сарысуындағы креатинин концентрациясының нормамен немесе бастапқы мәнмен салыстырғанда 20% - дан астам жоғарылауы байқалады.
Пациенттердің 5%-нан азында, әсіресе ауыр нефропатияларда, креатинин концентрациясының жоғарылауына байланысты емдеуді тоқтату қажет.
Реноваскулярлық гипертензия
Бүйрек артерияларының екі жақты стенозы немесе жалғыз бүйрек артериясының стенозы бар пациенттерде АӨФ тежегіштерін қолданғанда артериялық гипотензия мен бүйрек жеткіліксіздігінің даму қаупі жоғары. Бүйрек жеткіліксіздігі бастапқыда қан плазмасындағы креатинин құрамындағы шамалы өзгерістермен ғана көрінуі мүмкін. Мұндай пациенттерде каптоприлді қолдану ұсынылмайды.
Бүйрек трансплантациясы
Жақында бүйрек трансплантациясын жасатқан пациенттерде каптоприлді қолдану тәжірибесі жоқ. Сондықтан мұндай пациенттерде каптоприлді қолдану ұсынылмайды.
Протеинурия
Каптоприлді қолданған кезде пациенттердің 0,7 % -да тәулігіне 1000 мг-ден астам протеинурия байқалды. 90% жағдайда протеинурия бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде, сондай-ақ каптоприлдің жоғары дозаларын қолданғанда (тәулігіне 150 мг-ден астам) пайда болды. Протеинуриясы бар пациенттердің шамамен 20 % -да нефроздық синдром дамыды. Көп жағдайда каптоприлді қабылдаған кезде протеинурия жоғалып кетті немесе препаратты қабылдауды тоқтатуға немесе тоқтатпауға қарамастан, оның айқындылығының дәрежесі 6 ай ішінде төмендеді. Протеинуриясы бар пациенттерде бүйрек функциясының көрсеткіштері (қандағы мочевина мен креатинин азотының концентрациясы) әрқашан дерлік қалыпты шекте болды. Бүйрек аурулары бар пациенттерде емдеуді бастамас бұрын және емдеу курсы кезінде мезгіл-мезгілімен несептегі ақуызды анықтау керек.
Бауыр функциясының бұзылуы
Сирек жағдайларда АӨФ тежегіштерін қолдану холестаздық сарғаюдың немесе гепатиттің пайда болуынан басталатын және кейде өліммен аяқталатын бауырдың фульминантты некрозына дейін үдейтін синдромның дамуымен қатар жүрді. Бұл синдромның даму механизмі белгісіз. Егер АӨФ тежегіштерімен ем қабылдайтын пациентте сарғаю дамыса немесе «бауыр» ферменттері белсенділігінің айтарлықтай жоғарылауы байқалса, каптоприлмен емдеуді тоқтатып, тиісті қосымша емдеуді тағайындау керек. Пациент тиісті бақылауда болуы керек.
Нейтропения / агранулоцитоз/тромбоцитопения / анемия
АӨФ тежегіштерін қабылдайтын пациенттерде нейтропения/агранулоцитоз, тромбоцитопения және анемия жағдайлары байқалды. Бүйрек функциясы қалыпты және басқа бұзылулар болмаған пациенттерде нейтропения сирек кездеседі. Бүйрек жеткіліксіздігінде каптоприл мен аллопуринолды бір мезгілде қабылдау нейтропенияға әкелді.
Каптоприл-Боримед препаратын иммундық супрессорларды, аллопуринолды немесе прокаинамидті қабылдайтын дәнекер тінінің жүйелік аурулары (жүйелі қызыл жегі, склеродермия және т.б.) бар пациенттерде немесе аталған асқыну факторларының біріктірілімі кезінде, әсіресе бүйрек функциясының бұрын орын алған бұзылыстары болса, аса сақтықпен қолдану керек.
Нейтропения кезінде 13% жағдайда өлімге әкеп соқтыру тіркелді. Барлық жағдайларда дерлік өлім жағдайы иммуносупрессорларды қабылдау аясында немесе осы факторлардың екеуінің тіркесімі кезінде дәнекер тінінің аурулары, бүйрек немесе жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде байқалды.
Мұндай пациенттерде АӨФ тежегіштерінің аясында нейтропенияның өлімге әкелетін көп жағдайларының дамуына байланысты оларда емдеуді бастамас бұрын, алғашқы 3 айда - 2 апта сайын, содан кейін – әр 2 ай сайын қан лейкоциттерінің санын бақылау керек. Барлық пациенттерде каптоприлмен емдеуді бастағаннан кейінгі алғашқы 3 айда, содан кейін әр 2 айда қандағы лейкоциттер санын ай сайын бақылау керек. Егер лейкоциттер саны 4000 / мкл-ден төмен болса, жалпы қан талдауын қайта жүргізу көрсетіледі, 1000/мкл - ден төмен болса - пациентті бақылауды жалғастыра отырып, препаратты қабылдау тоқтатылады. Әдетте нейтрофилдер санының қалпына келуі каптоприлді тоқтатқаннан кейін 2 апта ішінде жүреді.
Кейбір пациенттерде бірқатар жағдайларда антибиотиктермен қарқынды емдеуге жауап бермеген ауыр инфекциялық аурулар дамыды. Нейтропения/агранулоцитоз қаупі жоғары пациенттерде каптоприлді қолданған кезде қандағы лейкоциттер санын үнемі бақылау ұсынылады. Пациенттерге инфекциялық аурудың кез келген белгілері (мысалы, қызба, тамақ ауыруы) пайда болған жағдайда дереу дәрігерге қаралу қажеттігі туралы ескерту керек.
Аса жоғары сезімталдық реакциялары / ангионевроздық ісіну
Каптоприлді қоса, АӨФ тежегіштерін қолданғанда беттің, аяқ-қолдың, еріннің, тілдің, дауыс қатпарларының және/немесе көмейдің ангионевроздық ісінуінің сирек жағдайлары байқалды. Ангионевроздық ісіну емдеу кезінде кез келген уақытта дамуы мүмкін. Ангионевроздық ісіну дамыған жағдайда каптоприлді қабылдауды дереу тоқтатып, симптомдар толығымен жойылғанға дейін пациенттің жағдайын мұқият бақылау керек.
Егер ісіну бетке тараған болса, әдетте арнайы ем қажет болмайды (симптомдардың айқындылығын төмендету үшін антигистаминді препараттар қолданылуы мүмкін). Респираторлық дистресс-синдромының дамуынсыз тілдің ісінуі ғана байқалған жағдайларда да пациенттерге антигистаминді дәрілермен және кортикостероидтармен емдеу жеткіліксіз болу мүмкін болуына байланысты ұзақ мерзімді бақылау қажет болуы мүмкін.
Көмей мен тілдің ісінуіне байланысты ангионевроздық ісіну өте сирек жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін. Егер ісіну тілге, жұтқыншаққа немесе көмейге тараса және тыныс алу жолдары обструкциясының даму қаупі болса, дереу тері астына 0,3 - 0,5 мл 0,1% эпинефрин (адреналин) ерітіндісін енгізу керек және/немесе тыныс алу жолдарының өткізгіштігін қамтамасыз ету керек (интубация немесе трахеостомия).
Сирек жағдайларда, АӨФ тежегіштерімен емдеу аясында іштің ауырсынуымен жүрек айнуымен және құсумен бірге немесе онсыз, кейде - беттің алдындағы ангионевроздық ісінуінсіз және CL-эстеразаның қалыпты деңгейінде көрінген интестинальды ісіну (ішектің ангионевроздық ісінуі) дамыды. Диагноз құрсақ қуысының компьютерлік томографиясы, ультрадыбыстық зерттеу немесе хирургиялық араласу арқылы анықталады. Симптомдар АӨФ тежегіштерін қабылдауды тоқтатқаннан кейін жоғалып кетті. Интестинальды ісінудің даму мүмкіндігін АӨФ тежегіштерін қабылдайтын пациенттерде іштің ауырсынуын дифференциалды диагностикалау кезінде ескеру қажет.
Анамнезінде АӨФ тежегіштерін қабылдауға байланысты емес ангионевроздық ісінуі бар пациенттер АӨФ тежегіштерімен емдеу аясында ангионевроздық ісінудің даму қаупіне көбірек ұшырауы мүмкін.
Қара нәсіл өкілдерінде АӨФ тежегіштерін қолдану кезінде ангионевроздық ісінудің даму жағдайлары басқа нәсілдер өкілдерімен салыстырғанда жоғары жиілікте байқалды.
Ангионевроздық ісінудің даму қаупінің жоғарылауы АӨФ тежегіштерін және mTOR тежегіштері (темсиролимус, сиролимус, эверолимус), IV типті дипептидилпептидаза тежегіштері (ситаглиптин, саксаглиптин, вилдаглиптин, линаглиптин), эстрамустин, бейтарап эндопептидаза тежегіштері (рацекадотрил, сакубитрил) және тіндік плазминоген активаторлары сияқты дәрілік препараттарды бірге қабылдайтын пациенттерде байқалды.
Жарғаққанаттылар уынан аллергенмен десенсибилизация кезінде анафилактоидты реакциялар
Сирек жағдайларда АӨФ тежегіштерімен емдеу аясында жарғаққанаттылар уынан аллергенмен десенсибилизация курсынан өтетін пациенттерде өмірге қауіп төндіретін анафилактоидты реакциялар байқалды. Мұндай пациенттерде бұл реакцияларды десенсибилизация басталғанға дейін АӨФ тежегішімен емдеуді уақытша тоқтату арқылы алдын алуға болады. Ара уымен иммунотерапия алатын пациенттерге каптоприлді қолдануға болмайды.
Төмен тығыздықтағы липопротеин аферезін (ТТЛП-аферез) жүргізу кезіндегі анафилактоидты реакциялар
Декстран сульфатын қолдана отырып, ТТЛП-аферезін жүргізу кезінде АӨФ тежегіштерін қабылдаған пациенттерде өмірге қауіпті анафилактоидты реакциялар сирек байқалды. Егер ТТЛП-аферездің әр емшарасы басталғанға дейін АӨФ тежегішін уақытша тоқтатса, бұл реакциялардың дамуын алдын-алуға болады.
Жоғары ағынды жарғақшаларды пайдаланумен гемодиализ
АӨФ тежегіштерін қабылдайтын пациенттерде гемодиализді жүргізу кезінде анафилактоидты реакциялар дамуының арту қаупіне байланысты жоғары ағымды полиакрилонитрилді диализ жарғақшаларын (мысалы, AN69®) қолданудан аулақ болу керек. Мұндай жағдайларда басқа типтегі диализ жарғақшаларын қолдану немесе басқа кластағы гипотензивті дәрілерді қолдану қажет.
Қант диабеті
Ішке қабылдауға арналған гипогликемиялық дәрілерді немесе инсулинді қабылдайтын қант диабеті бар пациенттерде АӨФ тежегіштерін бір мезгілде қолданғанда қандағы глюкоза концентрациясын үнемі бақылап отыру керек.
Ішке қабылдайтын гипогликемиялық дәрілерді немесе инсулинді қабылдайтын пациенттер АӨФ тежегіштерін қолдануды бастамас бұрын, әсіресе аталған дәрілік препараттарды бір мезгілде қолданудың бірінші айында қандағы глюкоза концентрациясын (гипогликемия) үнемі бақылау қажеттігі туралы хабардар болуы тиіс.
Жөтел
АӨФ тежегіштерін қабылдаған кезде тән жөтел жиі байқалады. Әдетте, жөтел қақырықсыз, тұрақты сипатқа ие болады және препаратты тоқтатқаннан кейін тоқтайды. АӨФ тежегіштерін қолдануға байланысты жөтелды қақырықсыз жөтелді дифференциалды диагностикалау кезінде ескеру қажет.
Хирургиялық араласу / жалпы анестезия
Үлкен хирургиялық операциялар кезінде, сондай-ақ гипертензияға қарсы әсері бар жалпы анестезияға арналған дәрілерді қолданғанда, АӨФ тежегіштерін қабылдайтын пациенттерде артериялық қысымның шамадан тыс төмендеуі байқалуы мүмкін (каптоприл рениннің компенсаторлық босап шығуынан туындаған ангиотензин II түзілуін бөгеттеуіне байланысты). Мұндай жағдайларда төмендеген артериялық қысымды түзету үшін айналымдағы қан көлемін ұлғайтуға бағытталған шаралар қолданылады.
Гиперкалиемия
Кейбір жағдайларда АӨФ тежегіштерін, соның ішінде каптоприлді қолдану аясында қан сарысуындағы калий мөлшерінің жоғарылауы байқалады.
Гиперкалиемияның даму қаупінің факторлары бүйрек жеткіліксіздігі, егде жас (65 жастан асқан), қант диабеті, кейбір қатар жүретін жағдайлар (АҚК төмендеуі, декомпенсация сатысындағы жедел жүрек жеткіліксіздігі, метаболиздік ацидоз), калий жинақтайтын диуретиктерді (спиронолактон, эплеренон, триамтерен немесе амилорид сияқты), сондай-ақ калий препараттары, құрамында калий бар ас тұзын алмастырғыштар және қан плазмасындағы калий мөлшерінің жоғарылауына ықпал ететін басқа да дәрілік препараттарды (мысалы, гепарин, такролимус, циклоспорин; құрамында ко-тримоксазол [триметоприм+сульфаметоксазол] бар препараттар) бір мезгілде қолдану.
Калий қоспаларын, калий жинақтайтын диуретиктерді немесе құрамында калий бар тағамдық тұзды алмастырғыштарды, әсіресе бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде қолдану қан сарысуындағы калийдің елеулі түрде артуына әкелуі мүмкін. Гиперкалиемия кейде өліммен аяқталуы ықтимал жүрек ырғағының ауыр бұзылуына әкелуі мүмкін. Калий жинақтайтын диуретиктер мен калий препараттарын бір мезгілде қолданудан аулақ болу ұсынылады. Каптоприлді және жоғарыда аталған құрамында калий бар немесе қан плазмасындағы калий мөлшерін арттыратын дәрілік препараттарды бір мезгілде қолдану қажет болғанда сақ болу және қан сарысуындағы калий мөлшерін үнемі бақылау қажет.
Гипокалиемия
Тиазидті диуретиктермен бір мезгілде АӨФ тежегіштерін қолданғанда гипокалиемияның даму қаупі жоққа шығарылмайды. Сондықтан мұндай жағдайларда емдеу кезінде қандағы калий мөлшерінің тұрақты мониторингісін жүргізу керек.
Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің (РААЖ) қосарлы блокадасы
Артериялық гипотензия, гиперкалиемия, бүйрек функциясының төмендеуі (жедел бүйрек жеткіліксіздігін қоса) сияқты жағымсыз реакциялардың даму жиілігінің жоғарылауымен астасуына байланысты РААЖ-не (РААЖ қосарлы блокада) әсер ететін әртүрлі топтағы дәрілік препараттарды бір мезгілде қолдану ұсынылмайды. Құрамында алискирен бар дәрілік препараттармен АӨФ тежегіштерін бір мезгілде қолдану қант диабеті және/немесе орташа немесе ауыр бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде (дене беткейінің ауданы 60 мл/мин/1,73 м2 кем ШСЖ) қарсы көрсетілімді болып табылады және басқа пациенттерде ұсынылмайды.
АӨФ тежегіштерін ангиотензин II рецепторларының антагонистерімен бір мезгілде қолдану диабеттік нефропатиясы бар пациенттерде қарсы көрсетілімді болып табылады және басқа пациенттерде ұсынылмайды.
РААЖ-не әсер ететін екі дәрілік препараттарды бір мезгілде тағайындау қажет болған жағдайда оларды қолдану дәрігердің бақылауымен аса сақтықпен және бүйрек функциясын, АҚ көрсеткіштерін және қан плазмасындағы электролиттер мөлшерін тұрақты бақылаумен жүргізілуі тиіс.
Литий препараттары
Соңғысының уыттылығының туындау қаупіне байланысты каптоприл мен құрамында литий бар дәрілік препараттарды бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.
Этностық айырмашылықтар
АӨФ тежегіштерінің еуропалық нәсілді пациенттерге қарағанда қара нәсілді өкілдерде тиімділігі төмен, бұл қара нәсілді өкілдерде рениннің төмен белсенділігінің көбірек таралуына байланысты болуы мүмкін.
Зертханалық зерттеулерге әсері
Каптоприлді қабылдаған кезде ацетонға несеп талдауының жалған оң нәтижесі байқалуы мүмкін.
Арнайы ескертулер
Қосымша заттар туралы ақпарат
Препарат құрамында лактоза моногидраты бар, сондықтан тұқым қуалайтын фруктоза жақпаушылығы, Lapp (ЛАПП)-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар адамдарға қарсы көрсетілімде.
Педиатрияда қолдану
Препаратты балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге қолдануға болмайды.
Дәрілік препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Емдеу кезеңінде әсіресе бастапқы дозаны қабылдағаннан кейін бас айналу мүмкін болуына байланысты көлік жүргізуден және аса зейін қоюды және психомоторлық реакциялардың жоғары жылдамдығын қажет ететін ықтимал қауіпті қызмет түрлерімен айналысудан аулақ болу керек.