Тәуелділік, шамадан тыс пайдалану және дұрыс пайдаланбау
Налбуфин препаратының құрамында налбуфин бар. Апиын ретінде налбуфин пайдаланушыда тәуелділіктің дамуын, шамадан тыс пайдалану мен дұрыс пайдаланбау қаупін туындатады.
Апиындарды медициналық емес пайдалану үшін іздеуі мүмкін, және оларды тағайындалуына сай емес пайдалануы мүмкін.
Налбуфин препаратымен жұмыс істеу кезінде осы қауіптерді ескеріңіз. Бұл қауіптерді азайту стратегияларына өнімді тиісті түрде сақтау және C-II класс препаратына арналған бақылау әдістері кіреді.
Өмірге қауіп төндіретін тыныстың тарылуы
Апиындарды қолданған кезде, тіпті ұсынымдарға сәйкес пайдаланғанның өзінде, ауыр, өмірге қауіп төндіретін немесе өлімге әкелетін тыныстың тарылуы туралы хабарланды. Тыныстың тарылуы, егер оны дереу анықтамаса және емдемесе, тыныс алудың тоқтап қалуына және өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Тыныстың тарылуын емдеу пациенттің клиникалық жағдайына байланысты мұқият бақылауды, демеу шараларын және апиын антагонистерін қолдануды қамтуы мүмкін. Апиындар туындататын тыныстың тарылуына байланысты көмірқышқыл газының (CO) іркілуі апиындардың седациялық әсерін күшейтуі мүмкін.
Ауыр, өмірге қауіп төндіретін немесе өлімге әкелетін тыныстың тарылуы Налбуфинді пайдалану кезінде кез келген уақытта пайда болуы мүмкін болса да, қауіп емнің басында немесе дозаны ұлғайтқаннан кейін анағұрлым жоғары болады. Пациенттерді тыныстың тарылу тұрғысынан, әсіресе ем басталғаннан кейінгі алғашқы 24-72 сағат ішінде және Налбуфин дозасын арттырғаннан кейін мұқият бақылау керек.
Тыныстың тарылу қаупін азайту үшін Налбуфинді дұрыс дозалау және титрлеу қажет. Пациенттерді басқа апиынды препараттан ауыстырған кезде Налбуфин дозасын қайта бағалау бірінші доза кезінде өлімге әкелетін артық дозалануға әкеп соғуы мүмкін.
Апиындар ұйқымен байланысты тыныс алу бұзылыстарын, соның ішінде орталықтан ұйқы апноэны (CSA) және ұйқымен байланысты гипоксемияны туындатуы мүмкін. Апиындарды пайдалану дозаға байланысты CSA қаупін арттырады. CSA шалдыққан пациенттерде апиындар дозасын біртіндеп төмендетудің ең жақсы практикасын қолдана отырып, апиындар дозасын төмендетуді қарастырған жөн.
Бензодиазепиндермен немесе ОЖЖ басқа депрессанттарымен бір мезгілде қолдану кезіндегі қауіптер
Налбуфинді бензодиазепиндермен және/немесе ОЖЖ басқа депрессанттарымен, оның ішінде алкогольмен (мысалы, бензодиазепиндік емес седациялық/ұйықтататын дәрілер, анксиолитиктер, транквилизаторлар, миорелаксанттар, жалпы анестетиктер, психозға қарсы дәрілер, басқа апиындар, алкоголь) бір мезгілде қолдану терең тыныштануға, тыныстың тарылуына, комаға және өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Осы қауіптерге байланысты емдеудің баламалы нұсқалары тиімсіз болған пациенттер үшін осы препараттарды бір мезгілде тағайындауды кейінге қалдыру керек. Пациенттерді тыныстың тарылуы мен седация белгілері мен симптомдары тұрғысынан мұқият бақылаңыз.
Обсервациялық зерттеулер апиынды анальгетиктер мен бензодиазепиндерді бір мезгілде пайдалану тек апиындық анальгетиктерді пайдаланумен салыстырғанда есірткіге байланысты өлім-жітім қаупін арттыратынын көрсетті. Ұқсас фармакологиялық қасиеттеріне байланысты апиынды анальгетиктермен бірге ОЖЖ-ны бәсеңдететін басқа препараттарды қолдану кезінде ұқсас қауіптерді күту орынды.
Егер бензодиазепинді немесе ОЖЖ басқа депрессантын апиынды анальгетикпен бір мезгілде тағайындау туралы шешім қабылданса, ең төменгі тиімді дозаларды және қатарлас жүретін қолданудың ең аз ұзақтығын тағайындаңыз. Апиынды анальгетикті қабылдап жүрген пациенттерге апиын болмаған кезде көрсетілгенге қарағанда бензодиазепиннің немесе ОЖЖ басқа депрессантының анағұрлым аз бастапқы дозасын тағайындаңыз және клиникалық жауапқа сүйене отырып, титрлеңіз. Егер бензодиазепинді немесе ОЖЖ басқа депрессантын қабылдап жүрген пациентке апиынды анальгетик тағайындалса, апиынды анальгетиктің анағұрлым аз бастапқы дозасын тағайындаңыз және клиникалық жауапқа сүйене отырып, титрлеңіз. Пациенттерді тыныстың тарылуы мен седация белгілері мен симптомдары тұрғысынан мұқият қадағалаңыз.
Налбуфинді бензодиазепиндермен немесе ОЖЖ басқа депрессанттарымен (алкоголь мен тыйым салынған есірткіні қоса) пайдаланған кезде пациенттер мен күтім жасайтын адамдарды тыныстың тарылуы мен седация қаупі туралы хабардар етіңіз. Пациенттерге бензодиазепинді немесе ОЖЖ басқа депрессантын қатарлас жүретін қолдану әсері анықталғанға дейін машина жүргізбеу немесе ауыр техниканы басқармау туралы кеңес беріңіз. Пациенттерді апиындарды шамадан тыс пайдалануды және оларды дұрыс пайдаланбауды қоса алғанда, психоактивті заттарды тұтынумен байланысты бұзылыстар қаупі тұрғысынан тексеріңіз және оларға алкоголь мен тыйым салынған есірткіні қоса алғанда, ОЖЖ қосымша депрессанттарын пайдаланумен байланысты өлім мен артық дозалану қаупі туралы ескертіңіз.
Апиындар туындатқан гипералгезия және аллодиния
Апиын-индукцияланған гипералгезия (АИГ) апиынды анальгетик парадоксальді түрде ауырсынудың күшеюін немесе ауырсынуға деген сезімталдықтың артуын туындатқанда пайда болады. Бұл жағдай белгілі бір әсерді сақтау үшін апиындардың дозаларын ұлғайту қажеттілігінен тұратын төзімділіктен ерекшеленеді. АИГ симптомдарына апиындар дозасын арттыру кезінде ауырсынудың күшеюі, апиындар дозасын азайту кезінде ауырсынудың төмендеуі немесе әдетте ауырсынбайтын тітіркендіргіштерден (аллодиния) болатын ауырсыну жатады (бірақ олармен шектелмейді). Бұл симптомдар негізгі аурудың өршуіне, апиындарға деген төзімділікке, апиындарды тоқтату синдромына немесе аддиктивті мінез-құлқына ешқандай дәлелдер болмаса ғана OIH-ды нұсқай алады.
Апиынды анальгетиктерді қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді пайдалану кезінде АИГ жағдайлары тіркелді. АИГ механизмі толыққанды зерттелмесе де, көптеген биохимиялық жолдар болжанады. Медициналық әдебиеттер апиынды анальгетиктер мен АИГ және аллодиния арасындағы күшті биологиялық сенімділікті болжайды. Егер пациентте АИГ-ға күмән туындаса, ағымдағы апиынды анальгетиктің немесе апиынды ротацияның (пациенттің басқа апиынды топқа қауіпсіз ауысуы) дозасын орынды төмендету туралы мәселені мұқият зерттеу керек.
Созылмалы өкпе ауруына шалдыққан пациенттердегі немесе егде жастағы, кахексиялы немесе әлсіреген пациенттердегі өмірге қауіп төндіретін тыныстың тарылуы
Налбуфин препаратын жедел немесе ауыр бронх демікпесі бар пациенттерде бақылау немесе реанимациялық жабдық болмаған жағдайда қолдануға болмайды.
Созылмалы өкпе ауруына шалдыққан пациенттер: Налбуфин препаратын қабылдайтын өкпенің ауыр созылмалы обструкциялық ауруы немесе өкпелік жүрегі бар пациенттер, сондай-ақ тыныс алу резерві айтарлықтай төмендеген, гипоксиясы, гиперкапниясы бар немесе бұрыннан тынысы тарылған пациенттер Налбуфин препаратының ұсынылған дозаларын қолданғанның өзінде апноэны қоса алғанда, тыныс алу белсенділігінің төмендеу қаупі жоғары болады.
Егде жастағы, кахексиялы немесе әлсіреген пациенттер: егде жастағы, кахексиялы немесе әлсіреген пациенттерде өмірге қауіп төндіретін тыныстың тарылу ықтималдығы жоғары, себебі олардың фармакокинетикасы өзгеруі немесе анағұрлым жас, дені сау науқастармен салыстырғанда клиренсі өзгеруі мүмкін.
Мұндай пациенттерді, әсіресе Налбуфинді тағайындау және титрлеу кезінде, сондай-ақ Налбуфин препараты тынысты тарылтатын басқа препараттармен бір мезгілде тағайындалғанда мұқият бақылаңыз. Балама ретінде осы пациенттерде апиынды емес анальгетиктерді пайдалану мүмкіндігін қарастырыңыз.
Бүйрекүсті безінің жеткіліксіздігі
Апиындарды пайдаланған кезде, көбіне 1 айдан астам уақыт бойы қолданғаннан кейін бүйрекүсті безінің жеткіліксіздігі жағдайлары туралы хабарланды. Бүйрекүсті безі жеткіліксіздігінің көріністелуі спецификалық емес симптомдар мен белгілерді, оның ішінде жүрек айнуы, құсу, анорексия, шаршау, әлсіздік, бас айналу мен қысымның төмендеуін қамтуы мүмкін. Егер бүйрекүсті безінің жеткіліксіздігіне күмән туындаса, диагнозды диагностикалық зерттеу жүргізу арқылы мүмкіндігінше тезірек растау қажет. Егер бүйрекүсті безінің жеткіліксіздігі диагнозы қойылса, кортикостероидтардың физиологиялық алмастыратын дозаларымен емдеу керек. Бүйрекүсті безінің функциясы қалпына келуі үшін пациентті апиындарды қабылдаудан аулақ ету және бүйрекүсті безінің функциясы қалпына келгенше кортикостероидтармен емдеуді жалғастырыңыз. Басқа апиындарды қолданып көруге болады, себебі кейбір жағдайларда бүйрекүсті безі жеткіліксіздігінің қайталануынсыз басқа апиынды пайдалану туралы хабарланған. Қолда бар ақпарат бүйрекүсті безінің жеткіліксіздігімен байланысты болуы мүмкін қандай да бір нақты апиындарды үлкен ықтималдылықпен анықтауға мүмкіндік бермейді.
Ауыр гипотония
Налбуфин амбулаториялық пациенттерде ауыр гипотонияны, оның ішінде ортостаздық гипотонияны және естен тануды туындатуы мүмкін. Артериялық қысымды ұстап тұру қабілеті қан көлемінің төмендеуіне немесе ОЖЖ-ны бәсеңдететін белгілі бір препараттарды (мысалы, фенотиазиндер немесе жалпы анестетиктер) бір мезгілде қабылдауға байланысты бұзылған пациенттерде қауіптің жоғарылау ықтималдылығы бар. Бұл пациенттерді налбуфинді қолдануды бастағаннан немесе оның дозасын титрлегеннен кейін гипотония белгілері тұрғысынан бақылаңыз. Циркуляторлық шок бар пациенттерде Налбуфин вазодилатацияны туындатуы мүмкін, бұл жүректік лықсуды және артериялық қысымды одан әрі төмендетуі мүмкін. Циркуляторлық шок бар пациенттерде Налбуфинді қолданудан аулақ болу керек.
Бассүйекішілік қысымы жоғары, мидағы ісіктері, бас жарақаттары немесе сананың бұзылуы бар пациенттерде пайдалану қаупі
CO2 іркілуінің бассүйекішілік әсеріне сезімтал болуы мүмкін пациенттерде (мысалы, бассүйекішілік қысымның жоғарылау немесе мидағы ісіктердің белгілері бар) Налбуфин тыныс алу орталығының белсенділігін төмендетуі мүмкін және нәтижесінде CO2 іркілуі бассүйекішілік қысымды одан ары арттыруы мүмкін. Мұндай пациенттерді седация мен тыныстың тарылу белгілері тұрғысынан, әсіресе Налбуфин препаратымен емдеуді бастаған кезде бақылау керек.
Апиындар сонымен қатар бассүйек-ми жарақаты бар пациенттегі аурудың клиникалық ағымын жасыруы мүмкін. Сананың бұзылуы бар немесе комадағы пациенттерде Налбуфинді қолданудан аулақ болыңыз.
Асқазан-ішек ауруларына шалдыққан пациенттердегі қолдану қаупі
Налбуфин препараты ішектің салданған бітелуін қоса алғанда, асқазан-ішек жолының белгілі немесе болжамды бітелісі бар пациенттерге қарсы көрсетілімді.
Налбуфин Одди сфинктерінің түйілуін туындатуы мүмкін. Апиындар сарысулық амилаза деңгейінің жоғарылауына әкелуі мүмкін. Симптомдардың нашарлауы тұрғысынан жедел панкреатитті қоса алғанда, өт шығару жолдарының аурулары бар пациенттерді бақылаңыз.
Құрысу бұзылыстары бар пациенттердегі құрысу қаупінің жоғарылауы
Налбуфин эпилепсиялық бұзылыстары бар пациенттерде ұстамалардың жиілігін арттыруы мүмкін және ұстамалармен байланысты басқа клиникалық жағдайларда ұстамалардың пайда болу қаупін арттыруы мүмкін. Анамнезінде эпилепсиялық бұзылыстары бар пациенттерді Налбуфин препаратымен емдеу кезінде ұстамаларға қатысты бақылаудың нашарлауы тұрғысынан бақылаңыз.
Тоқтату синдромы
Агонист-антагонист типті аралас апиынды анальгетик болып табылатын Налбуфин препаратын толық агонист типті апиынды анальгетик қабылдайтын пациенттерде қолдану анальгетикалық әсерді төмендетуі және / немесе тоқтату симптомдарын үдетуі мүмкін. Толық агонист типті апиынды анальгетикпен Налбуфинді бір уақытта қолданудан аулақ болыңыз.
Физикалық түрде тәуелді пациентте Налбуфин препаратын тоқтатқан кезде дозаны біртіндеп азайту керек. Мұндай пациенттерде препаратты қабылдауды күрт тоқтатуға болмайды.
Көлік жүргізу және механизмдерді пайдалану кезіндегі қауіптер
Налбуфин автомобиль жүргізу немесе механизмдерді басқару сияқты қауіптілігі зор әрекеттерді орындау үшін қажетті ақыл-ой немесе физикалық қабілеттерді нашарлатуы мүмкін. Егер пациенттер Налбуфиннің әсеріне төзімді болмаса және дәріге қалай жауап беретінін білмесе, оларға көлік жүргізбеу немесе қауіпті механизмдерді басқармау табанды түрде ұсынылады.
Пациент көлік жүргізуге немесе басқа қауіптілігі зор тапсырмаларды орындауға ықпал етуі мүмкін Налбуфин препаратының әсерлері жойылғанша бақылауда болуы керек.
Сақтық шаралары
Бүйрек немесе бауыр функциясының бұзылуы
Налбуфин препараты бауырда метаболизденіп, бүйрек арқылы шығарылатындықтан, оны бүйрек немесе бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек және азайтылған дозада енгізу керек.
Миокард инфарктісі
Барлық күшті анальгетиктер сияқты, Налбуфинді жүрек айну немесе құсу байқалған, миокард инфарктісіне шалдыққан пациенттерде сақтықпен қолдану керек.
Жүрек-қантамыр жүйесі
Анестезия кезінде Налбуфин препаратының тиімділігін бағалау барысында операция алдында атропин енгізілмеген пациенттерде брадикардияның анағұрлым жоғары жиілігі байқалды.
Зертханалық тесттер
Налбуфин тесттің ерекшелігіне/сезімталдығына байланысты апиындарды анықтаудың ферментативті әдістеріне кедергі келтіруі мүмкін. Толығырақ ақпарат алу үшін тест өндірушісімен кеңесіңіз.