Дозалау режимі
Аталған бөлімде, К дәрумені антагонистерімен емделіп жүрген пациенттерде қан кетудің емін және операция алдындағы профилактикасын қоспағанда, тек жалпы нұсқаулар ғана беріледі. Емдеуді қан ұюының бұзылуларын емдеу тәжірибесін жинақтаған дәрігердің қадағалауымен бастау керек.
Дозалау режимі және орын басу емінің ұзақтығы қан ұюы бұзылуының ауырлық дәрежесіне, қан кетудің орналасуына және айқындылығына, сондай-ақ пациенттің клиникалық жай-күйіне байланысты. Дозасын және енгізу жиілігін әр жеке пациент үшін бөлек есептеу қажет. Дозалау аралықтарын протромбин кешенінің әр алуан қан ұюының факторларының әртүрлі жартылай шығарылу кезеңдерін ескере отырып, түзету қажет.
Жеке дозалау режимі тек плазмада қан ұюының жекелеген тиісті факторларының деңгейін жүйелі анықтау негізінде немесе протромбин кешенінің жалпы көрсеткіштерінің (мысалы, Квику протромбині, халықаралық қалыптасқан қатынас (ХҚҚ), протромбин уақыты) деңгейін анықтау және пациенттің клиникалық жай-күйін үздіксіз мониторингтеу негізінде анықталады.
Ауқымды хирургиялық араласуларда коагулограмманы (жеке қан ұюының факторларының спецификалық тестілері және/немесе протромбин кешені деңгейін анықтауға арналған жалпы тестілер) талдау арқылы орын басу емін мұқият мониторингтеу міндетті.
К дәрумені антагонистерімен емделу кезінде қан кету және қан кетудің операция алдындағы профилактикасы
Ауқымды қан кету кезінде немесе қан кету қаупі жоғары болатын операция алдындағы араласуларда қалыпты көрсеткіштерге (Квику протромбині – 100%, ХҚҚ – 1,0) жетуге ұмтылу керек. Келесі эмпирикалық қағида қолданылады: 1 ХБ (халықаралық бірлік) дене салмағына IX/кг факторы Квику протромбинінің мәнін шамамен 1% арттырады. Егер Протромплекс ХҚҚ анықтамасы негізінде қолданылса, дозасы емдеу басталуына дейінгі ХҚҚ мәніне және мақсатты ХҚҚ мәніне байланысты болады.
Төменде ұсынылған кестеде көрсетілген Макри әдісіне сай дозалау режимі бойынша ұсынымдарды қадағалау қажет.
ХҚҚ бастапқы деңгейі бойынша Протромплекс препаратын дозалау режимі
ХҚҚ — ХБ/кг дозасы (ХБ бірліктері IX факторына жатады)
2,0 – 3,9 — 25
4,0 – 6,0 — 35
> 6,0 — 50
К дәрумені антагонистерін қолданудан болатын қан ұюының бұзылуын түзету 6-8 сағатқа жуық сақталады. К дәруменінің әсері оны бір мезгілде қолдану кезінде, әдетте, 4-6 сағат ішінде дамиды. Сондықтан, әдетте, К дәрумені мен протромбин кешенін бір мезгілде қолданғанда протромбин кешенін қайталап енгізу қажет емес.
Аталған нұсқаулар эмпирикалық сипатта болып, белсенділігінің қалыпқа келу дәрежесі және әсер ету ұзақтығы өзгеруі мүмкін екендіктен, емдеу кезінде ХҚҚ деңгейін бақылап отыру қажет.
Егер қан ұюының факторының спецификалық концентраты қолжетімсіз болса, К дәруменіне тәуелді қан ұюының факторларының біреуінің туа біткен тапшылығы бар пациенттерде қан кетуді емдеу және оның операция алдындағы профилактикасы
Емдеуге қажетті дозаны есептеу килограмм дене салмағына 1 ХБ IX қан ұюының факторының қан плазмасында осы фактор белсенділігін шамамен 0,015 ХБ/мл арттыратыны, ал 1 ХБ килограмм дене салмағына VII қан ұюының факторының қан плазмасында осы фактор белсенділігін шамамен 0,024 ХБ/мл арттыратыны туралы эмпирикалық деректерге негізделген. Әр килограмм дене салмағына 1 ХБ II немесе X қан ұюының факторлары қан плазмасындағы аталған факторлар белсенділігін шамамен 0,021 ХБ/мл арттырады.
Әр спецификалық қан ұюының факторының қолданылатын бірліктері тиісті фактор үшін ДДҰ стандарттарына сәйкес ХБ үлгісінде өрнектелген. Қан плазмасындағы нақты қан ұюының факторының белсенділігі пайыздық мөлшерде (адамның қалыпты плазмасына қатысты) немесе халықаралық бірліктерде (нақты факторлар концентраттар үшін халықаралық стандартына қатысты) өрнектеледі.
Қан ұюының факторы белсенділігінің бір халықаралық бірлігі адамның қалыпты қан плазмасының бір миллилитрінде осы фактор мөлшеріне сәйкес келеді. Мысалы, X қан ұюының факторының қажетті дозасын есептеу килограмм дене салмағына 1 ХБ X қан ұю факторының плазмадағы осы фактор белсенділігін шамамен 0,017 ХБ/мл арттыратыны туралы эмпирикалық деректерге негізделген. Қажетті доза келесі формула бойынша есептеледі:
қажетті бірліктер саны = дене салмағы (кг) × X қан ұюының факторы белсенділігінің көзделген жоғарылауы (ХБ /мл) × 60,
онда 60 (мл/кг) – күтілетін белсенділігін қалпына келтіру дәрежесіне кері шама.
Егер жеке белсенділігін қалпына келтіру мәні белгілі болса, есептеу кезінде осы көрсеткіш пайдаланылады.
Ең жоғары бір реттік доза
ХҚҚ мәндерін түзету үшін дозаны 50 ХБ/кг арттыру қажеттілігі жоқ. Егер ауқымды қан кетуде жоғарырақ дозалар қажет болса, емдеуші дәрігер емдеуден болатын пайда-қауіп арақатынасын анықтауы тиіс.
Пациенттердің ерекше топтары
Педиатрияда қолдану
Протромплекс препаратының балалардағы қауіпсіздігі мен тиімділігі клиникалық зерттеулерде анықталмаған. Деректер жоқ.
Енгізу әдісі және жолы
Тек вена ішіне қолдану үшін.
Протромплекс вена ішіне баяу енгізіледі. Минутына 2 мл мөлшерінен көп емес енгізуге кеңес беріледі (60 ХБ/мин). Енгізер алдында препаратты алдын ала қалпына келтіру қажет.
Қалпына келтіру және қолдану жөніндегі жалпы нұсқаулар:
• Препаратты қалпына келтіру үшін тек қалпына келтіру (еріту) үшін қоса берілетін жинақты ғана пайдалану керек.
• Дайындау алдында жарамдылық мерзімін тексеріңіз, әрі Протромплекс лиофилизаты мен инъекцияға арналған судың (еріткіш) бөлме температурасында екеніне көз жеткізіңіз. Заттаңбалары мен қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пайдаланбаңыз.
• Қалпына келтіру шарасы кезінде антисептикалық әдістерді (микробтар мөлшері төмен тазалық шарттары) және тегіс жұмыс беткейін пайдаланыңыз. Қол жуыңыз және тексеруге арналған таза қолғаптарды киіңіз (қолғаптарды пайдалану міндетті емес).
• Еріткіші (инъекцияға арналған стерильді су) бар ашылмаған құтыны бөлме температурасына дейін (37 °С-ден аспайтын) жеткізіңіз.
• Протромплекс препаратын тек тура енгізер алдында ғана еріту қажет. Қалпына келтірілген ерітінді мөлдір немесе сәл бозаңданған болуы тиіс. Егер ол бұлыңғыр немесе оның қосылыстары болса, ерітіндіні пайдалануға болмайды. Пайдаланылмаған ерітінді белгіленген қағидаларға сәйкес жоюға жатады.
Қалпына келтірілген ерітіндіні дайындау:
Сурет
1 — • Лиофилизат пен еріткіші бар құтылардан қорғағыш қалпақшаларын алып тастаңыз.
2 — • Әрбір тығынды бөлек стерильді спиртті тампонмен (немесе басқа сай келетін стерильді ерітіндімен), тығынды бірнеше секундтай ысқылап, дезинфекциялаңыз. • Резеңке тығынның кебуіне жағдай жасаңыз. Құтыларды тегіс беткейге орналастырыңыз.
3 — • Сұйықтықтарды араластыруға арналған құрылғының қаптамасын (Mix2Vial), қаптаманың ішкі жағына тиіп кетпей, қақпағын толық алып тастап, ашыңыз. • Қаптамадан құрылғыны суырып алмаңыз.
4 — • Құрылғысы бар қаптаманы түбінен жоғары төңкеріңіз және оны еріткіші бар құтының үстіне қойыңыз. • Құрылғының көк пластик бұдырын, тікелей төмен басып, еріткіші бар құтының ортасына қойыңыз. Қаптаманы шетінен тартып. оны Mix2Vial құрылғысынан шешіңіз. • Сақ болыңыз және мөлдір пластик бұдырына тиіп кетпеңіз. Енді еріткіші бар құтыға Mix2Vial құрылғысы жалғанған, ол ішінде Протромплекс препараты бар құтыға жалғануға дайын.
5 — • Еріткіші бар құтыны Протромплекс құтысына жалғау үшін, еріткіші бар құтыны төңкеріп, оны ішінде Протромплекс лиофилизаты бар құтыға қойыңыз. • Протромплекс құтысының тығынына, төмен қарай қатты басып, мөлдір пластик бұдырды толық салыңыз. Оны сұйықтықта микробтар болмау үшін бірден жасау керек. • Еріткіш вакуум астындағы Протромплекс препараты бар құтыға түсетін болады. Бүкіл еріткіштің аударылғанына көз жеткізіңіз. • Егер вакуум бүлінсе және еріткіш Протромплекс құтысына түспесе, пайдаланбаңыз.
6 — • Жалғанған құтыларды ерігенше мұқият және үздіксіз араластырыңыз немесе еріген өнімнің 5 минут бойы тұра тұруына мүмкіндік беріңіз, артынан ұнтақтың толық ерігеніне көз жеткізу үшін абайлап араластырыңыз. • Сілкімеңіз. Сілку өнімге теріс әсер етуі мүмкін. Қалпына келтіруден кейін тоңазытқышта сақтамаңыз.
7 — • Бір қолмен Протромплекс құтысына бекітілген құрылғының мөлдір пластик жағын, екінші қолмен еріткіші бар құтыға бекітілген құрылғының көк пластик жағын ұстап тұрып, Mix2Vial құрылғысының екі жағын бір-бірінен ажыратыңыз. • Көк пластик жағын сағат тіліне қарсы бұраңыз және абайлап екі құтыны ажыратыңыз. • Ішінде қалпына келтірілген өнім бар Протромплекс құтысына бекітілген пластик бұдырдың ұшына тиіп кетпеңіз. • Ішінде қалпына келтірілген Протромплекс препараты бар құтыны тегіс жұмыс беткейіне қойыңыз. Еріткіштен бос қалған құтыны тастаңыз.
8 — • Поршенін кері тартып, бос стерильді бір реттік пластик шприцке ауа жинаңыз. • Ауа мөлшері сіз құтыдан жинап алатын қалпына келтірілген Протромплекс препаратының мөлшерімен теңесуі тиіс.
9 — • Протромплекс құтысын (ішінде қалпына келтірілген өнім бар) тегіс жұмыс беткейінде қалдырып, шприцті мөлдір пластик жалғағышқа жалғаңыз және шприцті сағат тіліне қарай бұраңыз.
10 — • Құтыны бір қолмен ұстап тұрып, ал екінші қолмен бүкіл ауаны шприцтен құтыға босатып шығарыңыз.
11 — • Жалғанған шприц пен Протромплекс құтысын құты үстіңгі жағында болатындай етіп аударыңыз. Шприц поршенін міндетті түрде басылған күйі ұстап тұрыңыз. Протромплекс препаратын, поршенін баяу кері тартып, шприцке жинаңыз. • Ерітіндіні шприц пен құтының арасында араластырыңыз. Бұл препаратқа зиян келтіруі мүмкін.
12 — • Инфузияға бәрі дайын болғанда, шприцті сағат тіліне қарсы бұрап, ажыратып алыңыз. Шприцте қатты бөлшектер бар-жоғын көзбен қарап тексеріңіз; ерітінді мөлдір және сәл бозаңданатын болуы тиіс. • Егер ерітінді бұлыңғыр немесе шөгінділері болса, оны пайдаланбаңыз.
Вена ішіне енгізу жөніндегі нұсқау
Енгізер алдында дайындалған шприцтегі ерітіндіде қатты бөлшектер мен түс өзгерісінің бар-жоғын тексеріңіз. Ерітінді мөлдір, түссіз және бөлшектерден бос болуы тиіс. Mix2Vial құрылғысының құрамына кіретін сүзгіден осы бөлшектер түгел алып тасталады. Сүзу дозаларды есептеуге ықпал етпейді. Шприцтегі ерітіндіні, егер ол бұлыңғыр немесе сүзуден кейін үлпектері немесе бөлшектері болса, пайдалануға болмайды.
• Инфузиялық инені ішінде Протромплекс ерітіндісі бар шприцке бекітіңіз. Қолайлы болу үшін қанаттары (көбелектері) бар инфузиялық жинақты пайдалану ұсынылады. Инені жоғары қаратыңыз, әрі шприцті саусақпен абайлап баяу шертіп және шприц пен инеден ауаны сақтықпен ығыстырып, ауа көпіршіктерін шығарыңыз.
• Теріні стерильді спиртті тампонмен (немесе басқа сай келетін стерильді ерітіндімен) мұқият сүртіп, бұрауды салыңыз және енгізу орнын дайындаңыз.
• Инені венаға енгізіңіз және бұрауды шешіңіз. Протромплекс препаратын баяу енгізіңіз. Препаратты минутына 2 мл мөлшерінен асатын жылдамдықпен енгізбеңіз. Бос шприцті ажыратыңыз.
Ескертпе: Бүкіл шприцтер түгел енгізіліп бітетін сәтке дейін көбелек-инені алып тастамаңыз, ал шприцке жалғанатын Люэр портына тиіп кетпеңіз.
• Инені венадан суырып, стерильді дәкемен инфузия орнын бірнеше минут басып тұрыңыз.
Инеге қалпақшаны кигізбеңіз. Инені, шприцті және Протромплекс еріткішінен босаған құтыны дұрыс жою үшін қатты жақтаулары бар үшкір заттарға арналған контейнерге салыңыз. Осы керек-жарақтарды әдеттегі тұрмыстық қоқыспен бірге тастамаңыз.
Дәрілік препаратты қолдану тәсілін түсіну үшін медициналық қызметкер кеңесіне жүгіну жөніндегі нұсқаулар
Протромплекс препаратын қолдану жөнінде сұрақтар туындаса, емдеуші дәрігер кеңесіне жүгініңіз.