Латасопт-ВМ препаратын қолдануды бастамас бұрын емдеуші дәрігерге келесі жағдайлардың бар екендігі туралы хабарлаңыз:
• жоспарлы офтальмологиялық операция (оның ішінде катарактаға байланысты);
• көз проблемалары (көздің ауыруы, тітіркенуі немесе қабынуы, бұлыңғыр көру, көздің құрғап кетуі);
• ауыр немесе дәрі-дәрмекпен емдеуге келмейтін демікпе;
• жанаспалы линзаларды қолданған кезде, өйткені бұл жағдайда арнайы ережелерді сақтау қажет болады;
• бұрын бастан өткерген немесе қазіргі уақытта бар көздің герпестік инфекциясы.
Арнайы ескертулер
Латанопростты пайдаланған кезде көздің түсі біртіндеп өзгеруі мүмкін, бұл нұрлы қабықтағы қоңыр пигмент мөлшерінің жоғарылауымен байланысты. Емдеуді бастамас бұрын пациенттерге көз түсінің қайтымсыз өзгеру мүмкіндігі туралы хабарлау керек. Препаратты тек бір көзге инстилляциясы кезінде қайтымсыз гетерохромия дамуы мүмкін.
Нұрлы қабықтың реңкі аралас: көк-қоңыр, сұр-қоңыр, сары-қоңыр және жасыл-қоңыр болатын пациенттерге дәрілік затты пайдалану кезінде көз түсінің өзгеруі анағұрлым тән. Көздің түсі әдетте емдеудің алғашқы 8 айында, сирек - емдеудің екінші немесе үшінші жылында өзгере бастайтындығы анықталды, бұл ретте мұндай өзгерістер препаратты төрт жыл пайдаланғаннан кейін туындамайды. Нұрлы қабық пигментациясының үдеу жылдамдығы уақыт өте келе төмендейді және бес жыл бойы тұрақты болып қалады. Нұрлы қабық пигментациясының күшеюімен байланысты әсерлер дәрілік затты қолданғаннан кейін бес жыл өткен соң бағаланған жоқ. Көп жағдайда көз түсінің өзгеруі шамалы болып табылады және көбінесе клиникалық түрде көріністелмейді.
Көз түсінің өзгеруі меланоциттердің өздерінің мөлшерінің ұлғаюына емес, нұрлы қабықтың стромальді меланоциттеріндегі меланин мөлшерінің жоғарылауына байланысты. Әдетте, қарашықтың айналасында қоңыр пигментация пайда болады және нұрлы қабықтың шеткерісіне шоғырланып таралады, бұл ретте көздің бүкіл нұрлы қабығы немесе оның жекелеген бөліктері қанық қоңыр түске ие болуы мүмкін. Латанопрост қабылдауды тоқтатқаннан кейін көздің нұрлы қабығында қоңыр пигмент мөлшерінің артуы байқалмады. Нұрлы қабықтың пигментациясы көру мүшесі тарапынан қандай да бір симптомдардың немесе патологиялық өзгерістердің дамуымен байланысты емес.
Латанопрост нұрлы қабықтың невусы мен секпіліне айтарлықтай әсер етпейді. Трабекулярлық торда немесе көздің алдыңғы камерасында пигменттің жинақталу жағдайлары байқалмады. Латанопростты қолданудың тәжірибесіне сүйене отырып, нұрлы қабық пигментациясы күшеюінің қандай да бір жағымсыз клиникалық салдары жоқ екендігі анықталды, сондықтан ол пайда болған кезде дәрілік затты қолдануды жалғастыруға болады. Дегенмен, пациенттер үнемі бақылауда болуы керек және егер клиникалық жағдай қажет болса, Латасопт-ВМ препаратымен емдеу тоқтатылуы мүмкін.
Жалған афакияға шалдыққан пациенттерде созылмалы жабық бұрышты глаукома, пигментті глаукома және ашық бұрышты глаукома кезінде латанопростты қолдану тәжірибесі шектеулі. Латанопростты қабынған және неоваскулярлық глаукомада, сондай-ақ көздің қабыну ауруларында қолдану тәжірибесі жоқ. Дәрілік зат қарашыққа әсер етпейді немесе шамалы әсер етеді, алайда оны жабық бұрышты глаукоманың ұстамаларында пайдалану туралы мәліметтер жоқ. Осыған байланысты жоғарыда аталған жағдайлары бар пациенттерде Латасопт-ВМ препаратын сақтықпен қолдану ұсынылады.
Катарактаны хирургиялық емдеу кезінде операцияға дейінгі және кейінгі кезеңдерде латанопростты қолданғанда сақтық танытқан жөн, себебі оны осындай жағдайда қолдану туралы мәліметтер шектеулі.
Сондай-ақ, герпестік кератитпен ауыратын пациенттерде Латасопт-ВМ препаратын қолданған кезде сақтық таныту керек және оны қарапайым герпес вирусынан туындаған жедел кератит жағдайында, сондай-ақ анамнезінде қайталанатын герпестік кератит бар пациенттерде қолданудан аулақ болу керек, әсіресе егер ол простагландиндердің аналогтарын қолданумен байланысты болса.
Макулярлы ісінудің ықтимал дамуы туралы хабарламалар бар, негізінен афакиямен (көзбұршақтың болмауы) ауыратын пациенттерде, жалған афакияға шалдыққан және көзбұршақтың артқы капсуласының үзілуі немесе алдыңғы камералы интраокулярлы линзасы бар пациенттерде, сондай-ақ кисталық макулярлы ісінудің пайда болуына ықпал ететін қауіп факторлары бар пациенттерде (мысалы, диабеттік ретинопатия және көзторы веналардың окклюзиясы). Осындай пациенттерде, сондай-ақ кисталық макулярлы ісінудің даму қаупі бар пациенттерде Латасопт-ВМ препаратын сақтықпен қолдану керек.
Латасопт-ВМ препаратын ириттің/увеиттің даму қаупі факторлары бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек.
Бронх демікпесі бар пациенттерде латанопростты қолданудың клиникалық тәжірибесі шектеулі, бірақ маркетингтен кейінгі кезеңде бронх демікпесінің өршуі және ентігу жағдайлары байқалды. Пациенттердің осы санатында Латасопт-ВМ препаратын қолданғанда сақ болу керек.
Дәрілік препаратты қабылдаған кезде қабақ терісінің түсі өзгеруі мүмкін, ол әдетте қайтымды сипатқа ие, ал кейде латанопростты қолдануды жалғастырған кезде жойылады. Көп жағдайда мұндай құбылыс жапондықтарда байқалған.
Латанопрост бірте-бірте көз аумағында кірпік пен үлпілдек шаш тарапынан өзгерістерді туындатуы мүмкін (ұзару, қоюлану, пигментация, кірпік пен үлпілдек шаш мөлшерінің ұлғаюы, кірпіктердің өсу бағытының өзгеруі), олар қайтымды сипатқа ие және емдеуді тоқтатқаннан кейін жойылады.
Қосымша заттар
Латасопт-ВМ препаратының құрамында бензалконий хлориді консерванты бар, ол көздің тітіркенуін және құрғақ кератоконъюнктивит симптомдарын туындатуы, көзжас қабығының тұтастығын бұзуы және мөлдір қабықты зақымдауы мүмкін. ЛатасоптВМ препаратын жиі немесе ұзақ уақыт бойы қолданғанда «көздің құрғау» синдромы және мөлдір қабықтың зақымдануы бар пациенттерді мұқият бақылау ұсынылады.
Қолда бар шектеулі деректер балалар мен ересектерде бензалконий хлоридінің қауіпсіздік бейінінде айырмашылықтардың жоқ екенін көрсетеді. Алайда, жалпы алғанда, балаларда ересектерге қарағанда көру мүшесі тарапынан оған анағұрлым айқын реакция байқалады. Тітіркену балалардың дәрілік препаратпен емделуіне әсер етуі мүмкін.
Егер ауыр жағымсыз реакциялардың белгілері пайда болса немесе аса жоғары сезімталдық реакцияларының дамуы орын алса, Латасопт-ВМ препаратын қолдануды тоқтатып, дәрігермен кеңесу керек.
Жанаспалы линзалар
Бензалконий хлориді жұмсақ жанаспалы линзалардың түсін өзгерте алады. Латасопт-ВМ препаратының жұмсақ жанаспалы линзалармен жанасуынан аулақ болу керек. Пациенттерге ЛатасоптВМ препаратын қолданар алдында жанаспалы линзаларды алып тастау керек және оларды тағар алдында инстилляциядан кейін кем дегенде 15 минут күту керек екендігі туралы хабарлаған жөн.
Педиатрияда қолдану
1 жасқа дейінгі балалардағы латанопросттың тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы ақпарат шектеулі. Шала туылған нәрестелерде қолдану туралы деректер жоқ (гестация мерзімі 36 аптадан аз).
0-ден 3 жасқа дейінгі балаларда, көбінесе бастапқы туа біткен глаукомамен ауыратындар, негізгі емдеу әдісі хирургиялық араласым (мысалы, трабекулотомия/гониотомия) болып қала береді.
Балаларда Латасопт-ВМ препаратын ұзақ уақыт бойы қолдану қауіпсіздігіне бағалау жүргізілген жоқ.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Препарат көлік құралдарын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне шамалы әсер етеді. Көзге тамызатын дәрі түріндегі басқа дәрілік препараттарды қолдану жағдайындағыдай, Латасопт-ВМ препаратының инстилляциясы кезінде көру айқындығының өтпелі төмендеуі туындауы мүмкін. Көру толығымен қалпына келгенге дейін көлік құралдары мен қауіптілігі зор механизмдерді басқаруға болмайды.