Әсер ету механизмі
Құрамында В тобының дәрумендері және аскорбин қышқылы бар біріктірілген полидәруменді препарат. Фармакологиялық әсері препараттың құрамына кіретін дәрумендердің қасиетінен туындаған.
Фармакодинамикалық әсерлері
Тиамин (В1 дәрумені) адам организмінде фосфорлану процесінің нәтижесінде кокарбоксилазаға айналады, ол көптеген ферменттік реакциялардың коферменті болып табылады. Тиамин көмірсу, ақуыз және май алмасуында маңызды рөл атқарады. Ол синапстардағы жүйкелік қозуды өткізу үдерістеріне белсене қатысады. В1 дәруменінің тапшылығы сүт және пирожүзім қышқылдарының жиналуына әкеледі, соның нәтижесінде полиневриттер, бери-бери ауруы, Вернике энцефалопатиясы және Корсаков синдромы, полиневропатиялар, жүрек қызметінің бұзылуы, асқазан-ішек зақымданулары (ойық жаралы колит, созылмалы іш өту) дамуы мүмкін.
Пиридоксин (В6 дәрумені) орталық және шеткері жүйке жүйесінің қалыпты қызмет етуіне қажет. Фосфорланған түрде аминқышқылдардың метаболизміне қатысатын кофермент болып табылады (декарбоксилдену, переаминдену және т.б.).
Жүйке жүйесіндегі әсер ететін маңызды ферменттердің коферменті ретінде болады.
Нейромедиаторлардың: допамин, норадреналин, адреналин, серотонин, гистамин және гамма-аминобутир қышқылы биосинтезіне қатысады. В6 дәруменінің тапшылығы тамақпен бірге жеткіліксіз мөлшерде қабылдағанда, ішекте сіңуі бұзылғанда, оның антагонистері болып табылатын дәрілерді қабылдағанда, сәулелік ем қабылдағанда дамуы мүмкін. Жеткіліксіздік симптомдары себорея тәрізді көз бен мұрынның айналасының зақымдануы, глоссит, стоматит; шеткері неврит, құрысулар (гамма-аминмай қышқылының концентрациясы төмен болғандықтан), өте сирек анемия болып табылады.
Цианокобаламин (В12 дәрумені) қалыпты қан түзілуі үшін және эритроциттердің жетілуі үшін қажет, сондай-ақ ол организмнің тіршілігін қамтамасыз ететін бірқатар биохимиялық реакцияларға – метильді топтардың тасымалдануына, нуклеин қышқылдары мен ақуыздарының синтезіне, аминқышқылдарының, көмірсулардың, липидтердің алмасуына қатысады. Жүйке жүйесіндегі үдерістерге әсер етеді (РНҚ, ДНҚ, миелиннің синтезі және цереброзидтер мен фосфолипидтердің липидтік құрамы). Цианокобаламиннің коферменттік түрлері – метилкобаламин және аденозилкобаламин жасушалардың репликациясына және өсуіне қажет. В12 дәруменінің тапшылығы гемопоэздік және жүйке жүйелері тарапынан пайда болған симптомдармен білінеді. Гемопоэз нәтижесіз болады, эритропоэз мегалобластты болып, ал ауыр жағдайларда панцитопения дамиды. Жүйке жүйесінде демиелинизация, жұлын және ми қыртысындағы нейрондардың өлуі сияқты қайтымсыз зақымдар пайда болуы мүмкін, олар аяқ-қолдардың парестезияларымен, жүріс-тұрыстың тұрақсыздығымен, кейбір рефлекстердің бұзылуымен және кештеу сатысында – психикалық шатасу, елестеулермен, көңіл-күйдің тез ауысуымен, естен айрылуымен, көрмей қалумен және психозбен білінеді.
Рибофлавин (В2 дәрумені) – жасушалық тыныс алу үдерістері және көру арқылы қабылдаудың маңызды катализаторы. Организмге түскенде рибофлавин аденозинтрифосфор қышқылымен өзара әрекеттеседі де, флавин-мононуклеотид және флавинадениннуклеотид түзеді. Соңғылары флавинпротеиндердің простетикалық топтары (коферменттері) болып табылады, сутегінің ауысуына және тотығу-тотықсыздану үдерістерінің реттелуіне қатысады. Рибофлавин көмірсу, ақуыз және май алмасуы процестеріне қатысады; ол сонымен қатар көздің қалыпты көру қызметін демеуде әрі гемоглобин синтезінде маңызды рөл атқарады. Тағамда В2 дәруменінің құрамы төмен болса немесе мүлдем болмаса адамда гипорибофлавиноз, содан соң арибофлавиноз пайда болады. Гипорибофлавинозда тәбеттің төмендеуі, дене салмағының төмендеуі, әлсіздік, бас ауыруы, терінің шымылдату сезімі, көздің ашуы, қараңғыда көрудің бұзылуы, езудің және төменгі еріннің ауыруы. Ауру дамығанда езуде сызаттар мен қабыршықтар пайда болады (былайша айтқанда бұрыштық стоматит), тіл құрғайды, ашық-қызыл түске боялады, мұрын мен еріннің қыртысында себореялы дерматит дамиды; жарықтан қорқу, конъюнктивит, блефарит пайда болады. Асқазанның сөлініс қызметін біршама арттырады (асқазан сөлінің тұз қышқылы түзілуіне қатысады), өт бөлінуін жақсартады, аш ішекте көмірсулар сіңуін жеңілдетеді, ішектің қалыпты микрофлорасын демеу үшін қажет.
Никотинамид (РР немесе В3 дәрумені) тіндік тыныс алу процестеріне, май, көмірсулар, аминқышқылдары метаболизміне қатысады.
Кальций пантотенаты (В5 дәрумені) асқазан-ішек жолында жеңіл сіңеді және бауырда, жүректе және бүйректе жиналады. Кальций пантотенаты (В5 дәрумені) А коэнзимінің құрамдас бөлігі ретінде көмірсулар және майлардың ацетилдену және тотығу үдерістерінде, өт қышқылдары синтезінде, гормондар синтезінде маңызды рөл атқарады. Негізінен несеп арқылы шығарылады.
Фолий қышқылы (Вс дәрумені) эритропоэзге, көмірсулар метаболизміне, жасушалардың бөліну және өсу үдерістеріне қатысады. Фолий қышқылының жеткіліксіздігі қан түзудің мегалобласттық фазасының нормобласттыққа ауысуын тежейді де, мегалобласттық анемияға әкеп соқтырады.
Аскорбин қышқылы (С дәрумені) тотығу-тотықсыздану үдерісін реттеуде маңызды рөл атқарады, коллаген синтезін қамтамасыз етеді, фолий қышқылының метаболизміне, сондай-ақ стероидты гормондар және катехоламиндер синтезіне қатысады. Сүйектер мен тістер қалыптасуының маңызды факторы болып табылады. Организмнің темір, бета-каротин және Е дәрумені, кальцийді сіңіруіне ықпал етеді. Қан ұйығыштығын, тамырлардың өткізгіштігін реттеуге қатысады, қан түзілуін көтермелейді. С дәрумені – өте күшті антиоксидант, ол сау жасушалардың зақымдануын туындататын бос радикалдардың әсерін әлсіретеді. Бос радикалдар зат алмасудың жағымсыз өнімі болып табылады. С дәрумені организмнің қоршаған ортаның жағымсыз факторларына төзімділігін арттырады. Сонымен қатар организмнің қарсыласуын арттырып, вирусты және бактериялық инфекциялардың алдын алады, гистамин концентрациясы (қабыну медиаторлары) төмендеуінің арқасында конъюнктиваның қызаруы және жас ағуы, мұрынның бітелуі сияқты суық тию симптомдарын жеңілдетеді. С дәрумені ой, денемен жұмыс істеу қабілетін арттырады және негізгі алмасуды белсенділендіреді.