Аса жоғары сезімталдық
Маннитолды қолдануға байланысты анафилаксияны қоса алғанда, анафилаксиялық/анафилактоидты реакциялардың дамуы туралы, сондай-ақ аса жоғары сезімталдықтың, оның ішінде өліммен аяқталатын басқа да реакциялар туралы хабарланды.
Аса жоғары сезімталдық реакциясының кез келген белгілері немесе симптомдары пайда болған жағдайда енгізуді дереу тоқтатып, нақты клиникалық көрсетілімдерге байланысты терапиялық араласуды жүргізу керек. Маннитол табиғи түрде (мысалы, кейбір көкөністер мен жемістерде) кездеседі және дәрілік заттар мен косметикалық өнімдерде көмекші зат ретінде кеңінен қолданылады. Сондықтан сезімталдық реакциясы маннитол ерітіндісін вена ішіне қабылдамаған пациенттерде де болуы мүмкін.
ОЖЖ тарапынан реакциялар
Маннитол қабылдаған пациенттерде, әсіресе бүйрек функциясының бұзылуы кезінде, ОЖЖ тарапынан уыттылық сананың шатасуы, летаргия және кома түрінде көрінді. Сондай-ақ, өлімге әкелген жағдайлар туралы да хабарланды.
ОЖЖ тарапынан уытты реакциялардың себебі мыналар болуы мүмкін:
• қан сарысуындағы маннитолдың жоғары концентрациясы
• жүйке жасушаларының жасушаішілік сусыздануына әкелетін сарысудың гиперосмолярлығы
• маннитолды вена ішіне құйғаннан кейінгі гипонатриемия немесе электролиттік және сілтілік-қышқылдық теңгерімінің басқа да бұзылулары.
Жоғары концентрацияда маннитол, әсіресе ацидоз кезінде, ми жұлын сұйықтығының рН деңгейін реттеу бойынша ми функциясын бұза отырып, гематоэнцефалдық бөгет арқылы өтуі мүмкін.
Гематоэнцефалдық бөгет бұзылған пациенттерде маннитолмен емдеуден күтілетін пайдаға қатысты әрбір нақты жағдайда мидың ісінуінің (ошақтық немесе жаппай) күшею қаупін бағалау қажет.
Маннитолды енгізгеннен кейін бірнеше сағаттан соң бассүйекішілік қысымның қайта үдеуі мүмкін. Бұл қауіп әсіресе гематоэнцефалдық бөгет бұзылған пациенттерде жоғары.
Бүйрек тарапынан асқыну қаупі
Емді бастар алдында бүйрек функциясы қалыпты болған пациенттерде, маннитолдың вена ішіне көп дозасын енгізгеннен кейін қайтымды жедел олигоануриялық бүйрек жеткіліксіздігі жағдайлары байқалған.
Маннитолды енгізумен байланысты осмостық нефроз әдетте қайтымды сипатқа ие екендігіне қарамастан, оның бүйрек жеткіліксіздігінің созылмалы немесе тіпті терминалды сатысына дейін үдеуі мүмкін екендігі жақсы белгілі.
Бүйрек аурулары бар пациенттерде немесе потенциалды нефроуытты препараттарды қабылдайтын пациенттерде маннитолды енгізгеннен кейін бүйрек жеткіліксіздігінің даму қаупі жоғары. Сарысудың осмолярлығын және бүйрек функциясын мұқият бақылау және бүйрек функциясының нашарлау белгілері пайда болған жағдайда қажетті шараларды қабылдау қажет.
Маннитолды бүйрек жеткіліксіздігі ауыр пациенттерге сақтықпен тағайындау керек. Мұндай пациенттерге ерітіндінің сынама дозасын енгізу керек және маннитолмен емдеуді оларда несеп шығарудың талапқа сай деңгейіне жеткен жағдайда ғана жалғастыру қажет.
Егер маннитол ерітіндісін вена ішіне енгізу кезінде несептің шығарылу жылдамдығы төмендесе, пациенттің клиникалық жағдайын оның бүйрек жеткіліксіздігінің даму жағдайына бағалау қажет; қажет болған жағдайда инфузияны тоқтата тұру қажет.
Гиперволемия қаупі
Маннитолдың 15% ерітіндісін тез жылдамдықпен енгізер алдында пациенттің жүрек-қан тамырлары жүйесінің жай-күйін мұқият бағалау қажет.
Жоғары дозалар және / немесе енгізу жылдамдығының жоғарылығы, сондай – ақ организмде маннитолдың жинақталуы (оның бүйрек арқылы жеткіліксіз шығарылуына байланысты) гиперволемияға - жасушадан тыс сұйықтық көлемінің шамадан тыс ұлғаюына әкелуі мүмкін, бұл өз кезегінде бұрыннан бар жүрек жеткіліксіздігінің пайда болуына немесе оның асқынуына әкелуі мүмкін.
Организмдегі маннитолдың жинақталуы құю кезінде несеп шығару жылдамдығы төмендеген жағдайда пайда болуы мүмкін, бұл жүрек жеткіліксіздігінің бар немесе жасырын іркілуін асқындыруы мүмкін.
Пациентте жүрек немесе өкпе функциясы нашарлаған кезде емді толық тоқтату керек.
Су-электролит теңгерімінің бұзылу қаупі, гиперосмолярлық
Маннитолды қабылдаудан туындаған осмостық диурез сусызданудың/гиповолемияның дамуына немесе асқынуына және қанның қоюлануына әкелуі мүмкін. Маннитолды енгізу гиперосмолярлықты туындатуы мүмкін.
Егер емдеу кезінде пациентте сарысудың осмолярлығы жоғарыласа, бұл диурезді жылдамдату, бассүйекішілік және көзішілік қысымның төмендеуі бойынша маннитолдың тиімділігінің жеткіліксіздігін көрсетуі мүмкін.
Бұдан басқа, енгізу дозасы мен ұзақтығына байланысты трансцеллюлярлы сұйықтықтар (су және электролиттер) деңгейінің өзгеруі, осмостық диурез және/немесе басқа механизмдер электролиттік және/немесе қышқылдық-сілтілік теңгерімнің бұзылуына себеп болуы мүмкін. Мұндай бұзушылықтардың ауыр болуы мүмкін, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.
Маннитолмен емдеудің нәтижесінде электролиттік және/немесе қышқылдық-сілтілік теңгерімнің бұзылуы
• Гипернатриемия, сусыздану және қанның қоюлануы (судың шамадан тыс жоғалуына байланысты).
• Гипонатриемия – маннитолды енгізгеннен кейін жасушадан тыс аймаққа натрийсіз жасушаішілік сұйықтықтың қозғалуы сарысудағы натрий концентрациясын төмендетіп, бұрыннан бар гипонатриемияны күшейтуі мүмкін, бұл ретте несепте натрий мен калийдің жоғалу деңгейі артады.
Гипонатриемия бас ауруына, жүрек айнуына, эпилепсиялық ұстамаларға, летаргияға, комаға, бас миының ісінуіне және өлімге әкелуі мүмкін. Гипонатриемияның аясында жедел симптоматикалық энцефалопатия өмірге қауіп төндіретін және жедел медициналық көмекті қажет ететін жағдай болып табылады.
Пациенттердің мынадай санаттарында гипонатриемияның даму қаупі жоғары:
– балалар;
– егде жастағы адамдар;
– әйелдер;
– операциядан кейінгі пациенттер;
– психогендік полидипсиямен ауыратын пациенттер.
Пациенттердің мынадай санаттарында гипонатриемияның асқынуы ретінде энцефалопатияның даму қаупі жоғары:
– балалар (≤16 жас)
– әйелдер (әсіресе, менопауза алдындағы кезеңде)
– гипоксемиясы бар пациенттер
– орталық жүйке жүйесінің негізгі ауруы бар пациенттер.
• Гипокалиемия
• Гиперкалиемия
• Электролиттердің басқа бұзылулары
• Метаболизмдік ацидоз
• Метаболизмдік алкалоз
Диурезге ықпал ете отырып, маннитолды құю талапқа сай емес гидратацияны немесе гиповолемияны жасыруы және күшейтуі мүмкін.
Инфузиялық реакциялар
Инфузияны енгізу орнындағы тітіркену мен қабынуды, сондай-ақ экстравазация аясындағы ауыр реакцияларды (компартмент-синдром) қоса алғанда, маннитолды пайдалануға байланысты инфузиялық реакциялардың дамуы туралы хабарланды.
Басқа препараттарды қатар қолдану немесе дұрыс енгізбеу әдісі пирогендік заттардың түсуіне байланысты фебрильді реакциялардың дамуына әкелуі мүмкін. Жағымсыз реакциялар туындаған жағдайда инфузияны дереу тоқтату қажет.
Пайдаланар алдында сұйықтықтар мен электролиттер көлемін толықтыру
Шок және бүйрек әрекеті бұзылған пациенттерде сұйықтықтар мен электролиттер көлемі толтырылғанға дейін маннитол енгізуді жүргізуге болмайды.
Мониторинг
Маннитолды қолданған кезде қышқылдық-сілтілік теңгерімді, бүйрек функциясын және сарысудың осмолярлығын мұқият бақылау қажет.
Маннитолды қабылдайтын пациенттер оларда бүйрек, жүрек немесе өкпе функцияларының төмендеуі тұрғысынан бақылануы тиіс; жағымсыз құбылыстар туындаған жағдайда емдеу толығымен тоқтатылады.
Сондай-ақ, несеп шығару жылдамдығы, сұйықтық теңгерімі, орталық веноздық қысым және электролиттердің тепе-теңдігі (атап айтқанда, натрий мен калий деңгейі) мұқият бақылау нысаны болуы керек.
Қан препараттарымен үйлеспеушілігі
Маннитолды қан препараттарымен бір мезгілде енгізуге болмайды, себебі бұл қан жасушаларының агглютинациясына және олардың ойық пішінді болуына әкелуі мүмкін.
Кристалдануы
Төмен температураның әсерінен маннитолдың ерітінділерінің кристалдануы мүмкін. Енгізер алдында ерітіндіні ондағы кристалдардың бар-жоғына тексеру қажет. Егер кристалдар анықталса, оларды ерітіндіні 37 °C-ден аспайтын температураға дейін қыздыру және оны аздап шайқау арқылы қайта ерітіңіз.
Зертханалық көрсеткіштердің ауытқуы
Маннитол қандағы бейорганикалық фосфордың құрамын талдаудың кейбір жүйелерін қолдану кезінде қате нәтиже беруі мүмкін.
Маннитол қан талдауы кезінде жалған оң этиленгликоль нәтижелерін береді, онда маннитол бастапқыда альдегидке дейін тотығады.
Педиатрияда қолдану
Балалардағы препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігі клиникалық зерттеулердің аясында зерттелмеген.
Егде жастағы адамдарда пайдалану
Әдетте, егде жастағы пациенттер үшін дозаны таңдау кезінде бауыр, бүйрек және жүрек функциясының төмендеуінің жоғары жиілігін, сондай-ақ қатар жүретін патологиялар мен дәрілік емді ескере отырып, аса сақтықпен қарау керек.
Ауамен таралатын эмболия қаупі
Рет-ретімен қосылған кезде пластик контейнерлерді пайдаланбаңыз. Бұл екінші контейнерден сұйықтықты енгізуді аяқтамас бұрын бірінші контейнерден қалдық ауаның шығуына байланысты ауамен таралатын эмболияның пайда болуына әкелуі мүмкін.
Егер контейнердегі қалдық ауа препаратты енгізер алдында толық шығарылмаған жағдайда, шығынды ұлғайту мақсатында икемді пластик контейнерлердегі венаішілік ерітінділер қысымының артуы ауамен таралатын эмболияға әкеп соқтыруы мүмкін.
Ашық желдеткіш тесігі бар желдетілетін инфузиялық жүйені пайдалану ауамен таралатын эмболияға алып келуі мүмкін. Мұндай инфузиялық жүйелерді икемді пластик контейнерлермен бірге қолдануға болмайды.
Қосымша заттар туралы ақпарат
15% дозадағы маннитол құрамында сәйкесінше мл-ге 9.0 мг натрий бар. Бұл натрийді қабылдауды шектейтін диетадағы пациенттерге қолданған кезде ескерілуі керек.
Арнайы сақтандырулар
Педиатрияда қолдану
Педиатриялық популяциядағы қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталған жоқ.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Маңызды емес.