Келесі дәрілік заттаремн бір мезгілде қолдануға болмайды.
Цизаприд: Флуконазол мен цизапридті бір мезгілде қолданған кезде жүрек тарапынан жағымсыз құбылыстар, соның ішінде «пируэт» типті полиморфты қарыншалық тахикардия байқалды. Флуконазолды тәулігіне 1 рет 200 мг дозада және цизапридті тәулігіне 4 рет 20 мг дозада бір мезгілде қабылдау қан плазмасындағы цизаприд концентрациясының елеулі ұлғаюына және QTc аралығының ұзаруына әкелетіні анықталды. Флуконазол мен цизапридті бір мезгілде қабылдауға болмайды.
Терфенадин: 200 мг тәуліктік дозада флуконазолды қолданған кезде QTc аралығының ұзаруын анықтау мүмкін болмады. Флуконазолды 400 және 800 мг тәуліктік дозада қолданған кезде тәулігіне 400 мг және одан жоғары дозалардағы флуконазол онымен бір мезгілде қолданған кезде қан плазмасындағы терфенадин концентрациясын едәуір арттыратыны көрсетілген. Флуконазолды 400 мг және одан да көп дозаларда терфенадинмен бір мезгілде қолдануға болмайды. Флуконазолды тәулігіне 400 мг аз дозада және терфенадинді бір мезгілде қолдануды қатаң бақылаумен жүргізу қажет.
Астемизол: Флуконазолды астемизолмен бір мезгілде қолдану астемизол клиренсін төмендетуі мүмкін. Бұл қан плазмасындағы астемизол концентрациясының жоғарылауымен бірге жүреді, бұл QT аралығының ұзаруына және сирек жағдайларда – «пируэт» типіндегі полиморфты қарыншалық тахикардияның дамуына әкелуі мүмкін. Флуконазол мен астемизолды бір мезгілде қолдануға болмайды.
Пимозид: Флуконазол мен пимозидті бір мезгілде қолдану пимозид метаболизмінің бәсеңдеуіне әкелуі мүмкін. Қан плазмасындағы пимозид концентрациясының жоғарылауы, өз кезегінде, QT аралығының ұзаруына және сирек жағдайларда — «пируэт» типті полиморфты қарыншалық тахикардияның дамуына әкелуі мүмкін. Флуконазол мен пимозидті бір мезгілде қолдануға болмайды.
Хинидин: Флуконазол мен хинидинді бір мезгілде қолдану хинидин метаболизмінің бәсеңдеуіне әкелуі мүмкін. Хинидинді қолдану QT аралығының ұзаруымен және сирек жағдайларда — «пируэт» типті полиморфты қарыншалық тахикардияның дамуымен қатар жүреді. Флуконазол мен хинидинді бір мезгілде қолдануға болмайды.
Эритромицин: Флуконазол мен эритромицинді бір мезгілде қолдану кардиоуыттылық әсерлердің (QT аралығының ұзаруы, «пируэт» типті полиморфты қарыншалық тахикардия) және соның салдарынан кенеттен жүректен болатын өлім қаупін арттыруы мүмкін. Флуконазол мен эритромицинді бір мезгілде қолдануға болмайды.
Келесі дәрілік заттармен бірге қолдану ұсынылмайды.
Галофантрин: Флуконазол CYP3A4 изоферментіне тежегіш әсеріне байланысты қан плазмасындағы галофантрин концентрациясын арттыруы мүмкін. Флуконазол мен галофантринді бір мезгілде қолдану кардиоуыттылық әсерлердің (QT аралығының ұзаруы, «пируэт» типті полиморфты қарыншалық тахикардия) және соның салдарынан кенеттен жүректен болатын өлім қаупін арттыруы мүмкін. Бұл біріктірілімнен аулақ болу керек.
Бір мезгілде қолданған кезде сақтық таныту керек.
Амиодарон: Флуконазолды амиодаронмен бір мезгілде қолдану QT аралығының ұзаруына әкелуі мүмкін. Флуконазол мен амиодаронды бір мезгілде қолдану қажет болған кезде, әсіресе флуконазолды жоғары дозада (800 мг) тағайындаған кезде сақтық таныту керек.
Келесі дәрілік заттармен бірге қолдану сақтық танытуды және дозасын түзетуді қажет етеді
Басқа дәрілік заттардың флуконазолға әсері
Рифампицин: Флуконазол мен рифампицинді бір мезгілде қолдану флуконазолдың концентрация-уақыт қисығы (AUC) бойынша ауданының 25%-ға азаюына және оның жартылай шығарылу кезеңінің 20%-ға қысқаруына әкеледі. Рифампицинді бір мезгілде қабылдайтын пациенттерде флуконазол дозасын арттырудың орындылығын қарау қажет.
Флуконазолды тағаммен, циметидинмен, антацидтермен бір мезгілде қабылдаған кезде немесе сүйек кемігін трансплантациялауға дайындау кезінде денені толық сәулелендіргеннен кейін флуконазолдың сіңуінің клиникалық маңызды бұзылмайтынын көрсетті.
Гидрохлоротиазид: Гидрохлоротиазид пен флуконазолды бір мезгілде бірнеше рет қабылдау қан плазмасындағы флуконазол концентрациясының 40%-ға артуына әкелді. Мұндай әсер ету дәрежесі бір мезгілде диуретиктерді қабылдайтын пациенттерде флуконазолды дозалау режимін өзгертуді қажет етпейді.
Флуконазолдың басқа дәрілік заттарға әсері
Флуконазол Р450 (CYP) 2C9 және 3A4 цитохромы изоферменттерінің орташа тежегіші болып табылады. Флуконазол сонымен қатар CYP2C19 изоферментінің қуатты тежегіші болып табылады. Төменде көрсетілген бақыланатын/дәлелденген өзара әрекеттесулерден басқа, флуконазолмен бір мезгілде қолданған кезде CYP2C9, CYP2C19 және CYP3A4 изоферменттерімен метаболизденетін басқа қосылыстардың қан плазмасындағы концентрациясының жоғарылау қаупі бар. Осылайша, осы біріктірілімдерді қолданған кезде сақтық таныту қажет, ал пациенттер мұқият бақылауда болуы керек. Флуконазолдың ферменттерге тежегіш әсері ұзақ жартылай шығарылу кезеңіне байланысты оны қабылдауды тоқтатқаннан кейін 4-5 күн бойы сақталады.
Аброцитиниб: флуконазол (CYP2C19, CYP2C9, CYP3A4 изоферменттерінің тежегіші) аброцитинибтің белсенді затының әсер ету деңгейін 155%-ға арттырады. Аброцитинибті флуконазолмен бір мезгілде қолданғанда аброцитиниб дозасын дәрілік заттың медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта көрсетілгендей түзету керек.
Алфентанил: Флуконазолды (400 мг) бір мезгілде қабылдағанда және алфентанилді вена ішіне енгізгенде (20 мкг/кг) алфентанил AUC10 CYP3A4 тежелуіне байланысты 2 есе өсті. Алфентанил дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Амитриптилин, нортриптилин: Флуконазол амитриптилин мен нортриптилиннің әсерін күшейтеді. Біріктірілген емнің басында және бір аптадан кейін 5-нортриптилин және/немесе S-амитриптилин концентрациясын анықтауға болады. Қажет болса, амитриптилин/нортриптилин дозасын түзету керек.
Амфотерицин В: Флуконазол мен В амфотерицинді бір мезгілде қолданған кезде C. albicans тудырған жүйелік инфекцияларға аддитивті зеңге қарсы шамалы әсер байқалды, Cryptococcus neoformans тудырған бассүйек ішіндегі инфекция кезінде өзара әрекеттесудің болмауы және Aspergillus fumigatus тудырған жүйелік инфекция кезінде екі препараттың антагонизмі байқалды. Осы зерттеулер нәтижелерінің клиникалық маңызы анық емес.
Антикоагулянттар: Азол қатарындағы басқа да зеңге қарсы препараттарды қолданған кездегідей, тіркеуден кейінгі кезеңде бір мезгілде флуконазол мен варфарин алатын пациенттерде протромбин уақытының ұзаруына байланысты қан кетулер (қанталаулар, мұрыннан, асқазан-ішектен қан кетулер, гематурия және мелена) байқалды. Флуконазол мен варфаринді бір мезгілде қолданған кезде протромбин уақыты варфаринді метаболиздейтін CYP2C9 изоферментінің тежелуіне байланысты 2 есеге артты. Флуконазолмен бір мезгілде кумарин немесе индандион қатарының антикоагулянттарын алатын пациенттерде протромбин уақытын мұқият бақылау қажет. Антикоагулянттардың дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Бензодиазепиндер (әсер ету уақыты қысқа), мысалы, мидазолам, триазолам: Мидазоламды ішке қабылдағаннан кейін флуконазол мидазолам концентрациясын және оның психомоторлық әсерін едәуір арттырады. Флуконазолды 200 мг дозада және мидазоламды ішке 7,5 мг дозада бір мезгілде қабылдағанда мидазоламның AUC және жартылай шығарылу кезеңі тиісінше 3,7 және 2,2 есе ұлғаяды. Флуконазолды тәулігіне 200 мг дозада және триазоламды ішке 0,25 мг дозада бір мезгілде қабылдағанда триазоламның AUC және жартылай шығарылу кезеңі тиісінше 4,4 және 2,3 есе ұлғаяды. Флуконазолмен бір мезгілде қолданғанда триазоламның шамалануы және әсер ету ұзақтығының артуы байқалады. Флуконазол қабылдайтын пациенттерде бензодиазепиндермен емдеу қажеттілігі кезінде бензодиазепиндердің дозасын төмендетудің орындылығын қарастыру қажет. Пациенттер мұқият бақылауда болуы тиіс.
Карбамазепин: Флуконазол карбамазепиннің метаболизмін тежейді және оның қан сарысуындағы концентрациясын 30%-ға арттырады. Карбамазепиннің уытты әсерінің даму қаупі бар. Карбамазепин дозасын оның концентрациясының/әсерінің шамасына қарай түзету қажет болуы мүмкін.
Кальций өзекшелерінің блокаторлары: Кальций өзекшелерінің кейбір антагонистері (нифедипин, израдипин, амлодипин, верапамил және фелодипин) CYP3A4 изоферментімен метаболизденеді. Флуконазол кальций өзекшелері антагонистерінің жүйелік концентрациясын арттыруы мүмкін. Жағымсыз құбылыстарды уақтылы айқындау үшін тұрақты бақылау ұсынылады.
Целекоксиб: Флуконазолды (тәулігіне 200 мг) және целекоксибті (200 мг) бір мезгілде қабылдаған кезде қан плазмасындағы целекоксибтің ең жоғары концентрациясы (Cmax) және AUC тиісінше 68% және 134%-ға артты. Флуконазолмен бір мезгілде қолданғанда целекоксиб дозасын екі есе төмендету қажет болуы мүмкін.
Циклофосфамид: Циклофосфамидпен және флуконазолмен біріктірілген ем қан сарысуындағы билирубин мен креатинин концентрациясының жоғарылауына әкеледі. Бұл біріктірілімді қан сарысуындағы билирубин мен креатинин концентрациясының жоғарылау қаупін ескере отырып қолдануға болады.
Фентанил: Фентанилдің флуконазолмен ықтимал өзара әрекеттесуі салдарынан фентанилмен улануына байланысты бір өлім тіркелген. Сонымен қатар, флуконазолдың фентанилдің шығарылуын едәуір баяулататыны көрсетілді. Фентанил концентрациясының жоғарылауы тыныс алудың бәсеңдеуіне әкелуі мүмкін. Тыныс алу функциясын бәсеңдетудің ықтимал қаупіне байланысты пациенттер мұқият бақылауда болуы тиіс. Фентанил дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштері: Флуконазолды CYP3A4 (аторвастатин және симвастатин) немесе CYP2C9 (флувастатин) изоферментімен метаболизденетін ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерімен бір мезгілде қолданғанда миопатия мен рабдомиолиздің даму қаупі артады. Біріктірілген ем қажет болған жағдайда пациенттер миопатия және рабдомиолиз симптомдарын анықтау мақсатында бақылауда болуы тиіс; сондай-ақ креатинфосфокиназа белсенділігін бақылау қажет. Креатинфосфокиназа белсенділігінің айқын жоғарылауы немесе миопатия/рабдомиолиз расталған/болжамды диагнозы кезінде ГМГ-КоА-редуктаза тежегіштерімен емдеуді тоқтату қажет.
Ибрутиниб: Флуконазол сияқты CYP3A4 изоферментінің орташа тежегіштері қан плазмасындағы ибрутиниб концентрациясын арттырады және уытты әсерлердің даму қаупін арттыруы мүмкін. Егер осы препараттарды біріктіріп қолдану қатаң қажет болса, тежегішті қабылдау кезеңінде ибрутиниб дозасын тәулігіне 1 рет 280 мг-ға дейін (2 капсула) төмендету және пациенттің клиникалық жағдайын қатаң бақылауды қамтамасыз ету керек.
Ивакафтор: Муковисцидоз (CFTR) кезінде трансжарғақшалық өткізгіштік реттегішінің стимуляторы ивакафтормен бір мезгілде қолдану ивакафтордың жүйелік концентрациясын 3 есе, ал гидроксиметиливакафторды (М1) - 1,9 есе арттырады. Флуконазол және эритромицин сияқты CYP3A изоферментінің орташа тежегіштерін бір мезгілде қабылдайтын пациенттерге ивакафтор дозасын тәулігіне 1 рет 150 мг-ға дейін төмендету ұсынылады.
Олапариб: Флуконазол сияқты CYP3A4 изоферментінің орташа тежегіштері қан плазмасындағы олапариб концентрациясын арттырады; бір мезгілде қолдану ұсынылмайды. Егер біріктірілген қолдану аса қажет болса, олапариб дозасын тәулігіне 2 рет 200 мг дейін төмендету керек.
Иммунодепрессанттар (яғни циклоспорин, эверолимус, сиролимус және такролимус):
Циклоспорин: Флуконазол циклоспориннің концентрациясын және AUC-ны едәуір арттырады. Флуконазолды тәулігіне 200 мг дозада және циклоспоринді (тәулігіне 2,7 мг/кг) бір мезгілде қолдану кезеңінде циклоспориннің AUC 1,8 есе өсті. Егер циклоспорин дозасын оның концентрациясына байланысты төмендетсе, мұндай біріктірілімді қолдануға болады.
Эверолимус: Флуконазол CYP3A4 изоферментін тежеу есебінен қан сарысуындағы эверолимус концентрациясын арттыруы мүмкін.
Сиролимус: Флуконазол CYP3A4 изоферменті мен Р-гликопротеиннің тежелуіне байланысты сиролимустың метаболизмін тежеп, болжам бойынша қан плазмасындағы сиролимус концентрациясын арттырады. Бұл біріктірілімді оның әсеріне/концентрациясына байланысты сиролимус дозасын түзеткеннен кейін қолдануға болады.
Такролимус: Флуконазол ішекте такролимустың метаболизмін қамтамасыз ететін CYP3A4 изоферментін басуға байланысты ішке қабылдау үшін такролимустың сарысулық концентрациясын 5 есеге арттыруы мүмкін. Такролимусты вена ішіне енгізген кезде маңызды фармакокинетикалық өзгерістер байқалмады. Такролимус концентрациясының жоғарылауы нефороуыттылық әсерге әкелуі мүмкін. Ішке қабылдау үшін такролимустың дозасын оның концентрациясына байланысты төмендету қажет.
Лозартан: Флуконазол лозартанның оның белсенді метаболитіне (E-31 74) айналуын басады, ол II ангиотензин рецепторларына антагонизммен байланысты әсерлердің басым бөлігінің дамуын негіздейді. Пациенттердегі артериялық қысымды үнемі бақылап отыру қажет.
Луразидон: флуконазол сияқты орташа CYP3A4 тежегіштері луразидонның қан плазмасындағы концентрациясын арттыруы мүмкін. Бір мезгілде қолданбау мүмкін болмаса, луразидонның дозасын дәрілік заттың медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулығында көрсетілгендей азайту керек.
Метадон: Флуконазол қан сарысуындағы метадон концентрациясын арттыруы мүмкін. Метадон дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар: Флуконазолмен бір мезгілде қабылдағанда флурбипрофен Cmax және AUC, тиісінше, 23% және 81% жоғарылаған. Осыған ұқсас сипатта флуконазол рацемиялық ибупрофенмен (400 мг) бір мезгілде тағайындалған тұста фармакологиялық белсенді изомер [S-(+)-ибупрофен] Cmax және AUC, тиісінше, 15% және 82% ұлғайған.
Флуконазол CYP 2C9 қатысуымен метаболизденетін басқа ҚҚСП (мысалы, напроксен, лорноксикам, мелоксикам, диклофенак) жүйелі әсерлерін арттыра алады. ҚҚСП жағымсыз құбылыстары мен уыттылығына тұрақты бақылау жасау ұсынылады. ҚҚСП дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Фенитоин: Флуконазол бауырдағы фенитоин метаболизмін тежейді. Флуконазолды 200 мг дозада және фенитоинді вена ішіне 250 мг дозада бір мезгілде көп рет қолдану фенитоиннің AUC24 75%-ға, ал ең төменгі концентрацияның 128%-ға артуына алып келді. Бір мезгілде қолданған кезде фенитоиннің уытты әсерін болдырмау үшін қан сарысуындағы фенитоин концентрациясын бақылау қажет.
Преднизолон: Флуконазолмен үш айлық емдеуді тоқтатқаннан кейін преднизолон қабылдаған бауыр трансплантациясынан кейін пациентте бүйрек үсті безі қыртысының жедел жеткіліксіздігі жағдайы сипатталған. Флуконазолды тоқтату CYP3A4 изоферментінің белсенділігін арттырды, бұл преднизолон метаболизмінің күшеюіне әкелді. Флуконазолмен және преднизолонмен ұзақ ем алатын пациенттер флуконазолды тоқтатқан кезде бүйрек үсті безі қыртысы жеткіліксіздігінің белгілерін анықтау мақсатында мұқият бақылауда болуы тиіс.
Рифабутин: Флуконазол қан сарысуындағы рифабутин концентрациясын арттырады, бұл рифабутиннің AUC 80% өсуіне әкеледі. Флуконазол мен рифабутинді бір мезгілде қабылдаған пациенттерде увеиттің дамуы туралы хабарламалар бар. Біріктірілген ем жүргізген кезде рифабутиннің уыттылық симптомдарын қадағалау қажет.
Саквинавир: Флуконазол CYP3A4 изоферментімен жүзеге асырылатын бауырдағы саквинавирдің метаболизмінің бәсеңдеуіне және Р-гликопротеиннің тежелуіне байланысты саквинавирдің AUC және Cmax шамамен 50% және 55%-ға арттырады. Саквинавирмен/ритонавирмен өзара әрекеттесу сипатталмаған және айқын болуы мүмкін. Саквинавирдің дозасын түзету қажет болуы мүмкін.
Сульфонилмочевина препараттары: Флуконазол ішке қабылдауға арналған сульфонилмочевина препараттарының жартылай шығарылу кезеңін ұзартады (мысалы, хлорпропамид, глибенкламид, глипизид, толубутамид). Флуконазолмен бір мезгілде қолданған кезде қан глюкозасының деңгейін тұрақты бақылау және сульфонилмочевина препараттарының дозасын тиісінше төмендету ұсынылады.
Теофиллин: Флуконазолды 14 күн ішінде 200 мг дозада қабылдау теофиллин плазмалық клиренсінің орташа жылдамдығының 18%-ға төмендеуіне әкелді. Теофиллинді жоғары дозаларда алатын немесе теофиллиннің уытты әсерінің даму қаупі жоғары пациенттер флуконазолды қабылдау аясында теофиллиннің уыттылық белгілерін анықтау үшін бақылауда болуы тиіс. Уытты әсер ету белгілерінің дамуымен емді түзету қажет.
Тофацитиниб: Тофацитинибтің жүйелік концентрациясы тофацитинибті CYP3A4 изоферментінің орташа тежегіштері және CYP2C19 изоферментінің қуатты тежегіштері болып табылатын препараттармен бір мезгілде қолданғанда артады (мысалы, флуконазол). Осылайша, егер ол осындай препараттармен бір мезгілде қолданылса, тофацитиниб дозасын тәулігіне 1 рет 5 мг-ға дейін төмендету ұсынылады.
Толваптан: Толваптанның экспозициясы (AUC - 200%; Cmax -80%) толваптанды CYP3A4 субстратымен, және флуконазолмен, CYP3A4 орташа тежегіштерімен бір мезгілде қолданғанда анағұрлым артады. Осы кезде жанама әсерлердің даму жиілігі біршама арту қаупі бар, әсіресе, диурез жоғарылауы, дегидратация және жедел бүйрек жеткіліксіздігі. Бір мезгілде қолданғанда толваптанның дозасын қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес төмендету қажет және пациенттің жағдайын толваптанды қабылдаумен байланысты жағымсыз реакциялардың дамуына мұқият бақылау қажет.
Қабіршөп алкалоидтары: Флуконазол қабіршөп алкалоидтарының концентрациясын арттыруы мүмкін (мысалы, винкристин және винбластин) және CYP3A4 изоферментінің тежелуіне байланысты болуы мүмкін нейроуыттылық белгілердің дамуына әкелуі мүмкін.
А дәрумені: Толық трансретиноидты қышқылмен (А дәруменінің қышқыл түрі) және флуконазолмен біріктірілген ем қабылдаған пациентте мидың жалған ми ісігі түрінде орталық жүйке жүйесі (ОЖЖ) тарапынан жағымсыз құбылыстың дамуының бір жағдайының сипаттамасы бар. Флуконазолды тоқтатқаннан кейін құбылыс жойылды. Бұл препараттарды біріктірілімде қолдануға болады, бірақ ОЖЖ тарапынан жағымсыз құбылыстардың туындауы мүмкін екенін есте ұстау қажет.
Вориконазол (CYP2C9, CYP2C19 және CYP3A4 изоферменттерінің тежегіші): Вориконазолды (бірінші күні тәулігіне 2 рет 400 мг, содан кейін 2,5 күн ішінде тәулігіне 2 рет 200 мг) және флуконазолды (бірінші күні 400 мг, содан кейін 4 күн ішінде тәулігіне 1 рет 200 мг) бір мезгілде қабылдау вориконазолдың Cmax және AUC орта есеппен тиісінше 57%-ға (90% СА 20-107 %) және 79%-ға (90% СА 40-128%) арттыруға әкелді. Вориконазол мен флуконазолдың дозасын және/немесе қабылдау жиілігін төмендету сипатталған әсерді жоюға әкелмеді. Вориконазолды флуконазолдан кейін бірден қолданған кезде вориконазолды қабылдаумен байланысты жағымсыз құбылыстарды бақылау ұсынылады.
Зидовудин: Флуконазол ішу арқылы қабылданған зидовудин клиренсін шамамен 45% төмендету нәтижесінде зидовудин Cmax және AUC мәндерін, тиісінше, 84% және 74% арттырады. Флуконазолмен біріктірілген емдеу кезінде зидовудиннің жартылай шығарылу кезеңі шамамен 128%-ға ұзарды. Осындай біріктірілім алатын пациенттер зидовудинді қабылдаумен байланысты жағымсыз реакцияларды анықтау мақсатында қадағалауда болуы тиіс. Зидовудин дозаcын азайтудың орындылығын қарауға болады.
Азитромицин: Флуконазол мен азитромицин арасында елеулі фармакокинетикалық өзара әрекеттесу байқалған жоқ.
Пероральді контрацепциялық дәрілер: Флуконазолды 50 мг дозада қолданған кезде гормондар деңгейіне айтарлықтай әсер еткен жоқ, ал флуконазолды тәулігіне 200 мг дозада қабылдаған кезде этинилэстрадиол мен левоноргестрел AUC тиісінше 40% және 24%-ға артты. Осылайша, осы дозаларда флуконазолды бірнеше рет қабылдау біріктірілген пероральді контрацепциялық дәрілер тиімділігінің әсеріне ықпал етпейді.