Кетопрофенді ЦОГ-2 селективті тежегіштерін қоса, басқа ҚҚСП бір мезгілде қолданудан аулақ болу керек.
Жағымсыз әсерлері ең төменгі тиімді дозаны қолданғанда және ауыру синдромын басу үшін қажетті қысқа уақыт ішінде азайтылуы мүмкін («Қолдану жөніндегі нұсқаулар» бөлімін және «асқазан-ішектен қан кету» мен «Жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан бұзылулар» параграфтарын қараңыз).
Созылмалы ринит, созылмалы синусит және/немесе мұрын полиптерімен қатар жүретін бронх демікпесі бар пациенттерді басқа топтың пациенттерімен салыстырғанда АСҚ және/немесе ҚҚСП қолданғаннан кейін аллергиялық реакциялардың өте жоғары туындау қаупі бар.
Кетопрофенді қолдану бронх демікпесі немесе бронх түйілуі ұстамаларының дамуымен, әсіресе АСҚ немесе ҚҚСП аса жоғары сезімталдығы бар пациенттерде қатар жүруі мүмкін («Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөлімін қараңыз).
Кетопрофенмен емдеуді радикалды хирургиялық араласулар жүргізер алдында тоқтату керек.
Егде жастағы пациенттер
Препаратты егде жастағы пациенттерге сақтықпен тағайындау керек.
ҚҚСП қабылдайтын егде жастағы пациенттерде, әсіресе АІЖ тарапынан қан кету және өлімге әкелуі мүмкін ойық жаралардың тесілуі тарапынан жағымсыз әсерлер дамуының жоғары жиілігі бар.
Асқазан-ішектік қан кету, ойық жараның түзілуі немесе тесілуі
Өліммен аяқталуы мүмкін асқазан-ішектен қан кетулер, ойықжараның пайда болуы және/немесе тесілуі барлық ҚҚСП үшін сипатталған және алдында жүретін симптомдармен немесе оларсыз немесе анамнезінде асқазан-ішек жолының ауыр ауруларымен емнің кез келген уақытында дамуы мүмкін.
Кетопрофенді қолдану басқа ҚҚСП-мен салыстырғанда, әсіресе жоғары дозаларда қолданғанда, ауыр асқазан-ішек уыттылығының даму қаупінің жоғары болуымен байланысты болуы мүмкін («Қолдану жөніндегі нұсқаулар» және «Қолдануға болмайтын жағдайлар» бөл. қараңыз).
Асқазан-ішектен қан кету, ойық жаралануы немесе тесілу қаупі анамнезінде ойықжарасы бар пациенттерде, әсіресе қан кетуі немесе тесілуі асқынған, сондай-ақ егде жастағы адамдарда ҚҚСП дозасын арттырғанда ұлғаяды. Бұл пациенттерді емдеуді ең аз мүмкін дозадан бастаған жөн. Осындай пациенттерде, сондай-ақ АІЖ тарапынан жағымсыз әсерлерді күшейтуі мүмкін дәрілік препараттармен біріктірілген ем жүргізуді талап ететін пациенттерде протекторлармен (мизопростол немесе протонды помпаның тежегіштері) құрамдастырылған ем қолдану мүмкіндігін қарастыру керек (төм. және «Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі» бөл. қараңыз).
Анамнезінде асқазан-ішек аурулары бар пациенттерге, әсіресе егде жастағы пациенттерге асқазан-ішек жолы тарапынан болатын кез келген симптомдар туралы (әсіресе асқазан-ішектен қан кету туралы), атап айтқанда, емнің басында дәрігерге хабарлау керек.
Ойық жара немесе қан кету қаупін арттыруы мүмкін дәрілік заттарға пероральді кортикостероидтар, антикоагулянттар (варфарин), серотонинді қайта қармаудың селективті тежегіштері немесе тромбозға қарсы дәрілер (ацетилсалицил қышқылының төмен дозалары) жатады (төм. және «Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі» бөл. қараңыз).
Егер пациенттерде кетопрофенді қолдану аясында асқазан-ішектен қан кету немесе ойық жара пайда болса, кетопрофенді қабылдау тоқтатылуы тиіс.
Анамнезінде асқазан-ішек аурулары (ойықжаралы колит, Крон ауруы) бар пациенттерде осы аурулардың өршу ықтималдығына байланысты кетопрофенді қолданғанда сақ болған жөн («ДП стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қолдану керек шаралар» бөл. қараңыз).
Жүрек-қантамыр жүйесі, бүйрек немесе бауыр тарапынан бұзылулар
Гипертензия және/немесе жеңіл және орташа іркілісті жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттердің жағдайын мұқият бақылау керек, өйткені ҚҚСП қолдану кезінде сұйықтықтың кідіруі мен ісінуі тіркелген. Мұндай пациенттерде кетопрофен қолдану простагландиннің тежелу нәтижесінде бүйректік қан ағысының төмендеуін тудыруы және интерстициальді нефритке, нефроздық синдромға және бүйрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін.
Клиникалық зерттеулер мен эпидемиологиялық дәлелдер кейбір ҚҚСП (негізінен жоғары дозада) қолдану артериялық тромбоздың (миокард инфарктісі, инсульт) қаупінің жоғарылауына әкелуі мүмкін екенін көрсетеді. Бүгінгі күні кетопрофенге қатысты мұндай қауптің жоғарылауын болдырмау үшін деректер жеткіліксіз.
Барлық ҚҚСП сияқты, анамнезінде бақыланбайтын гипертония, жүрек жеткіліксіздігі, жүректің ишемиялық ауруы, шеткері артерия ауруы және/немесе инсульт бар пациенттерге (өтпелі ишемиялық шабуылды қоса) кетопрофенді мұқият тексеруден кейін ғана тағайындау керек.
Кардиоваскулярлық аурулардың (гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті, темекі шегу) қауіп факторлары бар пациенттерді емдеуді бастамас бұрын осындай қорытындылар жасалуы керек.
Периоперациялық кезеңде (артерияларды шунттау) ҚҚСП (аспиринді қоспағанда) қабылдаған пациенттерде артериялық тромбоздық асқынулардың жоғары қаупі туралы хабарланды.
Тері реакциялары
Эксфолиативті дерматитті, Стивенс-Джонсон синдромын және ҚҚСП қолданумен байланысты уытты эпидермальді некролизді қоса, ауыр тері реакцияларының (олардың кейбіреулері өліммен аяқталатын) дамуы туралы өте сирек хабарланған («ДП стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қолдану керек шаралар» бөл. қараңыз). Бұл реакциялардың даму қаупінің жоғарылауы емдеудің бастапқы кезеңінде, көбінесе емдеудің бірінші айында байқалады. Кетопрофенді қабылдауды тері бөртпесінің, шырышты қабықтардың зақымдануының алғашқы белгілері пайда болғанда немесе аса жоғары сезімталдықтың кез келген басқа белгілері пайда болғанда тоқтату керек.
Жасырын инфекциялар симптомдарын бүркемелеу
Кетонал® инфекциялық аурудың симптомдарын бүркемелеуі мүмкін, бұл тиісті емдеуді бастауды кешіктіруі мүмкін, осылайша аурудың барысын қиындатады. Бұл бактериялық ауруханадан тыс пневмонияда және желшешектің бактериялық асқынуларында байқалды. Дене температурасы жоғарылағанда немесе инфекция кезінде ауырсынуды жеңілдету үшін Кетонал® препаратын қолдану кезінде инфекциялық ауруды мониторингтеу ұсынылады. Медициналық мекемелерден тыс емдеу жағдайында, егер симптомдар сақталса немесе күшейсе, пациент дәрігерге қаралуы тиіс.
Функционалды бүйрек жеткіліксіздігі
ҚҚСП тобының препараттары бүйрек простагландиндерінің вазодилатациялық әсерін тежейді, осыған байланысты шумақтық сүзілістің төмендеуіне байланысты функционалды бүйрек жеткіліксіздігінің дамуына әкелуі мүмкін. Бұл жағымсыз әсердің дозаға тәуелді әсері бар.
Емдеуді бастамас бұрын және препараттың дозасын жоғарылатпас бұрын келесі қауіп факторлары бар пациенттерде бүйрек функциясы мен шығарылатын несеп көлемін мұқият бағалау керек:
• егде жастағы пациенттер
• ангиотензин өзгертуші фермент (АӨФ) тежегіштері тобының препараттарын, сартандарды, диуретиктерді бір мезгілде қабылдау («Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі» бөл. қараңыз)
• әр түрлі этиологиядағы гиповолемия
• жүрек жеткіліксіздігі
• созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі
• нефроздық синдром
• жегілік нефропатия
• бауыр циррозы
Сұйықтықтың іркілуі
Сұйықтықтың іркілуі ісінуге, гипертонияға немесе артериялық гипертензияның жоғарылауына, жүрек жеткіліксіздігінің өршуіне әкелуі мүмкін. Артериялық гипертензия немесе жүрек жеткіліксіздігі жағдайында емдеудің басынан бастап клиникалық мониторинг жүргізу қажет. Гипотензиялық препараттар әсерінің төмендеуі мүмкін («Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі» бөл. қараңыз).
Гиперкалиемия
Әсіресе қант диабеті, бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде және/немесе калий жинақтаушы препараттармен бірге қолданғанда гиперкалиемия дамуы мүмкін («Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі» бөл. қараңыз).
Мұндай пациенттерде калий деңгейін мұқият бақылау керек.
ҚҚСП қолдану әйелдердің фертильділігіне теріс әсер етуі мүмкін, сондықтан оны жүктілікті жоспарлаған әйелдерде қолдану ұсынылмайды. Бедеулікке байланысты тексеруден өтіп жүрген немесе жүкті бола алмай жүрген әйелдерде препаратты қолдануды тоқтату туралы мәселені қарастыру керек.
Анамнезінде фотосенсибилизация немесе фотоуыттылық реакциялары байқалған пациенттерге препаратты қолдану кезінде мұқият бақылауды қамтамасыз ету қажет.
Бауыр функциясы бұзылған немесе бауыр аурулары бар пациенттерде қандағы трансаминазалардың деңгейін үнемі бақылау керек, әсіресе препаратпен ұзақ уақыт емдегенде.
Кетопрофенмен емдеу аясында сирек жағдайларда сарғаю және гепатит пайда болды.
Препаратты пациенттерде ұзақ пайдаланған кезде қан талдауын және бауыр мен бүйрек функциясын бақылау қажет. Егер ауырсыну қатты болса, кетопрофенді морфин туындыларымен бірге қолдануға болады.
Кетопрофенді алкоголизмнен зардап шегетін адамдарға сақтықпен қолдану керек.
Көрудің бұзылуы
Кетопрофен қолдануды көру нашарлағанда, мысалы, анық көрмеу кезінде тоқтату керек.
Препаратты ҚҚСП тобының басқа препараттарымен, пероральді антикоагулянттармен, литиймен, ыстық түсіретін және ауыруды басатын дозалардағы аспиринмен, аптасына 20 мг жоғары дозадағы метотрексатпен, фракцияланбаған және төмен молекулалы гепаринмен және гепарин тәрізді молекулалармен (емдік дозаларда және/немесе егде жастағы пациенттерде), пеметрекседпен бір мезгілде және жеңіл және орташа дәрежедегі бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге қабылдаудан аулақ болу керек («Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі» бөл. қараңыз).
Қосымша заттар
Кетонал® құрамында аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін бензил спирті бар; сондай ақ жүктілік немесе бала емізу кезеңіндегі әйелдерде және бауыр немесе бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде оның жинақталу және жағымсыз реакциялардың (метаболизмдік ацидоз) даму қаупі бар.
Препарат құрамында натрий 1 ммольден (23 мг) аз, яғни натрийден бос препарат болып саналады.
Кетонал® құрамында этанол (96%) бар. Оның құрамында этанолдың 12,3% мөлшері бар, яғни бір дозаға 200 мг дейін, бұл 5 мл сыраға немесе бір дозаға 2 мл шарапқа тең және алкоголизммен ауыратын адамдарға зиянды әсер етуі мүмкін. Жүкті әйелдер мен бала емізетін аналар, балалар мен жоғары қауіп тобындағы тұлғаларға, мысалы, бауыр аурулары немесе эпилепсиядан зардап шегетін пациенттерге этанолдың мөлшеріне назар аударуы керек.
Препараттың құрамында жануарлардың немесе адамның репродуктивті функциясына немесе дамуына теріс әсер етпейтін пропиленгликоль бар, ол шаранада және емшек сүтінде болуы мүмкін. Сондықтан жүкті және бала емізетін әйелдерге пропиленгликоль тағайындау туралы мәселені жеке шешу керек.
Бүйрек және бауыр функциясы бұзылған пациенттер медициналық бақылауды қажет етеді, өйткені пропиленгликольді қолданумен байланысты бүйрек функциясының бұзылуы (жедел өзекшелік некроз), жедел бүйрек жеткіліксіздігі және бауыр функциясының бұзылуы сияқты әртүрлі жағымсыз реакциялар туралы хабарланған.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Бас айналуы, кеңістіктікте бағдардан адасу, ұйқышылдық, жинақтап көре алмау немесе құрысу пайда болған жағдайда көлік жүргізуге немесе потенциалды қауіпті механизмдерді басқаруға болмайды.