Тек стационада қолдануға арналған.
Окситоциннің көмегімен босануды индукциялау қатаң медициналық көрсетілімдер бар болғанда ғана қолданылуға тиіс. Босануды индукциялау және жатырдың жиырылу қызметін күшейту мақсатында, окситоцинді стационар жағдайларында және тиісті медициналық қадағалаумен тек қана вена ішіне енгізеді. Окситоцинді вена ішіне қабылдаған барлық пациенттер препаратты қолдануда және асқынуларды анықтауда тәжірибесі бар, білікті медицина қызметкерінің тұрақты бақылауында болуы тиіс. Әрбір пациент әйел асқынуларды емдеу үшін қажетті тәжірибесі бар дәрігердің қадағалауында болуы тиіс.
Окситоцинді венаішілік болюстік инъекция түрінде енгізбеу керек, өйткені ол «қан тебулермен» және рефлекторлық тахикардиямен қатар жүретін қысқа мерзімді жедел артериялық гипотензияны туғызуы мүмкін.
Окситоцинді енгізу кезінде асқынуларды болдырмас үшін, келесі көрсеткіштерді тұрақты түрде бақылап отыру қажет:
• жатырдың жиырылу қызметі (толғақтың жиілігі, күші және ұзақтығы),
• ана мен шарана жүрегінің жиырылу жиілігі,
• анасының артериялық қысымы.
Жатырдың аса жоғары белсенділігі туындаған жағдайда, окситоцинді енгізуді дереу тоқтату керек; жатырдың окситоцин туғызған жиырылулары, әдетте, препаратты тоқтатқаннан кейін көп ұзамай әлсірейді.
Окситоцинге аса жоғары сезімталдық болған жағдайда, дозасының дұрыс таңдалғандығына және тиісінше медициналық қадағалау жүргізілгендігіне қарамастан, жатырдың гипертониялық жиырылулары дамуы мүмкін.
Шарананың құрсақішілік өлімі жағдайында және/немесе мекониймен боялған жатыр маңы сулары болған жағдайда, қарқынды босандырудан аулақ болу керек, өйткені бұл жатыр маңы суларымен эмболияға алып келуі мүмкін.
Үйлесімділік
Препаратты инфузияға арналған ерітінділерде сұйылтуға болады: физиологиялық ерітінді, Рингер лактат ерітіндісі және глюкоза ерітіндісі. Бұл препаратты басқа препараттармен араластыруға болмайды. Дайын ерітіндіні дайындағаннан кейін 8 сағат ішінде (ең көбі) пайдалану керек.
Арнайы сақтандырулар
Жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары
Артериялық қысымның және жүректің жиырылу жиілігінің елеулі өзгерістерін болдырмау үшін, окситоцинді жүрек-қантамыр жүйесінің ауруларынан (мысалы, гипертрофиялық кардиомиопатия, клапандық аппараттың зақымдануы және (немесе) жүректің ишемиялық ауруы, соның ішінде, коронарлық артериялардың түйілуі) зардап шегіп жүрген және миокард ишемиясына бейімділігі бар пациент әйелдерде айрықша сақтықпен қолдану керек.
QTсиндром
Окситоцинді «QT аралығының ұзаруы синдромы» немесе сонымен байланысты симптомдары бар пациенттерге, сондай-ақ, QT аралығын ұзартатын препараттарды қабылдап жүрген пациенттерге сақтықпен тағайындау керек.
Шарана дистресі және шарана өлімі.
Окситоцинді шамадан тыс дозаларда енгізу жатырдың шамадан тыс стимуляциялануына әкеледі, бұл шарана дистресіне, асфиксиясына және өліміне ұшыратуы мүмкін немесе жатыр гипертонусына, тетаниялық жиырылуына немесе жыртылуына әкелуі мүмкін. Әркімнің жеке реакциясына қарай дозаны түзетуге мүмкіндік болуы үшін, жүректің жиырылу жиілігіне және жатыр моторикасына (жиырылудың жиілігі, күші және ұзақтығы) мұқият мониторинг қажет.
Шекаралық бассүйек-жамбас диспропорциясы, жатырдың салдарлы инерттілігі, жүктіліктен туындаған гипертензияның жеңіл немесе орташа дәрежесі немесе жүрек ауруы бар болғанда, сондай-ақ 35 жастан асқан немесе анамнезінде жатырдың төменгі бөлігіне кесарь тілігі жасалған пациент әйелдерде ерекше сақтық талап етіледі.
Диссеминацияланған тамырішілік ұю
Сирек жағдайларда, окситоцинді қоса утеротоникалық препараттарды қолданумен, босануларды фармакологиялық тұрғыдан индукциялау кезінде, босанғаннан кейінгі кезеңде диссеминацияланған тамырішілік ұю (ДТІҰ) синдромның даму қаупінің жоғарылағаны байқалады. Бұл қауіп нақты бір препаратты қолданумен емес, фармакологиялық индукциямен тікелей байланысты. Қауіп ең алдымен, ДТІҰ қосымша қауіп факторлары бар әйелдерде жоғары: 35 жастан асқандар, жүктілік ағымының асқынуы (мысалы, гестациялық диабет, артериялық гипертензия, гипотиреоз), 40 аптадан асқан гестация мерзімі. Мұндай әйелдерде окситоцин мен баламалы дәрілік заттар сақтықпен қолданылуы тиіс, ал дәрігер ДТІҰ симптомдарына қатысты сақтық танытуы тиіс.
Шарананың жатырішілік өлімі
Шарананың жатырішілік өлімі және/немесе мекониймен боялған қағанақ суы болған жағдайларда қарқынды босандырудан аулақ болу керек, өйткені ол қағанақ суының әсерінен эмболияны туғызуы мүмкін.
Гипергидратация
Окситоциннің антидиуретиктік әсері әлсіз болғандықтан, препараттың жоғары дозаларын сұйықтықтардың үлкен көлемін енгізумен бірге ұзақ уақыт бойы в/і енгізу (мысалы, қауіп төндіретін немесе аяқталмаған абортты немесе босанғаннан кейінгі кезеңдегі қан кетулерді емдеуде) гипонатриемиямен біріккен гипергидратацияны туғызуы мүмкін. Окситоцинді енгізгенде және сұйықтықтарды в/і енгізгенде біріккен антидиуретиктік әсері байқалады, соның нәтижесінде гиперволемия туындайды, оның артынан өкпенің гипонатриемиясыз жүретін жедел ісінуінің гемодинамикалық түрі дамиды. Мұндай сирек кездесетін асқынуларды болдырмау үшін, окситоциннің жоғары дозаларын ұзақ уақыт бойы енгізгенде, келесі сақтық шараларын қадағалау керек: құрамында электролиттер бар еріткішті (физиологиялық ерітінді немесе Рингер лактат ерітіндісі) пайдалану керек және инфузияға арналған глюкоза ерітіндісін пайдалануға болмайды.
Сұйықтықтардың инфузиясын азғантай көлемде жүргізу керек (жүктіліктің соңғы мерзімдерінде босану қызметін индукциялау немесе стимуляциялау кезінде окситоцинді ұсынылғанынан артық концентрацияларда енгізуге жол беріледі); сұйықтықтарды ішу арқылы қабылдау шектелуі тиіс; электролит теңгерімінің бұзылғанына күдіктенген жағдайда сұйықтықтар теңгерімінің кестесін жүргізу және қан сарысуындағы электролиттер деңгейін өлшеу керек.
Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттер
Судың іркілу ықтималдығы және окситоциннің жинақталу мүмкіндігіне байланысты, бүйректің ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде сақтық танытқан жөн.
Латекске аллергиясы бар әйелдердегі анафилаксиялық реакциялар
Латекске белгілі аллергиясы бар әйелдерде окситоцинді енгізгеннен кейін анафилаксиялық реакциялар дамыған жағдайлар тіркелген. Өзінің құрылымы жағынан окситоцин латекспен гомологиялы болғандықтан, латекске аллергия/ латексті көтере алмаушылық, окситоцинді енгізгеннен кейінгі анафилаксиялық реакцияға бейімділіктің маңызды факторы болуы мүмкін.
Қасиеттері белгілі қосымша заттар
Бұл дәрілік заттың құрамында әр дозасында 1 ммольден аз натрий бар (23 мг), яғни, шын мәнінде «натрий жоқ».
Бұл дәрілік заттың құрамында аздаған мөлшерде, бір дозасында 100 мг-ден аз этанол бар.
Препараттың көлік құралын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Окситоцин толғақ туғызуы мүмкін, сондықтан көлік құралдарын басқарғанда немесе механизмдермен жұмыс істеген кезде сақ болу керек. Жатырдың жиырылуы бар әйелдердің машина жүргізуіне немесе механизмдермен жұмыс істеуіне болмайды.