Келесі аурулар мен жай-күйлер кезінде препаратты сақтықпен қолдану керек:
• Емдеу кезінде қызба аурулары, жарақаттар немесе операциялық араласулар сияқты елеулі дене жүктемелері туындаған жағдайда, кортикостероидтардың тәуліктік дозасын уақытша түзету қажет болуы мүмкін.
• Фторхинолондар мен кортикостероидтарды бір мезгілде қолданғанда сіңірлердің ауруларының, сіңірлердің қабынулары мен үзілулерінің қаупі арта түседі.
• Препаратты ұзақ уақыт қолдану әр үш ай сайын офтальмологтың тексеруімен қатар жүруі тиіс.
• Ұзақ уақыт қолдану Капоши саркомасының жылдам үдеуімен байланысты болуы мүмкін.
• Орын басушы емнен басқа, кортикостероидтар өздерінің қабынуға қарсы және иммуносупрессиялық қасиеттерінің арқасында, емдік емес, паллиативтік әсерге ие. Дозасы мен емдеу ұзақтығына қарай ұзақ уақыт қабылдау, жағымсыз реакциялардың туындау жиілігінің артуымен байланыстырылады. Жүйелі әсер ететін кортикостероидтармен ұзақ уақыт ем қабылдап жүрген пациенттер гипоталамус-гипофиз-бүйрек үсті безі жүйесінің бәсеңдеуін (ГГБ, бүйрек үсті безінің жеткіліксіздігі), Кушинг синдромын, гипергликемия мен глюкозурияны анықтау мақсатында қадағалауда болуы тиіс.
• Кортикостероидтармен ұзақ емдеуден кейін, «тоқтату синдромын» болдырмау үшін емді біртіндеп тоқтату керек. Бүйрек үсті безінің жеткіліксіздігі кортикостероидтармен емдеуді тоқтатқаннан кейін айлар бойы сақталуы мүмкін және стресс (хирургиялық операция, ауру) кезінде орын басушы ем қажет болуы мүмкін. Бүйрек үсті безінің жеткіліксіздігі қаупін дәрілік затты күнделікті енгізілетін дозаларының орнына күнара тағайындау арқылы төмендетуге болады.
• Кортикостероидтардың қабынуға қарсы және иммуносупрессиялық әсерлеріне байланысты, оларды орын басушы ем үшін қажеттісінен жоғарырақ дозаларда қолдану инфекцияға сезімталдықты жоғарылатады, бұрыннан бар инфекциялық аурудың ушығуына және жасырын инфекциялардың белсенуіне алып келеді. Қабынуға қарсы әсері инфекциялық ауру асқынған сатыға өткенге дейін симптомдарының бүркемеленуіне алып келуі мүмкін. Егер емдеу кезінде жаңа инфекциялар туындаса, онда ондай инфекцияны өршітпеу мүмкін еместігі фактісі ескерілуі тиіс.
• Неврологиялық асқынулардың дамуы мен антиденелердің жеткіліксіз өндірілуі қаупіне байланысты, кортикостероидтармен (әсіресе, жоғары дозаларда) ем қабылдап жүрген пациенттерге басқа иммунопрофилактикалық іс-шараларды жүргізбеген дұрыс. Алайда, орын басушы терапия шеңберінде (мысалы, Аддисон ауруы кезінде) кортикостероидтарды қабылдап жүрген пациенттерге иммунизация жүргізілуі мүмкін.
• Иммуносупрессиясы бар пациенттерде стероидтардың жоғары дозаларын енгізу антиденелер өндірілуінің төмендеуіне, және соның салдары ретінде, тек ішінара қорғанысқа алып келуі мүмкін.
• Жасырын туберкулёзі (ТБ) бар пациенттерде кортикостероидтармен емдеу ТБ дамуы қаупін арттыруы мүмкін. Ондай пациенттерді ТБ қайта белсенділенуіне қатысты мұқият қадағалау керек және, егер кортикостероидтармен ұзақ емдеу қажет болса, туберкулёзге қарсы химиотерапия қолданылуы мүмкін. Туберкулёздің белсенді түрі бар пациенттерде кортикостероидтарды қолдану, егер ауруды емдеу үшін оларды туберкулёзге қарсы қолайлы еммен бірге пайдалану жоспарланса, ТБ өршуі немесе диссеминациясы жағдайларымен шектелуі тиіс.
• Кортикостероидтарды жүйелі қолданудан кейін феохромоцитомалық криз дамығаны туралы мәлімделген, ол өлімге соқтыруы мүмкін. Болжамды немесе расталған феохромоцитомасы бар пациенттерде кортикостероидтарды тек, «пайдасы-қаупінің» арақатынасын мұқият бағалаудан кейін ғана қолдану керек.
• Кортикостероидтармен жүйелі желшешек немесе қызылша сияқты емдеу вирустық аурулардың әсеріне ұшыраған адамдарда ауыр немесе жасырын инфекциялардың қаупін арттыруы мүмкін (пациенттерге ондай қауіптен сақтану және ондай болған жағдайда тез арада дәрігерге хабарласу қажеттілігі туралы ескерту керек). Кортикостероидтар бактериялық және зеңдік инфекциялардың (Candida инфекциясының) дамуына ықпал етуі мүмкін. Кортикоидтар жасырын амёбалық инфекцияларды белсендіруі мүмкін, сондықтан, кортикоидтық емді бастар алдында олардың бар-жоқтығын анықтау өте маңызды.
• Преднизолон глюконеогенезді күшейтеді. Стероидтардың жоғары дозаларымен ем қабылдап жүрген пациенттердің шамамен бестен бірінде, инсулинге сезімталдықтық төмендеуімен және глюкоза үшін бүйректік шегінің төмендеуімен бірге қатерсіз «стероидтық диабет» дамиды. Бұл жай-күй емді тоқтатқан кезде қайтымды.
Расталған қант диабеті кезінде кортикостероидтармен емдеу, әдетте, теңгерімнің бұзылуына алып келеді, ол инсулиннің дозасын түзетумен компенсациялануы мүмкін.
• Преднизолонмен ұзақ емдеу кальций мен фосфаттың метаболизміне әсер етеді және остеопороз қаупін арттырады. Преднизолон кальций мен фосфат деңгейінің төмендеуіне ықпал етеді, ол Д дәруменінің деңгейіне әсер етеді, сол арқылы сарысудағы остеокальцин (сүйек түзілуімен байланысты сүйек матриксінің ақуызы) деңгейінің дозаға тәуелді төмендеуін тудырады. Кальций мен Д3 дәруменін қосымша тағайындау глюкокортикоидтар индукциялаған сүйек массасы жоғалтылуының профилактикасына ықпал етуі мүмкін.
• Балаларда бірнеше апта бойы преднизолонмен емдеу өсу гормоны секрециясының азаюымен және осы гормонға шеткері сезімталдықтың төмендеуімен байланысты өсудің тежелуінің даму қаупін тудырады.
• Кортикостероидтар эйфорияны, ұйқысыздықты, көңіл-күйдің құбылуларын, тұлғалық өзгерістерді, депрессия мен психоздық үрдістерді қоса, психикалық бұзылуларды тудыруы мүмкін. Кортикостероидтармен емдеу аясында асқынулардың дамуы дозасына тәуелді. Симптомдары әдетте, емдеу басталғаннан кейін бірнеше күн немесе апта ішінде пайда болады. Көпшілік жағдайларда симптомдар дозасын төмендеткеннен кейін немесе препаратты тоқтатқаннан кейін жоғалады, алайда, жекелеген жағдайларда арнайы ем қажет болуы мүмкін. Пациенттерге және/немесе олардың туыстарына немесе күтім жасайтын адамдарға, депрессия белгілері немесе суицидтік ойлар пайда болған кезде медициналық көмекке жүгіну керектігін айту керек.
• Кортикостероидтарды жүйелі және жергілікті қолданғанда көру қабілетінің бұзылулары туындауы мүмкін. Бұлыңғыр көруге немесе көру мүшесі тарапынан басқа бұзылуларға шағым болған жағдайда, жүйелі немесе жергілікті кортикостероидтарды қолданғанда сипатталған жағдайлар - катаракта, глаукома немесе сирек аурулар, мысалы орталықтық сероздық хориоретинопатия (ОСХРП), сияқты, жай-күйлердің бар-жоқтығын анықтау үшін пациентті офтальмологқа жолдау мүмкіндігін қарастыру керек.
• Жүйелі глюкокортикоидтарды ұзақ уақыт қолдану артқы субкапсулалық катарактаның, глаукоманың дамуына (көзішілік қысымның жоғарылауы салдарынан) және көз инфекциялары қаупінің жоғарылауына алып келуі мүмкін. Глаукома, мөлдір қабықтың ойық жаралы зақымданулары немесе жарақаттары жағдайында, жүйелі офтальмологиялық тексеру және тиісінше ем қолданылады. Герпестік инфекциясы бар пациенттерде мөлдір қабықтың зақымдану қаупі жоғарылайды, өйткені преднизолон инфекция симптомдарын бүркемелеуі мүмкін.
• Ұзақ уақыт қолданғанда әр үш ай сайын офтальмологиялық тексеру ұсынылады.
• Жуырда миокард инфарктісін бастан өткерген пациенттерде, сол жақ қарынша қабырғасының жарылуы қаупіне байланысты, емдеуді ерекше сақтықпен жүргізу керек.
Арнайы ескертулер
Емдеуді бастар алдында (жай-күйдің ургенттілігіне байланысты мүмкін болмаған жағдайда – емдеу үдерісінде) науқас ықтимал қарсы көрсетілімдерді анықтау үшін тексерілуі тиіс. Клиникалық тексеру жүрек-қантамыр жүйесін зерттеуді, өкпенің рентгенологиялық зерттеуін, асқазан мен он екі елі ішекті, несеп шығару жүйесін, көру мүшелерін зерттеуді; қан формуласын, глюкоза мен электролиттер мөлшерін қан плазмасындағы бақылауды қамтуы тиіс.
Преднизолонмен (әсіресе ұзақ) емдеу кезінде окулистің қадағалауы, артериялық қысымды, су-электролит теңгерімінің күйін, сондай-ақ, шеткері қан көрінісі мен қандағы глюкоза концентрациясын бақылау қажет.
Жағымсыз құбылыстарды азайту мақсатында, антацидтерді қолдануға, сондай-ақ, калий иондарының (K+) организмге түсуін (диета, калий препараттары) арттыруға болады. Тамақ ақуыздарға, дәрумендерге бай болуы, майлар, көмірсулар мен ас тұзының мөлшері шектелуі тиіс.
Гипотиреозы және бауыр циррозы бар науқастарда препараттың әсері күшейе түседі. Препарат бұрыннан бар эмоционалдық орнықсыздықты немесе психоздық бұзылуларды күшейтуі мүмкін. Анамнезде психоз болғаны көрсетілген жағдайда, жоғары дозалардағы Преднизолонды дәрігердің қатаң бақылауымен қолданады.
Демеуші ем кезіндегі стресс жағдайларында (мысалы, хирургиялық операциялар, жарақат немесе инфекциялық ауру) глюкокортикостероидтардың қажеттілігі жоғарылайтынына байланысты, препараттың дозасын түзету керек. Стресс жағдайларында бүйрек үсті безі қыртысының салыстырмалы жеткіліксіздігі дамуы мүмкіндігіне байланысты, Преднизолонмен ұзақ емдеу аяқталғаннан кейін бір жыл бойы науқастарды мұқият қадағалау керек.
Ұзаққа созылған емді кенеттен тоқтатуға болмайды! Кенеттен тоқтатқан кезде, әсіресе, осының алдында жоғары дозаларын қолданғанда, «тоқтату» синдромы (анорексия, жүрек айнуы, мәңгіру, жайылған бұлшықет-қаңқа ауыруы, жалпы әлсіздік) дамуы, сондай-ақ, Преднизолон тағайындалған ауру өршуі ықтимал.
Тиімділігі (иммундық жауап) төмендейтіндігіне байланысты, Преднизолонмен емдеу кезінде вакциналауды жүргізбеген дұрыс.
Интеркурренттік инфекциялар, сепсис жағдайлары және туберкулез кезінде Преднизолонды қолданғанда, бір мезгілде бактерицидтік әсері бар антибиотиктермен ем жүргізу қажет.
Балаларда Преднизолонмен ұзақ емдеу кезінде өсу мен дамудың динамикасын мұқият қадағалау қажет. Емдеу кезеңінде қызылшаға немесе желшешекке шалдыққан науқастармен қарым-қатынаста болған балаларға, профилактикалық мақсатта спецификалық иммуноглобулиндерді қолданады.
Бүйрек үсті безінің жеткіліксіздігі кезінде орын басушы ем үшін минералокортикостероидтық әсері әлсіз болуы салдарынан, Преднизолонды минералокортикостероидтармен біріктіріп қолданады.
Қант диабеті бар науқастарда қандағы глюкоза мөлшерін бақылау және қажет болған жағдайда емді түзету керек.
Сүйек-буын жүйесін рентгенологиялық жолмен бақылау (омыртқаның, қол басының суреті) көрсетілген.
Бүйрек және несеп шығару жолдарының жасырын инфекциялық аурулары бар науқастарда Преднизолон лейкоцитурияны тудыруға қабілетті, мұның диагностикалық маңызы болуы мүмкін.
Преднизолон метаболиттері 11- және 17-оксикетокортикостероидтардың мөлшерін арттырады.
Преднизолон склеродермиялық бүйректік криздің (жедел склеродермиялық нефропатия) туындауына ықпал етуі мүмкін. Артериялық гипертензиямен және диурез төмендеуімен склеродермиялық бүйректік криз (өлімге соқтыруы ықтимал) дамыған жағдайлардың жиілігі артқаны байқалғандықтан, жүйелі склеродермиясы бар пациенттерде преднизолонды 15 мг және одан асатын тәуліктік дозада күнделікті қабылдағанда сақтық таныту қажет. Артериялық қысым мен бүйрек функциясын (қан плазмасындағы креатинин концентрациясын) белгіленген тәртіппен бақылау керек. Бүйректік кризге күдіктенген жағдайда, артериялық қысымды аса мұқият бақылау қажет.
Лактоза
Препараттың қосымша затттарының құрамында лактоза бар, тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, Lapp (ЛАПП)-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар пациенттерге қолдану қарсы көрсетілімді.
Педиатрияда қолданылуы
Препаратты балаларға 3 жастан бастап қолдануға рұқсат етіледі.