Дозалау режимі
Пероральді қабылдауға арналған дозалау диапазоны тек ұсыным ретінде ұсынылған.
Панимун Биорал препаратының тәуліктік дозасын әрқашан екі бірдей қабылдауға бөледі. Панимун Биорал препаратын тәулік уақыты мен тамақтану уақытын ескере отырып, келісілген кесте бойынша қабылдау ұсынылады.
Панимун Биорал препаратын иммуносупрессиялық терапия және (немесе) ағзаларды трансплантациялау саласында тәжірибесі бар дәрігер ғана, не осындай дәрігермен бірлесе отырып тағайындауы тиіс.
Трансплантация
Тығыз ағзаларды трансплантациялау
Панимун Биорал препараты операцияға дейін 12 сағат бұрын дене салмағына шаққанда 10–15 мг/кг дозада, екі қабылдауға бөлініп тағайындалады. Операциядан кейін 1-2 апта ішінде препарат күн сайын сол дозада тағайындалады. Содан кейін қандағы заттардың концентрациясын және жергілікті иммуносупрессиялық терапиясы хаттамаларын ескере отырып, дозаны тәулігіне дене салмағына шаққанда 2–6 мг/кг демеуші дозаға (екі қабылдауға бөлінген) жеткенге дейін біртіндеп азайтады.
Панимун Биорал препаратын басқа иммуносупрессанттармен (мысалы, біріктірілген үш компонентті немесе төрт компонентті терапия құрамында кортикостероидтармен) бірлесіп қолданған кезде препаратты аз мөлшерде қолдануға болады (мысалы, бастапқы ем кезеңінде тәулігіне дене салмағына 3–6 мг/кг дозада, екі қабылдауға бөлінген).
Сүйек кемігін трансплантациялау
Бастапқы дозаны трансплантациядан бір күн бұрын енгізу керек. Көп жағдайда инфузия үшін ерітіндіні дайындауға арналған таңдаулы препарат Циклоспорин концентраты болып табылады. Вена ішіне енгізу кезінде ұсынылатын доза тәулігіне 3–5 мг/кг құрайды. Инфузияны қолдануды трансплантациядан кейінгі жақын кезеңде дозаның осы деңгейін сақтай отырып, 2 аптаға дейін — 2 қабылдауға бөлінген шамамен 12,5 мг/кг тәуліктік дозада Панимун Биорал препаратымен пероральді терапияға ауысқанға дейін жалғастыру керек.
Демеуші терапияны кем дегенде 3 ай (дұрысы 6 ай) жүргізу керек, содан кейін трансплантациядан соң 1 жыл ішінде дозаны препаратты толығымен тоқтатқанға дейін біртіндеп азайтады.
Егер Панимун Биорал препараты терапияның бастапқы кезеңіне тағайындалса, онда ұсынылатын тәуліктік доза трансплантация алдындағы күннен бастап 12,5–15 мг/кг (2 қабылдауда) құрайды.
Егер сіңірудің төмендеуіне әкелетін асқазан-ішек жолдарының аурулары болса, Панимун Биорал препаратының жоғары дозалары немесе циклоспорин препаратының вена ішіне инфузиясын қолдану қажет болуы мүмкін.
Кейбір пациенттерде циклоспоринді қабылдауды тоқтатқаннан кейін «қожайынға қарсы трансплантат» ауруы пайда болуы мүмкін, ол көп жағдайда терапияны қайта бастағаннан кейін өтеді. Мұндай жағдайларда бастапқы дозаны 10-12,5 мг/кг пероральді, содан кейін бұрын қанағаттанарлық деп танылған күнделікті демеуші дозаны тағайындау керек. Бұл жағдайды оның айқындылығы әлсіз формадағы созылмалы ағымы кезінде емдеу үшін Панимун Биорал препаратын төмен дозаларда қолдану керек.
Трансплантациялық емес көрсетілімдер
Панимун Биорал препаратын кез келген белгіленген трансплантациялық емес көрсетілімдер кезінде қолданған кезде келесі жалпы ережелерді сақтау қажет.
Емдеуді бастамас бұрын бүйрек функциясының параметрлерінің бастапқы сенімді деңгейі кем дегенде екі өлшемде белгіленеді. Ересектерде бүйрек функциясын бағалау үшін MDRD формуласы бойынша есептелген шумақтық сүзілу жылдамдығы (еШСЖ) қолданылуы мүмкін, ал балалар популяциясындағы еШСЖ-ны бағалау үшін тиісті формуланы қолдану керек.
Панимун Биорал препараты бүйрек функциясының бұзылуына әкелуі мүмкін болғандықтан, оны жиі бағалау қажет. Егер еШСЖ төмендеуі бірнеше өлшемде бастапқы мәннің 25% -ынан асса, Панимун Биорал препаратының дозасын 25-50% - ға төмендету керек. Егер еШСЖ төмендеуі бастапқы мәннің 35% - ынан астамын құраса, Панимун Биорал препаратының дозасын одан әрі азайту мүмкіндігін қарастыру керек. Бұл ұсынымдарды креатинин концентрациясының мәндері зертханалық қалып шегінде қалса да орындау керек. Егер дозаны азайту бір ай ішінде еШСЖ жақсаруына әкелмесе, Панимун Биорал препаратымен емдеуді тоқтату керек.
Артериялық қысымның көрсеткіштерін үнемі бақылау қажет.
Билирубин деңгейі мен бауыр функциясын сипаттайтын параметрлердің мәндері емдеуді бастамас бұрын анықталуы тиіс және емдеу барысында әрі қарай мұқият мониторинг жүргізілуі қажет. Емдеуді бастамас бұрын және емдеу кезінде қан сарысуындағы липидтердің, калийдің, магнийдің және несеп қышқылының деңгейін үнемі өлшеу ұсынылады.
Қандағы циклоспорин деңгейіне мезгіл-мезгіл мониторинг трансплантациялық емес көрсетілімдер бойынша қолданғанда, мысалы, Панимун Биорал препаратын циклоспориннің фармакокинетикасына әсер етуі мүмкін заттармен бірге қолданғанда немесе әдеттен тыс клиникалық жауап жағдайында (мысалы, тиімділіктің жеткіліксіздігі немесе бүйрек функциясының бұзылуына әкелетін препаратқа жақпаушылығының жоғарылауы) орынды болуы мүмкін.
Препаратты қабылдаудың стандартты әдісі — пероральді. Инфузиялық ерітіндіге арналған концентратты қолданған кезде вена ішіне енгізу үшін пероральді дозаға сәйкес келетін дозаны мұқият анықтау керек. Циклоспоринмен емдеу тәжірибесі бар дәрігерден кеңес алу ұсынылады.
Көру қабілетіне қауіп төндіретін эндогендік увеитпен ауыратын пациенттер мен нефроздық синдромы бар балаларды қоспағанда, жалпы тәуліктік доза 5 мг/кг-дан аспауы керек.
Демеуші терапия үшін дозаны біртіндеп ең аз тиімді және жағымдылығы жақсы дозаға дейін азайту керек.
Белгіленген қажетті кезеңде тиісті терапиялық жауап болмаған кезде (нақты ақпарат төменде келтірілген) немесе тиімді доза белгіленген қауіпсіздік ережелерімен сәйкес келмеген жағдайда Панимун Биорал препаратымен емдеуді тоқтату керек.
Эндогендік увеит
Ремиссияны индукциялау үшін препаратты белсенді увеалық қабыну белгілері жойылғанға дейін және көру жітілігі жақсарғанға дейін екі қабылдауда пероральді 5 мг/кг бастапқы тәуліктік дозада тағайындайды. Ем қиын қонатын жағдайларда қысқа мерзімге дозаны тәулігіне 7 мг/кг дейін арттыруға болады.
Егер жағдайды бір Панимун Биорал препаратының көмегімен бақылау мүмкін болмаса, бастапқы ремиссияға қол жеткізу немесе көздегі қабыну ұстамасын тоқтату мақсатында жүйелі кортикостероидтарды -преднизолонның 0,2-0,6 мг/кг тәуліктік дозасын (немесе баламалы дозада басқа ГКС) қосуға болады. 3 айдан кейін кортикостероидтардың дозасын ең төменгі тиімді дозаға дейін төмендетуге болады.
Демеуші терапия үшін дозаны біртіндеп ең төменгі тиімді дозаға дейін азайту керек. Аурудың ремиссиясы кезінде доза тәулігіне 5 мг/кг аспауы керек.
Иммуносупрессанттарды қолданар алдында увеиттің инфекциялық себептерін жоққа шығару керек.
Нефроздық синдромы
Ремиссияны индукциялау үшін ұсынылатын тәуліктік доза пероральді 2 қабылдауға бөлінеді.
Егер бүйрек функциясы қалыпты болса (протеинурияны қоспағанда), келесі ұсынылатын тәуліктік дозалар қолданылады:
ересек пациенттер — 5 мг/кг;
балалар — 6 мг/кг.
Бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде бастапқы доза тәулігіне 2,5 мг/кг аспауы тиіс.
Егер бір Панимун Биорал препаратын қолданғанда қанағаттанарлық әсерге қол жеткізілмесе, әсіресе стероидқа төзімді пациенттерде, онда оны пероральді кортикостероидтардың төмен дозаларымен біріктіру ұсынылады.
Жақсару уақыты гломерулопатия типіне байланысты 3 айдан 6 айға дейін болады. Егер осы кезеңде жақсару байқалмаса, Панимун Биорал препаратымен терапияны тоқтату керек.
Дозалар тиімділік (протеинурия) және қауіпсіздік көрсеткіштерін ескере отырып, жеке таңдалуы тиіс, бірақ ересектер үшін тәулігіне 5 мг/кг және балалар үшін тәулігіне 6 мг/кг дозадан аспауы тиіс.
Демеуші терапия үшін дозаны біртіндеп ең аз тиімді дозаға дейін азайту керек.
Ревматоидты артрит
Емдеудің алғашқы 6 аптасында ұсынылатын тәуліктік доза пероральді қабылдау үшін 3 мг/кг, 2 қабылдауға бөлініп тағайындалады. Әсер жеткіліксіз болған жағдайда, егер жағымдылығы мүмкіндік берсе, тәуліктік дозаны біртіндеп арттыруға болады, бірақ 5 мг/кг-дан асырмау керек. Толық тиімділікке жету үшін Панимун Биорал препаратымен 12 аптаға дейін ем жүргізу қажет болуы мүмкін.
Демеуші терапия үшін ең төменгі тиімді дозаны препараттың жағымдылығына байланысты жеке таңдау керек.
Панимун Биорал препаратын төмен дозалы кортикостероидтармен және/немесе қабынуға қарсы стероидты емес препараттармен бірге тағайындауға болады. Панимун Биоралын препаратын метотрексат монотерапиясына қанағаттанарлықсыз жауабы бар пациенттерде төмен дозалы метотрексаттың бір апталық курсымен біріктіруге болады. Панимун Биорал препаратының бастапқы дозасы тәулігіне 2,5 мг/кг құрайды (2 қабылдауда), бұл ретте дозаны жағымдылығымен шектелген деңгейге дейін арттыруға болады.
Псориаз
Панимун Биорал препаратымен емдеуді псориазға диагностика жасау және емдеу тәжірибесі бар дәрігер жүргізуі керек. Бұл аурудың өзгергіштігіне байланысты емдеу жеке таңдалуы керек. Ремиссияны индукциялау үшін ұсынылатын бастапқы доза 2 қабылдауда тәулігіне 2,5 мг/кг құрайды. 1 айлық терапиядан кейін жақсару болмаса, тәуліктік дозаны біртіндеп арттыруға болады, бірақ 5 мг/кг-дан аспауы керек. Егер тәулігіне 5 мг/кг дозамен 6 апта емдеуден кейін псориаз көріністеріне қанағаттанарлық жауап болмаса немесе тиімді доза белгіленген қауіпсіздік параметрлеріне сәйкес келмесе, емдеуді тоқтату керек.
Тәулігіне 5 мг/кг бастапқы дозаны жағдайы тезірек жақсартуды талап ететін пациенттерге қолданған дұрыс. Егер қанағаттанарлық жауапқа қол жеткізілсе, онда Панимун Биорал препаратын тоқтатуға болады, ал кейінгі қайталануды алдыңғы тиімді дозада Панимун Биорал препаратын қайта тағайындау арқылы емдеуге болады. Кейбір пациенттерге ұзақ мерзімді демеуші терапия қажет болуы мүмкін.
Демеуші терапия үшін дозалар ең төменгі тиімді деңгейге дейін жеке таңдалады және тәулігіне 5 мг/кг-дан аспауы керек.
Атопиялық дерматит
Панимун Биорал препаратымен емдеуді атопиялық дерматитті диагностика жасау және емдеу тәжірибесі бар дәрігер жүргізуі керек. Бұл аурудың өзгергіштігіне байланысты емдеу жеке таңдалуы керек. Ұсынылатын бастапқы доза 2 қабылдауда тәулігіне 2,5-5 мг/кг құрайды. Егер тәулігіне 2,5 мг/кг бастапқы доза 2 апта ішінде қанағаттанарлық жауапқа қол жеткізуге мүмкіндік бермесе, онда тәуліктік дозаны ең жоғары — 5 мг/кг-ға дейін тез арттыруға болады. Өте ауыр жағдайларда тәулігіне 5 мг/кг бастапқы дозаны қолдану арқылы ауруды жылдам және адекватты бақылауға қол жеткізуге болады. Егер қанағаттанарлық жауапқа қол жеткізілсе, дозаны біртіндеп азайту керек, мүмкін болса, Панимун Биорал препаратын тоқтату керек. Рецидив пайда болған жағдайда Панимун Биорал препаратымен емдеу курсы қайта жүргізілуі мүмкін.
8 аптаға созылатын емдеу курсы тері жамылғысын тазарту үшін жеткілікті болуы мүмкін болса да, ұзақтығы 1 жылға созылған терапия тиімді және барлық қажетті көрсеткіштерге міндетті түрде мониторинг жүргізген жағдайда жағымдылығы жақсы екендігі дәлелденді.
Циклоспориннің бір пероральді дәрілік түрінен екіншісіне ауысу
Циклоспориннің түпнұсқа дәрілік түрін қабылдаудан 1:1 доза арақатынасын сақтай отырып, Панимун Биорал препаратына ауысқан кезде қандағы анықталатын концентрациялар циклоспориннің қалдық концентрацияларының мәндерімен салыстырмалы болып табылады. Дегенмен, көптеген пациенттерде ең жоғары концентрацияның жоғары мәндері (Cmax) және препараттың әсер ету ұзақтығының артуы («концентрация-уақыт» қисық астындағы аудан - AUC) байқалуы мүмкін. Бұл өзгерістер пациенттердің аз санында ғана байқалады және клиникалық маңызды болуы мүмкін. Панимун Биорал пероральді түрінің сіңуі аз өзгергіш, ал қалдық концентрациялар мен әсер ету арасындағы корреляция (AUC мәндері бойынша) циклоспориннің түпнұсқа дәрілік түрін қолданғанға қарағанда әлдеқайда айқын.
Циклоспориннің түпнұсқа дәрілік түрінен Панимун Биорал препаратына ауысу циклоспориннің әсерінің жоғарылауына әкелуі мүмкін болғандықтан, келесі ережелерді сақтау керек.
Трансплантациядан кейінгі пациенттерде Панимун Биорал препаратымен емдеуді циклоспориннің түпнұсқа дәрілік түрінің алдында қолданған тәуліктік дозадан бастау ұсынылады. Қандағы циклоспориннің қалдық концентрациясын Панимун Биорал препаратына ауысқаннан кейін 4-7 күн ішінде бақылау қажет. Сонымен қатар, бүйрек функциясының көрсеткіштері мен артериялық қысымы сияқты клиникалық қауіпсіздік параметрлерін ауысқаннан кейінгі алғашқы 2 айда бақылау керек. Егер қандағы циклоспориннің қалдық концентрациясы терапевтік диапазоннан тыс болса және / немесе клиникалық жағдайдың қауіпсіздік параметрлерінің нашарлауы байқалса, дозаны сәйкесінше түзету қажет.
Трансплантациямен байланысты емес ем қабылдап жүрген пациенттерде Панимун Биорал препаратымен емдеуді циклоспориннің түпнұсқа дәрілік түрін қолданған кезде анықталған тәуліктік дозадан бастау керек. Ауысқаннан кейін 2, 4 және 8 апта өткен соң бүйрек функциясы мен артериялық қысымның көрсеткіштерін бақылау қажет. Егер артериялық қысымның деңгейі ауысуға дейін тіркелген көрсеткіштермен салыстырғанда айтарлықтай жоғарыласа немесе есептік ШСЖ мәндері циклоспориннің түпнұсқа дәрілік түрімен бірнеше рет өлшенген емдеуге дейінгі көрсеткіштермен салыстырғанда 25% - дан аса төмендесе, онда дозаны азайту керек. Уытты реакциялар дамыған жағдайда немесе циклоспориннің клиникалық әсері болмаған жағдайда қандағы циклоспориннің қалдық концентрациясының көрсеткіштерін бақылау қажет.
Циклоспориннің пероральді формалары арасында ауысу
Циклоспориннің бір пероральді түрінен екіншісіне ауысу трансплантациядан кейінгі пациенттердің қанындағы циклоспорин деңгейіне мониторинг жүргізуді қоса алғанда, дәрігердің бақылауымен жүзеге асырылуы керек.
Пациенттердің ерекше топтары
Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттер
Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі фармакокинетикаға айтарлықтай әсер етпейді, өйткені циклоспорин бүйрек арқылы минималды шығарылады. Алайда, циклоспориннің нефроуытты әлеуетіне байланысты бүйрек функциясына мұқият мониторинг жүргізу ұсынылады.
Трансплантациялық емес көрсетілімдер
Нефроздық синдромы бар пациенттерді қоспағанда, трансплантациямен байланысты емес көрсетілімдер бойынша бүйрек функциясы бұзылған пациенттер циклоспоринді қабылдамауы керек. Бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде нефроздық синдром кезінде бастапқы доза тәулігіне 2,5 мг/кг аспауы тиіс.
Бауыр функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттер
Циклоспорин бауырда едәуір дәрежеде метаболизденеді. Бауыр функциясы бұзылған пациенттерде циклоспорин экспозициясының шамамен 2-3 есе артуы байқалуы мүмкін. Бауыр функциясының ауыр бұзылулары бар пациенттерде қандағы циклоспорин деңгейін ұсынылған диапазонда шегінде ұстап тұру үшін дозаны азайту қажет болуы мүмкін. Қандағы циклоспорин деңгейін тұрақты деңгейге жеткенше бақылау ұсынылады.
Балалар
Клиникалық зерттеулер шеңберінде препараттың 1 жастан асқан балаларға әсері зерттелді. Бірнеше зерттеулерде балалар мен жасөспірімдерге ересек пациенттерде қолданылатын дозалармен салыстырғанда циклоспориннің дене салмағының килограммына жоғары дозалары қажет болды және жағымдылығы жақсы болды.
Нефроздық синдромы бар пациенттерді қоспағанда, трансплантациямен байланысты емес көрсетілімдері бар балаларға Панимун Биорал препаратын қолдану ұсынылмайды.
Егде жастағы пациенттер (65 және одан жоғары жастағы)
Егде жастағы пациенттерде Панимун Биорал препаратын қолдану тәжірибесі шектеулі.
Циклоспоринді қолдана отырып ревматоидты артритті емдеудің клиникалық зерттеулерінің нәтижелері бойынша 65 жастағы және одан асқан пациенттерде терапияны жүргізуге жауап ретінде систолалық гипертензияның дамуы, сондай-ақ 3 айдан 4 айға дейінгі терапия курсынан кейінгі бастапқы көрсеткіштермен салыстырғанда сарысудағы креатинин концентрациясының ≥50% - ға жоғарылауы жиі байқалды.
Егде жастағы пациенттер үшін дозаны мұқият таңдау керек, ал ең төменгі дозадан бастап, бауыр, бүйрек немесе жүрек функциясының төмендеуінің жоғары жиілігін, қатар жүретін аурудың немесе қатар жүретін терапияның болуын, сондай-ақ инфекцияларды қабылдағыштықтың жоғарылауын ескеру қажет.
Енгізу әдісі мен жолы
Ішке қабылдауға арналған.
Панимун Биорал капсуласын бүтін күйінде жұту қажет.