Бұл дәрілік препараттың құрамында қосымша зат ретінде бір мл-де 90 мг мальтоза бар. Қандағы глюкозаны талдауда мальтозаның интерференциясы глюкоза нәтижесінің жалған жоғарылауына, демек, инсулиннің дұрыс енгізілмеуіне, өмірге қауіпті гипогликемия мен өлімге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, глюкоза деңгейінің жалған жоғарылауы шынайы гипогликемияны бүркемелеуі мүмкін, бұл жағдайда пациент талапқа сай ем ала алмайды. Жедел бүйрек жеткіліксіздігі кезінде қолдану туралы төменде көрсетілген.
Қадағалануы
Биологиялық дәрілік препараттардың қадағалануын жақсарту үшін енгізілген препараттың атауы мен серия нөмірін анықтап жазып отыру керек.
Сақтық шаралары
Потенциалды асқынулардан келесі ережелерді сақтаған жағдайда болдырмауға болады:
- пациенттің адам иммуноглобулиніне жоғары сезімталдығы жоқтығына көз жеткізу үшін препараттың бірінші инфузиясын баяу (минутына кг дене салмағына 0,01-ден 0,02 мл дейін) жүргізеді;
- кез келген симптомдарды анықтауға қатысты инфузияның бүкіл кезеңінде пациенттерді мұқият қадағалау қамтамасыз етіледі. Бұрын ешқашан адам иммуноглобулині препаратын алмаған, не венаішілік иммуноглобулиннің баламалы препаратынан ауыстырылған, не алдыңғы емі ұзақ уақыт бұрын тоқтатылған пациенттер бірінші инфузияның бүкіл кезеңінде және ол аяқталғаннан кейінгі бірінші сағат ішінде қадағаланулары тиіс. Қалған барлық пациенттерді қадағалау енгізу аяқталғаннан кейін кемінде 20 минут жалғасуы тиіс.
Венаішілік иммуноглобулинді тағайындаған кезд барлық пациенттерге мыналар талап етіледі:
- венаішілік иммуноглобулин инфузиясын бастау алдында талапқа сай гидратация
- диурезді бақылау
- сарысудағы креатинин деңгейін бақылау
- «ілмектік» диуретиктерді қатар тағайындауға болмайды
Жағымсыз реакциялар пайда болған жағдайда енгізу жылдамдығын төмендету немесе инфузияны тоқтату қажет. Қажетті ем жағымсыз реакцияның сипатына және ауырлығына байланысты.
Инфузияға байланысты реакциялар
Кейбір жағымсыз реакциялардың (мысалы, бас ауыруы, қан кернеуі, қалтырау, миалгия, ентігу, тахикардия, белдің ауыруы, жүрек айнуы және гипотония) дамуы препаратты енгізу жылдамдығына байланысты болуы мүмкін. «Енгізу әдісі және жолы» бөлімінде көрсетілген ұсынылған енгізу жылдамдығын қатаң сақтау қажет. Препаратты енгізудің бүкіл кезеңінде пациенттің жай-күйін бақылау, кез келген симптомдардың пайда болуын қадағалау қажет.
Жағымсыз реакциялар мыналарда жиі пайда болуы мүмкін:
- адамның қалыпты иммуноглобулинін бірінші рет алып жүрген пациенттерде немесе сирек жағдайларда, адамның қалыпты иммуноглобулинінің басқа препаратынан ауысқанда немесе соңғы инфузия сәтінен ұзақ уақыт өткенде
- емделмеген инфекциясы немесе созылмалы қабынуы бар пациенттерде
Аса жоғары сезімталдық
Жоғары сезімталдық реакциялар сирек дамиды.
Анафилаксия мына пациенттерде дамуы мүмкін:
- IgA және IgA-ға антиденелері анықталмаған
- бұрын адам иммуноглобулинінің препараттарын енгізуді жақсы көтерген
Шок дамыған жағдайда стандартты емдік шараларды жүргізу керек.
Тромбоэмболия
Иммуноглобулин препаратын вена ішіне енгізу мен миокард инфарктісі, ми қанайналымының жедел бұзылуы (инсультті қоса), өкпе артериясының эмболиясы және терең веналардың тромбозы сияқты тромбоэмболиялық асқынулар арасында байланыс бар екендігіне клиникалық растаулар бар. Бұл асқынулар қантамырлық асқынулар қаупі жоғары пациенттердегі қан тұтқырлығының салыстырмалы түрде жоғарылауымен байланысты деп саналады. Венаішілік иммуноглобулин препаратын семіздікке шалдыққан пациенттерге және тромбоздың даму қаупін арттыратын жағдайлары (егде жас, артериялық гипертония, қант диабеті, анамнезінде қантамырлар ауруы мен тромбоз жағдайларының болуы, туа біткен немесе жүре пайда болған тромбофлебиялық бұзылыстар, иммобилизация кезеңінің ұзақтығы, ауыр гиповолемия, қан тұтқырлығының жоғарылығымен жүретін аурулар) мен қатарлас аурулары бар пациенттерге тағайындағанда және енгізгенде сақ болу керек.
Тромбоэмболиялық асқынулардың даму қаупі бар пациенттерге венаішілік иммуноглобулинді аса төмен жылдамдықпен және азғантай дозаларда енгізу керек.
Бүйректің жедел жеткіліксіздігі
Венаішілік иммуноглобулиндермен ем қабылдаған пациенттердегі бүйректің жедел жеткіліксіздігі жағдайлары туралы хабарламалар бар. Бұл жағдайлардың көпшілігінде қатарлас бүйрек жеткіліксіздігі, қант диабеті, гиповолемия, артық дене салмағы, нефроуытты препараттармен қатарлас емдеу, жас шамасының 65 жастан асуы сияқты қауіп факторлары анықталған.
Бүйрек функциясының параметрлерін тиісті аралықтардан соң венаішілік иммуноглобулиндер инфузиясына дейін және одан кейін, әсіресе бүйректің жедел жеткіліксіздігінің потенциалды жоғары даму қаупі бар пациенттерде бағалау керек. Бүйректің жедел жеткіліксіздігінің даму қаупі жоғары пациенттерге венаішілік иммуноглобулин препараттарын аса төмен жылдамдықпен және өте азғантай дозаларда енгізу керек. Бүйрек функциясының бұзылулары дамыған жағдайда, венаішілік иммуноглобулинді тоқтату мәселесін шешіп алу керек.
Бүйрек функциясының бұзылулары дамығаны және бүйрек жеткіліксіздігі жағдайлары туралы хабарламалар құрамында сахароза, глюкоза және мальтоза сияқты түрлі қосымша заттар бар, әртүрлі ВІИГ препараттарын қолдануға қатысты болса да, аталған жағымсыз құбылыстардың аздаған үлесі құрамында тұрақтандырғыш ретінде сахароза бар препараттарға да тиесілі болған. Бүйрек тарапынан жағымсыз реакциялардың даму қаупі жоғары пациенттер үшін құрамында ондай қосымша заттар жоқ, ВІИГ препараттарын тағайындау мүмкіндігін қарастыруға болады.
ОКТАГАМТМ 10% (100 мг/мл) препаратының құрамында мальтоза бар (қосымша заттарды қараңыз).
Асептикалық менингит синдромы (АМС)
Венаішілік иммуноглобулинмен емдеуге байланысты асептикалық менингит синдромы туралы хабарланған. Синдром әдетте, венаішілік иммуноглобулинмен емдеуден кейін бірнеше сағаттан 2 күнге дейінгі аралықта басталады. Жұлын пункциясы бірнеше мыңдаған мм3 жасушаларға дейін жететін плеоцитозымен, көбінесе гранулоциттік сериядан және ақуыздың бірнеше жүздеген мг/дл дейінгі жоғары деңгейлерінен тұратын оң нәтижені жиі көрсетеді.
АМС венаішілік иммуноглобулиннің жоғары (2 г/кг) дозаларымен емдеуге байланысты туындауы мүмкін.
Осындай белгілері мен симптомдары бар пациенттер менингиттің басқа себептерін жоққа шығару үшін жұлын сұйықтығын зерттеуді қоса, мұқият неврологиялық тексерістен өтулері тиіс.
Венаішілік иммуноглобулинмен емдеуді тоқтату бірнеше күн ішінде салдарсыз АМС ремиссиясына алып келген.
Гемолиздік анемия
Венаішілік иммуноглобулиндер препараттары құрамында гемолизин ретінде әсер ететін және тікелей оң антиглобулиндік реакцияға (Кумбс сынамасы), сирек жағдайларда гемолизге түрткі бола отырып, in vivo эритроциттердің иммуноглобулинмен қоршалуын туғызатын қан топтарының антиденелері болуы мүмкін. Гемолиздік анемия венаішілік иммуноглобулиндермен емдеуден кейін эритроциттер секвестрациясының күшеюіне байланысты, дамуы мүмкін. Венаішілік иммуноглобулиндерді қабылдап жүрген пациенттер гемолиздің клиникалық белгілері мен симптомдарының бар болуына қатысты бақылауда болуы тиіс.
Нейтропения / Лейкопения
Нейтрофилдер санының және/немесе ВІИГ емдеуден кейін, кейде ауыр нейтропения эпизодтарының уақытша төмендеуі туралы хабарланды. Әдетте бұл реакция ВІИГ енгізгеннен кейін бірнеше сағат немесе күндер ішінде пайда болады және 7-14 күн ішінде өздігінен кетеді.
Өкпенің жедел посттрансфузиялық зақымдану синдромы (ӨЖПЗС)
ВІИГ қабылдаған пациенттерде өкпенің жедел кардиогенді емес ісінуі [Өкпенің жедел посттрансфузиялық зақымдану синдромы (ӨЖПЗС)] туралы жекелеген хабарламалар алынды, сондықтан, бұл жағымсыз әсерді ОКТАГАМТМ қолдану кезінде толығымен жоққа шығаруға болмайды, дегенмен осы уақытқа дейін мұндай жағдайлар тіркелген жоқ. ӨЖПЗС ауыр гипоксиямен, ентігумен, тахипноэмен, цианозбен, қызбамен және гипотониямен сипатталады. ӨЖПЗС симптомдары әдетте құю кезінде немесе одан кейін 6 сағат ішінде, жиірек 1-2 сағат ішінде дамиды. Осылайша, пациенттерді бақылау және өкпе тарапынан жағымсыз реакциялар дамыған жағдайда ВІИГ инфузиясын дереу тоқтату қажет. ӨЖПЗС – бұл қарқынды емдеу бөлімшесіне дереу қаралуды талап ететін өмірге аса қауіпті жағдай.
Серологиялық тестілердің нәтижелеріне әсері
Пациенттерде венаішілік иммуноглобулин препаратының инфузиясынан кейін байқалатын қандағы пассивті берілетін түрлі антиденелер мөлшерінің өтпелі жоғарылауы серологиялық тестілердің жалған оң нәтижелеріне алып келуі мүмкін.
Эритроциттік антигендерге, атап айтқанда А, В және D антигендеріне антиденелердің пассивті берілуі нәтижесінде, эритроциттерге антиденелерді анықтауға арналған (мысалы, тікелей антиглобулиндік тест, Кумбс тікелей сынамасы) кейбір серологиялық тестілердің нәтижелері бұрмалануы мүмкін. Трансмиссивтік агенттер
Адам қаны немесе плазмасынан дайындалған медициналық препараттарды пайдалануда инфекция қоздырғыштарының берілуінің профилактикасына бағытталған стандартты шараларға донорларды іріктеу, донор қанының және плазма пулдарының жекелей порцияларының инфекцияның спецификалық маркерлерінің бар-жоқтығын анықтауға арналған скринингі, сондай-ақ өндіріс үдерісінде вирустардың белсенділігін жою/жоюдың тиімді әдістерін пайдалану жатады. Дегенмен, осыған қарамастан, адан қаны немесе плазмасынан дайындалған дәрілік препараттарды тағайындағанда, инфекция қоздырғыштарының берілу ықтималдығын толығымен жоққа шығаруға болмайды. Бұл белгісіз вирустар мен басқа қоздырғыштарға да қатысты.
Жүргізілген шаралар адамның иммунтапшылығы вирусы, В гепатиті вирусы және С гепатиті вирусы сияқты қабықпен қапталған вирустарға қатысты тиімді болып есептеледі. А гепатиті вирусы және В19 парвовирусы сияқты қабықсыз вирустарға қатысты бұл шаралардың шектеулі тиімділігі болуы мүмкін.
Жинақталған клиникалық тәжірибе адам иммуноглобулині препараттарын қолданғанда А гепатиті вирусы және В19 парвовирус берілген жағдайлардың жоқтығын нақты көрсетеді. Бұдан өзге, вирустық қауіпсіздікті арттыру үшін антиденелер мөлшерінің маңызы зор деп шамаланады.
ОКТАГАМТМ 10% (100 мг/мл) препаратының кейбір компоненттері туралы маңызды ақпарат
Бұл дәрілік препараттың 100 мл құрамында 69 мг натрий бар, бұл ДДҰ ұсынған ересек адамға арналған ең жоғары тәуліктік доза 2 г натрийге 3,45% баламалы.
Эритроциттердің тұну жылдамдығының (жалған) жоғарылауы
ВІИГ қабылдаған пациенттерде эритроциттердің тұну жылдамдығы (ЭТЖ) жалған түрде жоғарылауы мүмкін (қабынудың жоғарылауы).
Циркуляциялық шамадан тыс жүктеме (сұйықтықтың шамадан тыс жүктелуі)
Циркуляциялық шамадан тыс жүктеме (сұйықтықтың шамадан тыс жүктелуі) енгізілген ВІИГ көлемінде (немесе қан немесе плазмадан алынған кез-келген басқа препарат) және кездейсоқ басқа инфузиялар жедел гиперволемия мен өкпенің жедел ісінуін тудырған кезде пайда болуы мүмкін.
Инъекция орнында жергілікті реакциялар
Инъекция орнында экстравазация, инфузия орнындағы эритема, инфузия орнындағы қышыну және осыған ұқсас симптомдарды қамтуы мүмкін жергілікті реакциялар тіркелді.
Арнайы ескертулер
Педиатрияда қолдану
Көрсетілген ескертулер немесе сақтық шаралары ересектерге де, балаларға да қатысты.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
ОКТАГАМТМ 10% (100 мг/мл) препараты көлік құралдарын басқару және механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне әсер етпейді немесе елеусіз әсер етеді. Жағымсыз реакциялар дамыған пациенттерге жағымсыз реакциялар басылғанға дейін көлік жүргізуден немесе механизмдермен жұмыс жасаудан аулақ болу ұсынылады.