Симптомдарды бақылауды орнату үшін қажетті ең аз уақыт ішінде ең аз тиімді дозаны қолдану арқылы жағымсыз әсерлерді азайтуға болады.
Емдік әсері жеткіліксіз болған жағдайда, ұсынылған ең жоғарғы тәуліктік дозасын арттырмау керек, сондай-ақ қосымша ем ретінде ҚҚСП пайдаланбау керек, өйткені осы біріктірілімінің емдік артықшылықтары дәлелденбеген жағдайда, уыттылығының жоғарылауына алып келуі мүмкін. Мелоксикам мен басқа ҚҚСП, соның ішінде циклооксигеназа-2 іріктелген тежегіштерінің бірге қолданылуын болдырмаған жөн.
Мелоксикам ауыру жедел симптомдарын басуды қажет ететін пациенттерді емдеуге жарамды препарат болып табылмайды.
Егер бірнеше күн ішінде жақсару байқалмаса, емнің клиникалық тиімділігі қайта бағалануы керек.
Препаратпен емдеуді бастағанға дейін, пациенттің толықтай сауыққанына көз жеткізу үшін, анамнездегі эзофагит, гастрит және/немесе пептидтік ойық жараның кез келген жағдайларын мұқият зерттеу керек. Анамнезінде ондай аурулары бар, мелоксикамды қабылдап жүрген пациенттің жағдайын қайталану мүмкіндігіне қатысты жүйелі түрде бақылап отырған дұрыс.
Ас қорыту жүйесіне әсері
Өлімге әкелуі мүмкін асқазан-ішектен қан кету, ойық жаралану немесе тесілу барлық ҚҚСП қабылдағанда емдеу кезінде кез келген уақытта байқалған, анамнездегі асқазан-ішек жолы тарапынан күрделі құбылыстар болғанда немесе болмаған кездері алдын ала көрінетін симптомдармен немесе оларсыз туындаған.
Анамнезінде ойық жара ауруы бар пациенттерде, әсіресе, ол қан кетумен немесе перфорациямен асқынғанда және егде жастағы пациенттерде асқазан-ішектен қан кету, ойық жаралану немесе перфорация қаупі ҚҚСП дозаларына тікелей пропорционал жоғарылайды. Бұл пациенттер емделуді мүмкіндігінше ең аз дозасынан бастауы тиіс. Аталған пациенттерге, сондай-ақ, төмен дозалардағы аспиринді немесе асқазан-ішек жолы тарапынан құбылыстардың туындау қаупін арттыратын басқа препараттарды қабылдауды қажет ететін пациенттерге қорғағыш әсері бар препараттармен (мысалы, мизопростол немесе протонды сорғы тежегіштері) біріктірілген емді тағайындау мүмкіндігін қарастыру керек.
Анамнезінде асқазан-ішек жолы тарапынан уытты құбылыстары бар пациенттер, бірінші кезекте егде жастағы адамдар, кез келген әдеттен тыс, әсіресе, емдеудің бастапқы сатыларындағы абдоминальді симптомдар туралы (ең алдымен, асқазан-ішектен қан кету белгілері туралы) хабарлап отыруы тиіс.
Ойық жаралану немесе қан кету қаупін арттыруға қабілетті қатарас препараттарды, мысалы, емдік зат ретінде немесе жалпы тағайындаулардың қатарында гепаринді қабылдап жүрген пациенттерге, егде жастағы пациенттерге антикоагулянттарды, мысалы, варфаринді, қабынуға қарсы стероидты емес препараттарды немесе ацетилсалицил қышқылын бір рет ≥500 мг дозаларында немесе жалпы тәуліктік ≥3 г дозасында мелоксикаммен біріктіру ұсынылмайды.
Мелоксикамды қабылдайтын пациенттерде асқазан-ішектен қан кету немесе ойық жаралар туындаған кезде емдеуді тоқтату қажет.
Анамнезінде асқазан-ішек аурулары (ойық жаралы колит, Крон ауруы) бар пациенттерге, аталған аурулардың өршуі мүмкіндігіне байланысты, ҚҚСП сақтықпен қолдану қажет.
Жүрек-қантамырлық және цереброваскулярлық әсерлері
Анамнезінде гипертензиясы және/немесе жүректің ауырлық дәрежесі жеңілден орташаға дейінгі іркілісті жеткіліксіздігі бар пациенттерге тиісінше мониторинг жүргізу және медициналық кеңестер беру қажет, өйткені ҚҚСП емі кезінде сұйықтықың іркілуі мен ісінулер байқалған.
Қауіп тобындағы пациенттерге артериялық қысымның бастапқы деңгейіне және әсіресе, мелоксикаммен емдеудің бастапқы сатысында клиникалық бақылау жүргізу ұсынылған.
Бақыланбайтын гипертензиясы, жүректің іркілісті жеткіліксіздігі бар, жүректің ишемия ауруы диагнозы қойылған, шеткері артериялардың ауруы және/немесе цереброваскулярлық ауруы бар пациенттерге мелоксикаммен емдеуді, оның талапқа сай болатындығын мұқият бағалаудан кейін ғана жүргізуге болады. Дәл осындай бағалауды жүрек-қантамыр ауруларының даму қаупі факторлары (олардың қатарында, гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті, шылым шегу) бар пациенттерді ұзақ мерзімді емдеуді бастағанға дейін де жүргізу керек.
Тері реакциялары
Мелоксикамды қабылдағанда өмірге қауіп төндіретін тері реакциялары, мысалы, Стивенс - Джонсон синдромы (СДС), сондай-ақ, уытты эпидермалық некролиз (УЭН) байқалған. Пациенттерге белгілері мен симптомдарын айту, сондай-ақ, тері реакцияларының пайда болуын мұқият қадағалап отыру қажет. СДС немесе УЭН туындауының анағұрлым жоғары қаупі емдеудің алғашқы аптасы ішінде орын алады. СДС немесе УЭН симптомдары немесе белгілері (мысалы, көбінесе күлбіреуіктермен немесе шырышты қабықтардың зақымдануымен жүретін терідегі үдемелі бөртпе) болса, мелоксикаммен емді тоқтату керек. СДС мен УЭН емдеуде үздік нәтижелерге кез келген күмәнді препаратты ерте бастан анықтаған және дереу тоқтатқан жағдайда қол жеткізуге болады. Емдеуді ертерек тоқтату нәтижесінің өте жақсы болуымен астасады. Егер пациентте мелоксикамды қабылдаудың нәтижесінде СДС немесе УЭН дамыса, пациенттердің бұл санатында мелоксикамды қабылдауды қайта бастамаған дұрыс.
Мелоксикамды қолданған кезде тұрақтанған дәрілік бөртпе (ТДБ) жағдайлары тіркелген. Пациенттердің анамнезінде мелоксикаммен байланысты ТДБ жағдайлары болған кезде, мелоксикамды қайта тағайындауға болмайды. Басқа оксикамдармен айқаспалы реакция болуы мүмкін.
Бауыр және бүйрек функциясының көрсеткіштері
Көптеген ҚҚСП қолданғандағы сияқты, сарысудағы трансаминазалар деңгейінің, сарысудағы билирубиннің немесе бауыр функциясының басқа көрсеткіштерінің жүйелі түрде жоғарылағаны, сондай-ақ, сарысудағы креатинин деңгейінің және қандағы мочевина азотының жоғарылағаны және зертханалық көрсеткіштердің басқа да ауытқулары байқалды. Осы жағдайлардың көпшілігі жеңіл дәрежедегі өтпелі ауытқулар болды. Егер қандай да бір осындай ауытқулар маңызды немесе тұрақты болса, мелоксикам қабылдауды тоқтату және тиісті тексерулер тағайындау керек.
Бүйректің функционалдық жеткіліксіздігі
ҚҚСП, бүйрек простагландиндерінің тамырды кеңейтетін әсерін тежей отырып, бүйректің функционалдық жеткіліксіздігін туғызуы, шумақтық сүзіліс жылдамдығын азайтуы мүмкін. Бұл жағымсыз құбылыс дозасына тәуелді болып табылады. Емдеудің басында немесе дозасын арттырғаннан кейін, келесі қауіп факторлары бар пациенттерде бүйрек функциясын, соның ішінде, диурезді мұқият тексеру ұсынылады:
• егде жастағы пациенттер
• мысалы, АӨФ тежегіштерімен, ангиотензин-II антагонистерімен, сартандармен, диуретиктермен қатар емдеу
• гиповолемия (себебіне байланыссыз)
• жүректің іркілісті жеткіліксіздігі
• бүйрек жеткіліксіздігі
• нефроздық синдром
• жегілік нефропатия
• бауыр функциясының ауыр бұзылуы (сарысулық альбумин <25г/л немесе Чайлд-Пью шкаласы бойынша бағалануы ≥10)
Сирек жағдайларда, ҚҚСП интерстициальді нефритті, гломерулонефритті, бүйрек милы затының некрозын немесе нефроздық синдромды туғызуы мүмкін.
Гемодиализде жүрген, бүйрек функциясы жеткіліксіздігінің терминалды сатысындағы пациенттерде мелоксикамның дозасы 7,5мг-ден аспауы тиіс. Бүйрек жеткіліксіздігі жеңіл немесе орташа пациенттерде (яғни, креатинин клиренсі 25мл/минуттан асатын пациенттерде) дозаны азайту қажет етілмейді.
Натрий, калий және судың іркілуі
ҚҚСП қабылдау кезінде натрий, калий индукциясы және судың іркілуі, сондай-ақ диуретиктердің натрийуретикалық әсеріне ықпалы білінуі мүмкін. Бұдан өзге, гипертензияға қарсы препараттардың гипертензияға қарсы әсерінің төмендеуі орын алуы ықтимал. Осының нәтижесінде бейімділігі бар пациенттерде ісіну, жүрек жеткіліксіздігі немесе гипертензия дамуы немесе өршуі мүмкін. Сондықтан қауіп аймағындағы пациенттер үшін клиникалық бақылау белгіленуі тиіс.
Гиперкалиемия
Гиперкалиемияның дамуына қант диабеті немесе қандағы калий мөлшерін арттыратын қатарлас ем ықпал етуі мүмкін. Аталған жағдайларда калий деңгейін жүйелі түрде қадағалап отыру қажет.
Пеметрекседпен бірге қолдану
Бүйректің ауырлығы жеңілден орташа дәрежеге дейінгі жеткіліксіздігі бар пациенттерге, мелоксикамды қабылдауды пеметрексед енгізілгенге дейін кемінде 5 күн бұрын тоқтату, мелоксикамды пеметрексед енгізілетін күні және енгізгеннен кейін кемінде 2 күн бойы қабылдамау қажет.
Басқа да ескертулер және сақтық шаралары
Жағымсыз реакцияларды егде жастағы пациенттер, денсаулығы нашар немесе әлсіреген пациенттер көбіне нашар көтереді, мұндай жағдайда мұқият бақылау қою талап етіледі. Басқа ҚҚСП жағдайдағыдай бүйрек, бауыр және жүрек функциясының бұзылуы жиі байқалатын егде жастағы пациенттерге қатысты ерекше сақтану қажет болады. Егде жастағы пациенттерде ҚҚСП препараттарына жағымсыз реакциялардың туындау жиілігі өте жоғары, әсіресе асқазан-ішектік қан кету және өліммен аяқталуға әкеп соғуы мүмкін тесілулер байқалады. Мелоксикам, кез келген басқа ҚҚСП сияқты, негізгі инфекциялық аурулардың симптомдарын бүркемелеуі мүмкін.
Мелоксикамді қолдану, әйел пациенттердің ұрпақ өрбіту қабілетіне әсер етуі мүмкін және жүкті болуды жоспарлап жүрген әйелдерге ұсынылмайды. Осылайша, жүкті болуында қиындықтары бар немесе бедеулікке байланысты тексеріліп жүрген әйелдер үшін мелоксикам қабылдауды тоқтатуды қарастырған жөн
Мовалис® препаратының құрамында лактоза бар.
Сирек тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, лактаза тапшылығы және глюкоза және галактоза мальабсорбциясы синдромы бар пациенттер бұл дәрілік препаратты қабылдамауы керек.
Арнайы сақтандырулар
Педиатрияда қолдану
Мовалис® препаратын балалар мен 16 жастан кіші жасөспірімдер қабылдамауы тиіс.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Көлік құралдарын басқару және механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне препараттың әсеріне айрықша зерттеулер жүргізілген жоқ. Алайда, фармакодинамикалық бейінінің және байқалған жағымсыз дәрілік реакциялардың негізінде, мелоксикам, негізінен, аталған қабілетке әсер етпейтіні немесе болар-болмас әсер ететіні жөнінде тұжырым жасауға болады. Дегенмен, көрудің бұзылуы, соның ішінде анық көрмеу, бас айналуы, ұйқышылдық, вертиго немесе орталық жүйке жүйесі тарапынан басқа да бұзылыстар туындаған жағдайда, көлік құралдарын басқаруды және қауіптілігі зор механизмдермен жұмыс істеуді тоқтата тұру керек.