Антипсихоздық препараттармен емдеу кезінде пациенттің клиникалық жағдайын жақсарту үшін бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін уақыт кетуі мүмкін. Осы кезеңде пациенттердің жағдайын мұқият бақылау қажет.
Оланзапин өлім-жітімнің және ми қанайналымының жедел бұзылу қаупінің артуына байланысты деменция аясында психозы және (немесе) мінез-құлқы бұзылған пациенттерге қолдануға ұсынылмайды. Осы топтағы пациенттер арасындағы өлім-жітімнің жоғарылауына әкелуі мүмкін қауіп факторларына 65 жастан асқан жас, дисфагия, седативті әсер, дұрыс тамақтанбау және сусыздану, өкпе патологиясы (мысалы, аспирация болған кезде немесе онсыз байқалатын пневмония) немесе бензодиазепиндермен қатарлас қолдану жатады. Цереброваскулярлық жағымсыз әсерлер (ЦЖӘ, мысалы, инсульт, транзиторлық ишемиялық шабуылдар), оның ішінде өліммен аяқталған жағдайлар тіркелген. 75 жастан асқан жас және тамырлық/аралас деменция оланзапинді қабылдауға байланысты ЦЖӘ қауіп факторлары ретінде анықталды.
Паркинсон ауруы бар пациенттерге дофаминдік агонистермен астасқан психоздарды емдеу үшін оланзапин тағайындау ұсынылмайды.
Қатерлі нейролептикалық синдром (ҚНС) – бұл антипсихотиктерді қабылдаумен байланысты өмірге қауіпті жағдай. Оланзапинмен емдеу кезінде ҚНС дамуының сирек жағдайлары туралы да хабарланды. ҚНС клиникалық көріністеріне дене температурасының едәуір жоғарылауы, бұлшықеттің сіресуі, психикалық статустың өзгеруі және вегетативтік бұзылулар (ретсіз пульс немесе тұрақсыз АҚ, тахикардия, аса тершеңдік, аритмия) жатады. Қосымша белгілері креатинфосфокиназа деңгейінің жоғарылауын, миоглобинурияны (рабдомиолиз) және бүйрек функциясының жеткіліксіздігін қамтуы мүмкін. ҚНС-ның клиникалық көріністері немесе ҚНС-ның басқа белгілерінсіз дене температурасының түсініксіз елеулі жоғарылауы барлық нейролептиктерді, оның ішінде оланзапинді қабылдауды тоқтатуды талап етеді.
Кетоацидозбен немесе диабеттік комамен астасқан гипергликемия және/немесе қант диабетінің дамуы немесе өршуі, өліммен аяқталатын жағдайларды қоса, пациенттерде жиі емес анықталады. Кейбір жағдайларда алдымен дене салмағы артады, бұл бейімдеуші фактор болуы мүмкін.
Нейролептиктерді қолдану қағидаттары бойынша нұсқаулыққа сәйкес тиісті клиникалық мониторинг жүргізу, мысалы, емдеу басталғанға дейін, оланзапинмен емдеу басталғаннан кейін 12 аптадан кейін және одан кейін жыл сайын қандағы глюкоза деңгейін өлшеу ұсынылады. Кез келген нейролептиктерді, оның ішінде оланзапин препаратын қабылдайтын пациенттерге гипергликемияның белгілері мен симптомдарын (полидипсия, полиурия, полифагия және әлсіздік сияқты) анықтау тұрғысынан мұқият бақылау ұсынылады, ал қант диабеті бар пациенттерге және қант диабетінің даму қаупі факторлары бар пациенттерге глюкозаны бақылаудың нашарлау белгілерін анықтау мақсатында тұрақты мониторинг көрсетілген. Пациенттердің салмағын, мысалы, емдеуді бастағанға дейін, оланзапинмен емдеуді бастағаннан кейін 4, 8 және 12 аптадан соң, содан кейін тоқсан сайын ұдайы бақылап отыру керек.
Оланзапин қабылдаған пациенттерде липидтік алмасу көрсеткіштерінің жағымсыз өзгерістері байқалды. Дислипидемиясы бар немесе дислипидемияның даму қаупі жоғары пациенттерде липидтер көрсеткіштерінің өзгеруі тиісті клиникалық әрекеттермен түзетілуі тиіс. Нейролептиктерді қолдану қағидаттарына сәйкес кез келген антипсихоздық дәрілерді, оның ішінде оланзапин препаратын қабылдайтын пациенттердің липидтік бейінін, мысалы, емдеу басталғанға дейін, оланзапинмен емдеу басталғаннан кейін 12 аптадан соң және одан әрі әрбір 5 жыл сайын жүйелі түрде анықтап отыру қажет.
Оланзапиннің антихолинергиялық белсенділігімен байланысты жағымсыз реакциялар туындау жиілігінің төмен болғаны байқалды. Алайда, қатар жүретін аурулары бар пациенттерге оланзапинді қолданудың тәжірибесі шектеулі болғандықтан, оны қуықастыбездің клиникалық маңызы бар гипертрофиясы немесе ішектің салдану бітелісі бар және осыған ұқсас жағдайлары бар пациенттерге тағайындағанда сақ болу ұсынылады.
Емнің ерте кезеңдерінде препаратты қабылдау бауыр трансаминазалары (АСТ және АЛТ) деңгейінің өтпелі, симптомсыз жоғарылауымен қатар жүрді. Бауыр функциясының жеткіліксіздігі бар, бауырдың функциялық резерві шектеулі пациенттерде немесе ықтимал гепатоуытты препараттар қабылдайтын пациенттерде АСТ және/немесе АЛТ деңгейінің жоғарылауы кезінде ерекше сақтық қажет. Гепатит (оның ішінде гепатоцеллюлярлық, холестаздық немесе бауырдың аралас зақымдануы) диагнозы қойылған жағдайларда оланзапинмен емдеу тоқтатылуы тиіс.
Құрамында лейкоциттері және/немесе нейтрофилдері төмен пациенттерге кез келген себептерге, оның ішінде нейтропения туындататын дәрілік препараттарды қабылдауға, қатар жүретін ауруларға, анамнезіндегі сәулелік немесе химиотерапияға, сондай-ақ гиперэозинофилияға немесе миелопролиферативті ауруға байланысты сүйек кемігі функциясының тежелуіне байланысты сақтық танытқан жөн. Сирек жағдайларда нейтропения оланзапин мен вальпроатты бір мезгілде қолданғанда тіркелді.
Оланзапинмен емдеуді күрт тоқтатқан кезде сирек жағдайларда мынадай симптомдар дамиды: тершеңдік, ұйқысыздық, тремор, үрей, жүрек айну немесе құсу (≥0,01% және <0,1%).
Препаратты пероральді қолданған кезде QT аралығының клиникалық мәнді артуы (Фридерик [QTcF] формуласы бойынша QT аралығын түзету ≥500 миллисекунд [мсек] бастапқы QTcF <500 мсек бар пациенттерде емдеу басталғаннан кейін кез келген уақытта) сирек байқалды. Дегенмен, QT аралығының ұзаруын анық туындататын басқа препараттармен біріктірілген емдеу кезінде оланзапинді сақтықпен, әсіресе егде жастағы пациенттерге, ұзартылған QT аралығының туа біткен синдромы бар пациенттерге, жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бар, жүрек бұлшықетінің гипертрофиясы, гипокалиемиясы немесе гипомагнемиясы бар пациенттерге тағайындау керек.
Сирек жағдайларда оланзапин терапиясы мен веноздық тромбоздың туындауы (>0,1% және <1%) арасындағы уақыт бойынша байланыс туралы хабарланды. Веноздық тромбоэмболияның дамуы мен оланзапинді қабылдау арасындағы себеп-салдарлық байланыс анықталған жоқ. Шизофрениямен ауыратын пациенттер веноздық тромбоэмболияның дамуына бейім, осыған байланысты веноздық тромбоэмболияның барлық ықтимал қауіп факторлары туындауының алдын алу үшін алдын алу шараларын анықтау және қабылдау қажет, олардың қатарына, мысалы, пациенттердің иммобилизациясы (қозғалмауы) жатады.
Оланзапин негізінен ОЖЖ-ға әсер ететіндігін ескере отырып, оланзапинді ОЖЖ-ға және алкогольге әсер ететін басқа препараттармен бірге қолданғанда сақ болу керек. In vitro жағдайында оланзапин дофаминдік рецепторларға қатысты антагонизмді көрсететіндіктен, ол дофаминдік рецепторлардың тікелей және жанама агонистерінің әсерін әлсіретуі мүмкін.
Оланзапинді анамнезінде эпилепсия талмасы бар немесе құрысу дайындығының шегін төмендету қаупі факторларының әсеріне ұшыраған пациенттерге сақтықпен қолдану керек. Оланзапинмен ем қабылдаған пациенттерде эпилепсия талмалары жиі байқалмайды. Осы жағдайлардың көпшілігінде анамнезінде эпилепсия талмаларының болуы немесе талмалардың қауіп факторларына ұшырауы байқалды.
1 жыл немесе одан аз уақытқа созылатын оланзапинмен емдеу кезінде медициналық түзетуді қажет ететін дискинезияның дамуы сирек байқалды. Алайда, оланзапинмен ұзақ емдегенде кешеуілдеген дискинезия қаупі артады, сондықтан кеш байқалатын дискинезия белгілері мен симптомдары туындаған жағдайда дозаны төмендету немесе оланзапинді тоқтату ұсынылады. Кеш байқалатын дискинезия симптомдары препаратты тоқтатқаннан кейін де білінуі немесе күшеюі мүмкін.
Оланзапинді қолданған кезде егде жастағы пациенттерде постуральдық гипотензия сирек байқалды. 65 жастан асқан пациенттерге артериялық қысымды үнемі бақылау ұсынылады.
Оланзапин қабылдаған пациенттерде жүректің кенеттен тоқтап қалу жағдайлары туралы хабарланды. Оланзапин қабылдайтын пациенттерде жүректің кенеттен тоқтап қалуынан болған өлімнің қаупін нейролептиктерді қабылдамайтын пациенттерде шамамен екі есе арттырады. Оланзапинді қабылдаған кездегі қауіп атипиялық антипсихотиктермен емдеудегі қауіппен салыстырмалы.
Оланзапин балалар мен жасөспірімдерді емдеуде қолдануға көрсетілмеген. 13-17 жастағы пациенттерде оланзапинді қолданғанда әртүрлі жағымсыз реакциялар байқалды.
Арнайы сақтандырулар
Егде жастағы пациенттер
Көптеген жағдайларда бастапқы дозаны (тәулігіне 5 мг-ға дейін) төмендету талап етілмейді, алайда клиникалық факторлар болған кезде препаратты 65 жастан асқан пациенттерге тағайындаған кезде қажет болуы мүмкін.
Бүйрек және бауыр функцияларының жеткіліксіздігі бар пациенттер
Мұндай пациенттерге 5 мг төмендетілген бастапқы дозасын тағайындаған жөн. Бауыр функциясының жеткіліксіздігі орташа болған жағдайда (Чайлд-Пью бойынша бауыр цирроздарын жіктеу бойынша А немесе В класы) бастапқы дозасы 5 мг құрауы тиіс, ал дозаны сақтықпен арттырған жөн.
Шылым шегетіндер
Темекі тартпайтын пациенттерге темекі тартатын пациенттермен салыстырғанда препараттың бастапқы дозасын түзету және одан әрі дозалау талап етілмейді. Темекі шегу оланзапиннің метаболизмін тездетуі мүмкін. Темекі шегетін пациенттерді клиникалық бақылауды жүзеге асыру және қажет болған жағдайда оланзапин дозасын арттыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.
Метаболизмді баяулатуы мүмкін біреуден көп факторлар (әйелдер, қарттар, темекі шекпейтін пациенттер) болған кезде бастапқы дозаны азайту керек. Мұндай пациенттер үшін дозаны арттырған кезде, егер бұл көрсетілсе, сақтық танытқан жөн.
Педиатрияда қолданылуы
Қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы деректердің болмауына байланысты 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерде оланзапинді қолдану ұсынылмайды.
Қосымша заттарға қатысты айрықша нұсқаулар
Оланзапин Вива Фарм препаратының құрамында лактоза бар. Сирек тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, Lapp (ЛАПП)-лактаза ферментінің тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар тұлғаларға қолдануға болмайды.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Автомобильді және механизмдерді басқару қабілетіне әсер етуді бағалау жүргізілген жоқ. Оланзапин ұйқышылдық пен бас айналуды туындататындықтан, автомобильді қоса алғанда, қауіпті механикалық құралдарды басқару кезінде сақ болу керек.