Арнайы ескертулер
Лефлуномидті гепатоуытты немесе гематоуытты АМРҚП (мысалы, метотрексатты) бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.
Лефлуномидтің белсенді (А771726) метаболитінің жартылай шығарылу кезеңі ұзақ, әдеттегідей, ол бір аптадан төрт аптаға дейінді құрайды.
Ауыр жағымсыз реакциялар (мысалы, гепатоуыттылық, гематоуыттылық немесе аллергиялық реакциялар, төменді қараңыз) лефлуномидпен емдеуді тоқтатқаннан кейін де туындауы мүмкін. Сондықтан осындай жағымсыз реакциялар дамыған кезде немесе организмнен А771726 тез шығару қажет болғанда «жуып-шаю» процедурасын жүргізу керек. Процедураны клиникалық көрсетілімдеріне қарай қайталап жүргізуге болады.
«Жуып-шаю» процедурасы және басқа да ұсынылған шаралар, олар қалаған немесе байқаусызда болған жүктілік жағдайында қолданылуы тиіс.
Бауыр тарапынан реакциялар
Лефлуномидпен емдеу кезінде бауырдың ауыр зақымдану, соның ішінде өліммен аяқталатын сирек жағдайлары туралы мәлімделді.
Осы жағдайлардың көбісі емнің алғашқы алты айы ішінде тіркелді. Көбіне пациенттер бір мезгілде басқа да гепатоуытты препараттарды қабылдады. Лефлуномидті қолданған кезде пациенттерді мониторингілеу жөніндегі нұсқауларды қатаң сақтау қажет.
Қандағы АЛТ (СГПТ) деңгейлерін лефлуномидпен ем жүргізуді бастар алдында бақылау және емнің алғашқы алты айы ішінде (әрбір екі апта сайын) және содан кейін әрбір 8 апта сайын сондай жиілікпен қанға толық жалпы талдау жүргізу қажет.
Егер қанда АЛТ (СГПТ) концентрациялары қалыпты мәннің жоғарғы шегінен 2-ден 3 есеге дейін асып кетсе, лефлуномидтің дозасын 20 мг-ден 10 мг-ге дейін төмендету мүмкіндігі туралы мәселені қарастыру керек, мұндайда жоғарыда көрсетілген көрсеткіштерге апта сайын мониторинг жүргізу қажет. Егер қандағы АЛТ (СГПТ) концентрацияларының мәндері қалыпты мәндердің жоғарғы шегінен 2 еседен көпке тұрақты түрде жоғарыласа немесе қандағы АЛТ деңгейі қалыпты мәндердің жоғарғы шегінен 3 еседен көпке жоғарыласа, лефлуномидпен емдеуді тоқтату және «жуып-шаю» процедурасын жүргізуді бастау керек. Лефлуномидпен емдеуді тоқтатқаннан кейін бауыр ферменттерінің деңгейіне олар қалыпқа келгенше мониторинг жүргізу ұсынылады.
Пациенттерге лефлуномидпен емделу кезінде, аддитивті гепатоуыттық әсер етуі мүмкін болғандықтан, алкоголь қабылдауды тоқтата тұру ұсынылады.
Лефлуномидтің белсенді А771726 метаболитінің қан плазмасының ақуыздарымен байланысу дәрежесі жоғары және бауырлық метаболизмі және өтпен бірге секрециясы арқылы шығарылатын болғандықтан, гипопротеинемиясы бар пациенттерде қан плазмасындағы А771726 концентрациясы жоғарылауы мүмкін деп болжам жасалады. Лефлуномидті ауыр гипопротеинемиясы бар немесе бауыр функциялары бұзылған пациенттерге қолдануға болмайды.
Гематологиялық реакциялар
Лефлуномидпен емдеуді бастар алдында, сондай-ақ емдеудің алғашқы алты айы ішінде әрбір 2 апта сайын және содан кейін әрбір 8 апта сайын, лейкоцитарлық формуланы және тромбоциттердің санын анықтауды қоса, қандағы АЛТ деңгейімен бірге қанға толық жалпы талдауды бақылау қажет.
Анемиясы, лейкопениясы және/немесе тромбоцитопениясы бар пациенттерде, сүйек кемігі функциясының бұзылулары бар пациенттерде немесе сүйек кемігі функциясының бәсеңдеу қаупі бар пациенттерде гематологиялық бұзылулардың туындау ықтималдылығы жоғарылайды. Осындай бұзылулар туындаған кезде қан плазмасында А771726 деңгейін төмендету үшін «жуып-шаю» процедурасын жүргізу керек.
Панцитопенияны қоса, ауыр гематологиялық жағымсыз реакциялар дамыған жағдайда Соливо препаратын пайдалануды және басқа миелосупрессиялық емді тоқтату және «жуып-шаю» процедурасын жүргізуді бастау керек.
Басқа препараттармен біріктіріп қолдану
Лефлуномидті ревматизм ауруларын емдеуде қолданылатын (мысалы, хлорохин және гидроксихлорохин) безгекке қарсы препараттармен, алтын препараттарымен (пероральді түрлері және бұлшықет ішіне енгізуге арналған түрлері), D-пеницилламинмен, азатиопринмен және, альфа ісігі некрозы факторының тежегіштерін қоса, басқа да иммуносупрессиялық препараттармен бірге қолдану рандомизацияланған зерттеулерде осы уақытқа дейін (метотрексатты қоспағанда) жеткілікті зерттелген жоқ. Біріктірілген, әсіресе ұзаққа созылған еммен байланысты қаупі белгісіз.
Лефлуномидті басқа АМРҚП-пен (мысалы, метотрексатпен) бірге қолдану ұсынылмайды, өйткені бұл аддитивтік немесе синергиялық уытты әсерге (мысалы, гепатоуыттылық немесе гематоуыттылық) әкелуі мүмкін.
Терифлуномидті лефлуномидпен бір мезгілде қолдану ұсынылған жоқ, өйткені лефлуномид терифлуномидке ізашар болып табылады.
Басқа препараттармен емдеуге ауысу
Организмде лефлуномид ұзақ уақыт болатындықтан, «жуып-шаю» процедурасын жүргізбей, басқа АМРҚП-ке (мысалы, метотрексатқа) ауысқанда ауыр жағымсыз реакциялардың туындау қаупі де, тіпті ауысқаннан кейін ұзақ уақыт өтсе де, аддитивтік қауіптердің (мысалы, фармакокинетикалық өзара әрекеттесу, ағзадағы уыттылық) ықтималдылығы жоғарылауы мүмкін.
Осыған ұқсас, мұның алдында гепатоуытты немесе гематоуытты препараттармен (мысалы, метотрексатпен) емдеген кезде лефлуномидті қабылдау аясында жағымсыз реакциялардың саны артуы мүмкін, сондықтан лефлуномидпен емдеуді бастар алдында дәрілік зартарды пайдаланумен байланысты пайда/қаупі арақатынасына мұқият баға беру қажет, сондай-ақ ауысқаннан кейін бастапқы кезеңде пациенттерге өте мұқият мониторинг жүргізу ұсынылады.
Тері реакциялары
Ойық жаралы стоматит дамыған жағдайда лефлуномидті қабылдауды тоқтату керек. Лефлуномид қабылдаған пациенттерде Стивенс-Джонсон синдромының немесе уытты эпидермальді некролиздің және эозинофилиялық және жүйелік симптомдары бар (DRESS) дәрілік реакциялардың пайда болуының өте сирек жағдайлары туралы мәлімделді. Жоғарыда көрсетілген ауыр реакциялардың даму қаупінің жоғарылығымен байланысты тері реакциялары және/немесе шырышты қабықтар тарапынан реакциялар туындаған жағдайда Соливо препаратын пайдалануды және осындай реакцияларды туындатуы мүмкін кез келген басқа емді тоқтату қажет, сондай-ақ «жуып-шаю» процедурасын жүргізуді кідіртпей бастау керек. Осындай жағдайларда организмнен дәрілік затты түгел шығару қажет. Ұқсас жағдайларда лефлуномидті қайталап пайдалануға болмайды.
Лефлуномидті қолданғаннан кейін пустулезді псориаздың туындау және псориаз симптомдарының нашарлау жағдайлары туралы мәлімделді. Ұқсас жағдайларда пациенттің жағдайын және оның анамнезін ескере отырып, емдеуді тоқтату мүмкіндігін қарастыру керек.
Лефлуномидпен емдегенде пациенттерде терінің ойықжаралары пайда болуы мүмкін. Лефлуномидті қабылдаумен байланысты тері ойықжараларына күдік туындаған кезде немесе тиісті емге қарамастан тері ойықжаралары сақталған жағдайда лефлуномидті қабылдауды тоқтату және толық «жуып-шаю» процедурасы туралы мәселені қарау керек. Тері ойықжараларынан кейін лефлуномидпен емдеуді қайта бастау туралы шешім жараның талапқа сай емделуін клиникалық бағалауға негізделуі тиіс.
Инфекциялар
Лефлуномидке ұқсас, иммуносупрессиялық қасиеттері бар препараттарды қолданған кезде, оппортунистік инфекцияларды қоса, инфекцияларға өте сезімтал болуы мүмкін екендігі белгілі. Инфекциялық аурулар өте ауыр өтуі мүмкін, сондықтан ерте және қарқынды түрде емдеуді қажет етеді. Бақыланбайтын ауыр инфекциялық аурулар дамыған кезде лефлуномидпен емдеуді тоқтату және «жуып-шаю» процедурасын жүргізу қажеттілігі туындауы мүмкін.
Лефлуномидті және басқа да иммуносупрессанттарды қабылдаған пациенттерде үдемелі көп ошақтық лейкоэнцефалопатия (ҮКЛ) туындаған сирек жағдайлар туралы мәлімделді.
Емдеуді бастар алдында барлық пациенттер жергілікті нұсқауларға сәйкес туберкулездің белсенді және белсенді емес («жасырын») түрлерінің бар-жоқтығына тексерілуден өтуі тиіс. Ол анамнез жинауды, бұдан бұрын туберкулезге шалдыққан науқастармен болуы мүмкін қатынастар туралы мәліметтерді және/немесе тиісті скринингті, мысалы, өкпені рентгенологиялық тексеруді, туберкулиндік сынаманы және/немесе, нақты жағдайға байланысты, гамма-интерферонның босап шығуына тестті қамтуы мүмкін. Дәрігер терінің туберкулиндік сынамаларынан, әсіресе ауыр науқас пациенттерде немесе иммунитеті бұзылған пациенттерде, жалған теріс нәтижелердің алыну қаупін ескеруі тиіс. Инфекцияның қайталануы мүмкін болғандықтан, пациенттерге мұқият мониторинг жүргізу қажет.
Тыныс алу ағзалары тарапынан реакциялар
Лефлуномидпен емдеген кезде өкпенің интерстициальді ауруларының туындағаны туралы және сирек жағдайларда өкпе гипертензиясы дамуының сирек жағдайлары туралы мәлімделді. Осы аурулардың туындау қаупі анамнезінде өкпенің интерстициальді аурулары бар пациенттерде жоғарылауы мүмкін. Өкпенің интерстициальді ауруы потенциалды түрде өліммен аяқталу болып табылады, ол емдеу кезінде жедел түрде дамуы мүмкін. Жөтелу және ентігу сияқты өкпе симптомдары емдеуді тоқтатуға және қажет болғанда әрі қарай тексеруге себеп болуы мүмкін.
Шеткері нейропатия
Лефлуномидті қабылдаған пациенттерде шеткері нейропатияның даму жағдайлары туралы мәлімделді. Дәрілік затты пайдалануды тоқтатқаннан кейін пациенттердің көбісінде жағдай жақсарды. Дегенмен, аурудың соңғы нәтижесі елеулі дәрежеде өзгерді, яғни кейбір пациенттерде нейропатия жоғалды, ал кейбіреулерінде тұрақты симптомдар сақталды. 60 жастан асқан егде жастағы пациенттерде, бір мезгілде нейроуытты препараттарды қабылдап жүрген пациенттерде, және қант диабеті бар пациенттерде шеткері нейропатияның туындау қаупі жоғарылауы мүмкін. Лефлуномидпен ем қабылдап жүрген пациенттерде шеткері невропатия дамыған жағдайда дәрілік препаратты қабылдауды тоқтату және «жуып-шаю» процедурасын жүргізу туралы мәселені қарастыру керек.
Колит
Лефлуномидті қабылдаған пациенттерде, микроскопиялық колитті қоса, колиттің даму жағдайлары туралы мәлімделді. Лефлуномидті пайдалану аясында түсініксіз созылмалы диарея білінген пациенттерде тиісті диагностикалық тексеру жүргізу қажет.
Артериялық қысым
Лефлуномидпен емделуді бастар алдында және емделу барысында пациенттер артериялық қысымды мезгіл-мезгіл бақылауы қажет.
Ұрпақ жаңғырту (еркектер үшін нұсқаулар)
Еркек жынысты пациенттер еркек организмі арқылы дәрілік заттың шаранаға ықтимал уытты әсері туралы хабардар болуы тиіс; олар лефлуномидпен емделу кезінде контрацепцияның сенімді әдістерін пайдалануы қажет.
Еркек организмі арқылы дәрілік заттың шаранаға уытты әсерінің қаупіне қатысты спецификалық деректер жоқ. Жануарларға осы спецификалық қауіпке баға беруге мүмкіндік беретін зерттеулер жүргізілген жоқ. Нәрестенің әкесі болуды қалайтын еркектер потенциалды қауіпті барынша ең азға төмендету үшін лефлуномидпен емдеуді тоқтатуы және колестираминнің 8 г дозасын тәулігіне 3 рет 11 күн бойы немесе белсенділендірілген көмір ұнтағының 50 г дозасын тәулігіне 4 рет 11 күн бойы қабылдауы керек.
Жоғарыда көрсетілген жағдайлардың кез келгенінде соңынан қан плазмасындағы А771726 концентрациясын екі рет өлшеуді бірінен соң бірін жүргізу керек (екінші өлшеуді, ең кемінде, 14 күннен соң жүргізу қажет). Егер қан плазмасындағы А771726 концентрациясының мәндері екі өлшеуде де 0,02 мг/л-ден азырақты құраса, онда кем дегенде үш айды құрайтын күту кезеңінен кейін шаранаға уытты әсер ету қаупі өте төмен болады.
«Жуып-шаю» процедурасы
Колестираминнің 8 г дозасын тәулігіне 3 рет пайдаланады. Баламалы нұсқасы белсенділендірілген көмір ұнтағының 50 г дозасын тәулігіне 4 рет қолдану болып табылады. Толық «жуып-шаю» процедурасының ұзақтығы, әдеттегідей, 11 күнді құрайды, ол клиникалық немесе зертханалық көрсеткіштерге байланысты өзгеруі мүмкін.
Қанда иондалған кальций деңгейлерін анықтағанда зерттеулердің нәтижелеріне ықпалы
Қандағы иондалған кальций деңгейлерін өлшегенде лефлуномидпен және/немесе терифлуномидпен (лефлуномидтің белсенді метаболиті) емдеу кезінде иондалған кальцийдің пайдаланылатын анализаторларының типіне (мысалы, қандағы газдардың анализаторы) байланысты жалған төмен көрсеткіштер білінуі мүмкін. Осы себепті лефлуномидпен немесе терифлуномидпен емдеу аясында пациенттерде қандағы иондалған кальций концентрацияларының алынған төмен мәндерінің дұрыстығы күмәнді болуы мүмкін. Өлшеу нәтижелері күмән тудыратын жағдайларда қан сарысуындағы, жалпы альбумин бойынша түзетілген, кальций концентрациясын анықтау ұсынылады.
Қосымша заттар
Соливо препаратының құрамында лактоза бар. Тұқым қуалайтын галактоза жақпаушылығы, Lapp (ЛАПП)-лактаза ферментінің тапшылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар адамдарға препаратты қолдану ұсынылмайды.
Соливо препаратының бір таблеткасының құрамында 1 ммольден азырақ натрий бар, яғни іс жүзінде «натрий болмайды».
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері
Дәрілік затты қолдану аясында бас айналу сияқты жағымсыз реакциялар туындағанда пациенттерде зейін қою қабілеті және реакция жылдамдығы бұзылуы мүмкін. Осындай жағдайларда пациенттер автокөлікті жүргізуден немесе механизмдерді басқарудан тартынуы керек.