Метапреднилонның құрамында лактоза бар. Сирек тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, Lapp-лактаза ферментінің тұқым қуалайтын тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы синдромы бар пациенттер бұл препаратты қабылдамауға тиіс.
Арнайы сақтандырулар
Иммунодепрессивті әсерлер/инфекцияларға жоғары сезімталдық
Глюкокортикостероидтар инфекцияларға сезімталдықты жоғарылатуы, инфекцияның кейбір белгілерін бүркемелеуі мүмкін. Бұдан басқа, оларды қабылдау кезінде жаңа инфекциялар туындауы мүмкін. Кортикостероидтарды қолдану инфекцияға төзімділіктің төмендеуімен және оны оқшаулаудың мүмкін болмауымен қатар жүруі мүмкін. Организмнің қандай да бір аймағында бактериялар, вирустар, зеңдер, қарапайымдылар немесе гельминттер тудыратын инфекциялар тек кортикостероидтарды немесе олардың жасушалық немесе гуморальды иммунитетке, сондай-ақ нейтрофилдердің функциясына әсер ететін басқа иммунодепрессивті препараттармен біріктірілімін қолданумен байланысты болуы мүмкін. Бұл инфекциялар орташа, ауыр болуы және кейбір жағдайларда өлімге әкеліп соғуы мүмкін. Кортикостероидтардың дозасы ұлғайған сайын инфекция жұқтыру жағдайларының көбірек саны тіркеледі.
Иммунодепрессивті препараттарды қабылдап жүрген пациенттер дені сау адамдарға қарағанда инфекцияларға көбірек бейім. Мысалы, желшешек пен қызылша иммунизациядан өтпеген балаларда немесе кортикостероидтармен емделген ересектерде анағұрлым ауыр болуы немесе тіпті өлімге әкелуі мүмкін.
Қатар жүретін аурулардың өршуі немесе стронгилоидоз сияқты қоздырғыштардан туындаған жасырын өтетін аурулар белсенділенуі мүмкін. Кортикостероидтардан туындаған иммунитеттің төмендеуі аурудың (стронгилоидоздың) таралуына және паразит дернәсілдерінің көшуіне әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, жіңішке ішектің және тоқ ішектің ауыр қабынуымен (энтероколитпен) және өлімге әкелетін сепсистік жағдаймен аурудың нашарлауы мүмкін.
Сепсистік шоктың дамуындағы кортикостероидтардың рөлі толық анықталмаған. Ерте жүргізілген зерттеулерде пайдалы да, зиянды да әсерлері туралы хабарламалар алынды. Соңғы кездері қосымша кортикостероидтарды қолдану бүйрекүсті безінің жеткіліксіздігі байқалған, сепсистік шокқа шалдыққаны анықталған пациенттер үшін пайдалы деген болжам айтылған. Алайда, оларды сепсистік шок кезінде дағдылы қолдану ұсынылмайды. Жоғары дозаларды қолдану арқылы кортикостероидтардың қысқа курстарына жүйелі шолу олардың қолданылуын растамады. Дегенмен, мета-талдаулар және әдеби деректерге бір шолу кортикостероидтардың төмен дозаларының ұзағырақ курстары (5-11 күн), әсіресе вазопрессорға тәуелді сепсистік шок алған пациенттерде өлімді азайтуы мүмкін екенін көрсетеді.
Иммунодепрессивті әсер ететін дозаларда ГКС емін алатын пациенттерге тірі немесе тірі аттенуирленген вакциналарды енгізу ұсынылмайды. Тірі емес немесе белсенділігі жойылған биогенетикалық вакциналарды енгізуге болады, алайда иммунодепрессивті әсер ететін дозаларда ГКС емін алатын пациенттерге мұндай вакциналарды енгізуге емдік реакция төмендеуі немесе тіпті болмауы мүмкін.
Белсенді туберкулез кезінде кортикостероидтарды пайдалану бір мезгілде туберкулезге қарсы тиісті ем жүргізілетін фульминантты немесе диссеминацияланған туберкулез жағдайларымен шектелуі тиіс.
Егер кортикостероидтар латентті туберкулезге шалдыққан немесе туберкулинге реактивтілігі бар пациенттерге көрсетілсе, мұқият бақылау қажет, себебі ауру қайта басталуы мүмкін. Кортикостероидтармен ұзақ емдеу кезінде бұл пациенттер химиопрофилактика алуы тиіс.
Кортикостероидтармен ем қабылдайтын пациенттерде Капоши саркомасының дамуы туралы хабарламалар алынды. Кортикостероидтарды қолдануды тоқтату клиникалық ремиссияға әкелуі мүмкін.
Қан және лимфа жүйесінің бұзылыстары
Ацетилсалицил қышқылы мен қабынуға қарсы стероидты емес дәрілерді кортикостероидтармен бірге сақтықпен қолдану керек.
Иммундық жүйеге әсері
Аллергиялық реакциялар (мысалы, ангионевроздық ісіну) дамуы мүмкін.
Кортикостероидтармен парентеральді ем алатын пациенттерде тері реакциялары және анафилаксиялық/анафилактоидты реакциялар туындауының сирек жағдайлары салдарынан препаратты енгізер алдында, әсіресе пациентте анамнезінде қандай да бір дәрілік препаратқа аллергия бар болса, тиісті профилактика шараларын қабылдау қажет.
Эндокриндік жүйеге әсері
Әдеттен тыс күйзеліске ұшыраған кортикостероидтарды қабылдайтын пациенттерде стресс жағдайына дейін, кезінде және одан кейін тез әсер ететін кортикостероидтардың жоғары дозасы талап етілуі мүмкін.
Ұзақ уақыт бойы қолданылатын ГКС фармакологиялық дозалары гипоталамус-гипофиздік-бүйрекүсті безі (ГГБ) жүйесінің бәсеңдеуіне әкелуі мүмкін (бүйрек үсті безінің салдарлы жеткіліксіздігі). Бүйрек үсті безі жеткіліксіздігінің дәрежесі мен ұзақтығы пациенттер арасында ауытқиды және ГКС емінің дозасына, жиілігіне, енгізу уақытына және ұзақтығына байланысты болады. Бұл әсерді «күнара» жүргізілетін ем арқылы барынша азайтуға болады.
Сонымен қатар, өлімге әкелетін бүйрекүсті безінің жедел жеткіліксіздігі ГКС қолдануды кенеттен тоқтатқан кезде пайда болуы мүмкін.
Бүйрекүсті безі қыртысының дәрі-дәрмектік салдарлы жеткіліксіздігінің туындау ықтималдығын дозаны біртіндеп төмендету арқылы азайтуға болады. Осы типтегі салыстырмалы жеткіліксіздік емді тоқтатқаннан кейін бірнеше айға созылуы мүмкін; демек, егер пациент осы кезеңде әсерге ұшыраса, осы кезең барысында стресс туындаған кезде гормональді емді қайта бастау керек.
Бүйрекүсті бездерінің дәрі-дәрмектік жеткіліксіздігі дамыған кезде тұздардың және/немесе минералдардың алмасуын бақылайтын гормондардың өндірілуі бұзылуы мүмкін.
Қатты күйзеліс кезінде дәрігер стресс жағдайына дейін, кезінде және одан кейін кортикостероидтарды қабылдаған пациенттерге тез әсер ететін кортикостероидтардың дозасын арттыруы мүмкін.
Бүйрекүсті безі қыртысының жеткіліксіздігімен байланысты болмауы мүмкін стероидтарды тоқтату синдромы ГКС қабылдауды күрт тоқтатқаннан кейін де пайда болуы мүмкін. Бұл синдромға анорексия, жүрек айнуы, құсу, сылбырлық, бас ауыруы, қызба, буындардың ауыруы, десквамация, миалгия, салмақ жоғалту және/немесе гипотензия сияқты симптомдар кіреді. Бұл әсерлер кортикостероидтардың төмен деңгейіне емес, ГКС концентрациясының күрт өзгеруіне байланысты деп саналады.
ГКС Кушинг синдромын туындатуы немесе өршітуі мүмкін болғандықтан, оларды осы синдромы бар пациенттерде қолданудан аулақ болу керек.
Кортикостероидтардың әсері гипотиреозы бар пациенттерде күшейеді.
Тиреоуытты мерзімді салдану (ТМС)
Метапреднилон қабылдамас бұрын өзіңіздің дәрігеріңізбен немесе фармацевтпен кеңесіңіз.
Тиреоуытты мерзімді салдану (ТМС) метилпреднизолоннан туындаған гипертиреозы және гипокалиемиясы бар пациенттерде пайда болуы мүмкін.
ТМС бұлшықет әлсіздігінің белгілері мен симптомдары байқалатын, әсіресе гипертиреозы бар пациенттерде, метилпреднизолон емін қабылдайтын пациенттерде ТМС күдік болуы мүмкін.
ТМС күдік болғанда, қандағы калий деңгейін дереу бақылау және қандағы калийдің қалыпты деңгейін қалпына келтіруді қамтамасыз ету үшін талапқа сай шаралар қабылдау қажет.
Егер сіз метилпреднизолон қабылдаған кезде бұлшықет әлсіздігінен, бұлшықет ауыруынан, құрысулар мен қозғалыстың шектелуінен зардап шегіп жүрсеңіз, дереу дәрігерге жүгініңіз. Бұл метилпреднизолонмен ем қабылдайтын, қалқанша безінің белсенділігі аса жоғары (гипертиреозы бар) пациенттерде пайда болуы мүмкін тиреоуытты мерзімді салдану деп аталатын жай-күйдің симптомдары болуы ықтимал. Сізге бұл жағдайды жеңілдету үшін қосымша ем қажет болуы мүмкін.
Метаболизм және тамақтану
Кортикостероидтар, оның ішінде метилпреднизолон қандағы глюкоза деңгейін жоғарылатуы, бұрыннан бар қант диабетінің ағымын күшейтуі және кортикостероидтармен ұзақ ем алатын пациенттерде қант диабетінің дамуына бейімдеуі мүмкін.
Психиатриялық әсерлер
Кортикостероидтармен емдеу кезінде эйфориядан, ұйқысыздықтан, көңіл-күйдің өзгеруінен, тұлғалық өзгерістерден және ауыр депрессиядан бастап ауыр психоздық көріністерге дейін психикалық бұзылулар пайда болуы мүмкін. Ағымдағы эмоционалды тұрақсыздық немесе психоздық үрдістер кортикостероидтардан да ушығуы мүмкін.
Жүйелі стероидтарды қолдану кезінде әлеуетті күрделі жағымсыз психикалық реакциялар туындауы мүмкін. Симптомдар әдетте емдеу басталғаннан кейін бірнеше күн немесе апта ішінде пайда болады. Реакциялардың көпшілігі дозаны төмендеткеннен немесе препаратты тоқтатқаннан кейін басылады, бірақ спецификалық емдеу қажет болуы мүмкін. Кортикостероидтарды тоқтатқаннан кейін психологиялық әсерлер туралы хабарланды, олардың жиілігі белгісіз. Пациенттерге/күтім жасаушы адамдарға, егер пациентте психологиялық симптомдар дамып жатса, әсіресе көңіл-күйдің нашарлауының немесе суицидтік ойлардың болуына күдік туындаса, медициналық көмекке жүгінуге кеңес беру керек. Пациенттерге/күтім жасаушы адамдарға жүйелі стероидтардың дозасын төмендету/тоқтату кезінде немесе одан кейін бірден туындауы мүмкін психикалық бұзылулар туралы ескертілуі тиіс.
Егер пациентте немесе оның жақын туысында ауыр психикалық бұзылыс (мысалы, депрессия, биполярлы бұзылыс немесе бұдан бұрын болған кортикостероидтық психоз) болса, жүйелі кортикостероидтарды пайдалану және пациенттің жай-күйіне мониторинг жасау кезінде ерекше сақтық таныту керек.
Кортикостероидтарды эпилепсиялық бұзылулары бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек.
Кортикостероидтарды Гравис миастениясы бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек (миопатия жөніндегі ақпаратты төмендегі «Қаңқа-бұлшықет жүйесіне әсері» бөлімінен қараңыз).
Кортикостероидтардың үлкен дозаларын ұзақ уақыт қабылдағаннан кейін омыртқа арнасында майдың жинақталуы (эпидуральді липоматоз) туралы хабарламалар бар.
Көру қабілетіне әсері
Мөлдір қабық тұтастығының бұзылу қаупіне байланысты кортикостероидтарды көздің қарапайым герпес инфекциясы кезінде қолданған кезде абай болу керек. Егер пациентте глаукома болса (оның ішінде отбасы мүшелерінде болса), пациентті мұқият бақылау да маңызды.
Кортикостероидтарды жүйелі немесе жергілікті қолданғанда көрудің бұзылуы мүмкін. Егер пациент анық көрмеу немесе көрудің өзге де бұзылулары сияқты симптомдарды сезінсе, болуы мүмкін себептерді бағалау үшін оны офтальмологқа жіберу керек, ол себептердің қатарында жүйелі және жергілікті кортикостероидтарды қолданғаннан кейін тіркелетін катаракта, глаукома немесе орталық серозды хориоретинопатия (ОСХР) сияқты сирек аурулар болуы мүмкін.
Кортикостероидтарды ұзақ уақыт қолдану артқы субкапсулярлық катарактаға және нуклеарлы катарактаға (әсіресе балаларда), экзофтальмға немесе көзішілік қысымның жоғарылауына әкелуі мүмкін, бұл көру жүйкелеріне зақым келтіруі мүмкіндігімен глаукомаға әкеліп соғуы мүмкін. Глюкокортикоидтар көздің салдарлы зеңдік немесе вирустық инфекцияларының пайда болуына да ықпал етуі мүмкін.
Кортикостероидтармен жүргізілетін ем орталық серозды хориоретинопатиямен байланысты болды, бұл торқабықтың ажырауына әкелуі мүмкін.
Жүрекке әсері
Дислипидемия және артериялық гипертензия сияқты глюкокортикоидтардың жүрек-қантамыр жүйесіне жағымсыз әсерлері жоғары дозалармен ұзаққа созылған емдеу жағдайында басқа да жүрек-қантамырлық қауіп факторлары бар емделіп жатқан пациенттердің қосымша жүрек-қантамыр әсеріне бейімділігін арттыруы мүмкін. Осылайша, кортикостероидтарды мұндай пациенттерде сақтықпен қолдану керек. Қауіп дәрежесіндегі өзгерістерге назар аудару керек және қажет болған жағдайда қосымша кардиомониторинг жүргізу керек. Төмен доза және күнара қолдану асқынулардың жиілігін төмендетуі мүмкін.
Іркілісті жүрек жеткіліксіздігінде және жақында болған миокард инфарктісінен кейін (миокардтың жыртылу қаупі) жүйелі кортикостероидтар өте қажет болған жағдайда ғана қолданылады. Пациенттер мұқият бақылауда болуға тиіс.
Стероидтарды артериялық гипертензиясы бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек, өйткені жоғары артериялық гипертензияның даму қаупі одан әрі артады. Дигоксин сияқты кардиоактивті препараттарды қабылдайтын пациенттерді емдеу кезінде сақ болу керек, өйткені кортикостероидтарды қолдану кезінде электролиттік теңгерімнің бұзылуы және гипокалиемия болуы мүмкін.
Кортикостероидтарды қолдану кезінде веналық тромбоэмболияны қоса алғанда, тромбоз жағдайлары туралы хабарланды. Сондықтан кортикостероидтарды тромбоэмболиялық асқынуларға шалдыққан немесе бейімділігі бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек.
Асқазан-ішекке әсерлері
Емдеу кезінде пайда болатын асқазанның ойық жаралары кортикостероидтардан екендігі туралы бірыңғай пікір жоқ. Алайда, глюкокортикостероидтармен емдеу пептидтік ойық жараның симптомдарын бүркемелеуі мүмкін, соның салдарынан тесілу немесе қан кету елеулі ауырсынусыз дамуы мүмкін. Глюкокортикостероидтармен емдеу перитониттің немесе асқазан-ішек жолдарының тесілуі, ішектің бітелуі немесе ұйқы безінің қабынуы сияқты басқа да асқазан-ішек ауруларының белгілері мен симптомдарын бүркемелеуі мүмкін.
Қабынуға қарсы стероидты емес препараттармен (ҚҚСП) біріктірілім кезінде, АІЖ ойық жараларының даму қаупі артады.
Кортикостероидтарды спецификалық емес ойық жаралы колит, плевралық жалқық, жақында болған ішек анастомозы, белсенді немесе жасырын ойық жаралы ауруы бар пациенттерде тесілу, абсцесс немесе басқа да іріңді инфекциялар қаупі бар пациенттерде сақтықпен пайдалану керек.
Кортикостероидтардың жоғары дозалары ұйқы безінің жедел қабынуын тудыруы мүмкін.
Гепатобилиарлық жүйеге әсері
Кортикостероидтардың жоғары дозалары бауыр мен өт шығару жолдарының ауруларының дамуын тудыруы мүмкін, олар әдетте қайтымды (емдеуді тоқтатқаннан кейін). Сондықтан тиісті мониторинг қажет. Бауыр циррозы бар пациенттерде кортикостероидтардың әсерінің күшейгені байқалады.
Қаңқа-бұлшықет жүйесіне әсері
Кортикостероидтардың жоғары дозаларын пайдалану кезінде жедел миопатия жағдайлары, әдетте, жүйке-бұлшықет берілісі бұзылған (мысалы, миастения) пациенттерде немесе жүйке-бұлшықет блокаторлары (мысалы, панкурония) сияқты антихолонэргиялық препараттармен бір мезгілде ем алатын пациенттерде хабарланды. Жедел миопатия жайылған сипатқа ие, көз бұлшықеттері мен тыныс алу бұлшықеттеріне әсер етіп, тетрапарезге әкеліп соғуы мүмкін. Креатинкиназа деңгейлері жоғарылауы мүмкін. Кортикостероидтармен емдеуді тоқтатқаннан кейін клиникалық жақсарудың пайда болуы немесе қалпына келу бірнеше аптадан бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін.
Остеопороз глюкокортикоидтардың жоғары дозаларын ұзақ уақыт қолданумен байланысты жиі, бірақ сирек танылатын жағымсыз әсері болып табылады.
Бүйрек және несеп шығару жүйесіне әсері
Кортикостероидтарды бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде сақтықпен қолдану керек.
Жүйелі склеродермиясы бар пациенттерде метилпреднизолонды қабылдаған кезде артериялық гипертензиямен және диурездің төмендеуімен склеродермиялық бүйрек кризінің (өліммен аяқталуы мүмкін) даму жағдайлары жиілігінің артуы байқалуы салдарынан сақ болу қажет, олар 15 мг және одан көбірек тәуліктік дозаны қабылдаған кезде байқалады. Артериялық қысымды және бүйрек функциясын (қан плазмасындағы креатинин концентрациясын) белгіленген тәртіппен бақылау керек. Бүйрек кризіне күмән туындаған кезде артериялық қысымды неғұрлым мұқият бақылау қажет.
Бүйрек жеткіліксіздігі кезінде кортикостероидтарды сақтықпен қолдану қажет.
Зерттеулер
Гидрокортизонның немесе кортизонның орташа және жоғары дозалары артериялық қысымның жоғарылауын, тұз бен судың іркілуін, сондай-ақ калий экскрециясының жоғарылауын туғызуы мүмкін. Олар жоғары дозаларда пайдаланылатын жағдайларды қоспағанда, синтетикалық туындыларды пайдаланған кезде бұл әсерлердің ықтималдығы аз. Тұзды диеталық шектеу және калийді қосымша қабылдау қажет болуы мүмкін. Барлық кортикостероидтар кальций экскрециясын жоғарылатады.
Емшаралармен байланысты жарақаттар, уланулар және асқынулар
Метилпреднизолон бас жарақаттарының стандартты емі үшін көрсетілмеген және қолданылмауға тиіс. Көп орталықты зерттеу нәтижелері плацебо алған пациенттермен салыстырғанда метилпреднизолон алған пациенттерде жарақаттан кейін 2 апта және 6 ай ішінде жоғары өлім-жітімді көрсетті. Метилпреднизолонмен емдеумен себептік байланысы анықталмаған.
Басқа да сақтандырулар
Егде жастағы пациенттерде кортикостероидтармен ұзақ мерзімді емдеуді сақтықпен жүргізу керек, өйткені остеопороздың даму қаупі жоғары және гипертензия мүмкіндігінен сұйықтықтың сақталуы ықтимал.
Глюкокортикостероидтармен емдеудің асқынулары дозаға және емдеу ұзақтығына байланысты. Пайда-қауіп әр пациент үшін жеке бағалануы керек. Бұл дозаны, емдеу ұзақтығын және емдеу сипатын таңдау үшін қажет.
Метилпреднизолон мен фторхинолондарды бір мезгілде қабылдау, әсіресе егде жастағы пациенттерде сіңірдің үзілу қаупін арттырады.
Жағдайды бақылау үшін кортикостероидтардың ең аз мүмкін дозасын пайдалану керек, ал дозаны төмендету мүмкін болса, төмендеу біртіндеп жүруі керек.
Жүйелі кортикостероидтарды қолданғаннан кейін өлім ықтималдығы бар феохромоцитомалық криз жағдайлары туралы хабарланды. Кортикостероидтарды болжамды немесе анықталған феохромоцитомасы бар пациенттерде пайда мен қауіп арақатынасын тиісінше бағалағаннан кейін ғана қолданған жөн.
Бала жасындағы пациенттер
Балалар мен жасөспірімдерді кортикостероидтармен ұзақ емдеген кезде олардың өсуі мен дамуына мұқият бақылауды жүзеге асыру қажет. Ұзақ, күнделікті, екі дозаға бөлінген глюкокортикоидтық ем қабылдайтын балаларда өсу бәсеңдеуі мүмкін, және бұл режим ең шұғыл көрсеткіштермен шектелуі тиіс. Баламалы глюкокортикоидтық ем әдетте бұл жағымсыз әсерді болдырмауға немесе азайтуға мүмкіндік береді.
Кортикостероидтарды ұзақ уақыт бойы қабылдаған нәрестелер мен балалар бассүйекішілік қысымның жоғарылауының ерекше қаупіне ұшырайды.
Кортикостероидтардың жоғары дозалары балаларда панкреатитті тудыруы мүмкін.
Балаларда гипертрофиялық кардиомиопатияның дамуы мүмкін, осыған байланысты тиісті диагноз қою керек.
Препараттың көлік құралын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Кортикостероидтардың көлік құралын басқару немесе құрал-жабдықпен жұмыс істеу қабілетіне әсері зерттелмеген. Препараттың болуы мүмкін жағымсыз реакцияларын (бас айналу, көрудің бұзылулары, шаршау) ескере отырып, олар пайда болған кезде автокөлікті басқарудан немесе қауіптілігі зор механизмдермен жұмыс жүргізуден бас тартқан жөн.