Бұрын құрамында хинолон немесе фторхинолон бар препараттарды қолданғанда елеулі жағымсыз реакциялар байқалған пациенттерге левофлоксацин қабылдауға болмайды.
Бұл пациенттерді левофлоксацинмен емдеуді баламалы емдеу нұсқалары болмаған кезде және пайда мен қауіп арақатынасын мұқият бағалағаннан кейін бастау керек.
Резистенттілік қаупі
Метициллинге төзімді S.aureus сондай-ақ левофлоксацинді қоса, фторхинолондарға резистентті болу ықтималдығы жоғары. Демек, левофлоксацинді метициллинге төзімді алтын түстес стафилококк туындатқан немесе осындай күмәндану болған инфекцияларды емдеуде, зертханалық талдаулар микроорганизмнің левофлоксацинге сезімталдығын растаған жағдайлардан басқа кезде (сондай-ақ, егер метициллинге төзімді стафилококк туындатқан инфекцияларды емдеу кезінде әдетте тағайындалатын бактерияға қарсы дәрілерді қолдану орынсыз деп саналса), қолдану ұсынылмайды.
Левофлоксацинді жедел бактериялық синуситті және созылмалы бронхиттің өршуін емдеуде, егер бұл инфекцияларға дұрыс диагноз қойылса қолдануға болады.
Несеп шығару жолдарының инфекциясын туындататын неғұрлым кең таралған патоген E. coli фторхинолондарға резистенттілігі Еуропалық Одақ елдерінде ауытқып отырады. Препаратты тағайындағанда фторхинолондарға E. coli резистенттілігінің жергілікті таралуын ескеру ұсынылады.
Сібір ойық жарасы өкпедегі түрі: адамдарда қолдану сібір ойық жарасы қоздырғышының in vitro сезімталдығы деректеріне және адамдар туралы шектеулі деректермен бірге жануарлар туралы эксперименттік деректерге негізделеді. Емдеуші дәрігерлер сібір ойық жарасын емдеуге қатысты ұлттық және / немесе халықаралық консенсус құжаттарына сілтеме жасауы керек.
Дәрілік заттарға ұзақ мерзімді, мүгедектікке әкелетін және ықтимал қайтымсыз ауыр жағымсыз реакциялар
Ағзаның әртүрлі, кейде бірнеше жүйелеріне (тірек-қимыл аппараты, жүйке жүйесі, психикалық денсаулық және қабылдау) әсер ететін ұзақ (бірнеше ай немесе жылдар бойы жалғасатын), мүгедектікке әкелетін және ықтимал қайтымсыз ауыр жағымсыз реакциялардың өте сирек жағдайлары хинолондар мен фторхинолондарды қабылдайтын пациенттерде олардың жасына және бұрыннан бар қауіп факторларына қарамастан тіркелген. Левофлоксацинді қабылдауды кез келген күрделі жағымсыз реакцияның алғашқы белгілерінде немесе симптомдарында дереу тоқтату керек, ал пациенттерге өзінің емдеуші дәрігеріне жүгінуге кеңес беру керек.
Тендинит және сіңірдің үзілуі
Сирек жағдайларда тендинит пайда болуы мүмкін. Көбінесе ахилл сіңірі зақымдалады, тендинит сіңірдің үзілуіне әкелуі мүмкін. Тендинит және сіңірдің үзілуі, кейбір жағдайларда екіжақты, левофлоксацинмен емдеуді бастағаннан кейін 48 сағат ішінде туындауы мүмкін, сондай-ақ емдеуді тоқтатқаннан кейін бірнеше ай ішінде осы патологиялардың туындау жағдайлары туралы хабарланды. 60 жастан асқан пациенттерде, 1000 мг тәуліктік дозаны қабылдайтын пациенттерде, кортикостероидтарды қабылдайтын пациенттерде және бүйрек, жүрек және өкпе трансплантациясымен пациенттерде тендинит пен сіңірдің үзілу қаупі артады. Егде жастағы пациенттердегі тәуліктік дозаны креатинин клиренсіне қарай түзету керек. Сондықтан левофлоксацинді тағайындау кезінде мұндай пациенттерді мұқият бақылап отыру қажет. Тендинит симптомдары пайда болған кезде барлық пациенттер емдеуші дәрігеріне қаралуы керек. Егер тендинитке күдік болса, левофлоксацинді қолдануды дереу тоқтатып, зақымдалған сіңірге тиісті емін (мысалы, оған жеткілікті иммобилизация беру арқылы) бастау керек.
Миоклонус
Егер бұлшықеттер кенеттен, еріксіз тартылып, олардың жиырылуы немесе түйілуі пайда болса, дереу дәрігерге қаралыңыз. Бұл миоклонус белгісі болуы мүмкін, ол арнайы емдеуді талап етеді. Егер левофлоксацин дозасы креатинин клиренсіне сәйкес түзетілмесе, миоклонус даму қаупі егде жастағы пациенттерде және бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде артады.
Clostridium difficile туындатқан ауру
Левофлоксацинмен емдеу кезінде немесе одан кейінгі (емдеу аяқталғаннан кейін бірнеше аптаны қоса) диарея, әсіресе ауыр, тоқтамайтын және/немесе қан араласқан диарея, Clostridium difficile туындатқан аурудың симптомы болуы мүмкін. Clostridium difficile туындатқан аурулар ауырлық дәрежесі бойынша жеңілден өмірге қауіп төндіретінге дейін өзгеруі ықтимал, ең ауыр түрі - жалған жарғақшалы колит. Осылайша, егер пациенттерде левофлоксацин қолданумен емдеу кезінде немесе одан кейін ауыр диарея дамыса, осы диагнозды ескеру маңызды. Clostridium difficile туындатқан ауруға күдіктенген кезде левофлоксацин қолдануды дереу тоқтатып, тиісті емдеуді кешіктірмей бастау керек. Осы клиникалық жағдайда перистальтикаға қарсы препараттарды қолдануға болмайды.
Құрысудың туындауына бейім пациенттер
Хинолондар құрысу шегіне дайындықты төмендетуі және құрысуларға түрткі болуы мүмкін. Левофлоксацинді анамнезінде эпилепсиясы бар пациенттерге қолдануға болмайды және басқа да хинолондар сияқты бұл препаратты құрысулардың туындауына бейімділігі бар пациенттерге немесе белсенді заттары (мысалы, теофиллин) құрысуға дайындық шегін төмендететін дәрілік заттарды қолданып қатар ем жүргізгенде ерекше сақ болу керек. Конвульсиялық құрысулар туындаған жағдайда левофлоксацинді қолданумен жүргізілетін емді тоқтату керек.
Глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа жеткіліксіздігі бар пациенттер
Глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа белсенділігінің жасырын немесе айқын бұзылуы бар пациенттерде хинолонды бактерияға қарсы препараттармен ем жүргізгенде гемолиздік реакцияларға бейімділік байқалуы мүмкін. Осылайша, левофлоксацинді мұндай пациенттерде қолдану қажеттілігінде оларды гемолиздің туындауына бақылау керек.
Бүйрек функциясы бұзылған пациенттер
Левофлоксацин негізінен бүйрек арқылы шығарылатындықтан, бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде левофлоксациннің дозасын түзету керек.
Аса жоғары сезімталдық реакциялары
Левофлоксацин ауыр және потенциалды өлімге әкелетін аса жоғары сезімталдық реакцияларын (мысалы, анафилаксиялық шокқа дейін болатын ангионевроздық ісінуді) туындатуы мүмкін, ол кейде препараттың бірінші дозасын енгізгеннен кейін-ақ туындайды. Пациенттер емді дереу тоқтатуы тиіс және емдеуші дәрігермен немесе тиісті шұғыл көмек көрсету үшін жедел жәрдем дәрігерімен байланысуы керек.
Ауыр буллезді реакциялар
Левофлоксацинді қолданғанда Стивенс–Джонсон синдромы немесе уытты эпидермальді некролиз сияқты ауыр буллезді тері реакцияларының туындау жағдайлары туралы хабарланды. Пациенттерге емдеуді жалғастырмас бұрын теріде/шырышты қабықтарда реакциялар пайда болған кезде дереу емдеуші дәрігермен байланысуға кеңес берген жөн.
Дисгликемия
Барлық хинолондарды қолданғандағыдай, пероральді гипогликемиялық препараттарды (мысалы, глибенкламид) немесе инсулинді қолданумен қатар ем алатын әдетте егде жастағы және диабетпен ауыратын пациенттерде байқалған гипо- және гипергликемияны қоса, қандағы глюкоза мөлшері бұзылуының туындауы туралы хабарланды. Гипогликемиялық кома жағдайлары туралы хабарланды. Диабетпен ауыратын пациенттерде қандағы глюкоза деңгейін мұқият бақылау ұсынылады.
Фотосенсибилизация профилактикасы
Левофлоксацинді қолданғанда фотосенсибилизацияның туындағаны жөнінде мәлімделді. Фотосенсибилизацияның дамуына жол бермеу үшін пациенттерге емделу кезінде және оны тоқтатқаннан кейін 48 сағат бойына, күшті күн сәулесінің немесе жасанды УК сәулелену (мысалы, УК шамы, солярий ) әсеріне қажетінсіз жол бермеу ұсынылады.
К дәрумені антагонистерін қолданумен емделетін пациенттер
Коагуляциялық сынамалар (ПВ/ХҚҚ) көрсеткіштерінің ықтимал жоғарылауына және/немесе қан кетудің туындауына байланысты осы препараттарды бір мезгілде қолдану кезінде левофлоксацин мен К дәруменінің антагонисті (мысалы, варфарин) біріктірілімін қолдана отырып емдеуден өтіп жатқан пациенттерде коагуляциялық сынамалар нәтижелеріне мониторинг жүргізу қажет.
Психоздық реакциялар
Левофлоксацинді қоса, хинолондарды қабылдаған пациенттерде психоздық реакциялардың пайда болу жағдайлары туралы хабарланды. Өте сирек жағдайларда, левофлоксацин дозасын бір рет қолданғаннан кейін де, мұндай реакциялар пациенттің өзіне қауіп төндіретін суицидтік ойлар мен мінез-құлықтар пайда болғанға дейін үдеген. Мұндай реакциялар пайда болған жағдайда левофлоксацинді қабылдауды тоқтатып, тиісті шаралар қабылдау керек. Левофлоксацинді психозбен ауыратын науқастарда немесе анамнезінде психикалық аурулар болған кезде сақтықпен қолданған жөн.
QT аралығының ұзаруы
Левофлоксацинді қоса, фторхинолондарды төмендегідей QT аралығының ұзару қаупінің белгілі бір факторлары бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек, мысалы:
- QT аралығы ұзаруының туа біткен синдромы
- QT аралығы ұзаруын туындататын дәрілік заттарды (мысалы аритмияға қарсы, IA және III класқа жататын препараттар, трициклдік антидепрессанттар, макролидтер, нейролептиктер) қатар қолдану
- электролиттер теңгерімінің түзетілмеген бұзылулары (мысалы, гипокалиемия, гипомагниемия)
- жүрек аурулары (мысалы, жүрек жеткіліксіздігі, миокард инфарктісі, брадикардия)
Егде жастағы науқастар және әйелдер QTс аралығы ұзаруын туындататын препараттарға сезімталдау болуы мүмкін. Демек, бұл пациенттер тобында фторхинолондарды, соның ішінде левофлоксацинді сақтықпен қолдану керек.
Аорта аневризмасы және/немесе аортаның қатпарлануы, сондай-ақ жүрек қақпақшаларының регургитациясы/жеткіліксіздігі
Фторхинолондарды қабылдау кезінде, аневризма және аорта қатпарлануының кейде үзілумен асқынған (оның ішінде өліммен аяқталатын), сондай-ақ жүрек қақпақшаларының кез келген регургитациясы / жеткіліксіздігі жағдайлары тіркелген. Аневризмаға немесе жүрек қақпақшаларының туа біткен ақауына немесе жүрек қақпақшаларының жеткіліксіздігіне қатысты ауыр отбасылық анамнезі бар пациенттерде, сондай-ақ аневризманың дамуына және аортаның қатпарлануына бейім басқа қауіп факторлары немесе жағдайлар болған кезде, сондай-ақ жүрек қақпақшаларының регургитациясы / жеткіліксіздігі кезінде (мысалы, Марфан синдромы немесе Элерс-Данлос синдромы, Тернер синдромы, Бехчет ауруы, гипертензия, ревматоидты артрит сияқты дәнекер тінінің бұзылуы), сондай-ақ, аортаның аневризмасы мен қатпарлануы (мысалы, тамыр аурулары, Такаясу артериті немесе алып жасушалық артерит немесе белгілі атеросклероз немесе Шегрен синдромы сияқты), сондай-ақ жүрек қақпақшаларының регургитациясы/жеткіліксіздігі (мысалы, инфекциялық эндокардит) кезінде Левомак 250 пайда-қауіп арақатынасын мұқият бағалағаннан және терапияның басқа мүмкін нұсқаларын қарастырғаннан кейін ғана қолданылуы керек.
Жүйелі кортикостероидтармен бір мезгілде ем қабылдайтын пациенттерде аневризманың және аортаның қатпарлану, сондай-ақ жарылу қаупі де артуы мүмкін.
Іштің, кеуденің немесе арқаның кенеттен ауыруы пайда болған жағдайда, жедел ентігу, алғаш туындаған жүрек қағуы жиілігінің жоғарылауы, сондай-ақ, құрсақ қуысы немесе аяқ ісінуі дамуы жағдайында, препарат қабылдауды тоқтатып, жедел жәрдем бөлімшесіндегі дәрігерге дереу қаралу керек.
Шеткері нейропатия
Левофлоксацинді қоса, фторхинолондармен емделген пациенттерде айтарлықтай жылдам дамуы мүмкін шеткері сенсорлық нейропатия және шеткері сенсомоторлық нейропатияның пайда болуы туралы хабарланды. Нейропатия симптомдары пайда болған кезде қайтымсыз бұзылулардың дамуын болдырмау үшін левофлоксацин қолдануды тоқтату керек.
Бауыр және өт шығару жолдары тарапынан бұзылулар
Негізгі ауыр, мысалы сепсис сияқты, ауруы бар пациенттерде левофлоксацинді қолданғанда өліммен аяқталатын бауыр функциясының жеткіліксіздігіне дейін болатын бауыр некрозы жағдайлары жөнінде мәлімделді. Пациенттерге анорексия, сарғаю, несеп күңгірттенуі, қышыну және іштің ауыруы сияқты бауыр ауруларының симптомдары мен белгілері пайда болғанда емдеуді тоқтатып және емдеуші дәрігермен байланысу ұсынылады.
Миастения гравис өршуі
Фторхинолондар, соның ішінде левофлоксацин, нейробұлшықеттік бөгеу белсенділігіне ие және миастения грависпен ауыратын пациенттерде бұлшықет әлсіздігін күшейтуі мүмкін. Маркетингтен кейінгі бақылау кезеңінде туындаған өлім жағдайлары мен өкпені қосымша жасанды желдету қажеттілігін қоса, күрделі жағымсыз реакциялар миастения гравистан зардап шегетін пациенттерде фторхинолондарды қолданумен байланысты болды. Пациентте анамнезінде миастения гравис болған кезде левофлоксацинді қолдану ұсынылмайды.
Көру қабілетінің бұзылулары
Егер көру қабілетінің бұзылуы немесе препаратты қабылдаудың көзге әсері байқалғанда дереу офтальмологқа қаралу керек.
Суперинфекция
Левофлоксацинді, әсіресе ұзақ уақыт бойы қолдану, сезімтал емес микроорганизмдердің шамадан тыс өсуіне әкелуі мүмкін. Емдеу кезеңінде суперинфекция пайда болған кезде тиісті шараларды қабылдау керек.
Жедел панкреатит
Левофлоксацин қабылдаған пациенттерде жедел панкреатит болуы мүмкін. Жүрек айнуы, әлсіздік, іштің жайсыздығы, іштің жедел ауруы немесе құсу бар пациенттер дереу дәрігерге қаралуы керек. Егер жедел панкреатитке күдік болса, левофлоксацинді қабылдауды тоқтату керек, расталған жағдайда левофлоксацинді қайта қабылдауға болмайды. Анамнезінде панкреатитпен ауыратын пациенттерге сақтықпен қолдану керек.
Қан аурулары
Егер сіз қатты шаршағаныңызды, теріңіздің бозарғандығын, көгеруге бейімділікті, бақыланбайтын қан кетуді, қызбаны, тамақтың ауыруын немесе жалпы жағдайдың айтарлықтай нашарлауын, сондай-ақ иммунитеттің төмендеуін сезсеңіз, дереу дәрігерге қаралыңыз. Левофлоксацинмен емдеу лейкопения, нейтропения, панцитопения, анемияның әртүрлі түрлері немесе агранулоцитоз сияқты жағдайларды тудыратын сүйек кемігінің бәсеңдеуіне әкелуі мүмкін. Бұл бұзылулардың кез келгенін күдіктенсеңіз, қан көрсеткіштерін үнемі бақылау маңызды. Егер ауытқулар байқалса, дәрігер емдеуді өзгерту немесе тоқтату туралы шешім қабылдауы мүмкін.
Зертханалық зерттеулердің нәтижелеріне әсері
Левофлоксацинді қолданумен ем қабылдайтын пациенттерде несептегі апиындарды анықтауға талдау жалған-оң нәтижелер беруі ықтимал. Анағұрлым нақты әдісті пайдалана отырып, апиындардың бар екендігіне жасалған талдаудың нәтижелерін растау қажет болуы мүмкін.
Левофлоксацин Mycobacterium tuberculosis өсуін тежеуі мүмкін, демек, туберкулездің бактериологиялық диагностикасының жалған теріс нәтижелерінің себебі болуы мүмкін.
Арнайы ескертулер
Егде жастағы пациенттерде қолданылуы
Дозаны түзетудің қажеті жоқ.