Егер сіз кенеттен еріксіз тартылуларды, бұлшықеттердің тартылуын немесе бұлшықеттердің жиырылуларын сезіне бастасаңыз - дереу дәрігерге жүгініңіз, өйткені бұл миоклонустың белгісі болуы мүмкін. Сіздің дәрігеріңізге левофлоксацинмен емдеуді тоқтату және тиісінше емді бастау қажет болуы мүмкін.
Егер сіз жүрек айнуын, жалпы дімкәстануды, қатты жайсыздықты немесе үздіксіз ауыруды, немесе асқазан тұсының күшейе түсетін ауыруын, немесе құсуды бастан өткеріп жүрсеңіз - дереу дәрігерге жүгініңіз, өйткені бұл ұйқы безінің қабынуының (жедел панкреатиттің) белгісі болуы мүмкін.
Егер сіз шаршауды, терінің бозаруын, көгерулерді, бақыланбайтын қан кетуді, қызбаны, тамақ ауыруын және жалпы жай-күйіңіздің елеулі нашарлауын бастан өткеріп жүрсеңіз, немесе сіздің инфекцияларға қарсыласқыштығыңыз төмендеуі мүмкін екенін сезінсеңіз, дереу дәрігерге жүгініңіз, өйткені бұл қан ауруларының белгісі болуы мүмкін. Сіздің дәрігеріңіз сіздің қаныңыздың көрсеткіштерін қан талдауларының көмегімен бақылауы тиіс. Қан көрсеткіштері нормадан ауытқыған жағдайда, сіздің дәрігеріңізге емдеуді тоқтатуға тура келуі мүмкін.
Арнайы ескертулер
Құрамында хинолон немесе фторхинолон бар препараттарға анамнезінде елеулі жағымсыз реакциялары бар пациенттерде левофлоксацинді қолданудан аулақ болу керек. Мұндай пациенттерді левофлоксацинмен емдеуді баламалы емдеу болмаған кезде және пайда/қауіп арақатынасын мұқият бағалаудан кейін ғана бастау керек.
Метициллинге төзімді Staphylococcus aureus (MRSA)
Метициллинге резистентті S. aureus те левофлоксацинді қоса, фторхинолондарға төзімді болуы ықтималдығы жоғары. Демек, левофлоксацинді метициллинге резистентті алтын түстес стафилококктан туындаған инфекцияларды емдеу кезінде қолдану ұсынылмайды немесе зертханалық талдаулар микроорганизмнің левофлоксацинге сезімталдығын растаған жағдайлардан басқа (сондай-ақ, егер метициллинге резистентті стафилококктан туындаған инфекцияларды емдеу кезінде әдетте тағайындалатын бактерияға қарсы дәрілерді қолдану орынсыз деп саналса), осындай күдіктер болады.
Левофлоксацинді жедел бактериялық синуситті және созылмалы бронхиттің өршуін емдеуде, егер бұл инфекциялар дұрыс диагноз қойылса, қолдануға болады.
Несеп шығару жолдарының инфекциясын туындататын анағұрлым кең таралған патоген E. coli-нің фторхинолондарға резистенттілігі Еуропалық Одақ елдерінде ауытқиды. Препараттарды тағайындау кезінде фторхинолондарға E. coli резистенттілігінің жергілікті таралуын ескеру ұсынылады.
Сібір ойықжарасының өкпелік түрі: адамда қолдану Bacillus anthracis сезімталдығы бойынша in vitro деректерге және клиникалық деректердің шектеулі санымен қатар клиникаға дейінгі зерттеулер деректеріне негізделген. Емдеуші дәрігерлер сібір ойықжарасын емдеуге қатысты келісілген ұлттық және/немесе халықаралық құжаттарға жүгінуі тиіс.
Бұрын құрамында хинолон немесе фторхинолон бар өнімдерді пайдалану кезінде күрделі жағымсыз реакцияларды сезінген пациенттерде левофлоксацин пайдаланылмау керек. Осындай пациенттерді левофлоксацинмен емдеуді тек баламалы емдеу нұсқалары болмаса және пайда/қаупін мұқият бағалаудан кейін ғана бастау керек.
Тендинит және сіңірлер үзілуі
Фторхинолондармен, оның ішінде левофлоксацинмен жүйелі емдеу кезінде сіңірлердің қабынуы және үзілуі мүмкін.
Сирек жағдайларда тендинит пайда болуы мүмкін. Ахилл сіңірі жиі зақымданады, тендинит сіңірдің үзілуіне әкеп соғуы мүмкін. Тендинит және сіңірдің үзілуі, кейбір жағдайларда екі жақты, левофлоксацинмен емдеу басталғаннан кейін 48 сағат ішінде пайда болуы мүмкін, сондай-ақ емдеу тоқтатылғаннан кейін бірнеше ай ішінде осы патологиялардың пайда болу жағдайлары туралы хабарланған. Тендиниттің және сіңір үзілуінің даму қаупі 60 жастан асқан пациенттерде, 1000 мг тәуліктік дозаны қабылдайтын пациенттерде, бір мезгілде кортикостероидтарды қабылдайтын пациенттерде; бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде артады. Сонымен қатар, трансплантациядан кейін пациенттерде тендиниттің даму қаупі артады, халықтың осы тобында және ағзалары трансплантацияланған пациенттерде фторхинолондарды пайдалану кезінде сақ болу ұсынылады. Егде жастағы пациенттердегі тәуліктік дозаны креатинин клиренсіне байланысты түзету керек. Демек, левофлоксацинді тағайындау кезінде осындай пациенттерге мұқият мониторинг жүргізу қажет. Сіңір қабынуының алғашқы белгілерінде левофлоксацинді қолдануды дереу тоқтату керек. Зақымдалған сіңірді тиісті емдеуді бастау қажет (мысалы, оны жеткілікті иммобилизациямен қамтамасыз ету).
Миоклонус
Левофлоксацинді қабылдаған пациенттердегі миоклонус жағдайлары туралы хабарланды. Егер левофлоксациннің дозасы креатинин клиренсіне сәйкес түзетілмесе, егде жастағы пациенттер мен бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттерде миоклонустың даму қаупі жоғарылайды. Миоклонус алғаш пайда болған кезде левофлоксацинді қабылдауды дереу тоқтату және тиісінше емін бастау керек.
Clostridium difficile туындатқан ауру
Левофлоксацинмен емдеу кезінде немесе одан кейін (емдеу аяқталғаннан кейін бірнеше аптаны қоса алғанда), әсіресе ауыр, төзімді және/немесе қан аралас диарея Clostridium difficile туындатқан аурудың симптомы болуы мүмкін. Clostridium difficile туындатқан аурулар ауырлық дәрежесінде жеңілден ауыр, өмірге қауіп төндіретін, мысалы, жалған жарғақшалы колитке дейін өзгеруі мүмкін. Осылайша, егер пациенттерде левофлоксацинмен емдеу кезінде немесе одан кейін ауыр диарея дамыған болса, осы диагнозды есте ұстаған жөн. Clostridium difficile туындатқан ауруға немесе анықталған диагнозға күдік туған жағдайда левофлоксацинді қолдануды дереу тоқтатып, тиісті емдеуді кідіріссіз бастау керек. Бұл клиникалық жағдайда перистальтикаға қарсы препараттарды қолдануға болмайды.
Құрысулардың туындауына бейім пациенттер
Хинолондар құрысуға дайындық шегін төмендетіп, құрысуды тудыруы мүмкін. Левофлоксацин анамнезінде эпилепсиясы бар пациенттерге қарсы көрсетілімді және, басқа да хинолондар сияқты, аталған препаратты құрысулар туындауына бейім пациенттерде немесе белсенді заттары құрысу дайындығының шегін төмендететін дәрілік заттар (мысалы, теофиллин) қолданылатын қатарлас ем жүргізу кезінде ерекше сақтықпен қолдану керек. Конвульсиялық құрысулар туындаған жағдайда левофлоксацин қолданылатын емдеуді тоқтату керек.
Глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа тапшылығы бар пациенттер
Глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа белсенділігінің жасырын немесе айқын бұзылулары бар пациенттерде бактерияға қарсы хинолонды препараттармен ем жүргізу кезінде гемолиздік реакцияларға бейімділікті байқауға болады. Сондықтан, осындай пациенттерде левофлоксацин қолдану қажет болса, оларды гемолиздің туындауы тұрғысынан қадағалау керек.
Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер
Левофлоксацин негізінен бүйрекпен шығарылатындықтан, бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде левофлоксациннің дозасын түзету керек.
Аса жоғары сезімталдық реакциялары
Левофлоксацин кейде препараттың бірінші дозасын енгізуден кейін туындайтын аса жоғары сезімталдықтың ауыр немесе өмірге зор қатер төндіретін реакцияларын (мысалы, анафилаксиялық шокқа дейін апаратын ангионевроздық ісіну) туындатуы мүмкін. Пациенттер дереу емдеуді тоқтатып, өз емдеуші дәрігерімен немесе шұғыл тиісті көмек көрсетілуі үшін жедел жәрдем дәрігерімен байланысуы керек.
Терінің ауыр жағымсыз реакциялары
Левофлоксацинді қолданумен байланысты уытты эпидермальді некролизді (TEN: Лайелл синдромы ретінде белгілі), Стивенс Джонсон синдромын (SJS) және өлімге әкелетін немесе өмірге қауіп төндіретін эозинофилия және жүйелік белгілері (DRESS-синдромы) бар дәрілік реакцияны қоса алғанда, терінің ауыр жағымсыз реакциялары (SCARs) туралы хабарламалар бар.
Құрамында левофлоксацин бар препараттарды тағайындағанда пациенттерге терінің ауыр реакцияларының белгілері мен симптомдары туралы хабарлау және олардың жағдайын одан әрі мұқият бақылау керек. Осы реакцияларға нұсқайтын белгілер мен симптомдар пайда болған кезде левофлоксацинді қабылдауды дереу тоқтатып, баламалы емдеуді қарастырған жөн. Егер пациент Стивенс Джонсон синдромы (SJS), Лайелл синдромы (TEN) немесе левофлоксацинді қолдана отырып, эозинофилия және жүйелік белгілері (DRESS-синдромы) бар дәрілік реакция сияқты ауыр реакцияны дамытса, ешқандай жағдайда емдеуді қайта бастауға немесе тағайындауға болмайды.
Дисгликемия
Барлық хинолондарды қолдану кезіндегідей, әдетте, пероральді гипогликемиялық препараттар (мысалы, глибенкламид) немесе инсулин қолданылатын қатарлас емнен өтетін диабеті бар пациенттерде әрі гипо-, әрі гипергликемияны қоса, қандағы глюкоза құрамы бұзылуының туындауы хабарланды. Гипогликемиялық кома жағдайлары туралы хабарланды. Қант диабетімен ауыратын пациенттерде қандағы глюкоза деңгейін мұқият бақылау ұсынылады.
Фотосенсибилизация профилактикасы
Левофлоксацинмен қолдану кезінде фотосенсибилизация туындауы хабарланды. Фотосенсибилизация дамуын болдырмау үшін пациенттерге емдеу кезінде және оны тоқтатудан кейін 48 сағат бойы өздерін күшті күн сәулесінің немесе жасанды УК сәулеленудің (мысалы, УК шам, солярий) әсеріне ұшыратпауға кеңес беріледі.
К дәруменінің антагонистері қолданылатын емнен өтетін пациенттер
Левофлоксацин мен К дәрумені антагонисімен (мысалы, варфарин) біріктірілімі қолданылатын емдеуден өтетін пациенттерде, коагуляциялық сынамалар көрсеткіштерінің артуы (ПУ/ХҚҚ) және/немесе қан кетудің туындауы мүмкін екендіктен, осы препараттарды бір мезгілде қолданғанда коагуляция сынамаларының нәтижелеріне мониторинг өткізу қажет.
Психоздық реакциялар
Левофлоксацинді қоса, хинолондар қабылдаған пациенттерде психоздық реакциялар туындаған жағдайлар хабарланды. Өте сирек жағдайларда тіпті левофлоксацинді дозасын бір рет қолданудан кейін осындай реакциялар суицидтік ойлардың және пациенттің өзіне қауіп төндіретін мінез-құлықтың пайда болуына дейін үдеді. Осындай реакциялар туындаған жағдайда левофлоксацин қабылдауды тоқтатып, тиісті шаралар қолдану керек. Левофлоксацин психозбен пациенттерге немесе анамнезде психиатриялық аурулар болғанда сақтықпен қолданылу керек.
QT аралығының ұзаруы
Левофлоксацинді қоса, фторхинолондарды QT аралығы ұзаруының мынадай белгілі қауіп факторлары бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек:
• туа біткен QT аралығының ұзару синдромы
• QT аралығының ұзаруын туындататын дәрілік заттарды (мысалы, IA және III класының аритмияға қарсы препараттары, трициклды антидепрессанттар, макролидтер, антипсихотиктер) қатарлас қолдану
• түзетілмеген электролиттік теңгерімінің бұзылуы (мысалы, гипокалиемия, гипомагниемия)
• жүрек аурулары (мысалы, жүрек жеткіліксіздігі, миокард инфарктісі, брадикардия).
Егде жастағы пациенттер мен әйелдер QTс аралығының ұзаруын туғызатын препараттарға өте сезімтал болуы мүмкін (түзетілген QT). Демек, левофлоксацинді қоса алғанда, фторхинолондарды пациенттердің осы топтарында сақтықпен қолдану керек.
Шеткері нейропатия
Хинолондар мен фторхинолондарды қабылдаған пациенттерде парестезияға, гиперестезияға, дизестезияға немесе бұлшықет әлсіздігіне әкелетін сенсорлық немесе сенсорлық-моторлы полиневропатия жағдайлары туралы хабарланды. Ықтимал қайтымсыз жағдайдың өршуіне жол бермеу үшін левофлоксацинмен ем қабылдаған пациенттерге, егер ауырсыну, күйдіру, шаншу, ұйып қалу немесе бұлшықет әлсіздігі сияқты нейропатия белгілері пайда болса, емдеуді жалғастырмас бұрын дәрігермен байланысуды ұсынған жөн.
Бауыр мен өт шығару жолдары тарапынан бұзылулар
Ең алдымен, ауыр негізгі ауруы, мысалы, сепсис бар пациенттерде левофлоксацинді қолдану кезінде өліммен аяқталатын бауыр жеткіліксіздігіне дейін апаратын бауыр некрозының жағдайлары хабарланды. Пациенттерге анорексия, сарғаю, күңгірт несеп, қышыну немесе іштің ауырсынуы сияқты бауыр ауруының симптомдары мен белгілері білінгенде емдеуді тоқтатуға және емдеуші дәрігермен байланысуға кеңес беру керек.
Миастения гравис өршуі
Левофлоксацинді қоса, фторхинолондар нейробұлшықеттік бөгеу белсенділігін иеленеді және миастения гравистен зардап шегетін пациенттерде бұлшықет әлсіздігін күшейтуі мүмкін. Өлім жағдайларын және постмаркетингтік бақылау кезеңінде пайда болған өкпені қосалқы жасанды желдету қажеттілігін қоса алғанда, елеулі жағымсыз реакциялар миастения грависпен ауыратын пациенттерде фторхинолондарды қолданумен байланысты болды. Пациентте анамнезінде миастения гравис болған кезде левофлоксацинді қолдану ұсынылмайды.
Көрудің бұзылулары
Көру бұзылулары пайда болғанда немесе препаратты қабылдаудың көзге әсері байқалғанда дереу офтальмологқа қаралу керек.
Суперинфекция
Левофлоксацинді қолдану, әсіресе ұзақ уақыт бойы, иммунитеті жоқ микроорганизмдердің шамадан тыс өсуіне әкелуі мүмкін. Емделу кезеңінде асқын инфекция туындағанда тиісті шаралар қабылдау керек.
Ұзақ мерзімді, мүгедек және ықтимал қайтымсыз елеулі жағымсыз дәрілік реакциялар
Хинолондар мен фторхинолондарды қабылдайтын пациенттерде, жасына қарамастан, ұзақ (айлар немесе жылдар бойы жалғасатын) өте сирек кездесетін жағдайлар, организмнің әртүрлі, кейде көптеген жүйелеріне (тірек-қимыл аппараты, жүйке жүйесі, психикалық бұзылулар және сезім мүшелері) және бұрыннан бар қауіп факторларына әсер ететін дәрі-дәрмектерге мүгедектік және ықтимал қайтымсыз елеулі жағымсыз реакциялар тіркелген. Левофлоксацинді қабылдауды кез келген күрделі жағымсыз реакцияның алғашқы белгілері немесе симптомдары пайда болған кезде дереу тоқтату керек, ал пациенттерге өз емдеуші дәрігерінен кеңес алу ұсынылады.
Аортаның аневризмасы және қатпарлануы
Эпидемиологиялық зерттеулерде фторхинолондарды қабылдағаннан кейін, әсіресе егде пациенттерде, аортаның аневризмасы және қатпарлану қаупінің жоғарылауы туралы хабарланады.
Осының салдарынан қантамырларының кеңеюіне байланысты отбасылық анамнезінде ауруы бар пациенттерге немесе бұрын аортаның аневризмасы және/немесе қатпарлануы диагнозы анықталған пациенттерге немесе аортаның аневризмасы және қатпарлануының (мысалы, Марфан синдромы, қантамырлар Элерс-Данлос синдромы, Такаясу артерииті, түйіндік периартериит, Бехчет ауруы, гипертензия, анықталған атеросклероз) пайда болуына бейім басқа қауіп факторлары болған кезде фторхинолондарды пайда мен қауіпті мұқият бағалағаннан кейін және емдеудің басқа әдістерін қарастырғаннан кейін ғана қолдану керек.
Іштің, кеуденің немесе арқаның күтпеген ауыруы пайда болған жағдайда, пациентті дереу жедел жәрдем бөлімшесінің дәрігеріне жіберу керек.
Жүрек қақпақшаларының регургитациясы/жеткіліксіздігі
Қауіп факторлары бар пациенттерде және/немесе жүрек қақпақшаларының регургитациясына/жеткіліксіздігіне бейім жағдайындағы пациенттерде жүрек қақпақшаларының регургитациясы/жеткіліксіздігі.
Зертханалық зерттеулер нәтижелеріне әсері
Левофлоксацинді қолдану арқылы емделетін пациенттерде несептегі апиындарды анықтауға талдау жалған оң нәтижелер беруі мүмкін. Ерекше әдісті қолдана отырып, апиынға арналған талдау нәтижелерін растау қажет болуы мүмкін.
Левофлоксацин Mycobacterium tuberculosis өсуін тежеуі мүмкін, сондықтан туберкулездің бактериологиялық диагностикасының жалған теріс нәтижелерінің себебі болуы мүмкін.
Жедел панкреатит
Левофлоксацин қабылдаған пациенттерде жедел панкреатит болуы мүмкін. Пациенттерге жедел панкреатиттің тән белгілері туралы хабарлау керек. Жүрек айнуы, әлсіздік, іштің ыңғайсыздығы, іштің өткір ауруы немесе құсу бар пациенттерді дереу дәрігер тексеруі керек. Егер жедел панкреатитке күдік болса, левофлоксацинді қабылдауды тоқтату керек, расталған жағдайда левофлоксацинді қайта қабылдауға болмайды. Анамнезінде панкреатитпен ауыратын пациенттерге сақ болу керек.
Қан аурулары
Левофлоксацинмен емдеу кезінде лейкопенияны, нейтропенияны, панцитопенияны, гемолиздік анемияны, тромбоцитопенияны, аплазиялық анемияны немесе агранулоцитозды қоса, сүйек кемігінің жеткіліксіздігі дамуы мүмкін («Қолданылу ерекшеліктері» бөлімін қараңыз). Аталған қан ауруларының кез келгеніне күдік болған жағдайда, қан көрсеткіштерін бақылау қажет. Нәтижелері нормадан ауытқыған жағдайда, левофлоксацинмен емдеуді тоқтату мәселесін қарастыру керек.
Препараттың көлік құралын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Кейбір жағымсыз әсерлер, мысалы, естен тану алдындағы жағдай/ бас айналу, ұйқышылдық, көрудің бұзылуы пациенттің зейін қою қабілетін және оның реакцияларының жылдамдығын төмендетуі мүмкін, бұл мұндай қабілеттер ерекше маңызды жағдайларда (мысалы, көлік жүргізу және механизмдерімен жұмыс кезінде) қауіпті болуы мүмкін.