Таблетканы ішке, аздаған мөлшердегі сумен ішіп қабылдайды.
Егер препарат ұзақ, бірнеше күн бойы қабылданса, оны қабылдауды күрт тоқтатпау керек. Дозаны әрдайым дәрігердің бақылауымен біртіндеп азайту қажет. Препарат қабылдауды күрт тоқтату ұйқының және көңіл-күйдің бұзылуларын, зейін қоюдың бұзылуын туғызуы мүмкін.
Ұзақ уақыт бойы және диазепамды орташадан артығырақ дозаларда қолданып жүргізілген емді күрт тоқтату әсіресе қауіпті болуы мүмкін. Тоқтату симптомдары мұндай жағдайда айқынырақ болады.
Емдеу ұзақтығы пациенттің жағдайына байланысты.
Емдеу тәсілі және оның ұзақтығы туралы шешімді дәрігер қабылдайды.
Арнайы сақтандырулар
Релиум препаратын қолдана отырып, төменде берілген ескертулерді ескеру қажет
Егер 7-14 күн емделуден кейін пациент жақсаруды байқамаса немесе ұйқысыздықтың қайталануы басталса, мұны дәрігерге мәлімдеу қажет.
Релиум препаратын қолданған кезде бензодиазепиндермен және басқа препараттармен емдеуден кейін байқалатын әсерлерге қатысты ескеру керек жалпы ақпарат
Бензодиазепиндер психоздарды емдеуде негізгі ем ретінде ұсынылмайды.
Апиындарды бір мезгілде қолданумен байланысты қауіп
Релиум дәрілік препаратын және апиындарды бір мезгілде қолдану седацияға, тыныс алудың бәсеңдеуіне, комаға және өлімге әкелуі мүмкін. Жоғарыда көрсетілген қауіптерге байланысты, бензодиазепиндер немесе олардың туындылары, мысалы, Релиум сияқты седативтік заттарды апиындармен бір мезгілде қолдану баламалы емдеу әдістерін қолдану мүмкін емес болған жағдайда пациенттер үшін резервте сақталуы тиіс. Егер Релиумді апиындармен бір мезгілде тағайындау туралы шешім қабылданса, тиімді ең төмен дозаны пайдалану керек, ал емдеу ұзақтығы мүмкіндігінше қысқа болуы тиіс.
Толеранттылық
Бензодиазепиндерді немесе әсері ұқсас препараттарды, соның ішінде Релиумді бірнеше апта бойы ұдайы қолдану олардың әсер ету тиімділігінің азаюына әкелуі мүмкін.
Дәріге тәуелділік
Релиум препаратын, сондай-ақ басқа да бензодиазепиндерді немесе әсері ұқсас препараттарды қолдану психикалық және физикалық дәрілік тәуелділіктің дамуына әкелуі мүмкін. Дәрілік тәуелділіктің даму қаупі дозамен және емдеу ұзақтығымен бірге артады, және алкогольге тәуелді немесе дәрілік препараттарға тәуелді пациенттерде ұлғаяды.
Дәріге тәуелділік дамыған жағдайда препаратты қолдануды күрт тоқтату қабылдауды тоқтату синдромының туындауына әкелуі мүмкін.
Тоқтату синдромына тән көріністер: бас ауыру, бұлшықеттің ауыруы, қозу және эмоционалдық ширығу, қимыл-қозғалыс мазасыздығы, сананың шатасу жағдайлары және бағдардан адасу, ашушаңдық, ұйқысыздық болып табылады. Ауыр жағдайларда дереализация, жеке бастың бұзылулары, тактильді, акустикалық және жарықтан болатын гиперстезия, «жыбырлау» сезімі және аяқ-қолдың ұюы, елестеулер немесе құрысу ұстамалары.
Антероградтық амнезия
Релиум препараты, бензодиазепиндер мен соған ұқсас препараттар сияқты, антеградтық амнезияны туындатуы мүмкін.
Препаратты қабылдағаннан кейін бірнеше сағат ішінде антероградтық амнезия және психомоторлық функцияның бұзылулары туындауы мүмкін. Амнезия талапқа сай емес мінез-құлықпен қоса жүруі мүмкін.
Амнезия емдік дозаларды қолданған кезде пайда болуы мүмкін, ал өте жоғары дозаларда оның пайда болуы артады.
Парадоксальді реакциялар
Релиум препараты, бензодиазепиндер мен соған ұқсас препараттар сияқты, парадоксальді реакцияларды, мысалы, қимыл-қозғалыс кезінде мазасыздану, қозу, ашушаңдық, озбырлық, өшпенділік, шым-шытырық түстер көру, елестеулер, психоздар, сомнамбулизм, жеке бастың бұзылулары, айқын ұйқысыздық сияқтыларды туындатуы мүмкін. Бұл реакциялар егде жастағы пациенттерде, немесе алкогольге тәуелді пациенттерде едәуір жиі байқалады.
Мұндай симптомдар пайда болған жағдайда дәрігерге қаралу қажет.
Ребаунд-феномен («рикошет» синдромы)
Бұл препаратты қолдануды тоқтатқаннан кейін туындауы мүмкін өткінші синдром, ол бензодиазепиндерді және олардың туындыларын қолдануға себепші болған үрейлену және ұйқысыздық симптомдарының өте айқын түрде оралуымен көрініс береді. Ол көңіл-күйдің өзгеруі, үрейлену, ұйқының бұзылулары және ұйқысыздық сияқты басқа симптомдармен қоса жүруі мүмкін. Осымен байланысты, ребаунд-феноменнің («рикошет» синдромы) туындау қаупі дәрілік препаратты күрт тоқтатқан кезде жоғары болады, препараттың дозасын біртіндеп азайту ұсынылады.
Жинақталу қаупі
Бензодиазепиндер және олардың туындылары (басқа барлық дәрілік препараттар сияқты) организмде жартылай шығарылудың 5 кезеңі бойы сақталады.
Егде жастағы пациенттерде немесе бүйрек немесе бауыр функциясы бұзылған пациенттерде дәрілік препараттың жартылай шығарылу кезеңі едәуір ұзағырақ болуы мүмкін. Қайталап қолданғанда дәрілік препарат немесе оның метаболиттері тұрақты тепе-теңдікке анағұрлым кеш және анағұрлым жоғарырақ деңгейде жетеді. Тек тепе-теңдікке жеткеннен кейін ғана дәрілік препараттың тиімділігіне де, сонымен қатар қауіпсіздігіне де баға беруге болады. Дозаны түзету қажет болуы мүмкін.
Пациенттердің спецификалық топтары
Егде жастағы пациенттерде жағымсыз әсерлердің күшеюімен, негізінен, бағдарлау мен қимыл-қозғалыс үйлесімінің бұзылуларымен (құлап қалу, жарақаттану) байланысты Релиум препаратының аз дозаларын қолдану керек.
Бауыр, бүйрек жеткіліксіздігі немесе тыныс алудың созылмалы жеткіліксіздігі бар пациенттер Релиум препаратын қолданар алдында дәрігерге бұл аурулар туралы мәлімдеуі тиіс.
Депрессия кезінде қолдану
Релиум дәрілік препаратын қолданар алдында пациент психикалық ауруларының бәрін дәрігерге мәлімдеуі тиіс. Эндогендік депрессиясы немесе депрессиямен байланысты үрейлену симптомдары бар пациенттерге дәрігер бірнеше препаратты бір мезгілде тағайындауы тиіс. Депрессиясы бар пациенттерге Релиум препаратын ғана қолдану депрессия симптомдарының, соның ішінде суицидтік ойлардың күшеюіне түрткі болуы мүмкін.
Алкогольге, есірткіге немесе дәрілерге тәуелділігі бар пациенттер Релиум препаратын дәрігердің қатаң бақылауымен қабылдауы тиіс. Пациенттердің осы тобында дағдылану және дәріге тәуелділіктің даму ықтималдығы жоғары болып табылады, сондықтан пациенттер Релиум препаратын қолданар алдында дәрігерге осы зиянды дағдылар туралы айтуы тиіс.
Релиум дәрілік препараты порфириясы бар пациенттерде осы ауру симптомдарының күшеюіне әкелуі мүмкін. Порфириясы бар пациенттер Релиум препаратын қолданар алдында дәрігерге осы ауру туралы айтуы тиіс.
Глаукомасы бар пациенттер Релиум препаратымен емделер алдында окулист дәрігерден кеңес алуы тиіс.
Релиум препаратымен ұзақ емделген жағдайда дәрігер қанға мезгіл-мезгіл зерттеулер (жағындымен морфологиялық талдау) және бауырдың функционалдық сынамасын жүргізуді тағайындауы тиіс.
Релиум препаратын азық-түлікпен және сусындармен бірге қолдану
Релиум препаратымен емделу кезінде және оны аяқтағаннан кейін тағы 3 күн бойы ешқандай спиртті ішімдіктерді пайдаланбау керек.
Релиум препаратының кейбір компоненттері туралы маңызды ақпарат
Егер пациентте қандай да болсын қанттарға жағымсыздық байқалса, онда препаратты қабылдар алдында дәрігерге бұл туралы айтуы тиіс.
Тіпті, егер жоғарыда көрсетілген ескертулер бұрын байқалған жағдайларға қатысты болса да, дәрігерден кеңес алуы қажет.
Препараттың көлік құралын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Релиум препаратымен емдеу кезінде және оны аяқтағаннан кейін тағы 3 күн автокөлікті басқаруға және қозғалыстағы механикалық құрылғылармен қызмет көрсетуге болмайды. Автокөлікті басқару және механикалық құрылғымен қызмет көрсету қабілеті ұйқышылдықтың ықтимал пайда болуына, зейін қоюдың нашарлауына немесе зейін қоюды төмендететін басқа жағымсыз әсерлердің төмендеуіне байланысты шектелуі мүмкін.