Парацетамолдың артық дозалануы бауыр жеткіліксіздігін тудыруы мүмкін, ол бауыр трансплантациясы қажеттігіне немесе өлімге әкелуі мүмкін. Бауыр дисфункциясымен және гепатоуыттылықпен қоса жүретін жедел панкреатит байқалды.
Парацетамолмен улану қаупі, әсіресе егде жастағы адамдарда, кішкентай балаларда, бауыр аурулары бар пациенттерде, созылмалы алкоголизм жағдайларында және созылмалы тамақтану тапшылығы бар пациенттерде болады. Мұндай жағдайларда артық дозалану өлімге әкелуі мүмкін.
ПАРАЦЕТАМОЛ препаратын артық дозалаған жағдайда, тіпті егер пациент өзін жақсы сезінсе де және артық дозалаудың айқын симптомдары байқалмаса да, препаратты қолдануды тоқтату және медициналық көмек көрсету үшін дереу дәрігерге бару қажет.
7.5 г немесе одан да көп парацетамол қабылдаған ересектер мен жасөспірімдерде (≥12 жас) бауырдың зақымдануы мүмкін. Уытты метаболиттің шамадан артық мөлшері (әдетте парацетамолдың қалыпты дозасын ішке қабылдағанда глутатионмен талапқа сай детоксикацияланатын) бауыр тінімен қайтымсыз байланысады деп болжайды. 5 г немесе одан да көп парацетамолды ішке қабылдау, егер пациентте қауіп факторлары болса, бауырдың зақымдануына әкелуі мүмкін (төменде қараңыз).
Қауіп факторлары
Егер пациент:
а) карбамазепинмен, фенобарбиталмен, фенитоинмен, примидонмен, рифампицинмен, шайқураймен немесе бауыр ферменттерінің индукциясын тудыратын басқа да препараттармен ұзақ емдеуде болса,
немесе
б) этанолды ұсынылған мөлшерден тыс үнемі тұтынатын болса,
немесе
c) глутатионның таусылуы ықтимал аурулар болса, мысалы, тамақтану бұзылыстары, муковисцидоз, АИТВ инфекциясы, ашығу, кахексия кезінде.
Симптомдары
Артық дозаланғаннан кейінгі алғашқы 24 сағат ішінде келесі симптомдар пайда болуы мүмкін: жүрек айнуы, құсу, іштің ауыруы, глюкоза метаболизмінің бұзылуы (тершеңдік, бас айналуы, естен тану), тері жабынының бозаруы, тәбеттің төмендеуі, көмірсу алмасуының бұзылуы немесе пациенттерде симптомдар болмауы мүмкін.
Ересектерде немесе балаларда бір рет енгізгенде парацетамолмен артық дозалану бауыр жасушаларының некрозын тудыруы мүмкін, ол гепатоцеллюлярлы жеткіліксіздікке, глюкоза метаболизмінің бұзылуына, метаболизмдік ацидозға және энцефалопатияға (ми функциясының бұзылуы), қан кетуге, гипогликемияға, мидың ісінуіне әкелуі мүмкін толық және қайтымсыз некроз тудыруы мүмкін, бұл комаға және өліммен аяқталуға әкелуі мүмкін. Бір мезгілде бауыр трансаминазаларының (АСТ, АЛТ), лактатдегидрогеназаның және билирубиннің жоғарылауы, сондай-ақ препаратты енгізгеннен кейін 12-48 сағаттан соң пайда болуы мүмкін және 4-6 күннен соң максимумға жететін протромбин деңгейінің жоғарылауы байқалады.
Сондай-ақ жедел тубулярлық некрозбен жүретін жедел бүйрек жеткіліксіздігі дамуы мүмкін, оған тән белгілер бел аймағындағы ауыруы, гематурия (қан немесе несептегі эритроциттер қоспасы), протеинурия (несептегі ақуыздың жоғары мөлшері), бұл ретте бауырдың ауыр зақымдануы болмауы мүмкін. Жүрек ырғағының бұзылуы, панкреатит жағдайлары байқалды.
Ұсынылған дозадан асырып ұзақ уақыт қолданғанда гепатоуыттылық және нефроуыттылық әсер (бүйрек шаншуы, спецификалық емес бактериурия, интерстициальді нефрит, папиллярлы некроз) байқалуы мүмкін.
Емі
Парацетамолдың артық дозалануын емдеуде дереу басталған емдеу өте маңызды. Елеулі ерте симптомдарының жоқтығына қарамастан, пациенттер шұғыл түрде ауруханаға стационар жағдайында жедел медициналық көмек алу үшін жіберілуі тиіс! Симптомдар жүрек айнуы немесе құсумен шектелуі және артық дозалану ауырлығын немесе ағзалардың зақымдану қаупін көрсетпеуі мүмкін. Емдеу белгіленген емдеу нұсқаулықтарының қағидаттарына сәйкес жүргізілуі керек.
Артық дозаланғаннан кейін бірінші сағат ішінде асқазанды шаю және энтеросорбенттерді (белсендірілген көмір, полифепан) қабылдау ұсынылады. Қан плазмасындағы парацетамол деңгейін анықтау керек, бірақ артық дозаланғаннан кейін кемінде 4 сағаттан соң (бұдан бұрынғы нәтижелері дұрыс емес). Оны қолдану жөніндегі жалпы қабылданған нұсқаулықтарға сәйкес артық дозаланудан кейін 24 сағат ішінде N-ацетилцистеин антидотын мүмкіндігінше тезірек енгізу керек. Ең жоғары қорғаныш әсері артық дозаланғаннан кейін алғашқы 8 сағат ішінде қамтамасыз етіледі, уақыт өте келе антидоттың тиімділігі күрт төмендейді. Қажет жағдайда ацетилцистеинді вена ішіне енгізеді. Пациент стационарға түскенге дейін құсу болмаған жағдайда метионинді қолдануға болады. Қосымша емдік іс-шараларды жүргізу қажеттілігі (метионинді қолдану, ацетилцистеинді вена ішіне енгізу) қандағы парацетамолдың концентрациясына, сондай-ақ оны қабылдағаннан кейін өткен уақытқа байланысты анықталады. Симптоматикалық терапия да жүргізілуі керек. Бауыр функциясы күрделі бұзылған пациенттерді парацетамолды қабылдағаннан кейін 24 сағаттан соң емдеу токсикологиялық орталықтың немесе бауыр ауруларының мамандандырылған бөлімшесінің мамандарымен бірлесіп жүргізілуі тиіс.