Бұрын құрамында хинолон немесе фторхинолон бар препараттарды қабылдағанда ауыр жағымсыз реакциялар байқалған пациенттерге моксифлоксацинді қолданбаған дұрыс. Ондай пациенттерді моксифлоксацинмен емдеуді тек, емдеудің баламалы нұсқалары болмаған жағдайда және пайдасы / қаупінің арақатынасын мұқият бағалаудан кейін ғана бастау керек.
QT аралығының ұзаруы және QT аралығының ұзаруымен байланысты болуы ықтимал клиникалық жағдайлар
Моксифлоксацинді қолданғанда кейбір пациенттерде QT аралығының ұзаруы байқалуы мүмкін. ЭКГ талдауы кезінде, моксифлоксацин аясында QТ аралығының ұзаруы 6 мсек ± 26 мсек құраған, бұл бастапқы көрсеткішінен 1,4%-ға артық. Ерлердегіге қарағанда, әйелдерде QT аралығының ұзару үрдісі күштірек екендігі ескерсек, олар QT аралығын ұзартатын препараттарға сезімталырақ болуы мүмкін. Ондай препараттарға егде жастағы пациенттер де сезімталырақ болуы мүмкін.
Моксифлоксацинді қабылдап жүрген пациенттерде қандағы калий деңгейін төмендетуі мүмкін препараттарды сақтықпен пайдалану керек.
Моксифлоксацинді миокардтың жедел ишемиясы немесе QT аралығының ұзаруы сияқты, ағымдағы, аритмияға ізашар жағдайлары бар пациенттерде (әсіресе, әйелдер мен егде жастағы пациенттерде) сақтықпен қолдану керек, өйткені бұл қарыншалық аритмиялар (қарыншаның «пируэт» типті полиморфты тахикардиясын қоса) мен жүректің тоқтап қалуы қаупінің жоғарылауына алып келуі мүмкін.
QT аралығының ұзару дәрежесі препараттың концентрациясы жоғарылаған сайын арта түсуі мүмкін, сондықтан, ұсынылған дозасын арттырмау керек.
Жүрек аритмиясының белгілері пайда болған жағдайда, препаратты қабылдауды тоқтату және электрокардиографиялық зерттеу жүргізу керек.
Аса жоғары сезімталдық/аллергиялық реакциялар
Аса жоғары сезімталдық пен аллергиялық реакциялар фторхинолондарды алғаш қабылдағаннан кейін-ақ дамуы мүмкін. Анафилаксиялық реакциялар, тіпті препаратты алғаш қабылдағаннан кейін де, өмірге қауіп төндіретін анафилаксиялық шокқа дейін үдеуі мүмкін. Аса жоғары сезімталдықтың ауыр реакцияларының клиникалық көріністері туындаған жағдайда, моксифлоксацинді қолдануды тоқтату және сәйкесінше емді (соның ішінде, шокты емдеуді) бастау керек.
Бауыр функциясының ауыр бұзылулары
Моксифлоксацинді қолданғанда, бауырдың өмірге қауіп төндіретін, соның ішінде, өлімге соқтыратын бауыр жеткіліксіздігіне алып келуі ықтимал фульминантты гепатит дамыған жағдайлар туралы хабарланды. Сарғаюмен, несептің қараюымен, қан кетулерге бейімділікпен немесе бауыр энцефалопатиясымен бірге жылдам өрбитін астения сияқты, бауыр жеткіліксіздігінің белгілері мен симптомдары пайда болған жағдайда, пациенттерге емделуді жалғастырар алдында тез арада дәрігермен кеңесуі керек.
Бауыр дисфункциясының белгілері пайда болған жағдайда, бауыр функциясы көрсеткіштеріне зерттеу жүргізу қажет.
Терінің ауыр буллездік реакциялары
Моксифлоксацинді қолданғанда, өмірге қауіп төндіруі немесе өлімге соқтыруы мүмкін уытты эпидермалық некролизді (TEN, Лайелл синдромы ретінде де белгілі), Стивенс Джонсон синдромын (SJS) және жедел жайылған экзантемалық пустулезді (AGEP), және эозинофилиямен және жүйелі симптомдармен жүретін дәрілік реакцияны (DRESS) қоса, терінің ауыр жағымсыз реакциялары (SCAR) туралы хабарланған.
Бастапқыда SJS/TEN көбінесе денедегі, ортасында күлдіреуіктері бар, қызылдау нүктелі түзілімдер немесе дөңгелек дақтар түрінде көрініс беруі мүмкін. Сонымен қатар ауыз қуысында, тамақта, мұрында, жыныс мүшелерінде және көзде (көздің қызаруы және ісінуі) ойық жаралар туындауы мүмкін. Терінің мұндай ауыр бөртпелерінен алдында, көбінесе қызба және/немесе тұмау тәрізді симптомдар пайда болады. Бөртпелер терінің көлемді қабыршақтануына және өмірге қауіп төндіретін асқынуларға дейін үдеуі, немесе өлімге алып келуі мүмкін.
Емдеудің басында AGEP тері астындағы төмпешіктермен және күлдіреуіктермен қызыл, қабыршақты, жайылған бөртпе түрінде көрініс береді, температураның жоғарылауымен қатар жүреді. Анағұрлым кең таралған орналасуы: негізінен тері қатпарларында, денеде және қолдарда болады.
DRESS тұмау тәрізді симптомдар мен беттегі бөртпе түрінде, содан соң - дененің жоғары температурасымен, қан талдауларынан анықталатын, бауыр ферменттері деңгейінің жоғарылауымен, лейкоциттердің белгілі бір типі мөлшерінің артуымен (эозинофилия) және лимфа түйіндерінің ұлғаюымен жайылған бөртпе түрінде көрініс береді.
Препаратты тағайындағанда пациенттер терінің ауыр реакцияларының белгілері мен симптомдарынан хабардар болуы және мұқият қадағалауда болуы тиіс. Аталған реакцияларды көрсететін белгілер мен симптомдар пайда болған жағдайда, моксифлоксацинді қабылдауды дереу тоқтату және баламалы емін қарастыру керек. Егер пациентте моксифлоксацинді пайдалануға SJS, TEN, AGEP немесе (DRESS) сияқты ауыр реакция дамыса, бұл пациентте кез келген уақытта моксифлоксацинмен емдеуді қайта бастауға болмайды.
Хинолондық антибиотиктер теріңізді күн сәулесіне немесе ультракүлгін сәулеге сезімтал етіп жіберуі мүмкін. Моксифлоксацинді қабылдау кезінде Сізге ұзақ уақыт бойы күн астында болудан немесе күшті күн сәулесінен аулақ болу керек, сондай-ақ солярий немесе кез келген басқа ультракүлгін шамды пайдаланбаған дұрыс (4. Жағымсыз әсерлері бөлімін қараңыз).
Құрысуларға бейім пациенттер
Хинолондар қатарының препараттарын қолдану құрысулардың даму қаупімен астасады. Моксифлоксацинді ОЖЖ тарапынан аурулары бар пациенттерде немесе құрысулардың туындауына бейімдейтін немесе құрысу шегін төмендететін басқа қауіп факторлары болған жағдайда сақтықпен қолдану керек. Құрысулар дамыған жағдайда, моксифлоксацинмен емдеуді тоқтату және тиісінше емдеу шараларын жүргізу керек.
Дәрілік заттарға анықталған, ұзаққа созылатын, мүгедектікке шалдықтыратын және қайтымсыз болуы ықтимал ауыр жағымсыз реакциялар
Хинолондарды және фторхинолондарды қабылдаған пациенттерде, олардың жас шамаларына және бұрын болған қауіп факторларына байланыссыз, организмнің түрлі, кейде көптеген жүйелеріне (тірек-қимыл аппараты, жүйке, психикалық және сезімталдыққа) ықпал ететін, ұзаққа созылатын (бірнеше айға немесе жылға созылатын), мүгедектікке шалдықтыратын және қайтымсыз болуы ықтимал ауыр жағымсыз реакциялардың өте сирек жағдайлары тіркелді. Кез келген ауыр жағымсыз реакцияның алғашқы белгілері немесе симптомдары жағдайында моксифлоксацинді қабылдауды дереу тоқтату, және дәрігерге қаралу керек.
Шеткері нейропатия
Хинолондарды, соның ішінде моксифлоксацинді қолданғанда, парестезияға, гипестезияға, дизестезияға немесе әлсіздікке алып келетін сенсорлық немесе сенсомоторлық полинейропатия жағдайлары туралы хабарланған. Моксифлоксацинмен емделіп жүрген пациенттерде ауыру, ашыту, шаншу, ұю немесе әлсіздік сияқты нейропатия симптомдары дамыса, қайтымсыз жағдайлардың дамуының алдын алу үшін, емдеуді жалғастырар алдында тез арада дәрігермен кеңесу керек.
Психикалық реакциялар
Психикалық реакциялар, тіпті, моксифлоксацинді қоса, хинолондар қатарының препараттарын алғаш қабылдағаннан кейін де пайда болуы мүмкін. Аса сирек жағдайларда депрессия немесе психоздық реакциялар суицидтік ойларға немесе суицид сияқты, пациенттің өз-өзіне зақым келтіруіне дейін үдеген.
Пациентте ондай реакциялар дамыған жағдайда, моксифлоксацинмен емдеуді тоқтату және тиісінше шараларды қолдану қажет. Препаратты психозы бар немесе анамнезінде психикалық ауру болған пациенттерде пайдаланғанда сақтық таныту ұсынылады.
Антибиотикпен астасқан диарея, соның ішінде, жалғанжарғақшалы колит
Моксифлоксацинді қоса, бактерияға қарсы әсер ету ауқымы кең препараттарды қолдану, антибиотикпен астасқан диарея (ААД) мен антибиотикпен астасқан колит (ААК), соның ішінде жалғанжарғақшалы колит пен Clostridium difficile тудырған диареяның даму қаупімен байланыстырылады, және ауырлығы жағынан жеңіл диареядан өлімге соқтыратын колитке дейін ауытқып отыруы мүмкін. Сондықтан, моксифлоксацинді қолдану кезінде немесе қолданғаннан кейін ауыр диарея дамыған пациенттерде аталған диагнозды ескеру маңызды.
ААД немесе ААК күдіктенген немесе диагнозы расталған жағдайда, моксифлоксацинді қоса, бактерияға қарсы препараттармен емдеуді тоқтату, және дереу сәйкесінше емдеу шараларын бастау қажет. Бұдан өзге, инфекциямен күресуде сәйкесінше шараларды қабылдау қажет. Ауыр диареясы бар пациенттерге ішек перистальтикасын бәсеңдететін препараттарды қолдануға болмайды.
Миастения гравис бар пациенттер
Моксифлоксацинді миастения грависі бар пациенттерде сақтықпен пайдалану керек, өйткені препарат аталған аурудың симптомдарын өршітуі мүмкін.
Тенденит/сіңірлердің үзілуі
Фторхинолондармен, соның ішінде моксифлоксацинмен емдеу аясында тендинит және сіңірдің (әсіресе, ахилл сіңірінің), кейде екіжақты үзілуі, тіпті, емдеу басталғаннан кейін 48 ішінде де, сондай-ақ, емдеу аяқталғаннан кейінгі бірнеше ай ішінде де дамуы мүмкін. Тендинит пен сіңірдің үзілуінің даму қаупі егде жастағыларда және кортикостероидтарды қабылдап жүрген пациенттерде жоғары.
Ауырудың немесе қабынудың алғашқы белгілері пайда болған кезде препаратты қабылдауды тоқтатып, зақымданған аяқ-қол(дар)ға күш түсірмеу және зақымданған сіңірді сәйкесінше емдеуді (мысалы, иммобилизациялауды) бастауы үшін, кідірмей дәрігерге жүгіну керек. Тендинопатия белгілері пайда болған жағдайда кортикостероидтарды қолданбау керек.
Аневризма және қолқаның қатпарлануы, сондай-ақ, жүрек клапандарының регургитациясы/жеткіліксіздігі
Фторхинолондарды қабылдағаннан кейін, әсіресе, егде жастағы пациенттерде аневризма мен қолқаның қатпарлану қаупінің жоғарылағаны, сондай-ақ, қолқа және митральді клапандардың регургитациясы туралы хабарланған. Фторхинолондарды қабылдағанда аневризма және қолқа қатпарлануының кейде үзілумен асқынған (соның ішінде өлімге соқтырған) жағдайлары, сондай-ақ, жүрек клапандарының кез келгенінің регургитациясы / жеткіліксіздігі тіркелді.
Сәйкесінше, аневризмаға және/немесе жүрек клапандарының туа біткен ақауына қатысты отбасылық анамнезі ауыр пациенттерде, анамнезінде аневризма және/немесе қолқаның қатпарлануы, не болмаса жүрек клапандарының жеткіліксіздігі болған пациенттерде, фторхинолондарды тек, пайдасы мен қаупінің арақатынасын мұқият бағалаудан және емдеудің басқа мүмкіндіктерін қарастырғаннан кейін ғана пайдалану керек:
• аневризма және қолқа қатпарлануы кезінде екі жағдайда да, сондай-ақ, жүрек клапандарының регургитациясы /жеткіліксіздігі (мысалы, дәнекер тіндер тарапынан Марфан синдромы немесе Элерс-Данлос синдромы, Тернер синдромы, Бехчет ауруы, гипертензия, ревматоидтық артрит сияқты бұзылулар) кезінде, сондай-ақ:
- аневризма және қолқа қатпарлануы кезінде (мысалы, Такаясу артерииті немесе алып жасушалы артериит, немесе белгілі атеросклероз, немесе Шегрен синдромы сияқты қантамырлардың аурулары)
- жүрек клапандарының регургитациясы/жеткіліксіздігі (мысалы, инфекциялық эндокардит) кезінде.
Аневризма және қолқа қатпарлануының, сондай-ақ, үзілуінің қаупі жүйелі кортикостероидтармен бір мезгілде ем қабылдап жүрген пациенттерде де жоғары болуы мүмкін.
Кенеттен іш, кеуде немесе арқа ауырған жағдайда, пациенттер дереу жедел жәрдем бөлімінің дәрігеріне жүгінуі керек.
Пациенттер қатты ентігу, жүрек соғуының жиілеуі алғаш туындаған, сондай-ақ, құрсақ қуысының немесе аяқтардың ісінуі дамыған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінуі керек.
Бүйрек функциясының бұзылуы бар пациенттер
Егер бүйрек функциясының бұзылуы бар, егде жастағы пациенттер сұйықтықтың талапқа сай тұтынылуын ұстап тұруға қабілетсіз болса, оларда моксифлоксацинді сақтықпен пайдалану керек, өйткені сусыздану бүйрек жеткіліксіздігінің даму қаупін арттырады.
Көру тарапынан бұзылулар
Көру нашарлаған немесе көз тарапынан қандай-да бір басқа бұзылулар болған жағдайда, дереу офтальмологқа қаралу керек.
Қандағы глюкоза деңгейінің бұзылулары
Басқа да фторхинолондар сияқты, моксифлоксацинді қабылдау гипогликемияны да, гипергликемияны да қоса алғанда, қандағы қант деңгейінің ауытқуларын туғызуы мүмкін. Моксифлоксацинмен емдегенде, негізінен, қант диабеті бар, пероральді гипогликемиялық препараттармен (мысалы, сульфонилмочевина препараттарымен) немесе инсулинмен емдеу аясында егде жастағы пациенттерде туындайды. Гипогликемиялық кома жағдайлары туралы хабарланған.
Қант диабеті бар пациенттерге қандағы қант деңгейін мұқият бақылау ұсынылады.
Фотосезімталдық реакцияларының профилактикасы
Хинолондарды қолданғанда фотосезімталдық реакциялары байқалады. Алайда, моксифлоксацинді қолданғанда фотосезімталдық реакцияларының даму қаупі төмен екендігі көрсетілді. Дегенмен, препаратты қабылдап жүрген пациенттер ультракүлгін сәуледен және күн сәулесінің ауқымды және/немесе күшті әсерінен қорғануы тиіс.
Глюкоза-6-фосфат дегидрогеназа тапшылығы бар пациенттер
Глюкоза-6-фосфат дегидрогеназа тапшылығы бар, немесе бұл ауру отбасылық анамнезіне болған пациенттер хинолондармен емдеген кезде гемолиздік реакцияарға бейім келеді. Сондықтан, мұндай пациенттерде моксифлоксацинді сақтықпен пайдалану керек.
Кіші жамбас ағзаларының қабыну ауруы бар пациенттер
Кіші жамбас ағзаларының асқынған қабыну ауруы (мысалы, тубоовариальді немесе жамбастың абсцесімен байланысты) бар, венаішілік ем жүргізу қажет пациенттерге, Моксифлоксацинді қабылдау ұсынылмайды. Кіші жамбас ағзаларының қабыну ауруын фторхинолон-резистентті Neisseria gonorrhoeae тудыруы мүмкін. Сондықтан, егер Neisseria gonorrhoeae моксифлоксацинге резистенттілігін жоққа шығару мүмкін болмаса, моксифлоксациннің эмпирикалық еміне қосымша, сәйкесінше антибиотикті (мысалы, цефалоспоринді) тағайындау керек.
Егер 3 күн емдеуден соң клиникалық жақсаруға қол жеткізілмесе, емді қайта қарау керек.
Тері мен теріасты шелмайының асқынған инфекциялары бар пациенттер
Күйіктен болған ауыр инфекцияларды, фасцииттерді және остеомиелитпен жүретін, инфекция түскен диабеттік табанды емдеу кезінде вена ішіне енгізуге арналған моксифлоксациннің клиникалық тиімділігі анықталған жоқ.
Биологиялық тестілерге ықпалы
Моксифлоксацинмен емдеу кезінде микобактериялардың көбеюінің бәсеңдеуі салдарынан, Mycobacterium түрлеріне жүргізілетін бактериологиялық тестімен өзара әрекеттесу орын алуы мүмкін, ол моксифлоксацинді қабылдап жүрген пациенттерде жалған теріс нәтижеге алып келуі мүмкін.
Метициллин-резистентті алтын түстес стафилококтан (МРАС) туындаған инфекциялары бар пациенттер.
Моксифлоксацин МРАС тудырған инфекцияларды емдеу үшін ұсынылмайды. Аталған инфекцияға күдіктенген немесе расталған жағдайда, емдеуді бактерияға қарсы сәйкесінше препаратты қолданудан бастау керек.
Қосымша заттар
Галактоза жақпаушылығының сирек тұқым қуалайтын қиындықтары, лактазаның жалпы тапшылығы немесе глюкоза және галактоза мальабсорбциясы синдромы бар пациенттер бұл дәріні қабылдамауы тиіс.
Арнайы сақтандырулар
Педиатрияда қолданылуы
Шеміршекке жағымсыз әсер ететіндіктен, моксифлоксацинді балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге қолдануға болмайды.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Моксифлоксациннің автокөлік басқару және механизмдерді пайдалану қабілетіне ықпалын зерттеулер жүргізілген жоқ. Алайда, моксифлоксацинді қоса фторхинолондар ОЖЖ тарапынан реакциялардың (мысалы, бас айналуы, жедел және өтпелі көрмей қалу) немесе жедел және қысқамерзімді естен тану (талып қалу) салдарынан автомобиль немесе механизмдерді басқару қабілетінің бұзылуына алып келуі мүмкін. Пациенттерге автомобиль немесе механизмдерді басқарудың алдында өзінің моксифлоксацинмен емдеуге реакциясын қадағалауға кеңес беру керек.