Егер сізде гипогликемия болса (қандағы қант деңгейі төмен) Гипогликемия белгілері кенеттен пайда болуы және келесілерді қамтуы мүмкін: суық тер, тері жамылғысының бозаруы, бас ауыруы, жүрек соғуының жиілеуі, әлсіздік, айқын аштық сезімі, көрудің уақытша бұзылуы, ұйқышылдық, шаршағыштық, әлсіздік, күйгелектік, дірілдеу, үрейлену сезімі, сананың шатасуы, зейін қоюдың төмендеуі.
Егер сізде осындай белгілер пайда болса, глюкоза таблеткасын, құрамында қант бар азық-түліктерді (кәмпит, печенье, жеміс шырыны) қабылдаңыз, содан кейін демалыңыз.
Егер сіз гипогликемия симптомдарының жақындағанын сезсеңіз, инсулинді қабылдамаңыз.
Глюкоза таблеткаларын, тәттілерді, печенье немесе жеміс шырынын үнемі бірге алып жүру ұсынылады.
Өз туыстарыңызды, достарыңызды және жақын әріптестеріңізді, егер сіз есіңізді жоғалтсаңыз, олар сізді тез арада бүйіріңізге бұрып, медициналық көмекке жүгінуі керектігінен хабардар етіңіз. Олар сізге тамақ немесе сусындар бермеуі керек. Бұл тұншығуға әкелуі мүмкін.
• Ұзақ ауыр емделмеген гипогликемия, мидың зақымдануына (уақытша немесе тұрақты) және тіпті өлімге әкелуі мүмкін.
• Егер сізде сананы қысқа уақыт жоғалтатын гипогликемия болса немесе гипогликемияның жиі эпизодтары болса, дәрігеріңізбен кеңесіңіз. Мүмкін, инсулиннің дозасын немесе енгізу режимін, тамақ қабылдау уақытын немесе физикалық жүктемелерді түзету қажет болады.
Глюкагонды пайдалану
Арнайы оқытылған адам жасаған глюкагон гормоны инъекциясы Сізге есіңізді тез жинауға көмектесе алады. Глюкагонды енгізгеннен кейін және есіңізді жиғанда, Сізге глюкоза немесе тәтті тағамдар қажет болады. Егер сізде глюкагонды енгізгенде реакция болмаса, сізге стационарлық емдеу қажет. Глюкагон инъекциясынан кейін медициналық көмекке жүгініңіз: қайталанған эпизодтар мен асқынуларды болдырмау үшін гипогликемияның себебін анықтау қажет.
Гипогликемияның себептері
Сіздің қаныңыздың құрамындағы қант деңгейі тым төмен болса, гипогликемия туындайды. Бұл орын алуы мүмкін:
• Егер сіз инсулин тым үлкен дозасын қабылдасаңыз;
• Егер сіз тамақты тым аз жесеңіз немесе уақтылы ішпесеңіз;
• Егер сіз физикалық жүктемені әдеттегіден арттырған болсаңыз.
Дәрілік препараттың бір немесе бірнеше дозаларын өткізіп алған кездегі қажетті шаралар
Егер сізде гипергликемия болса (қандағы қанттың жоғары деңгейі).
Гипергликемияның хабаршы симптомдары біртіндеп дамиды. Симптомдарға келесілер жатады: несеп шығару жиілігінің артуы, шөлдеу сезімі, тәбеттің жоғалуы, жүректің айнуы, құсу, ұйқышылдық немесе шаршау сезімі, терінің қызаруы және құрғауы, ауыз қуысының құрғауы, сондай-ақ тыныс алу кезінде ацетонның иісі.
Егер сізде мұндай белгілер табылса, қандағы қант деңгейін тексеріңіз, мүмкін болса, несепте кетондардың болуын тексеріңіз. Содан кейін дереу медициналық көмекке жүгініңіз. Бұл диабеттік кетоацидоз деп аталатын өте ауыр жағдайдың белгілері болуы мүмкін. Тиісті ем қабылдамаса, бұл диабеттік комаға және соңында өлімге әкелуі мүмкін.
Гипергликемия туындауы мүмкін, егер:
• Сіз инсулин енгізуді ұмытып кетсеңіз;
• Инсулиннің Сізге қажет дозасына қарағанда үнемі аз дозасын енгізсеңіз;
• Сізде инфекция немесе қызба пайда болған кезде;
• Әдеттегіге қарағанда көп тамақ ішкен кезде;
• Физикалық жүктемелердің саны мен қарқындылығы төмендегенде.
Дәрілік препаратты стандартты қолданғанда пайда болатын жағымсыз реакциялардың сипаттамасы және бұл жағдайда қолданылатын шаралар
Барлық дәрілік препараттар сияқты, Протафан® НМ препараты жағымсыз реакцияларды тудыруы мүмкін, бірақ олар әрбір пациентте пайда бола бермейді.
Өте жиі (10 пациенттің 1-нен көп жиілікпен көрінуі мүмкін)
Қандағы қанттың төмен деңгейі (гипогликемия) («Артық дозаланған жағдайда қабылдануы қажет шаралар» бөлімін қараңыз).
Жиі емес (100-ден 1 жиілікпен көрінуі мүмкін)
Инъекция орнындағы терінің өзгерістері. Инсулинді бір аймаққа бірнеше рет енгізу май тінінің жұқаруына (липоатрофия) немесе қалыңдауына (липогипертрофия) әкелуі мүмкін (100 пациенттің 1-нде дамиды). Сонымен қатар, амилоидты ақуыздың (жиілігі белгісіз тері амилоидозы) жинақталуынан туындаған тері асты тығыздалуларының пайда болуы мүмкін. Инсулинді тері астындағы түйіндері бар, терісі жұқарған немесе жуан жерлерге енгізу препарат тиімділігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Мұндай терінің өзгерулеріне жол бермеу үшін препаратты енгізген сайын инъекция орынын өзгерту керек.
Аллергия белгілері. Енгізу орнында жергілікті аллергиялық реакциялар байқалуы мүмкін (ауырсыну, қызару, есекжем, қабыну, ісіну, қышу). Бұл реакциялар әдетте инсулин қабылдаған бірнеше аптаның ішінде басылады. Егер реакция өтпесе, дәрігеріңізбен кеңесіңіз.
Өз дәрігеріңізбен жылдам кеңесіңіз:
• Егер аллергия белгілері дененің басқа бөліктеріне таралса
• Егер сіздің көңіл-күйіңіз кенеттен нашарласа және терлей бастасаңыз; құсу басталса; тыныс алу қиын болса; жүрек соғуы жиілеп кетсе; басыңыздың айналғанын сезінсеңіз.
Диабеттік ретинопатия (көздің диабетпен байланысты ауруы, көздің көруін жоғалтуға әкелуі мүмкін). Егер сізде диабеттік ретинопатия болса және қандағы қант деңгейі тез жоғарыласа, бұл диабеттік ретинопатия жағдайының нашарлауына әкелуі мүмкін. Бұл туралы дәрігеріңізбен кеңесіңіз.
Буындардың ісінуі. Инсулинді қабылдау басталғаннан кейін сұйықтықтың кідіруі тобық айналасының немесе басқа буындардың ісінуіне себеп болуы мүмкін. Әдетте бұл тез өтеді.
Өте сирек (10000-нан 1 жиілікпен көрінуі мүмкін)
Көру тарапынан шағымдар.. Сіз алғаш рет инсулинмен емдеуді бастағанда, бұл сіздің көруіңіздің бұзылуын тудыруы мүмкін, бірақ әдетте бұл бұзылу уақытша сипатта болады.
Нейропатиялық ауыру (жүйкенің зақымдануымен байланысты ауыру). Егер Сіздің қаныңыздың құрамындағы қанттың деңгейі тез жоғарыласа, жүйкенің зақымдануына байланысты ауырсыну болуы мүмкін. Бұл жағдай жіті нейропатиялық ауырсыну деп аталады және ол әдетте уақытша.
Протафан® НМ немесе оның қосымша заттарының біріне ауыр аллергиялық реакциялар (жүйелі аллергиялық реакция деп аталады). (Сондай-ақ "Артық дозаланған жағдайда қабылдау қажет шаралар" бөлімін қараңыз).
Егер жағымсыз реакциялардың ең болмағанда біреуі ауыр болса немесе осы нұсқаулықта көрсетілмеген жағымсыз реакцияларды байқасаңыз, дәрігеріңізге, медбикеге, фармацевтке хабарлаңыз.
Жағымсыз дәрілік реакциялар туындаса медицина қызметкеріне, фармацевтика қызметкеріне немесе дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса, дәрілік препараттарға жағымсыз реакциялар (әсерлер) бойынша ақпараттық деректер базасына тікелей хабарласыңыз
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті "Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы" ШЖҚ РМК
http://www.ndda.kz