Симптомдарды бақылау үшін қажетті ең аз уақыт ішінде тиімді ең төмен дозаны қолданғанда жағымсыз реакциялардың даму қаупі төмендеуі мүмкін. Емдік әсері жеткіліксіз болған жағдайда ұсынылатын тәуліктік ең төмен дозаны (15 мг) арттырмау керек. Сондай-ақ басқа ҚҚСД-ні бір мезгілде қолдануға жол бермеу керек, өйткені бұл емдік артықшылықтары жоқ болған жағдайда уыттылықтың артуына әкелуі мүмкін. Мелоксикамды селективті циклооксигеназа-2 тежегіштерін қоса, ҚҚСД-мен біріктіріп қолданудан аулақ болу керек.
Арнайы ескертулер
мелоксикам қатты ауыруды жеңілдетуді керек ететін пациенттерге жарамайды.
Препаратты бірнеше күн қабылдаудан кейін жақсару болмағанда емдеудің клиникалық артықшылықтарын қайта қарау керек.
Мелоксикаммен емді бастар алдында анамнезінде эзофагиті, гастриті, пептидтік ойық жарасы (асқазанның ойық жарасы немесе он екі елі ішектің ойық жарасы) бар пациенттердің сауыққанына көз жеткізу қажет. Анамнезінде осындай жағдайлары бар пациенттерде мелоксикамды қабылдау кезінде аурудың қайталануы көрініс беруі мүмкін екендігіне ұдайы көңіл бөлу керек.
Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар
Барлық ҚҚСД үшін асқазан-ішектік қан кетулер, ойық жаралар немесе тесілулер, соның ішінде өліммен аяқталатын жағдайлар тіркелді. Олар анамнезінде алдын ала симптомдары немесе күрделі асқазан-ішектік аурулары бар немесе онсыз болғанда, емдеу кезіндегі кез келген уақытта туындаған.
ҚҚСД дозасын арттырған кезде ойық жарасы анамнезінде көрсетілген, әсіресе асқынған қан кетулер немесе тесілулер орын алған пациенттерде және егде жастағы пациенттерде асқазан-ішектік қан кетулер, ойық жаралар немесе тесілулер қаупі жоғары. Мұндай пациенттерде емдеуді тиімді ең төмен дозадан бастау керек. Мұндай пациенттер, сондай-ақ ацетилсалицил қышқылының төмен дозасын немесе асқазан-ішек қаупін арттыратын басқа дәрілік заттарды біріктіруді қажет ететін пациенттер үшін қорғайтын дәрілік заттарды (мизопростол немесе протонды помпа тежегіштері сияқты) біріктіріп емдеуді қарастыру керек.
Анамнезінде гастроинтестинальді уыттылығы бар пациенттерге, әсіресе егде жастағы пациенттерге әдеттен тыс барлық абдоминальді симптомдар (ең алдымен асқазан-ішектік қан кетулер) туралы, әсіресе емдеудің бастапқы кезеңдерінде мәлімдеу керек.
Ойық жаралардың немесе қан кетулердің қаупін арттыруы мүмкін дәрілік заттарды, мысалы, радикальді емдеу үшін немесе егде жастағы пациенттерге тағайындалатын гепаринді, антикоагулянттарды (варфарин) және басқа ҚҚСД немесе ацетилсалицил қышқылын бір реттік ≥ 500 мг дозада немесе жалпы тәуліктік ≥ 3 г дозада бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерге мелоксикамды бір мезгілде қабылдау ұсынылмайды.
Мелоксикамды қолданып жүрген пациенттерде асқазан-ішектік қан кетулер немесе ойық жаралар туындағанда емдеуді тоқтату керек.
Анамнезіне асқазан-ішек аурулары (ойық жаралы колит, Крон ауруы) бар пациенттерде ҚҚСД сақтықпен тағайындау керек, өйткені бұл жағдайлар өршуі мүмкін.
Жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан бұзылулар
Артериялық гипертензиясы және/немесе жүрек функциясының ауырлығы жеңіл және орташа дәрежедегі іркілісті жеткіліксіздігі анамнезінде бар пациенттерде мұқият бақылау және кеңес беру ұсынылады, өйткені ҚҚСД қолданғанда сұйықтықтың іркілуі және ісінулер туралы мәлімделді.
Қауіп факторлары бар пациенттерге емнің бас кезінде, әсіресе мелоксикаммен емдеу курсының басында артериялық қысымын клиникалық бақылау ұсынылады.
Клиникалық зерттеулердің деректері және эпидемиологиялық деректер мелоксикамды қоса, кейбір ҚҚСД (әсіресе жоғары дозаларда және ұзақ емдегенде) қолдану артериялық тромбоздық құбылыстар (мысалы, миокард инфарктісі немесе инсульт) қаупінің аздап жоғарылауымен байланысты деп жорамалдауға мүмкіндік береді. Мелоксикам үшін мұндай қауіптің бар-жоқтығына деректер жеткіліксіз.
Бақыланбайтын артериялық гипертензиясы, жүрек функциясының жеткіліксіздігі, жүректің анықталған ишемиялық ауруы, шеткері артериялардың ауруы және/немесе цереброваскулярлық аурулары бар пациенттерге мелоксикаммен емді тек олардың жағдайына мұқият баға бергеннен кейін ғана жүргізу керек. Осындай баға беру жүрек-қантамыр ауруларының қауіп факторлары (артериялық гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті, темекі тарту сияқты) бар пациенттерді ұзақ емдеудің бас кезінде қажет.
Тері тарапынан бұзылулар
Мелоксикамды қолданған кезде өмір үшін қауіпті тері реакциялары (Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермальді некролиз) тіркелді. Пациенттер осы жағымсыз реакциялардың белгілері және симптомдары туралы хабардар болуы және тері реакцияларының пайда болуын мұқият бақылауы тиіс. Стивенс-Джонсон синдромының және уытты эпидермальді некролиздің дамуының өте жоғары қаупі емдеудің алғашқы аптасы ішінде білінді. Стивенс-Джонсон синдромының немесе уытты эпидермальді некролиздің белгілері мен симптомдары (мысалы, үдемелі тері бөртпесі, көбіне күлдіреуіктермен немесе шырышты қабықтың қатар зақымдануымен) пайда болған кезде мелоксикамды қолдану тоқтатылуы тиіс. Стивенс-Джонсон синдромының және уытты эпидермальді некролиздің даму динамикасы негізінен ерте диагностикалаумен және күмәнді барлық дәрілік заттарды қабылдауды дереу тоқтатумен анықталады, яғни препаратты ерте тоқтату өте жағымды болжам деп жорамалданады. Егер мелоксикамды қабылдау аясында Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермальді некролиз дамыса, онда препарат бұл пациентке қайтадан тағайындалмауы тиіс.
Мелоксикамды қабылдау кезінде орныққан тері бөртпелері туралы деректер алынған. Анамнезінде мелоксикамды қолданумен байланысты орныққан дәрілік бөртпелері бар пациенттерге мелоксикамды қайта тағайындауға болмайды.
Оксикам класының басқа препараттарына айқаспалы реакциялар дамуы мүмкін.
Бауыр және бүйрек функциясының көрсеткіштері
Көптеген ҚҚСД қолданған кездегі сияқты, сирек жағдайларда қан плазмасында трансаминазалар деңгейінің жоғарылауы, қан плазмасында билирубин деңгейінің жоғарылауы немесе басқа да бауыр ферменттері деңгейлерінің жоғарылауы, сондай-ақ қанда креатинин және мочевина деңгейлерінің жоғарылауы және зертханалық көрсеткіштердің басқа да ауытқулары байқалды. Көптеген жағдайларда бұл ауытқулар елеусіз және уақытша болды. Егер мұндай ауытқулар едәуір немесе тұрақты болса, мелоксикамды қолдануды тоқтату керек, сондай-ақ мұндай жағдайларда тиісті тексеру жүргізген жөн.
Бүйрек функциясының бұзылуы
ҚҚСД бүйректік простагландиндердің қантамырларды кеңейтетін әсерін тежеуі мүмкін. Бұл шумақтық сүзілудің төмендеуіне, демек, бүйрек функциясының жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін. Осы реакция дозаға тәуелді болып табылады. Демек, емнің бас кезінде немесе дозаны арттырғаннан кейін мынадай факторлары бар пациенттерде диурезге және бүйрек функциясына мұқият мониторинг ұсынылады:
- егде жас;
- ангиотензин өзгертетін фермент тежегіштерімен, ангиотензин II антагонистерімен (сартан сияқты), диуретиктермен қатар емдеу;
- гиповолемия (кез келген генезді);
- жүректің іркілісті жеткіліксіздігі;
- бүйрек жеткіліксіздігі;
- нефроздық синдром;
- жегілік нефропатия;
- бауыр функциясының ауыр бұзылулары (сарысулық альбумин < 25 г/л немесе Чайлд-Пью жіктемесі бойынша баға беру ≥ 10).
Сирек жағдайларда ҚҚСД интерстициялық нефритті, гломерулонефритті, бүйректің медуллярлық некрозын немесе нефроздық синдромды туындатуы мүмкін. Гемодиализде жүрген, бүйрек функциясының терминальді сатыдағы жеткіліксіздігі бар пациенттер үшін мелоксикамның дозасы 7,5 мг-ден аспауы тиіс. Бүйректің ауырлығы жеңіл және ауыр дәрежедегі жеткіліксіздігі бар (креатинин клиренсінің деңгейі > 25 мл/мин) пациенттерде дозаны түзетудің қажеті болмайды.
Натрийдің, калийдің және судың іркілуі
ҚҚСД қолдану натрийдің, калийдің және судың іркілуіне әкелуі және диуретиктердің натрийурездік әсеріне ықпалын тигізуі мүмкін. Бұдан басқа гипотензиялық дәрілік заттардың гипертензияға қарсы әсері төмендеуі мүмкін. Осының нәтижесінде бейімделгіш пациенттерде ісіну, жүрек функциясы жеткіліксіздігінің симптомдары немесе артериялық гипертензия пайда болуы немесе күшеюі мүмкін. Сондықтан осындай қаупі бар пациенттерге клиникалық мониторинг жүргізу ұсынылады.
Гиперкалиемия
Гиперкалиемия қант диабетінен немесе калий деңгейін арттыратын дәрілік заттармен қатар емдеуден туындауы мүмкін. Мұндай жағдайларда қандағы калий деңгейіне ұдайы мониторинг жүргізу керек.
Пеметрекседпен біріктірілімі
Бүйректің ауырлығы жеңіл және орташа дәрежедегі жеткіліксіздігі бар, пеметрексед енгізілген пациенттер пеметрекседті енгізуге дейін ең кемінде 5 күн бойы, енгізетін күні және пеметрекседті енгізгеннен кейін ең кемінде 2 күн бойы мелоксикамды қабылдамауы тиіс.
Басқа ескертулер және сақтық шаралары
Егде жастағы, әлсіз және жүдеген пациенттер жағымсыз реакциялардың дамуына көбірек ұшырайды, демек, мұқият бақылауды қажет етеді.
Басқа ҚҚСД қолданған кездегідей, бүйрек, бауыр және жүрек функцияларының бұзылулары жиі кездесетін егде жастағы пациенттерге препаратты тағайындағанда ерекше сақтық таныту керек. Егде жастағы пациенттерде ҚҚСД қолданған кезде жағымсыз реакциялардың, әсіресе өліммен аяқталуға әкелуі мүмкін асқазан-ішектік қан кетулердің және тесілулердің туындау жиілігінің өте жоғары болатындығы білінді.
Мелоксикам, басқа кез келген ҚҚСД сияқты, инфекциялық аурулардың симптомдарын (мысалы, қызбаны) бүркемелеуі мүмкін.
Мелоксикамды қолдану әйелдерде фертильділікті төмендетуі мүмкін және, соған сәйкес, жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдерге ұсынылмайды. Әйелдерде жүкті болу қабілеті бұзылғанда немесе бедеулікке байланысты тексеру жүргізгенде мелоксикамды қабылдауды тоқтату туралы мәселені қарастыру қажет.
Локсидол таблеткасының құрамында лактоза бар. Галактоза жақпаушылығы, Лапп лактаза тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы сияқты сирек тұқым қуалайтын аурулары бар пациенттер осы препаратты қабылдамауы керек.
Препараттың бір реттік дозасында 1 ммольден (23 мг) аз натрий бар, яғни іс жүзінде құрамында натрий жоқ.
Препараттың көлік құралын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Автомобильді басқару немесе механизмдермен жұмыс жасау қабілетіне препараттың ықпалы туралы арнайы зерттеулер жоқ. Алайда фармакодинамикалық бейінін және байқалған жағымсыз реакцияларды негізге алар болсақ, мелоксикам аталған қызметтерге ықпалын тигізбейді немесе елеусіз ықпалын тигізеді деп болжам жасауға болады. Дегенмен көрудің бұлыңғырлануын қоса, көру функциясының бұзылулары, бас айналу, ұйқышылдық, вертиго немесе орталық жүйке жүйесі тарапынан басқа бұзылулар байқалған пациенттерге автомобиль жүргізуді немесе механизмдермен жұмыс жасауды тоқтата тұруға кеңес беріледі.