Біз Қазақстан дәріханаларын қосып жатырмыз. Тексерілген бағалар мен қолжетімділік пайда болғанда, олар осы бетте болады.
Нұсқаулық
Бір таблетканың құрамында
белсенді зат – бисопролол фумараты (2:1) 5,0 мг немесе (2:1) 10,0 мг
қосымша заттар: микрокристалды целлюлоза, натрий крахмалы гликоляты, повидон К30, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, магний стеараты
үлбірлі қабығы: гипромеллоза, полиэтиленгликоль, титанның қостотығы (Е171), тальк
Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы
Ақ түсті үлбірлі қабықпен қапталған, екі жақ беті дөңес, бір жақ бетінде сызығы және екінші жақ беті тегіс, дөңгелек таблеткалар.
Әсер ету механизмі
Бисопролол − селективтілігі жоғары β1-адреноблокатор, ішкі симпатомиметикасы және салыстырмалы жарғақшаны тұрақтандыратын белсенділігі жоқ. Бронхтар мен қантамырлардың тегіс бұлшықеттерінің, β2-рецепторларымен және ферменттердің метаболизмін реттейтін β2-рецепторлармен тектестігі аз. Сол себепті, бисопролол әдетте, тыныс жолдарының кедергісіне және β2-рецепторлар түрткі болатын метаболизм үдерістеріне ықпал етпейді. Оның β1-селективділігі емдік дозалардың ауқымы шектерінен шығып кетеді.
Белгілі болғанындай, бисопрололдың теріс инотроптық әсері жоқ.
Бисопролол ең жоғарғы әсеріне пероральді қабылданғаннан кейін 3-4 сағаттан соң жетеді. Жартылай шығарылу кезеңі (10-12 сағат) препаратты тәулігіне бір рет қабылдағанда 24 сағаттық тиімділігін қамтамасыз етеді. Жалпылама жағдайда, бисопролол гипертензияға қарсы ең жоғарғы әсеріне 2 апта емдеуден соң жетеді.
Жүректің созылмалы жеткіліксіздігінсіз, жүректің ишемиялық ауруы бар пациенттерде жедел жағдайларды емдеуде, бисопролол жүректің жиырылу жиілігін азайтады және соғу көлемін төмендетеді, ол лықсыту фракциясының және оттегі тұтынылуының төмендеуіне алып келеді. Созылмалы жай-күйлерді емдеуде бастапқыда артқан шеткері кедергі азаяды. Плазма ренині белсенділігінің төмендеуіне бета-блокаторлардың гипертензияға қарсы әсері негіз болады.
Бисопролол жүректегі β1-рецепторларды бөгеу арқылы симпатоадренергиялық белсенділікке жауапты бәсеңдетеді. Бұл әсері жүрек соғуының баяулауын және жиырылғыштығының азаюын туғызады, ол миокардтың оттегі тұтынуының төмендеуіне алып келеді. Соңғысы стенокардиясы және жүректің ишемиялық ауруы бар пациенттерде қажетті әсерін туғызады.
Клиникалық тиімділігі және қауіпсіздігі
CIBIS II зерттеуіне барлығы 2 647 пациент қатыстырылды. 83%-ында (n=2 202) Нью-Йорк кардиология қауымдастығының жіктемесі бойынша III класы, 17%-ы (n=445) - IV класы болды. Пациенттерде жүректің тұрақты симптоматикалық систолалық жеткіліксіздігі (эхокардиография негізіндегі лықсу фракциясы ≤ 35%) диагнозы анықталды. Жалпы өлім көрсеткіші 17,3%-дан 11,8%-ға дейін төмендеді (салыстырмалы төмендеуі - 34%). Кенеттен болған өлім жағдайларының азайғаны (6,3%-ға қарсы 3,6%, салыстырмалы төмендеуі - 44%), сондай-ақ, жүректің ауруханаға жатқызуды қажет ететін жеткіліксіздігі көріністерінің саны азайғаны байқалды (17,6%-ға қарсы 12%, салыстырмалы төмендеуі - 36%). Нәтижесінде, Нью-Йорк кардиология қауымдастығының жіктемесі бойынша функционалдық статусының едәуір жақсарғаны көрсетілді. Емдеудің бас кезінде және бисопрололдың дозасын титрлегенде брадикардияға (0,53%), артериялық гипотензияға (0,23%) және жедел декомпенсацияға (4,97%) байланысты ауруханаға жатқызу орын алды, бірақ бұл плацебо қабылдаған топқа қарағанда жиі болған жоқ (0%, 0,3% және 6,74%). Зерттеудің бүкіл кезеңі ішінде инсульт салдарынан өлім жағдайының және мүгедектікке шалдығу саны бисопролол тобында 20 және плацебо қабылдаған топта 15 құрады.
CIBIS III зерттеуіне жүректің ауырлығы жеңіл және орташа дәрежелі созылмалы жеткіліксіздігі (Нью-Йорк кардиология қауымдастығының жіктемесі бойынша ІІ немесе ІІІ класы) бар және сол жақ қарыншаның лықсыту фракциясы ≤35%, бұрын АӨФ тежегіштерімен, бета-блокаторлармен немесе ангиотензин рецепторларының блокаторларымен емделмеген, ≥65 жас шамасындтағы 1010 пациент қатысты. Пациенттерді бисопрололмен немесе эналаприлмен бастапқы 6 ай емдеуден кейін 6-24 ай бойы бисопролол мен эналаприлдің біріктірілімімен емдеген.
Бастапқы 6 айлық ем ретінде бисопрололды қолданғанда жүректің созылмалы жеткіліксіздігі өршуінің жиі пайда болу үрдісі байқалған. Хаттама бойынша популяцияға талдау жасағанда бастапқыда бисопрололмен емдеудің немесе бастапқыда эналаприлмен емдеудің қандай-да бір артықшылықтары дәлелденген жоқ. Жүректің созылмалы жеткіліксіздігінің бастапқы емінің екі стратегиясы да зерттеу соңында өлімнің және ауруханаға жатқызудың алғашқы біріктірілген ақырғы нүктесінің ұқсас пайызын көрсетті (бастапқыда эналаприлмен емдеу тобындағы 33,1%-ға қарсы бастапқыда бисопрололмен емдеу тобында 32,4%, хаттама бойынша популяция). Зерттеу бисопрололды аурудың айқындылығы жеңіл және орташа болған жағдайда жүректің созылмалы жеткіліксіздігі бар, егде жастағы пациенттерге қолдануға болатындығын көрсетті.
Дозалау режимі
Ересектер: емдеу біртіндеп, азғантай дозаларынан басталып, содан соң арттырылуы тиіс. Барлық жағдайларда дозасы әр адамға жекелей, тамыр соғысының жиілігі мен емдік әсерін ескере отырып таңдалуы тиіс. Әдеттегі дозасы тәулігіне ұсынылған ең жоғары 20 мг дозасымен бірге тәулігіне бір рет 10 мг құрайды. Кейбір пациенттерге тәулігіне 5 мг дозасы жеткілікті болуы мүмкін.
Барлық жағдайларда дозасы әр адамға жекелей, тамыр соғысының жиілігі мен емдік әсерін ескере отырып таңдалуы тиіс.
Артериялық гипертония
Препараттың ұсынылатын дозасы тәулігіне бір рет 5 мг құрайды.
Гипертонияның жеңіл (диастолалық артериялық қысым 105 мм сын.бағ. дейін) түрлерінде, тәулігіне бір рет 2,5 мг дозасымен емдеу жеткілікті болуы мүмкін.
Қажет болса, дозасын тәулігіне бір рет 10 мг дейін арттыруға болады.
Дозасын ары қарай арттыру негізделуі және ерекше жағдайларда ғана жүргізілуі тиіс.
Нипертен® препаратының ұсынылатын ең жоғарғы дозасы тәулігіне бір рет 20 мг құрайды.
Жүректің ишемиялық ауруы (стенокардия)
Нипертеннің ұсынылатын дозасы тәулігіне бір рет 5 мг құрайды.
Қажет болса, дозасын тәулігіне бір рет 10 мг дейін арттыруға болады.
Дозасын ары қарай арттыру негізделуі және ерекше жағдайларда ғана жүргізілуі тиіс.
Препараттың ұсынылатын ең жоғарғы дозасы тәулігіне бір рет 20 мг құрайды.
Емдеу ұзақтығы шектеусіз және аурудың ағымы мен ауырлығына тәуелді
Нипертен® препаратымен емдеуді, әсіресе, жүректің ишемиялық ауруы бар пациенттерде күрт тоқтатпаған жөн, өйткені ол пациенттің денсаулық жағдайының жедел нашарлауына алып келуі мүмкін. Егер емдеуді тоқтата тұру қажет болса, дозасы біртіндеп (мысалы, дозасын аптасына бір рет екі есеге азайта отырып) төмендетілуі тиіс.
Пациенттердің ерекше топтары
Балалар
Бисопрололдың балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерде қолданылу тәжірибесі жоқ, сондықтан препаратты балаларда қолдану ұсынылмайды.
Егде жастағы пациенттер
Әдетте дозасын түзету қажет емес.
Бүйрек немесе бауыр функциясының бұзылулары бар пациенттер
Бүйрек немесе бауыр функциясы бұзылуының жеңіл және орташа дәрежесі бар пациенттер үшін, әдетте, дозасын түзету қажет емес.
Бүйрек функциясы бұзылуының ауыр сатысы (креатинин клиренсі <20 мл/мин) пациенттер және бауыр функциясының ауыр бұзылулары бар пациенттер үшін ең жоғарғы тәуліктік дозасы тәулігіне бір рет 10 мг бисопрололды құрайды. Төменірек дозаларын қолдану керек. Бисопрололды диализ жүргізілетін пациенттерде қолдану тәжірибесі шектеулі, ол дозалау режимін түзету қажеттілігін көрсетпейді.
Енгізу әдісі және жолы
Ішке қабылдауға арналған.
Нипертен® препаратын таңертең, таңғы асқа дейін, ас ішу кезінде немесе ішкеннен кейін қабылдау керек.
Таблеткаларды шайнамай, сұйықтықтың қажетті мөлшерімен ішіп жұтқан жөн.
Қабылдау уақытын көрсете отырып, қолдану жиілігі
Жүректің созылмалы тұрақты жеткіліксіздігін бисопрололмен емдеу титрлеу фазасын қажет етеді. Бисопрололмен емдеуді біртіндеп, дозасын организмнің жеке реакциясына байланысты арттыра отырып бастау керек.
Емдеу ұзақтығы
Бисопрололмен емдеу, әдетте, ұзақ мерзімді сипатқа ие.
Дәрілік препараттың бір немесе бірнеше дозасын жіберіп алғанда қажетті шаралар
Егер емдеуді тоқтата тұру керек болса, дозасын біртіндеп (мысалы, дозасын аптасына бір рет екі есеге азайта отырып) төмендету ұсынылады.
Тоқтату симптомдары қаупінің бар екендігі туралы нұсқау
Бисопрололмен емдеуді күрт тоқтатпаған жөн, өйткені бұл пациенттің жай-күйінің жедел нашарлауына әкеп соғуы мүмкін. Емдеуді әсіресе жүректің ишемиялық ауруы бар пациенттерде бірден тоқтатпаған жөн.
Дәрілік препаратты қолдану тәсілін түсіндіру үшін медицина қызметкерінің кеңесіне жүгіну бойынша ұсынымдар
Осы дәрілік препаратты қолдану бойынша қосымша сұрақтар туындаса, дәрігердің немесе фармацевттің кеңесіне жүгіну керек.
• бисопрололға немесе «Дәрілік препараттың құрамы» бөлімінде атап келтірілген, препараттың қосымша заттарының кез келгеніне аса жоғары сезімталдық
• кардиогендік шок
• жүректің жедел жеткіліксіздігі немесе венаішілік инотроптық ем жүргізуді қажет ететін, декомпенсация сатысындағы жүрек жеткіліксіздігі
• атриовентрикулярлық (AV) блокаданың II – III дәрежесі (электрокардиостимуляторсыз)
• cиноатриальді блокада
• синустық түйін әлсіздігі синдромы
• симптоматикалық брадикардия
• симптоматикалық гипотензия (систолалық артериялық қысым <100 мм сн. бағ.)
• бронх демікпесінің ауыр түрлері
• шеткері қанайналым бұзылуының ауыр түрлері
• Рейно ауруы
• емделмеген феохромоцитома
• метаболизмдік ацидоз
-балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер
- жүктілік және лактация кезеңі
Препараттың жағымсыз әсерлерінің жиілігі келесі ретпен бағаланады:
Жиі: 1/100, 1/10
Жиі емес: 1/1 000, 1/100
Сирек: 1/10 000, 1/1 000
Өте сирек: 1/10 000
Белгісіз: қолда бар деректердің негізінде бағалау мүмкін емес
Жиі
• бас айналуы*, бас ауыруы*
• жүрек айнуы, құсу, диарея, іш қату
• аяқ-қолдардың мұздауын немесе ұюын сезіну
• шаршау*
• жүрек жеткіліксіздігінің өршуі
Жиі емес
• брадикардия, атриовентрикулярлық өткізгіштіктің бұзылулары бұрыннан бар жүрек жеткіліксіздігінің өршуі
• анамнезінде бронх демікпесі немесе тыныс алу мүшелерінің обструкциялық ауруы болған пациенттерде бронх түйілуі
• бұлшықет әлсіздігі, бұлшықет түйілулері
• гипотензия
• астения
• депрессия, ұйқының бұзылулары
Сирек
• триглицеридтер деңгейінің жоғарылауы, бауыр ферменттері (АЛТ, АСТ) деңгейінің жоғарылауы
• естен тану
• көз жасы бөлінісінің азаюы (пациент жанаспалы линза тағатын жағдайда ескеру керек)
• естудің бұзылулары
• аллергиялық ринит
• қышыну, қызару, бөртпе сияқты аса жоғары сезімталдық реакциялары
• гепатит
• потенция бұзылулары
• түнгі шым-шытырықтар, елестеулер
Өте сирек
• конъюнктивит
• шаштың түсуі. Бета-блокаторлар псориазға түрткі болуы немесе ушықтыруы, немесе псориаз типті бөртпе туғызуы мүмкін.
*Бұл симптомдар емнің басында жиірек туындайды. Олардың қарқындылығы төмендеу және әдетте, 1-2 апта ішінде жоғалып кетеді.
Жағымсыз дәрілік реакциялар туындаған кезде медицина қызметкеріне, фармацевтика қызметкеріне немесе дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаны қоса, дәрілік препараттарға жағымсыз реакциялар (әсерлер) бойынша ақпараттық деректер базасына тікелей жүгіну қажет
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК
http://www.ndda.kz
Симптомдары: Әдетте, бета-блокаторлармен артық дозаланған кезде күтілетін, анағұрлым жиі кездескен көріністер брадикардия, артериялық гипотензия, бронх түйілуі, жүректің жедел жеткіліксіздігі және гипогликемия болып табылады.
Емі: артық дозаланған жағдайда бисопрололмен емдеуді тоқтату және демеуші және симптомдық ем жүргізу керек. Бисопрололдың іс жүзінде диализдің көмегімен шығарылмайтындығын көрсететін деректер шектеулі. Болжамды фармакологиялық әсеріне және басқа бета-блокаторлар үшін ұсынымдарға байланысты, сәйкесінше клиникалық көрсетілімдері кезінде келесі жалпы шараларды қарастыру қажет.
Брадикардия кезінде: атропинді вена ішіне енгізу. Егер емге реакция жеткіліксіз болса, орципреналинді немесе басқа препаратты оң хронотроптық қасиеттері бар сақтықпен енгізуге болады. Кей жағдайларда трансвеноздық кардиостимулятор имплантациясы қажет болуы мүмкін.
Артериялық гипотензия кезінде: ерітінділер мен тамырды тарылтатын препараттарды вена ішіне енгізуді қолдану керек. Глюкагонды вена ішіне енгізу тиімді болуы мүмкін.
Атриовентрикулярлық блокада кезінде (екінші немесе үшінші дәрежелі): пациенттердің жай-күйін мұқият бақылау және изопреналин инфузиясын немесе кардиостимуляторды трансвеноздық орнатуды қолдану керек.
Жүрек жеткіліксіздігі өршіген кезде: диуретиктерді, инотроптық препараттарды, вазодилататорларды вена ішіне енгізу.
Бронх түйілуі кезінде: изопреналин, бета2-симпатомиметиктер және/немесе аминофиллин сияқты бронхдилататорлармен емдеу.
Гипогликемия кезінде: глюкозаны вена ішіне енгізу.
Нипертен® препаратын қабылдауды, әсіресе, жүректің ишемиялық ауруы бар пациенттерде күрт тоқтатпаған жөн, өйткені ол пациент жай-күйінің уақытша нашарлауына алып келуі мүмкін.
Препаратты артериялық қысымы жоғары немесе стенокардиясы және жүректің қатарлас жеткіліксіздігі бар пациенттерде қолданғанда, сақтық шараларын қадағалау керек.
Бисопрололды келесі пациенттерге сақтықпен қолданған жөн:
• қатарлас жүрек жеткіліксіздігімен гипертония немесе стенокардияда;
• қанда глюкоза деңгейі едәуір ауытқитын қант диабетінде: тахикардия, жүрек қағуын сезіну немесе тершеңдік сияқты гипогликемия симптомдары бүркемеленуі мүмкін;
• қатаң диетада;
• десенсибилизациялайтын ем жалғасып жатқанда. Басқа бета-блокаторлар сияқты, бисопролол аллергендерге сезімталдықты жоғарылатуы және анафилаксиялық реакциялардың айқындығын арттыруы мүмкін. Адреналинді енгізу күтілетін емдік әсерді әрдайым қамтамасыз ете бермейді.
• AV блокаданың I дәрежесінде;
• Принцметал стенокардиясында; коронарлық вазоспазм жағдайлары байқалған жоқ. Бисопрололды Принцметал стенокардиясы бар пациенттерде қолданғанда, бета1-селективтілігінің жоғарылығына қарамастан, стенокардия ұстамаларын толықтай жоққа шығару мүмкін емес;
• шеткері артериялардың окклюзиялық ауруында (әсіресе, емнің бас кезінде симптомдары өршуі мүмкін)
Арнайы ескертулер
Бисопрололмен емдеуді, әсіресе, жүректің ишемиялық ауруы бар пациенттерде, егер тікелей керісінше көрсетілмесе, күрт тоқтатпаған жөн, өйткені бұл жүрек қызметінің уақытша нашарлауына әкеп соқтыруы мүмкін.
Бисопрололмен емдеуге кірісу және оны тоқтату жүйелі мониторинг жүргізуді қажет етеді.
Тыныс алу жүйесі: кардиоселективті (β1) бета-блокаторлар селективті емес бета-блокаторлармен салыстырғанда, өкпе функциясына азырақ ықпал етуі мүмкін, басқа бета-блокаторлар сияқты, олар тыныс жолдарының обструкциялық аурулары бар пациенттерде оларды қолданудың айқын себептерінсіз қолданылмауы тиіс. Егер ондай себептер бар болса, Нипертен® сақтықпен қолданылуы тиіс. Бронх демікпесі немесе өкпенің басқа созылмалы обструкциялық ауруы жағдайында, симптомдары бар болса, бронходилятаторлармен қатарлас ем тағайындау керек. Бронх демікпесі немесе симптомдарымен қатар жүруі мүмкін басқа созылмалы обструкциялық дисфункциялар жағдайларында, қатарлас бронхолитикалық ем ұсынылады. Сирек жағдайларда, демікпесі бар пациенттерде тыныс жолдарының кедергісі арта түсуі мүмкін, ол β2-симпатомиметиктердің дозаларын жоғарылатуды қажет етеді.
Жалпы анестезия: жалпы анестезия жүргізілетін пациенттерде, бета-блокада индукциялау, интубациялау барысында және операциядан кейінгі кезеңде аритмиялар мен миокард ишемиясының туындау жиілігін төмендетеді. Қазіргі кезде бета-блокаторлармен периоперациялық демеуші емді жалғастыру ұсынылады. Анестезиолог пациенттің бета-блокаторларды қабылдап жүргендігінен хабардар болуы тиіс, өйткені, басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі мүмкін, ол алып брадиаритмияға, рефлекторлық тахикардияның әлсіреуіне және қан жоғалтылуының орнын толтыруға рефлекторлық қабілеттіліктің төмендеуіне келуі мүмкін. Операциялық араласым алдында бета-блокаторлармен емдеуді тоқтату қажет болса, оны біртіндеп жүзеге асыру және анестезияға дейін шамамен 48 сағат бұрын аяқтау керек.
Псориаз: псориазы бар немесе анамнезінде псориаз болған пациенттер бета-блокаторларды (мысалы, бисопрололды) тек, пайдасы мен қаупін мұқият бағалағаннан кейін ғана қабылдауы тиіс.
Феохромоцитома: феохромоцитомасы бар пациенттерде бисопрололды тек, осының алдындағы альфа-рецепторлар блокадасынсыз қолдануға болады.
Тиреотоксикоз: бисопрололмен емдеу тиреотоксикоз симптомдарын бүркемелеуі мүмкін.
Аллергиялық реакциялар: басқа бета-блокаторлар сияқты, бисопролол аллергендерге сезімталдықты жоғарылатуы және анафилаксиялық реакциялардың айқындығын арттыруы мүмкін. Адреналинді енгізу күтілген емдік әсерін әрдайым қамтамасыз ете бермейді.
Нипертен® препаратын қолдану допинг-тестілердің оң нәтижелеріне алып келуі мүмкін.
Педиатрияда қолдану
Бисопрололдың балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерде қолданылу тәжірибесі жоқ, сондықтан препаратты балаларда қолдану ұсынылмайды.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Жүректің коронарлық қантамырларының ауруларынан зардап шегіп жүрген пациенттердегі зерттеуде бисопролол автомобиль басқару қабілетіне әсер етпеген. Алайда, жекелеген реакциялардың өзгешеліктеріне байланысты, автомобиль басқару немесе техникалық күрделі механизмдермен жұмыс істеу қабілеті бұзылуы мүмкін. Бұған, емнің басында және дозасын өзгерткен кезде, сондай-ақ, бір мезгілде алкоголь тұтынған кезде ерекше көңіл бөлу керек.
Жүктілік
Бисопрололдың фармакологиялық әсерлері жүктілікке және/немесе шаранаға/жаңа туған нәрестеге теріс әсерін тигізуі мүмкін. Әдетте, бета-адреноблокаторлар плацентарлық перфузияны төмендетеді, ол шарананың өсуінің баяулауына, шарананың жатырішілік өліміне, түсік тастауларға немесе мезгілінен бұрын босануларға әкеп соғады. Шарана мен жаңа туған нәрестеде жағымсыз реакциялар (гипогликемия, брадикардия сияқты) туындауы мүмкін. Егер бета-адреноблокаторлармен емдеу қажет болса, бета1-селективті адреноблокаторларды қолданған дұрыс.
Бисопрололды жүктілік кезінде тек қатаң көрсетілімдері бойынша ғана қолданған жөн. Егер бисопрололмен емдеу қажет деп саналса, жатыр-плацента қан ағымын және болашақ сәбидің өсуін бақылау керек. Жүктілікке немесе шаранаға зиянды әсер еткен жағдайда баламалы емін қарастырған жөн. Жаңа туған нәрестенің жай-күйін мұқият бақылау керек. Гипогликемия және брадикардия симптомдары, әдетте, алғашқы 3 күн ішінде пайда болады.
Бала емізу
Бұл препараттың емшек сүтіне бөлінетін-бөлінбейтіндігі белгісіз. Осыған байланысты, бисопрололмен емдеу кезінде емшек емізу ұсынылмайды.
Натрий
Препараттың бір таблеткасының құрамында натрий 1 ммоль-ден (23 мг) аз, яғни, құрамында натрий жоқ дерлік.
Келесі препараттармен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды
Верапамил типті және, азғантай дәрежеде, дилтиазем типті кальций антагонистері: жиырылғыштыққа және атриовентрикулярлық өткізгіштікке жағымсыз ықпал етеді. Верапамилді вена ішіне енгізу β-блокаторларды қабылдап жүрген пациенттерде ауыр гипотензияға және, атриовентрикулярлық блокадаға алып келуі мүмкін.
Клонидин және басқалар (метилдофа, моксонидин, резерпин) сияқты гипотензиялық орталықтық әсері бар дәрілер: гипотензиялық орталықтық әсері бар дәрілерді бисопрололмен бір мезгілде қолдану орталық симпатикалық тонусты төмендету жолымен жүрек жеткіліксіздігін күшейтуі (жүректің жиырылу жиілігін және жүректегі қан ағынының көлемдік жылдамдығын төмендетуі, қантамырларды кеңейтуі) мүмкін. Күрт тоқтату, әсіресе, бета-блокаторларды тоқтатқанға дейін, «рикошеттік артериялық гипертензия» қаупін арттыруы мүмкін.
Сақтықпен қолданылуы керек біріктірілімдер
Аритмияға қарсы 1 класты дәрілер (мысалы: хинидин, дизопирамид; лидокаин, фенитоин; флекаинид, пропафенон): атриовентрикулярлық өткізгіштік уақытына, сондай-ақ, теріс инотроптық әсерінің артуына ықпалын күшейтуі мүмкін.
Нифедипин, фелодипин және амлодипин сияқты дигидропиридин типті кальций антагонистері: бір мезгілде қолдану артериялық гипертензия қаупін арттырады, жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде қарыншалардың сорғы функциясының ары қарай төмендеуі қаупін жоққа шығаруға болмайды.
Аритмияға қарсы III класты препараттар (мысалы, амиодарон): атриовентрикулярлық өткізгіштік уақытына ықпалын күшейтуі мүмкін.
Жергілікті әсер ететін бета-блокаторлар (мысалы, глаукоманы емдеуге арналған, көзге тамызатын дәрі): бисопрололдың жүйелі әсерлерін күшейтуі мүмкін.
Парасимпатомиметикалық препараттар: бір мезгілде қолдану атриовентрикулярлық өткізгіштік уақытын және брадикардияның даму қаупін арттыруы мүмкін.
Инсулин және диабетке қарсы пероральді дәрілік заттар: қантты төмендететін әсері күшейеді. Бета-адренорецепторлардың блокадасы гипогликемия симптомдарын бүркемелеуі мүмкін.
Анестетиктер: рефлекторлық тахикардия азаяды және артериялық гипотензияның даму қаупін жоғарылайды.
Жүрек гликозидтері: жүректің жиырылу жиілігі төмендейді, атриовентрикулярлық өткізгіштік уақыты ұзарады.
Қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (ҚҚСП): ҚҚСП бисопрололдың гипотензиялық әсерін төмендетуі мүмкін.
β-симпатомиметиктер (мысалы, изопреналин, добутамин): бисопрололмен біріктірілімі екі препараттың да әсерін төмендетуі мүмкін.
β- және α-адренорецепторларды белсендіретін симпатомиметиктер (мысалы, норэпинефрин, эпинефрин): аталған препараттардың α-адренорецепторлар түрткі болған вазоконстрикторлық әсерлерін күшейтіп, артериялық қысымның жоғарылауына және мезгіл-мезгіл ақсаңдаудың өршуіне алып келуі мүмкін. Мұндай өзара әрекеттесулердің ықтималдығы селективті емес бета-блокаторларды қолданғанда көбірек.
Трициклдық антидепрессанттар, барбитураттар, фенотиазиндер және басқа гипотензиялық препараттар: гипертензияға қарсы әсері күшейеді.
Қолдану кезінде назарға алу керек біріктірілімдер
Мефлохин: брадикардияның даму қаупін арттырады.
Моноаминоксидаза тежегіштері (MAO-B тежегіштерін қоспағанда): бета-блокаторлардың гипотензиялық әсерін, сондай-ақ гипертониялық криз қаупін күшейтеді.
Сақтау мерзімі
2 жыл.
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!
Сақтау шарттары
30 С-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Қаптама макеті
Препаратты Қазақстанда тіркеу кезінде бекітілген қаптама жазбасы. Дереккөз — Дәрілік заттардың мемлекеттік тізілімі.
Әсер етуші заты бірдей препараттар
Іріктеме әсер етуші зат бойынша автоматты түрде жасалады
Дәріхана ассортиментіндегі тауарлардың және олардың қасиеттерінің сипаттамасы танысу үшін берілген және дәрігер кеңесін алмастырмайды. Қаптама ішіндегі парақ-қосымшада өндіруші көрсеткен ақпарат басым болып табылады.
Тауардың сыртқы түрі суреттегіден өзгеше болуы мүмкін. Қарсы көрсетілімдері бар, маманмен кеңесу қажет. Тауарлардың сипаттамалары мен бағасы жария оферта болып табылмайды.