Дәрілік препаратты қабылдар алдында дәрігерге хабарлаңыз.
Жағымсыз реакцияларды барынша аз уақыт кезеңі бойына симптомдарды бақылауға қажетті ең аз тиімді дозасын қолданумен азайтуға болады.
Емдік әсері жеткіліксіз болған жағдайда ұсынылатын ең жоғары тәуліктік дозасынан асыруға және/немесе қосымша ҚҚСП тағайындауға болмайды, өйткені бұл дәлелденген емдік пайдасы болмаған жаңдайда, уыттылықтың жоғарылауына алып келуі мүмкін. Мелоксикамды циклооксигеназа-2 селективті тежегіштерін қоса, басқа ҚҚСП-мен бір мезгілде қолданбау керек.
Мелоксикамды жедел ауырсыну синдромын басуға қолдануға болмайды.
Бірнеше күн емделуден кейін жақсаруы болмаса, емнің клиникалық пайдасына қайта бағалау жүргізу ұсынылады.
Мелоксикаммен емдеу басталғанға дейін анамнезінде эзофагит, гастрит және/немесе пептидтік ойық жарасы бар пациенттердің толық жазылғанына көз жеткізу қажет. Аурудың қайталануын уақтылы анықтау мақсатында мелоксикам қабылдап жүрген осы пациенттерді тұрақты қадағалау қажет.
Асқазан-ішек жолына әсері
Барлық басқа ҚҚСП қолдану кезіндегі сияқты, өлім қаупі зор асқазан-ішек қан кетуі, ойық жарасы немесе тесілуі алдын ала симптомдары немесе анамнезінде күрделі асқазан-ішек аурулары болғанда немесе оларсыз емдеу үдерісінде кез келген уақытта туындауы мүмкін.
Анамнезінде, әсіресе, қан кетумен немесе тесілумен асқынған ойық жарасы бар пациенттерде, сондай-ақ егде жастағы пациенттерде ҚҚСП дозасын арттырғанда асқазан-ішектен қан кету, ойық жара немесе тесілу қаупі жоғары. Осындай пациенттерде емдеуді ең аз тиімді дозадан бастау керек. Осындай пациенттер үшін, сондай-ақ ацетилсалицил қышқылының немесе асқазан-ішек жолының зақымдану қаупін арттыратын басқа дәрілік препараттардың төмен дозасын бірге қолдану қажет болатын пациенттер үшін қорғағыш дәрілік препараттармен (мизопростол немесе протон помпасының тежегіштері сияқты) біріктірілген ем тағайындау қажеттілігін қарастыру керек.
Анамнезінде гастроинтестинальді уыттануы болған пациенттер, атап айтқанда, егде жастағы пациенттер, әсіресе, емдеудің бастапқы сатыларында барлық әдеттен тыс абдоминальді симптомдар (әсіресе, асқазан-ішектен қан кету) туралы хабарлау керек.
Ойық жара немесе қан кету қаупін арттыруы мүмкін дәрілік препараттарды, мысалы, радикалдық емдеу үшін де, гериатриялық практикада да тағайындалған гепаринді, варфарин сияқты антикоагулянттарды, басқа ҚҚСП немесе ацетилсалицил қышқылын бір реттік ≥ 500 мг дозада немесе жалпы тәуліктік ≥ 3 г дозада бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерге мелоксикам бір мезгілде қабылдауға ұсынылмайды.
Мелоксикам қолданып жүрген пациенттерде асқазан-ішек қан кетуі немесе ойық жарасы дамығанда емдеуді тоқтату керек.
Анамнезінде асқазан-ішек аурулары (ойық жаралы колит, Крон ауруы) бар пациенттерге, осы жай-күйлер өршуі мүмкін болғандықтан, ҚҚСП сақтықпен тағайындалу керек.
Жүрек-қантамырлық және цереброваскулярлы жүйеге әсері
Артериялық гипертензия және/немесе анамнезінде жеңіл және орташа дәрежедегі іркілісті жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге мұқият қадағалау ұсынылады, өйткені ҚҚСП ем кезінде сұйықтық іркілісі және ісінулер туралы мәлімделді.
Қауіп факторлары бар пациенттерге емнің басында, әсіресе мелоксикаммен емдеу курсының басында артериялық қысымды клиникалық қадағалау ұсынылады.
Клиникалық зерттеулер деректері және эпидемиологиялық деректер кейбір ҚҚСП (әсіресе, жоғары дозаларда және ұзақ уақыт емдеу кезінде), оның ішінде мелоксикам қолданудың тамырлық тромбоз құбылыстары (мысалы, миокард инфарктісі немесе инсульт) қаупінің аздап артуымен байланысты болуы мүмкін екенін болжауға мүмкіндік береді. Мелоксикам үшін осындай қауіпті жоққа шығару үшін деректер жеткіліксіз.
Бақыланбайтын артериялық гипертензия, іркілісті жүрек жеткіліксіздігі, анықталған ишемиялық жүрек ауруы, шеткері артериялар ауруы және/немесе цереброваскулярлық аурулары бар пациенттерге тек олардың жай-күйін мұқият бағалаудан кейін ғана мелоксикаммен ем жүргізген жөн. Осыған ұқсас бағалау жүрек-қантамыр ауруларының қауіп факторлары (мысалы, артериялық гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті, шылым шегу) бар пациенттерді ұзақ уақыт емдеудің басталуына дейін қажет.
Тері реакциялары
Дәрілік препаратты қабылдағанға дейін дәрігерге мелоксикам немесе басқа оксикамдарды (мысалы, пироксим) қабылдағаннан кейін тұрақты дәрілік бөртпе пайда болғанын (терінің қызаруы мен ісінуі бар дөңгелек немесе сопақ тәрізді дақтар, олар препаратты қайта қабылдаған кезде бөртпенің бұрынғы жерлерінде пайда болады, көпіршіктер, есекжем және қышу) хабарлаңыз.
Мелоксикам қолдану кезінде терінің өмірге қатерлі реакцияларының (Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермалық некролиз) дамуы туралы хабарламалар алынды. Пациенттерді тері реакцияларының белгілері мен симптомдары туралы хабарландыру және мұқият қадағалау керек. Стивенс-Джонсон синдромының және уытты эпидермалық некролиздің ең көп жоғары даму қаупі емдеудің алғашқы апталарының ішінде байқалды. Стивенс-Джонсон синдромының немесе уытты эпидермалық некролиздің алғашқы симптомдары немесе белгілерінде (мысалы, көбіне сулы бөртпелермен болатын терінің үдемелі бөртпесі немесе шырышты қабықтардың зақымдануы) мелоксикамды қолдану тоқтатылуы тиіс. Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермалық некролиз синдромын емдеудің ең үздік нәтижесі ерте диагностикалау және күмәнді дәрілік препаратты қолдануды дереу тоқтату кезінде байқалды. Препаратты ерте тоқтату үздік болжам жасаумен байланысты. Егер Стивенс-Джонсон синдромы және уытты эпидермалық некролиз мелоксикам қабылдау аясында дамыған болса, осы дәрілік препаратты қолдануды жаңғыртуға болмайды.
Бауыр және бүйрек функциясының көрсеткіштері
ҚҚСП көпшілігін қолдану кезіндегі сияқты, сарысулық трансаминазалар деңгейінің жоғарылауы, сарысудағы билирубиннің немесе бауыр функциясының басқа көрсеткіштерінің артуы, сондай-ақ қандағы креатинин мен мочевина деңгейінің жоғарылауы және басқа зертханалық көрсеткіштердің қалып шегінен ауытқуы болған бірлі-жарым жағдайлар жөнінде мәлімделді. Көптеген жағдайларда бұзылулар уақытша сипатта болды және айқын білінбеді. Егер осы ауытқулардың қандай да бірі маңызды немесе тұрақты болып шықса, мелоксикам қабылдауды тоқтату және тиісті тексеру тағайындау керек.Бүйректің функционалдық жеткіліксіздігі
ҚҚСП бүйрек простагландиндерінің тамыр кеңейтетін әсерін тежеу есебінен шумақтық сүзілу төмендеуі нәтижесінде бүйректің функционалдық жеткіліксіздігінің пайда болуын тудыруы мүмкін. Осындай реакция дозаға тәуелді болады. Келесі қауіп факторлары бар пациенттерде емдеудің басында немесе дозаны арттырудан кейін, диурез көлемін қоса, бүйрек функциясына мұқият мониторинг өткізу ұсынылады:
• егде жас;
• АӨФ тежегіштері, ангиотензин II антагонистері, сартандар, диуретиктермен қатарлас ем;
• гиповолемия (себебіне байланыссыз);
• іркілісті жүрек жеткіліксіздігі;
• бүйрек жеткіліксіздігі;
• нефроздық синдром;
• жегілік нефропатия;
• бауыр функциясының ауыр бұзылуы (сарысулық альбумин < 25 г/л немесе Чайлд-Пью шкаласы бойынша бағасы ≥ 10).
Сирек жағдайларда ҚҚСП интерстициальді нефрит, гломерулонефрит, бүйректің медуллярлы некрозы немесе нефроздық синдром себебі болуы мүмкін.
Гемодиализде жүрген бүйрек жеткіліксіздігінің терминалдық сатысындағы пациенттерде мелоксикам дозасы 7.5 мг-ден аспауы тиіс. Бүйрек функциясының жеңіл немесе орташа бұзылуы бар пациенттерде (мысалы, креатинин клиренсі 25 мл/минуттан артық пациенттерде) дозаны төмендету қажет емес.
Натрий, калий және су іркілісі
ҚҚСП қолдану натрий, калий және су іркілісіне әкеліп, несеп айдайтын дәрілердің натрийурездік әсеріне ықпалын тигізуі мүмкін. Бұдан бөлек, гипотензиялық дәрілік препараттардың гипертензияға қарсы әсері төмендеуі мүмкін. Соның нәтижесінде бейімділігі бар пациенттерде ісінулер, жүрек жеткіліксіздігі немесе гипертензия симптомдары пайда болуы немесе күшеюі мүмкін. Аталған пациенттерге клиникалық қадағалау ұсынылған.
Гиперкалиемия
Қант диабеті бар пациенттерде немесе қандағы калий деңгейін арттыратын дәрілік препараттармен қатарлас ем кезінде гиперкалиемияның даму қаупі жоғары. Осындай жағдайларда қандағы калий деңгейіне жүйелі мониторинг өткізу қажет.
Пеметрекседпен біріктірілімде қабылдау
Пеметрексед енгізілетін бүйрек функциясының жеңіл немесе орташа бұзылуы бар пациенттерге мелоксикам қабылдауды пеметрексед енгізуге дейін кемінде 5 күн бұрын, енгізілген күні және пеметрексед енгізуден кейін кемінде 2 күнге тоқтату керек.
Басқа сақтандырулар және алдын ала сақтану шаралары
Жағымсыз реакцияларын көбінесе егде жастағы, әлсіреген және жүдеп кеткен пациенттер нашар көтереді. Демек, осындай пациенттерге мұқият қадағалау қажет болады. Басқа ҚҚСП қолдану кезіндегі сияқты, препаратты бүйрек, бауыр және жүрек функцияларының бұзылуы жиі кездесетін егде жастағы пациенттерге тағайындағанда ерекше сақтық шарасын қадағалау қажет. Егде жастағы пациенттерде ҚҚСП қолдану кезіндегі жағымсыз реакциялардың, әсіресе, өліммен аяқталуға әкелуі мүмкін асқазан-ішек жолынан қан кету және АІЖ тесілуінің даму жиілігі жоғары.
Мелоксикам, басқа ҚҚСП сияқты, бұрынан бар инфекциялық ауру симптомдарын бүркемелеуі мүмкін.
Мелоксикамды қолдану әйелдердегі фертильділікті төмендетуі мүмкін және, тиісінше, жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдерге ұсынылмайды. Әйелдерде бала көтеру қабілетінің бұзылуында немесе бедеулік себебімен тексеру өткізілгенде мелоксикамды тоқтату мүмкіндігін қарастыру қажет.
Арнайы сақтандырулар
Қосымша заттар
Лактоза моногидраты
Дәрілік препарат құрамында лактоза бар. Галактоза жақпаушылығының, лактаза тапшылығының немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы синдромының сирек тұқым қуалайтын аурулары бар пациенттер аталған препаратты қабылдамауы тиіс.
Натрий
Бұл дәрілік препараттың бір таблеткасында 23 мг-ден (1 ммоль) аз натрий бар, яғни іс жүзінде натрий жоқ деп саналады.
Балалар және жасөспірімдер
Дәрілік препараттың өзара әрекеттесу зерттеулері тек ересектерде жүргізілді.
Препарат балалар мен 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге қарсы көрсетілімді.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Препараттың көлік құралдарын басқару және механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне әсер етуіне арнайы зерттеулер жүргізілмеді. Дегенмен де, пациенттерді көру бұзылуы, оның ішінде анық көрмеу, бас айналу, ұйқышылдық, орталық жүйке жүйесінің басқа бұзылулары сияқты жағымсыз әсерлерінің көрініс беру мүмкіндігінен хабардар ету керек. Атап көрсетілген жағымсыз әсерлерінің кез келгені туындаған жағдайда пациенттер көлік құралдарын басқарудан және аса қауіпті механизмдермен жұмыс істеуден бас тартуы тиіс.