Эпидемиологиялық зерттеулерде фторхинолондар қабылдаудан кейін, әсіресе, егде жастағы пациенттер қауымында аневризманың және қолқа ажырауының жоғарылау қаупі туралы мәліметтер алынды.
Сондықтан отбасы анамнезінде аневризма жағдайлары бар пациенттерде, аневризма және/немесе қолқа ажырауы диагностикаланған пациенттерде басқа қауіп факторлары немесе аневризманың және қолқа ажырауының дамуына бейімдейтін жай-күйлері бар пациенттерде (мысалы, Марфан синдромы, тамырлық типті Элерс-Данло синдромы, Такаясу артерииті, алып жасушалы артериит, Бехчет ауруы, артериялық гипертензия, расталған атеросклероз) фторхинолондарды артықшылық/қауіп арақатынасын мұқият бағалаудан және мүмкін болатын басқа емдеу нұсқаларын қарастырудан кейін ғана қолдану керек.
Іштің, кеуденің немесе арқаның күрт ауыруы жағдайында пациенттерге жедел жәрдем бөлімшесінің дәрігеріне кеңес алу үшін шұғыл хабарласуды ұсыну керек.
Метициллинге төзімді алтын түстес стафилококк (МТАС)
Ықтималдық үлесі зор алтын түстес стафилококктың метициллинге төзімді штаммдары фторхинолондарға, оның ішінде левофлоксацинге ко-төзімділік иеленеді. Сондықтан зертханалық зерттеулер нәтижелері микроорганизмнің левофлоксацинге сезімталдығын растаған жағдайларды қоспағанда, левофлоксацин МТАС тудырған белгілі және күмәнді инфекцияларды емдеуге ұсынылмайды (ал, әдетте, МТАС инфекцияларын емдеуге ұсынылатын бактерияға қарсы дәрілерді қолдануға жол берілмейді деп саналады).
Левофлоксацинді, егер осы инфекциялар талапқа сай диагностикаланса, жедел бактериялық синуситті және созылмалы бронхит өршуін емдеу үшін қолдануға болады.
Еуропалық Одақ елдерінде несеп шығару жолдарының ең көп таралған қоздырғышы болып табылатын ішек таяқшасының фторхинолондарға төзімділік деңгейінің бірдей еместігі білінеді. Препаратты тағайындайтын дәрігерлерге ішек таяқшасының фторхинолондарға төзімділігінің жергілікті таралуын ескеру ұсынылады.
Сібір ойық жарасының өкпелік түрі
Сібір ойық жарасын емдеу үдерісінде емдеуші дәрігерлер медициналық сарапшылармен келісілген ұлттық және/немесе халықаралық құжаттарға жүгіну керек.
Тендинит және сіңірлер үзілуі
Сирек жағдайларда тендинит дамуы мүмкін. Ол бәрінен жиірек ахилл сіңірін зақымдайды және оның үзілуіне әкелуі мүмкін. Кейде екі жақты болатын тендинит және сіңірлер үзілуі левофлоксацинмен емдеу басталған соң алғашқы 48 сағат ішінде дамуы мүмкін, бірақ кейбір осыған ұқсас жағдайлар жөнінде емдеу аяқталғаннан кейін бірнеше ай өткен соң да хабарланды. Тендинит және сіңірлердің үзілу қаупі 60 жастан асқан тұлғаларда, 1000 мг тең тәуліктік дозаны алып жүрген пациенттерде және кортикостероидтар қабылдайтын науқастарда артады. Егде жастағы пациенттерде тәуліктік дозаны креатинин клиренсі негізінде түзету керек. Сондықтан осындай пациенттерге левофлоксацин тағайындалған жағдайда оларға мұқият мониторинг көрсетілген. Тендинит симптомдары пайда болғанда пациенттердің бәрі түгелдей өз емдеуші дәрігерінен кеңес алу керек. Тендинитке күмән туындағанда левофлоксацинмен емдеуді дереу тоқтату және зақымданған сіңірге тиісті ем (мысалы, бекіту) тағайындау қажет.
Clostridium difficile тудыратын ауру
Левофлоксацинмен емдеу кезінде немесе ол аяқталған соң (оның ішінде препаратты қабылдауды тоқтатудан кейін бірнеше апта өткен соң да) туындайтын, әсіресе, ауыр, орнықты және/немесе қан аралас диарея Clostridium difficile-мен (CDAD) астасқан аурудың симптомы болуы мүмкін. CDAD ауырлығы жеңілден өмірге қатерлі көріністерге дейін құбылуы мүмкін және осы аурудың ең ауыр түрі жалған жарғақшалы колит болып табылады. Сондықтан бұл диагнозды левофлоксацинмен емдеу кезінде немесе ол аяқталған соң туындаған күрделі диарея бар пациенттерде қарастыру маңызды. CDAD анықталғанда немесе тіпті осы ауруға күмән туындағанда левофлоксацин таблеткаларын қабылдауды дереу тоқтатып, шұғыл талапқа сай емді бастау (мысалы, метронидазол немесе ванкомицинді пероральді қабылдау) керек. Осы клиникалық жағдайда ішек перистальтикасын бәсеңдететін дәрілік заттар қарсы көрсетілімді.
Құрысу ұстамаларына бейімділігі бар пациенттер
Хинолондар құрысуға бейімділік шегін төмендетуі және құрысу ұстамаларына түрткі болуы мүмкін. Левофлоксацин анамнезінде эпилепсия бар пациенттерге қарсы көрсетілімді және, басқа да хинолондар сияқты, құрысу ұстамаларына бейім немесе сол уақытта теофиллин сияқты мидың құрысуға дайындық шегін төмендететін белсенді заттармен емдеуден өтетін пациенттерде аса зор сақтықпен қолданылуы тиіс. Құрысу ұстамалары жағдайында левофлоксацинмен емдеуді тоқтату керек.
Глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа жеткіліксіздігі бар пациенттер
Глюкоза-6-фосфатдегидрогеназаның жасырын жеткіліксіздігі немесе глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа белсенділігінің төмендеуіне әкелетін нақты ақаулары бар пациенттер хинолондар тобының бактерияға қарсы дәрілерімен емдеу аясында гемолиздік реакцияларға бейім болуы мүмкін. Сондықтан левофлоксацинді осындай пациенттерге тағайындауға тура келетін жағдайларда оларға гемолиздің ықтимал дамуы тұрғысынан мониторинг өткізу көрсетілген.
Бүйрек функциясының бұзылулары бар пациенттер
Левофлоксацин негізінен бүйрекпен шығарылатындықтан, бүйрек функциясының бұзылулары бар пациенттерде левофлоксацин таблеткаларының дозасын түзету қажет.
Аса жоғары сезімталдық реакциялары
Левофлоксацин күрделі және өлім қаупі зор аса жоғары сезімталдық реакцияларын тудыруы мүмкін, олардың көріністері ангионевроздық ісінуден анафилаксиялық шокқа дейін құбылуы мүмкін, ал кейде осындай реакциялар бірінші дозаны қабылдаудан кейін туындайды. Пациент дереу емдеуді тоқтатып, талапқа сай шұғыл шаралар қабылдау үшін өз емдеуші дәрігеріне немесе жедел жәрдем дәрігеріне хабарласу керек.
Ауыр буллезді реакциялар
Левофлоксацинді қолдану аясында Стивенс-Джонсон синдромы немесе уытты эпидермалық некролиз сияқты ауыр буллезді тері реакцияларының жағдайлары тіркелді. Тері жабындарын және/немесе шырышты қабықтарды зақымдайтын реакциялар туындаған жағдайда пациенттерге емдеуді жалғастырмауға, ал дереу өз дәрігерімен байланысуға кеңес беру керек.
Дисгликемия
Хинолондардың бәрін қолдану кезіндегідей, әдетте, олар пероральді гипогликемиялық дәрілермен (мысалы, глибенкламид) немесе инсулинмен қатарлас ем алатын қант диабеті бар пациенттерде тіркелген, әрі гипогликемияны, әрі гипергликемияны қоса, қандағы глюкоза деңгейлерінде қалып шегінен ауытқу жағдайлары туралы хабарламалар алынды. Гипогликемиялық кома жағдайлары хабарланды. Диабет бар пациенттерге қандағы глюкоза деңгейлеріне қатаң мониторинг ұсынылады.
Фотосенсибилизация профилактикасы
Левофлоксацин қабылдау аясында фотосенсибилизация жағдайлары аталды. Фотосенсибилизация профилактикасы мақсатында пациенттерге емдеу кезінде және оны тоқтатудан кейін 48 сағат ішінде ерекше қажеттіліксіз күшті күн сәулесіне немесе жасанды ультракүлгін сәулеленуге (мысалы, ультракүлгін сәулелерді қолдану немесе солярийде болу) ұшырамауға кеңес беріледі.
К дәрумені антагонистерімен ем алып жүрген пациенттер
Левофлоксацин мен K дәрумені антагонистерін (мысалы, варфарин) қабылдауды біріктірген пациенттерде ұю көрсеткіштерінің (протромбин уақыты (ПТУ)/халықаралық қалыптасқан қатынас (ХҚҚ)) жоғарылауы және/немесе қан кетулердің туындауы мүмкін екені себепті, осы препараттарды біріктіріп қолданудың бүкіл кезеңі бойына ұю көрсеткіштерін бақылап отыру қажет.
Психоздық реакциялар
Левофлоксацинді қоса, хинолондарды қабылдап жүрген пациенттерде психоздық реакциялар тіркелді. Өте сирек жағдайларда, кейде левофлоксациннің небәрі бір дозасынан кейін осындай реакциялардың суицидтік ойлардың пайда болуына және өмірге қатерлі мінез-құлықтың дамуына дейін үдеп кетуі орын алды. Пациентте осындай реакциялар дамыған жағдайда левофлоксацин қабылдауды тоқтату және тиісті шаралар қабылдау керек. Егер психоз бар науқастарда немесе анамнезінде психикалық аурулары болған пациенттерде левофлоксацинді қолдану қажеттілігі туындаса, сақ болуға кеңес беріледі.
QT аралығының ұзаруы
Левофлоксацинді қоса, фторхинолондар қолдану кезінде QT аралығы ұзаруының белгілі қауіп факторлары бар пациенттерде сақ болу керек, мысалы:
- QT аралығының туа біткен ұзаруы
- QT аралығын нақты ұзартатын препараттарды (мысалы, аритмияға қарсы ІА және III класс препараттары, трициклды антидепрессанттар, макролидтер, нейролептиктер) біріктіріп қолдану
- түзетілмеген электролит теңгерімсіздігі (мысалы, гипокалиемия, гипомагниемия)
- жүрек аурулары (мысалы, жүрек жеткіліксіздігі, миокард инфарктісі, брадикардия)
Егде жастағы пациенттер және әйелдер QTс аралығын ұзартатын препараттарға аса сезімтал болуы мүмкін, сондықтан, левофлоксацинді қоса, фторхинолондарды пациенттердің осы санаттарында сақтықпен қолдану керек.
Шеткері нейропатия
Левофлоксацинді қоса, фторхинолондар қабылдаған пациенттерде тез басталуымен сипатталуы мүмкін сенсорлы және сенсорлы-моторлы шеткері нейропатия жағдайлары тіркелді. Нейропатия симптомдары пайда болған жағдайда қайтымсыз бұзылу дамуын болдырмас үшін левофлоксацин қолдануды тоқтату қажет.
Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан бұзылулар
Левофлоксацинді қолдану аясында, көбінесе ауыр негізгі аурулары, мысалы, сепсис бар пациенттерде өліммен аяқталатын бауыр жеткіліксіздігіне дейін апаратын бауыр некрозы жағдайлары тіркелді. Пациенттерге тәбет жоғалту, сарғаю, несептің қараюы, қышыну немесе құрсақ қуысының ауырсынуы сияқты бауыр ауруының белгілері мен симптомдары дамыған жағдайда емдеуді тоқтату және өз емдеуші дәрігерімен байланысу қажеттілігі туралы хабарлау керек.
Гравис миастениясының өршуі
Левофлоксацинді қоса, фторхинолондар жүйкелер мен бұлшықеттерді бөгеу әсерін көрсетеді және Гравис миастениясы бар пациенттерде бұлшықет әлсіздігін өршітуі мүмкін. Препаратты нарыққа шығарудан кейін Гравис миастениясынан зардап шеккен пациенттерде фторхинолондарды қолданумен астасқан күрделі, оның ішінде өлімге әкелген немесе науқастың өкпені жасанды желдету аппаратына қосылуын талап еткен жағымсыз реакциялар туралы хабарламалар алынды. Левофлоксацин Гравис миастениясы диагностикаланған пациенттерде қолдануға ұсынылмаған.
Көру бұзылулары
Көру бұзылулары немесе көз тарапынан қандай да бір басқа симптомдардың пайда болуы жағдайында офтальмологпен шұғыл кеңесу қажет.
Асқын инфекция
Левофлоксацинді, әсіресе, ұзақ уақыт қолдану препаратқа сезімтал емес микроорганизмдердің шамадан тыс өсуіне әкелуі мүмкін. Егер ем жүргізу кезінде асқын инфекция дамыса, тиісті шаралар қабылдау қажет.
Зертханалық зерттеулер нәтижелеріне әсері
Левофлоксацинмен емдеуден өтетін пациенттерде несептегі апиындарды анықтау кезінде жалған-оң нәтижелер алынуы мүмкін. Апиындарға оң скрининг нәтижелерін барынша спецификалық әдістер көмегімен растау қажет болуы мүмкін.
Левофлоксацин Mycobacterium tuberculosis өсуін бәсеңдетуі мүмкін, ал нәтижесінде туберкулездің бактериологиялық диагностикасын жасау кезінде жалған теріс нәтижелер алуға болады.
Жедел панкреатит
Левофлоксацин қабылдаған пациенттерде жедел панкреатит болуы мүмкін. Пациенттерге жедел панкреатитке тән белгілері туралы хабарлау керек. Жүрек айнуы, әлсіздік, іштің жайсыздығы, іштің қатты ауруы немесе құсу бар пациенттерді дереу дәрігер тексеруі керек. Егер жедел панкреатитке күдік болса, левофлоксацинді қабылдауды тоқтату керек расталған жағдайда левофлоксацинді қайта қабылдауға болмайды. Анамнезінде панкреатитпен ауыратын пациенттермен сақ болу керек.
Арнайы сақтандырулар
Жүктілік
Левофлоксацинді жүкті әйелдерде қолдану бойынша тек шектеулі деректер саны ғана алынды. Алайда, адамдарға қатысты деректер алынбағанын, ал тәжірибелік деректердің фторхинолондар әсері салдарынан салмақ жүктемесі түсетін өсімтал организм шеміршектерін зақымдау қауіптілігі бар екенін айғақтауын ескеріп, левофлоксацинді жүкті әйелдерде қолдануға болмайды.
Бала емізу
Левофлоксацин таблеткалары бала емізетін әйелдерге қарсы көрсетілімді. Левофлоксацин емізетін аналар сүтіне шығарылатыны туралы жеткілікті ақпарат саны алынбады, алайда басқа фторхинолондар емшек сүтіне бөлінеді. Адамдарға қатысты болатын деректер алынбағанын, ал тәжірибелік деректердің фторхинолондар әсері салдарынан салмақ жүктемесі түсетін өсімтал организм шеміршектерін зақымдау қауіптілігі бар екенін айғақтауын ескеріп, левофлоксацинді бала емізу кезінде қолдануға болмайды.
Көлік құралдарын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсері
Кейбір жағымсыз әсерлер (мысалы, бас айналу/вертиго, ұйқышылдық, көру бұзылулары) пациенттің зейін қою қабілетін және реакция шапшаңдығын төмендетуі мүмкін, ал бұл осындай қабілеттер ерекше маңызды болған жағдайларда (мысалы, автокөлік жүргізу немесе құрылғымен жұмыс істеу кезінде) белгілі бір қауіппен қатар жүруі мүмкін.