Иммунносупрессия
Егер пациенттерде респираторлық жол туберкулезінің белсенді немесе бәсең түрі немесе емделмеген зеңдік, бактериялық немесе жүйелі вирустық инфекциялар болса, мометазон фуроатын сақтықпен пайдалану керек.
Кортикостероидтарды қабылдап жүрген, иммундық супрессиясы болуы ықтимал пациенттер, инфекциялардың (мысалы, желшешек, қызылша) даму қаупіне ұшырайды және медициналық қадағалауды қажет етеді.
Мұрынға жергілікті әсерлері
Мометазон фуроатының мұрын спрейінің жыл бойғы аллергиялық риниті бар пациенттерде 12 ай бойы қолданылуын зерттеуде шырышты қабықтың атрофиясы байқалған жоқ; керісінше, мометазон фуроаты шырышты қабықтың қалыпты гистологиялық көрінісінің қалпына келуіне жағдай жасады. Дегенмен, мұрынға арналған мометазон фуроаты спрейін бірнеше ай бойы немесе одан да ұзақ уақыт қолданып жүрген пациенттер, шырышты қабықта өзгерістердің бар-жоқтығына қатысты мезгіл-мезгіл тексеруден өтіп тұруы тиіс.
Мұрын қуысының немесе жұтқыншақтың зеңдік инфекциясы дамыған жағдайда, емдеуді тоқтату немесе сәйкесінше ем тағайындау керек.
Үнемі назофарингеальді аумақтың тітіркенуінің болуы емдеуді тоқтатуға себеп болуы мүмкін.
Мұрын қалқасының тесілуі жағдайында, Ризонель препаратын қолдану ұсынылмайды.
Зерттеулерде эпистаксис плацебомен салыстырғанда, мометазон фуроатын қолданғанда едәуір жиі дамыған. Эпистаксис симптомдары көбінесе өздігінен басылған және ауырлығы жеңіл дәрежеде болды.
Ризонельдің құрамында бензалконий хлориді бар, ол мұрынның шырышты қабығының тітіркенуін туғызуы мүмкін.
Кортикостероидтардың жүйелі әсері
Мұрынға арналған кортикостероидтардың жүйелі әсері ұзақ уақыт бойы жоғары дозаларында қабылдағанда дамуы мүмкін. Бұл көрініс оральді кортикостероидтарды қабылдағанда ықтималырақ және жекелеген пациенттерде және кортикостероидтардың түріне байланысты ауытқып тұруы мүмкін. Ықтимал жүйелі әсерлеріне Кушинг синдромы, кушингоидтық белгілер, адреналды жеткіліксіздік, балалар мен жасөспірімдерде өсудің тежелуі, катаракта, глаукома және сиректеу психомоторлық аса жоғары белсенділікті, ұйқының бұзылуын, мазасыздықты, депрессияны немесе озбырлықты қоса, (атап айтқанда, балаларда) түрлі психикалық және мінез-құлық бұзылуларының дамуы кіруі мүмкін.
Интраназальді кортикостероидтарды қолданғанда көзішілік қысым жоғарылаған жағдайлар туралы хабарланды.
Жүйелі кортикостероидтарды ұзақ уақыт қолданудан мометазон фуроатының мұрын спрейіне ауысқан пациенттер ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Ондай пациенттерде жүйелі кортикостероидтарды тоқтату, қалыпты гипоталамус-гипофиз функциясы қалыпқа келгенге дейінгі бірнеше ай ішінде адреналды жеткіліксіздікке алып келуі мүмкін. Пациенттерде мұрын симптомдарының жеңілдегеніне қарамастан, адреналды жеткіліксіздіктің немесе тоқтату синдромының белгілері мен симптомдары (мысалы, буындар мен бұлшықеттердің ауыруы, енжарлық және басталып келе жатқан депрессия) дамыған жағдайда, жүйелі кортикостероидтармен емдеу қайта басталуы, және тиісті шараларымен, емдеудің басқа түрлері қосылуы тиіс. Мұндай өзгеріс, жүйелі кортикостероидтарды қабылдаудың әсерінен бәсеңдейтін аллергиялық конъюнктивит және экзема сияқты бұрыннан бар аллергиялық фонды бүркемелеуі мүмкін.
Препаратты ұсынылғанынан артық дозаларда қолдану, клиникалық тұрғыдан елеулі адреналды жеткіліксіздікке алып келуі мүмкін. Жоғарырақ дозаларды қолдануға көрсетілімдер болған жағдайда, әсіресе стресс кезеңдерінде немесе жоспарлы хирургиялық араласуда, басқа жүйелі кортикостероидтармен біріктіру мүмкіндігін қарастыру керек.
Мұрын полипозы
Мұрынға арналған мометазон фуроаты спрейінің біржақты полиптерді, кисталық фиброзбен астасқан полиптерді емдеудегі немесе мұрын қуыстарының полиптермен толық обструкциялануы кезіндегі тиімділігі мен қауіпсіздігі зерттелген жоқ.
Жүйесіз білінген немесе әдеттен тыс білінген біржақты полипоз кезінде, әсіресе, ойық жаралар немесе қан кетулер бар болса, әрі қарай қосымша диагностика жүргізу қажет.
Экстраназальді симптомдар
Ризонель препаратымен емдеу пациенттердің көпшілігінде мұрын симптомдарын бақылауға алуды қамтамасыз етеді, алайда, аурудың офтальмологиялық симптомдарын жеңілдету үшін қосымша ем қолдану мүмкіндігін қарастыру қажет.
Педиатрияда қолдану
Препаратты кіші жастағы балаларға қолдану ересектердің бақылауымен ғана жүргізілуі тиіс.
Мұрынға арналған кортикостероидтармен ұзақ емделетін балалардың өсуін ұдайы тексеріп отыру ұсынылады. Өсудің баяулауы анықталған жағдайда мұрынға арналған кортикостероидтың дозасын симптомдардың тиімді бақылануы сақталатын ең төменгі дозаға дейін төмендету мүмкіндігін қарастыру қажет. Мұндай жағдайда балаға педиатрдан кеңес алғызу керек.
Көрудің бұзылуы
Кортикостероидтарды жүйелі және жергілікті қолданғанда көрудің бұзылғаны туралы хабарланды. Егер пациентте анық көрмеу немесе көрудегі басқа бұзылулар сияқты симптомдар байқалса, катарактаны, глаукоманы немесе орталықтық сероздық хориоретинопатия сияқты сирек ауруларды қамтуы мүмкін ықтимал себептерін анықтау үшін оны офтальмологқа жолдау керек.
Арнайы сақтандырулар
Педиатрияда қолдану
Ризонель мұрынға арналған спрейінің 18 жасқа дейінгі балалардағы мұрын полиптерін, 3 жасқа дейінгі балалардағы маусымдық немесе жыл бойғы аллергиялық ринитті емдеудегі қауіпсіздігі мен тиімділігі зерттелмеген.
Жүктілік
Мометазон фуроатының жүкті әйелдерде қолданылуы жөніндегі деректер шектеулі. Мұрынға арналған басқа кортикостероидтармен жағдайдағы сияқты, егер ықтимал пайдасы ана, шарана немесе жаңа туған нәресте үшін ықтимал қауіптерінен асып түсетін болса, Ризонельді жүктілік кезінде қолдануға болады. Жүктілігі кезінде кортикостероидтармен ем қабылдаған аналардан туған балалар адреналдық жеткіліксіздіктің бар-жоқтығына қатысты тексеруден өтуі тиіс.
Емшек емізу
Мометазон фуроатының емшек сүтімен экскрецияланатын- экскрецияланбайтындығы белгісіз. Мұрынға арналған басқа кортикостероидтармен жағдайдағы сияқты, бала мен ана үшін пайда/қауіп арақатынасын ескере отырып, лактацияны тоқтату, немесе Ризонель препаратымен емдеуді тоқтату /уақытша тоқтата тұру қажет.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Көлік құралдары мен қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсері анықталмаған.