Әсер ету механизмі
Амлодипин – дигидропиридин қатарындағы кальций өзекшелерінің блокаторы; кальций иондарының кардиомиоциттерге және тамырлардың тегіс бұлшықеттеріне жарғақша арқылы түсуін тежейді (баяу кальций өзекшелерінің блокаторы немесе. кальций иондарының антагонисі). Амлодипиннің гипотензиялық әсерінің негізінде тамырлардың тегіс бұлшықеттерін босаңсытатын әсері жатады. Стенокардияда амлодипиннің нақты әсер ету механизмі түпкілікті анықталмаған, алайда амлодипин ишемияны келесі екі жолмен азайтады:
1. Амлодипин шеткері артериолаларды кеңейтеді және осылайша жалпы шеткері кедергіні (кейінгі жүктемені) төмендетеді, оны бағындыруға жүрек жұмысы жұмсалады. Жүректің жиырылу жиілігі тұрақты күйде қалатындықтан, жүрекке түсетін жүктеменің төмендеуі энергия тұтынудың және миокардта оттегі қажеттілігінің төмендеуіне әкеледі.
2. Коронарлық артериялар мен артериолалар кеңеюі амлодипиннің әсер ету механизмінде рөл атқаруы мүмкін. Бұл кеңею коронарлық артериялардың түйілуі бар пациенттерде (Принцметалл стенокардиясында немесе тамыр түйілу стенокардиясында) миокардқа оттегінің түсуін арттырады.
Артериялық гипертензия бар пациенттерде тәулігіне бір рет амлодипин қолдану 24 сағат ішінде жатқан қалыпта да, тік тұрған күйде де артериялық қысымның клиникалық мәнді төмендеуін қамтамасыз етеді. Амлодипин әсерінің баяу басталуы салдарынан артериялық қысымның күрт төмендеуі білінбейді.
Тұрақты стенокардия бар пациенттерде амлодипиннің бір реттік тәуліктік дозасы дене жүктемесіне төзімділікті арттырады, стенокардия ұстамасының және ST сегментінің 1 мм депрессиясының дамуына дейінгі уақытты ұзартады, стенокардия ұстамаларының жиілігін төмендетеді және нитраттар қолдану қажеттілігін азайтады.
Амлодипин қандай да бір қолайсыз метаболизмдік әсерлердің немесе қан плазмасындағы липидтер деңгейлерінің өзгеруін тудырмайды, сондықтан оны бронх демікпесі, қант диабеті және подагра бар пациенттерде қолдануға болады.
Ишемиялық жүрек ауруы бар пациенттерде қолдану
Ишемиялық жүрек ауруы бар пациенттерде амлодипиннің клиникалық оқиғаларды болдырмау тиімділігі 1 997 пациенттің қатысуымен CAMELOT (Comparison of Amlodipine vs Enalapril to Limit Occurrences of Thrombosis — Амлодипин мен эналаприлдің тромбоз дамуын шектеу қабілеті) тәуелсіз шағын орталықтық рандомизацияланған салыстырмалы жасырын плацебо-бақыланатын зерттеуде бағаланды. 2 жылдық кезең ішінде осы пациенттердің 663-і амлодипинді 5-10 мг дозада, 673 пациент эналаприлді 10-20 мг дозада және 655 пациент плацебоны статиндермен, бета-адреноблокаторлармен, диуретиктермен немесе аспиринмен стандартты емге толықтыру ретінде қабылдады. Тиімділігі бойынша негізгі нәтижелері 1 кестеде келтірілген. Алынған нәтижелер ИЖА бар пациенттерде амлодипин қабылдау стенокардия себебінен ауруханаға жату жағдайларының және реваскуляризация рәсімдерінің аз санымен сипатталғанын айғақтайды.
1 кесте. CAMELOT зерттеуіндегі маңызды клиникалық нәтижелер жиілігі
Нәтижелер — Жүрек-қантамырлық оқиғалар Саны (%) — Амлодипин vs. плацебо
Амлодипин — Плацебо — Эналаприл — Қауіптер қатынасы (95% СА) — Р мәні
Бастапқы соңғы нүкте
Қолайсыз жүрек-қантамыр оқиғалары — 110 (16,6) — 151 (23,1) — 136 (20,2) — 0,69 (0,54-тен 0,88 дейін) — 0,003
Жеке құрамдас бөліктері
Коронарлық артериялар реваскуляризациясы — 78 (11,8) — 103 (15,7) — 95 (14,1) — 0,73 (0,54-тен 0,98 дейін) — 0,03
Стенокардия себебінен ауруханаға жату — 51 (7,7) — 84 (12,8) — 86 (12,8) — 0,58 (0,41-ден 0,82 дейін) — 0,002
Өлімге әкелмейтін миокард инфарктісі — 14 (2,1) — 19 (2,9) — 11 (1,6) — 0,73 (0,37-ден 1,46 дейін) — 0,37
Инсульт немесе транзиторлы ишемиялық шабуыл — 6 (0,9) — 12 (1,8) — 8 (1,2) — 0,50 (0,19-дан 1,32 дейін) — 0,15
Жүрек-қантамырлық өлім — 5 (0,8) — 2 (0,3) — 5 (0,7) — 2,46 (0,48-тен 12,7 дейін) — 0,27
Жүрек жеткіліксіздігі себебінен ауруханаға жату — 3 (0,5) — 5 (0,8) — 4 (0,6) — 0,59 (0,14-тен 2,47 дейін) — 0,46
Кейінгі реанимациямен жүректің тоқтап қалуы — 0 — 4 (0,6) — 1 (0,1) — Деректер жоқ — 0,04
Алғаш анықталған шеткері тамырлар аурулары — 5 (0,8) — 2 (0,3) — 8 (1,2) — 2,6 (0,50-ден 13,4 дейін) — 0,24
Жүрек жеткіліксіздігі бар патенттерде қолдану
Гемодинамика зерттеулері және дене жүктемесімен сынауды пайдаланумен бақыланатын клиникалық зерттеулер амлодипиннің жүрек жеткіліксіздігі (NYHA жіктеуі бойынша II-IV функционалдық класс) бар пациенттердің жай-күйінің нашарлауына алып келмеді, бұл дене жүктемелеріне төзімділік, сол жақ қарынша лықсыту фракциясының көрсеткіштерін және клиникалық симптоматиканы айғақтайды.
NYHA жіктеуі бойынша III-IV функционалдық класына жататын жүрек жеткіліксіздігі бар патенттерді бағалау мақсатында әзірленген PRAISE плацебо-бақыланатын зерттеуі амлодипин қабылдаудың жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде өлімге ұшырау қаупінің немесе ауруға шалдығу\өлімге ұшыраудың жиынтық қаупінің артуына алып келмейтінін көрсетті.
АӨФ тежегіштерін, жүрек гликозидтерін және диуретиктерді тұрақты дозаларда бір мезгілде қабылдаған ишемиялық жүрек ауруының клиникалық немесе объективті белгілерінсіз NYHA жіктеуі бойынша III және IV функционалдық класқа жататын жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттердің қатысуымен қосымша ұзақ мерзімді плацебо-бақыланатын PRAISE-2 зерттеуінде амлодипин жалпы және жүрек-қантамырлық өлімге ұшырауға ықпалын тигізбеді. Дәл сол пациенттерде амлодипин қолдану өкпенің ісіну жағдайлары санының көбеюімен қатар жүрді.
Миокард инфарктісінің профилактикасында емдеудің әр алуані түрлерін бағалау бойынша зерттеу (ALLHAT)
Ауруға шалдығу мен өлімге ұшырауды зерттеуге арналған ALLHAT (Antihypertensive and Lipid-Lowering Treatment to Prevent Heart Attack Trial – Миокард инфарктісінің профилактикасында гипертензияға қарсы және гиполипидемиялық ем зерттеуі) рандомизацияланған салыстырмалы жасырын зерттеуі баяу және орташа артериялық гипертензияны емдеуде ең жаңа препараттар — тәулігіне 2,5-тен 10 мг дейінгі дозада амлодипин (кальций өзекшелерінің блокаторы) немесе тәулігіне 10-нан 40 мг дейінгі дозада лизиноприлді (АӨФ тежегіші) бірінші желідегі препараттар ретінде 12,5-тен 25 мг дейінгі дозадағы тиазидті диуретик - хлорталидонмен салыстыру мақсатында жүргізілді.
Осы зерттеуге, орта есеппен, 4,9 жыл бойы қадағаланған артериялық гипертензия бар 55 жастағы және одан асқан 33 357 пациент қатысты. Зерттеу қатысушыларында, миокард инфарктісін немесе инсульт (зерттеуге қосылуға дейін 6 айдан аса) және/немесе атеросклероз генезінде расталған басқа жүрек-қантамыр ауруын (барлығы 51,5%), 2-ші типті қант диабетін (36,1%), ТЖЛП-Хс <35 мг/дл (11,6%), ЭКГ немесе эхокардиографияда диагностикаланған сол жақ қарынша гипертрофиясын (20,9%) және шылым шегуді (21,9%) қоса, ишемиялық жүрек ауруының, кем дегенде, бір қосымша қауіп факторы болды.
Бастапқы соңғы нүкте өлімге ұшырататын ИЖА мен өлімге әкелмейтін миокард инфарктісінің біріктірілімі түрінде болды. Амлодипин мен хлорталидонмен ем арасында бастапқы соңғы нүкте бойынша статистикалық мәнді айырма анықталмады (ҚҚ 0,98; 95% СА [0,90 - 1,07]; р = 0,65). Жүрек жеткіліксіздігінің даму жиілігінің екінші соңғы нүктелері арасында (біріктірілген жүрек-қантамырлық соңғы нүктенің құрамдас бөлігі), хлорталидон тобымен салыстырғанда, амлодипин тобында едәуір жоғары болды (10,2% vs. 7,7%; ҚҚ 1,38; 95% СА[1,25 - 1,52]; р < 0,001). Дегенмен де, амлодипинмен ем және хлорталидонмен ем арасында барлық себептен өлімге ұшыраудың маңызды айырмасы анықталмады (ҚҚ 0,96; 95% СА [0,89 - 1,02]; р = 0,20).
Балаларда (6 жас шамасындағы және одан үлкен) қолданылуы
Көбінесе салдарлы артериялық гипертензиясы болған, 6 жастан 17 жасқа дейінгі 268 бала қатысқан зерттеуде, 2,5 мг және 5,0 мг дозалардағы амлодипинді плацебомен салыстыру барысында, плацебоға қарағанда екі дозасының да систолалық артериялық қысымды көбірек дәрежеде төмендететіндігі көрсетілді, және қысымды төмендетудегі бұл айырмашылық статистикалық тұрғыдан елеулі болды. Амлодипиннің бұл екі дозасы арасындағы айырмашылық статистикалық түрғыдан елеулі болмады.
Балалар мен жасөспірімдердің өсуіне, жыныстық жетілуіне, және жалпы дамуына амлодипинмен емдеудің кейіннен білінетін әсерлері зерттелмеді. Балаларда амлодипинмен емдеудің ұзақмерзімді тиімділігі ересек жаста жүрек-қантамыр ауруларына шалдығу мен өлім көрсеткіштерінің төмендеуі тұрғысынан да анықталмады.