Симптомдары
Парацетамол артық дозаланғанда алғашқы 24 сағатта мына симптомдар дамиды: бозарып кету, жүрек айну, құсу, анорексия және іштің ауыруы. Бауыр трансаминазаларының белсенділігі артады, билирубин концентрациясы ұлғаяды және протромбин деңгейі төмендейді. Артық дозаланған жағдайда қатты терлеу, психомоторлық қозу немесе орталық жүйке жүйесінің бәсеңдеуі, бас айналу, ұйқының бұзылуы, ұйқышылдық, жүрек ырғағының бұзылуы, тахикардия, экстрасистолия, тремор, гиперрефлексия, құрысулар, панкреатит байқалуы мүмкін. Сирек жағдайларда бел аумағындағы ауырсыну, гематурия, протеинурия, нефроуыттылықпен көрініс беретін өзекшелердің жедел некрозымен жедел бүйрек жеткіліксіздігі (бүйрек шаншуы, интерстициальді нефрит, папиллярлы некроз) хабарланды.
Ересектерге 10 г немесе одан көп парацетамол және баланың килограмм дене салмағына 150 мг мөлшерінен көп парацетамол қолдану сананың бұзылуымен болатын энцефалопатияның дамуымен гепатоцеллюлярлық некрозға, бауыр комасына және өліммен аяқталуға әкелуі мүмкін.
Бауыр зақымдануының алғашқы клиникалық және биохимиялық белгілері артық дозаланудан кейін 12-48 сағаттан соң пайда болуы мүмкін. Глюкоза метаболизмінің бұзылулары және метаболизмдік ацидоз туындауы мүмкін. Жоғары дозаларын ұзақ уақыт қолданғанда аплазиялық анемия, панцитопения, агранулоцитоз, нейтропения, лейкопения, тромбоцитопения болуы мүмкін.
Қауіп факторлары бар пациенттерде (карбамазепин, фенобарбитал, фенитоин, примидон, рифампицин, шайқураймен немесе бауыр ферменттерін индукциялайтын басқа дәрілік заттармен ұзақ емдеу, алкоголизм, глутатионды кахексия (ас қорыту бұзылыстары, муковисцидоз, АИТВ-инфекция, ашығу, кахексия) 5 г немесе одан көп парацетамол қолдану бауыр зақымдануына әкелуі мүмкін.
Фенилэфрин және хлорфенирамин малеатының әсері себеп болатын артық дозалану симптомдары: бас ауыру, гипергидроз, ұйқышылдық, сананың бұзылуы, ұйқысыздық, мінез-құлық өзгерісі, психомоторлық қозу немесе орталық жүйке жүйесінің (ОЖЖ) бәсеңдеуі, мазасыздық, ашушаңдық, тремор, құрысулар, гиперрефлексия, бас айналу, жүрек айну, құсу, артериялық гипертензия, тахикардия, аритмия, экстрасистолия.
Хлорфенирамин малеаты артық дозаланғанда бәсең жай-күйден қозу күйіне дейін (мазасыздық және құрысулар) құбылуы мүмкін. Мидриаз, фотофобия, терінің және шырышты қабықтардың құрғауын, дене температурасының көтерілуін, ішек атониясын қоса, атропинге ұқсас симптомдарды байқауға болады, орталық жүйке жүйесінің бәсеңдеуі тыныс алу бұзылыстарымен және жүрек-қантамыр жүйесі жұмысының бұзылуларымен (тамыр соғу жиілігінің азаюы, артериялық қысымның тамыр жеткіліксіздігіне дейін төмендеуі) қатар жүреді.
Кофеин артық дозаланғанда келесі симптомдар білінеді: сусыздану, гипертермия, құлақтағы шыңыл, эпигастрий аумағының ауыруы, диурез жиілігінің артуы, экстрасистолия, тахикардия, тыныс алудың жиілеуі, аритмия, орталық жүйке жүйесіне әсер ету (бас айналу, ұйқысыздық, қозу, ашушаңдық, психомоторлық қозу, аффект күйі, үрейлену, тремор, құсу, құрысулар, конвульсиялар, ажитация, мазасыздық, делирий, жанасу кезіндегі немесе ауырсынумен болатын жоғары сезімталдық).
Біріктірілген препараттармен ауыр улану кезінде (парацетамол, хлорфенирамин, фенилэфрин, кофеин) бауыр функциясының бұзылуы сананың бұзылуымен болатын энцефалопатия, қан құйылу, гипогликемия, ми ісінуіне дейін үдеуі, жекелеген жағдайларда өліммен аяқталуы мүмкін. Өзекшелердің жедел некрозымен бүйрек функциясының жедел бұзылуы белдің қатты ауыруы, гематурия, протеинуриямен көрініс беруі мүмкін және тіпті бауырдың ауыр зақымдануы болмаса да дамуы мүмкін. Жүрек аритмиясы мен панкреатит те анықталды.
Емдеу
Артық дозалануға күмән туындаған жағдайда пациентті ауруханаға жеткізген жөн. Симптомдар жүрек айну және құсумен шектелуі мүмкін немесе артық дозалану ауырлығын немесе ағзалардың зақымдану қаупін көрсетпеуі мүмкін. Егер парацетамолдың шамадан тыс дозасы 1 сағат ішінде қабылданса, белсендірілген көмірмен емдеуді қарастыру керек. Күмәнді артық дозаланудан кейін алғашқы 6 сағат ішінде асқазанды шаю қажет. Ауыр гипертензияда α-, β-адреноблокаторлар қолдану мақсатқа сай. Қан плазмасында парацетамол концентрациясы қабылдаудан кейін 4 сағаттан соң немесе одан кешірек өлшенуі тиіс (одан ертерек концентрациялары нақты емес болып табылады). Қабылдаудан кейін 24 сағат ішінде ацетилцистеин (парацетамолмен улану кезіндегі антидот) енгізу қолданылады, қолданудың ең жоғары әсеріне қабылдаудан кейінгі алғашқы 8 сағат ішінде жетеді. Артық дозаланудан кейін алғашқы 8 сағат ішінде құсу болмаса, ауруханадан тыс шалғай аудандарда тиісті балама ретінде метионинді пероральді қолдануға болады. Антидоттар тиімділігі осы уақыттан кейін күрт төмендейді. Қажет болса, пациентке қолданыстағы ұсынымдарға сәйкес ацетилцистеинді вена ішіне енгізуге болады.